Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Хакім Абайдың есімі әрқашан қазақ халқымен қатар айтылады. Біз Абайды ұлықтау арқылы жас ұрпақ бойына ұлттық рух дарытамыз. Абай арқылы елімізді әлемге паш етеміз. Абай мұрасы біздің қастерлі қазынамыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан Республикасының Президенті

Қалбатау мен Шыңғыстау арасын ежелде аталарымыз түйелі керуенімен, атты шеруімен, өрістеткен отар-отар қойымен, жусатқан қос-қос жылқысымен жалғастырып, салқар көшпен байланыстырады екен.  Атақты  Қисық хан, Тана мырза мен аға сұлтан Құнанбай заманында ел арасындағы  құдандалы-жекжаттық ағайыншылық  үзілмеген бауыр елміз. Осы туыстықты аудан әкімдері Жарқынбек Байсабыров пен Асхат Смаилов жалғастыруда. 

«Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», - деп Абай атамыз айтқандай, достығымыз бен бауырластығымызды нығайту мақсатында Көкпекті ауданының мәдениет қызметкерлері аудан әкімі Асхат Смаиловтың тапсырмасымен Абай ауданына гастрольдық сапармен барып қайтты.
Бұл сапарға Шыңғыстау мен Абай елін, Мамай батырды асқан сүйіпеншілік, зор махаббатпен жырларына арқау еткен Қалихан ақынның атындағы Мәдениет үйі қызметкерлері асқан ыждағаттылықпен ұқыпты дайындалыпты. «Көркейген өлке Көкпектінің Абай еліне тағзымы» атты концерттік бағдарлама Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналды. Абай ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Елдар Кәменұлы Оразалин жиылған қауымға шараның мақсатын айтып, көкпектілік қонақтарды таныстырды.
Концертке келген көрермен қауым Мәдениет үйінің фойесіне қойылған Көкпекті, Самар ауылдары өнер мектептерінің көрмесімен танысты. Көрмеге Көкпекті ауданның көне тарихын білдіретін таңбалы тастар бейнеленген картиналар қойылды.


Сахна шымылдығын «Толағай сазы» фольклорлық ансамблі Абай атамыздың «Торжорға» күйімен ашқанда талғамы зор Қарауылдық көрермен сілтідей тынып, атамыздың тайпалған жорғаның ырғағын салған тәтті күйінің әуезіне балқыды. Ақтаңгер ақынымыз Қалихан атасының батасын алған Фархат Маратұлының арнауы ұстазының көзіндей, арынды ақпа сөзіндей төгіліп, жырсүйер қауымды бір толқытты.
«Інжу маржан» әжелер ансамбліның «Жанай керім» әні Тана мешіті ауылынан Қаламқас-Тұржан елінің сәлеміндей шырқалды. Тана мырза елінің әсем әні сахнадан асып, кешкі Қарауылдың алтын сөгі төгілген жұлдызды аспанында шарықтады. Ақ кимешекті әжелер Абай елі көрермені үшін өздерінің бар өнерін салып, зор ықыласпен шырқады. 250 орындық залға лық толған абайлық көрермен Жанабай Хасенов, Динара Қизатова, Айбибі Фархатқызы, «Жігер» этно-фольклорлық ансамблі, өнер мектебінің бүлдіршін бишілері орындаған нөмірлерді қошеметтеп, қолдап отырды.
Сахнаға «Жеті арал, жерім-ай» деп «Назқоңыр» дуэтінің құрамында шыққан Айтолла Күлшекер мен Бұлбұл Өмірсерік ұлы Мұқтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясындағы алтыбақан басындағы әнші қыздардай әсер етті. Шыңғыстаудың әр бұйратын сағынып, әр төбесін аңсап тұрған қос сұлу тамылжыта шырқады.
Көкпекті өнер мектебінің директоры Асқар Сүлейменовтың Абай ата рөлін сомдап, «Өзгеге көңілім тоярсың» монологын оқып шыққанда хакім атамыздың бейнесі айна қатесіз көз алдымызға келгендей болды. Жаңа өмірдегі жасампаз ұрпағына Қарауыл сахнасынан ұлт көсемі өсиет сөзін арнады.
Композитор Ақққазы Бозақанов пен ақын Нәкен Серікбаев ұлы Абайдың 150 жылдығына арнап жазған «Әлем Абайы» әні Марат Әбілмажінов, Динара Қизатова, Айнұр Жүнісова, Жаңабай Хасеновтың орындауында сахна шымылдығын жапты. Сахна тәртібі қатаң сақталып, бір демде жүргізілген ойын сауықтың режиссері Зүльфия Тұрлыбекова болды.
- Ел мен елді қосқан, «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» өсиет етіп кеткен данышпан Абай дүниеге келген жерге барып, қасиетті мекенге тағзым ету әрбір қазақ азаматына парыз. Аудан әкімі Асхат Смаиловтың бастамасымен Көкпекті ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген ізгі шаралар атқарылып жатыр.

Абай Құнанбаевтың есімі Көкпекті ауданындағы елді мекендердің басты көшелеріне берілуде. Ауданымыздағы ең үлкен елдімекен Самар ауылында биылғы жылы биікті жеті метрлік заңғар ескерткіш қойылды. Осы шараның жалғасын халықаралық «Толағай сұлтаны» сайысы жалғастырып, бас жүлдені өздеріңіздің оғландарыңыз Айдос Үркімбаев жеңіп алды. 2020 жылы аудан орталығында Абай ескерткіші орнатылады. Көкпекті ауданының өнерпаздары келесі жылы 175 жылдығы тойланатын Абай ата мерейтойына дайындықты ертеден бастады. Бүгінгі концерт Абай еліндегі көремендерге арналған шашуымыз, - деді делегацияны бастап келген аудан әкімінің орынбасары Марат Қапарұлы Теміржанов. Сонымен қатар сыйлыққа майлы бояумен салынған суретші Мәди Қайырханның «Жас Абай мен Қаламқас - Тұржан» деген картинасын табыстады.
Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыровтың атынан өнерпаздарға ілтипат гүлі ұсынылып, өнер ұжымына алғыс хат табысталды. Абай ауданы әкімі аппарат басшысы Думан Маратұлы өз сөзінде аудандар жұршылығы арасындағы биік деңгейдегі қарым-қатынасты атай отырып, Калихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйі ұжымының өнеріне жоғары баға берді.
Гастрольдік сапармен келген өнерпаз қауымды жерлесіміз Нұрлан Хозаев қарсы алып, «Інжу маржан» әжелер ансамблінің ұжымын Абай ауданының көрікті жерлерін аралатып көрсетті.
Қалбатаудан Шыңғыстауға ән асырып, өнер жеткізген көкпектілік өнерпаздарды Қарауыл елі меймандостықпен қарсы алып, кең құшағын жайды. Кәрілер өткенін еске түсіріп, жастар жаңа үлгі, игі дәстүрден ғибрат алды. Мереке соңы абайлық ағайынның жомарт та берекелі дастарханында келелі сұхбат, мағыналы мәжіліске ұласты.
Сайлау Нүрпейісов, Абай аудандық Мәдениет үйінің директоры:
- Көкпекті мен Абай ауданын біріктіретін бірінші құндылық ұлы Абай атамызға деген құрмет. Осы сара жолды ақиық ақын Қалихан Алтынбаев салып кеткен. Еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен Мамай батыр туралы ақынның жазған дастаны Абай еліне жасалған үлкен тарту, рухани құндылық болғаны ел-жұрттың жадында. Қалихан ақынның Абай елі, Шыңғыстау туралы жазған өлеңдері жас пен кәрінің ауызынан күні бүгінге дейін түспейді. Қалихан Алтынбаев атындағы Мәдениет үйінің өнер ұжымы Қарауыл халқына ән мен күйден шашу шашып, бір серпілтіп тастады. Көкпекті аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Айнұр Отаршинаның, «Бос уақыт орталығы» мемлекеттік мекемесі басшысы Нұрлан Тоянкеновтың біліктігі арқасында жүзеге асқан бұл шара тағлымы мол, басқаларға үлгі боларлық қызмет. Бізде әріптестерімізден көп нәрсе үйреніп, тәжірибе алмастық.
Космановт Төлеуханов, «Қаламқас» ән-би ансамблінің мүшесі:
- Көкпекті ауданынан келген әріптестеріміздің концерті көңілімізден шықты. Әсем ән тыңдап, тәтті күй естіп, мың бұралған би көріп бір масаттандық. Көкпектілік әріптестеріміз таланттарын бұдан биікке көтере берсін. Ел мен елді бір біріне қосатын өнер. Өнер бәйгесінде осылай басымыз қосыла берсін. Бірлігіміз бекем, іргеміз бүтін болып, мемлекетіміз гүлдей берсін.
Серікқан Қалиев, Қарауыл ауылының тұрғыны:
- Мен 84 жастағы қариямын. Ел мен елді табыстырып жатқан Көкпекті және Абай ауданы әкімдеріне, атқа мінер азаматтарына алғысым зор. Бәйбішем Майра Сләтаева екеуміз концертті, көрмені көріп қуанып отырмыз. Баршаңызды Абай атамыздың аруағы қолдасын. Мұраттарыңа жетіңіздер. Елдің де, қоғамның да рухани жаңғыруы деген осы.

 

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қараша 2019 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз