Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Қарабұжыр Қалбаның қойнауында,Толағай мен Сарыбелдің арасындағы сайын далада орналасқан көкорайлы Көкпекті ауданының 24 тамыз күнгі сенбілік таңы қазақилықтың иісін аңқытқан, ұлы тойға қызу дайындықпен басталды. Бұл күні ауданымызда халықаралық «ТОЛАҒАЙ СҰЛТАНЫ-2019» байрақты бәсекесі өте жоғары деңгейде өткен болатын. Аталмыш дүбірлі дода аудан тарихында алтын әріптермен қалатындығы сөзсіз.

«Той ағайынмен бітіседі» дегендей халықара-лық дода біздің ауданда өтеді деген күннен бастап, аудан жұртшылығы бір кісідей атсалысып, жәрдем көрсеткен болатын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының негізгі бағыты аясында ұйымдастырылған «ТОЛАҒАЙ СҰЛТАНЫ-2019» халықаралық сайысы спорттық және шығармашылық II кезеңнен тұрды.
Ер Қабанбай қол бастап, Байқадам би шешім айтқан, Тана мырза төрелік етіп, Кәрібай мен Қалихан ақындар жырымен тербеген киелі Көкпекті өлкесінің атшабар алаңына ұлы тойды тамашалауға келген халықтың қарасы қалың болды.
Ұлттық рухты көтерер теңдесіз шараның ең негізгі бөлімдерінің бірі сайысқа қатысушы сайдың тасындай іріктелген жігіттермен танысу кезеңіне де келіп жеттік. Аты аталған жігіттер ат үстінде атойлап ортаға келіп тізіле берді. Ұлы додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шет мемлекеттен мен-мен деген марқасқа азаматтар жиналды.
Олар: Әлихан Ерқанат – Тарбағатай ауданы, Ахметов Ерасыл – Күршім ауданы, Бекболатұлы Данияр – Бесқарағай ауданы, Бимен Алтай – Нұр-Сұлтан қаласы, Елубайұлы Әкбар – Түркістан облысы, Жомартов Ақжол – Алтай ауданы, Кабиев Слямбек – Өскемен қаласы, Қалижаров Жандос - Жарма ауданы, Қошқарбаев Батырбек - Павлодар облысы, Маркс Бағжан – Ұлан ауданы, Мұхамедқанов Тілек – Глубокое ауданы, Насетов Еламан – Қатонқарағай ауданы, Нұрмұхамед Ерден – Ақмола облысы, Нұрхан Тілеухан – Қарағанды облысы, Рахимбаев Мейрамбек – Алматы облысы, Сәрсенәлі Рүстем – Қостанай облысы, Саханов Рауан – Зайсан ауданы және алыс-тан ат терлетіп өзге мемлекеттен Моңғолияның, Баян-Өлгий аймағынан келген қатысушымыз Төлеухан Сұраған, Бородулиха ауданынан келген – Төрехан Нұрберген, Үркімбаев Айдос - Абай ауданы, Шүршітбаев Фархат – Үржар ауданы, және Көкпекті ауданының намысын қорғауға бел буған қос батырымыз Әзімбаев Ерлан мен Қауан Нұрболат. Ресей Федерациясы Алтай өлкесінен келген қатысушымыз, жарыс алдындағы Өскемен қаласында өткен оқу-жаттығу жиындарында қатты жарақат алып, өкінішке орай бұл додада бақ сынаса алмады. Жалпы алғанда сайысқа бас-аяғы 23 жігіт қатысты.

Ауқымды шараны бастамас бұрын сайысқа қатысушы қайсар да қайратты, алғыр да епті сайыпқыран жігіттерімізге сәттілік тілеу үшін, сахна төріне Көкпекті ауданының әкімі Асхат Сайдахметұлы Смаиловты, Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ришат Сағибекұлы Рамазановты шақырды.
«Армысыздар құрметті жерлестер, қымбатты ағайын! Құрметті халықаралық «ТОЛАҒАЙ СҰЛТАНЫ - 2019» спорттық-шығармашылық сайысына қатысушылар мен мереке қонақтары. Адамзат өркениетіндегі сан қилы тарихтың куәсі - қасиетті Қалбатау. Осы таудың қойнауындағы Көкпекті ауданы шежірелі, бай-қуатты өлке. Жайлауымызда жылқы үйірімен жусап, ақтылы қой мамырлайды. Айдыны айнадай жарқырап Бұқтырма мен Зайсан толқиды, Көкпекті мен Бөкен өзендері күміс тамшысын атқылатып, жамырай жарысады. Осындай жерді ұрпағына аманат етіп қалдырған, алып найзасын дұшпанының қанына суарған батырлар Сатыбалды мен Ақболат, Жомарт пен Арап осы жазирадан дарабоз баһадүріміз Қаракерей Қабанбай батырдың ақ туының ас-тынан табылған. Аруақты бабамыз көріпкел, әулие Бармақ батырға да топырақ осы өлкеден бұйырған. Жауына есе жібермей ерлікпен қаза тапқан 9 кеңес одағының батырларының арасында жасындай жарқылдап тұрған батыр бабамыз Қойгелді Аухадиев біздің ауданымызда дүниеге келген. Бүгінгі күні өткен тарихымыз атар даңқымыздың туын биіктетіп «ТОЛАҒАЙ СҰЛТАНЫ - 2019» спорттық-шығармашылық сайысын бастап отырмыз. Қымбатты жерлестер мен шара қонақтары, сайысқа қатысушыларға сәттілік тілей отырып, әркімнің жеңіс туы биікте желбіреуіне тілектеспін. «Күш атасын танымас» деп аталарымыз айтқандай, ұлы дүбірде әрбір қатысушыға жылдамдық, күштілік, ептілік серік болсын демекпін. Той құтты болсын, ағайын!», - деді аудан басшысы Асхат Сайдахметұлы.
Келесі сөз кезегі Тарбағатай ауданында өткен «ТҰҒЫРЫ БИІК ТАРБАҒАТАЙ» халықаралық өнер-спорт фестивалінің идея авторы ШҚО құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің кеңесшісі Беделхан Камалханұлына берілді.
«Ассалаумағалейкүм, құрметті тойшыл қауым, құрметті жерлестер! Бүгінгі өтіп жатқан дүбірлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Мұнда бүгін арнайылап шақырсаң уақыт тығыздығына байланысты келуі қиын аса құрметті ел ағаларының бір қатарын көріп қуанып отырмын. Бұл ауданымыз үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш. Мұның барлығы, әрине, бірінші кезекте, аудан басшысы Асхат інімнің кішіпейілділігінің, елден-елге келіп абыройлы қызмет атқаруының нәтижесі деп білемін. Қазақтар «Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» деп бекер айтпаған, міне келе салып осындай ұлан-асыр дүбірлі той өткізіп жатыр. Тойларыңыз тойға ұлассын, шын мықтының жеңуіне тілектеспін!», - деп ізгі тілегін білдірді ұлы тойдың құрметті қонағы.
Шараның келесі бөлігі халықаралық сайыстың ұлттық спорт түрлері бойынша кезеңін бағалайтын төрешілерді таныстырумен жалғасты.
Юсупов Ерлан – ат спортынан ҚР жоғарғы дәрежедегі спорт шебері. «Жамбы ату» және «Теңге ілу» спорт түрлері бойынша төрешілік етеді.
Аринов Мақсат – Аударыспақтан ҚР спорт шебері, республиканың 8 дүркін чемпионы, 2013 жылы елімізде «Үздік аударыспақшы» атағын алған.
Уәлиев Ерлан – Қол күрестен спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші, «Қол күресі» бойынша төрелік етті.
Айбек Нұғымаров – түйе палуан, ауыр салмақта халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Әлем барысы» және «Қазақстан барысы» турнирлерінің екі дүркін жеңімпазы.
Қызарбеков Думан – Қазақ күресінен халықара-лық дәрежедегі спорт шебері.
Айтышова Еркеназ – Қыз қуудан ҚР спорт ше-бері, ел чемпионатының 8 дүркін жеңімпазы.
Сайыстың бас төрешісі – Базарханова Гүлнара жоғары дәрежедегі ұлттық төреші.
Әне-міне дегенше жеребе тарту рәсіміне де келіп жеттік. Оның шарты бойынша әр қатысушы, тегі мен аты аталған кезде ортада тұрған сан-дыққа барып қол салып асық алды. Асықта қа-тысушының реттілік саны көрсетілген. Аталған реттілік бойынша қатысушылар «ТОЛАҒАЙ СҰЛТАНЫ-2019» халықаралық сайысының спорт-тық-шығармашылық кезеңдерінде өнер көрсетті.
Ауқымды мерекенің әділ-қазылар алқасы жұртқа сыйлы, беделді, даңқты тұлғалардан құралды. Құрамында: әнші, өнертанушы, режиссер, киногер, «Жігіт Сұлтаны» республикалық сайысының жүлдегері – Ерлан Төлеутай, Абайтанушы, ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті – Омар Жәлелұлы, түйе палуан, ауыр салмақта халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Әлем барысы» және «Қазақстан барысы» турнирлерінің екі дүркін жеңімпазы – Айбек Нұғымаров, Ришат Сағибекұлы – ШҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, Айдын Абзалбекұлы – ШҚО жастар театрының көркемдік жетекшісі.
«Баталы ұл арымас, батасыз ұл жарымас» деп кіл мықтыдан кім мықтыны анықтайтын, ақыл-парасатпен ептілік сынға түсетін күш бәйгесіне данагөй атамыз Шахан Төлеубайұлынан бата алып барып, бір-ақ кірістік.
Атшабарда ұйымдастырылған халықаралық сайыстың I кезеңінің алғашқы сайысы - Жамбы ату болды.
Жамбы атудың шарты бойынша қатысушы ат үстінде отырып, төреші белгі берісімен шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатуы тиіс. Жігіттеріміз үшін қиынға соққан бұл жарыс түрінде V орынды 15 ұпаймен керекулік Батырбек, IV орынды Моңғолиялық қонағымыз Төлеухан Сұраған, III орынды қарағандылық Тілеухан, II орынды 21 ұпаймен өскемендік Кабиев Слямбек еншілесе, I орынды 23 ұпаймен жерлесіміз Ерлан Әзімбаев қанжығасына байлады.
Бірінші сайыс аяқталысымен, дүйім жұрттың назары талантты әнші Бекболдин Қанаттың «Ауылым» әнін орындауына ауды.
Ұлттық ойындарды дәріптеуге бағытталған халықаралық доданың келесі сайысы – Теңге ілу болды.
Атың мен бабың сай келмесе жеңуің қиын бұл спорт түрінде барлығы бірдей жақсы нәтиже көрсете алмады. V орынға екі бірдей қатысушымыз Зайсандық Саханов Рауан мен елордалық Бимен Алтай тұрақтаса, IV орынды күршімдік Ерасыл еншіледі, III орынды Қарағанды облысының жігіті алса, II орын өскемендік Слямбекке бұйырды, ал теңге ілу сайысының үздігі павлодарлық Қошқарбаев Батырбек болды.
Келесі сайыс, қатысушыдан тастай тақыммен, үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батыл-дықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі – Аударыспақ ойыны болды.
Алғаш болып Нұрберген Төрехан мен Рүстем Сәрсенәлі тамаша ойын өрнегін танытты. Екеуінің күші тең, біраз алпарысты, дегенмен ақыр соңында жеңіс Нұрбергеннің қанжығасына байланды. Жартылай финалда Тілек пен Ерасыл өзара мықтыны анықтап, жеңіске Тілек жеткен болатын. Финалда Тілек қарағандылық Нұрхан Тілеуханға есе жіберіп, II орынды қанағат тұтса, III орынды алматылық Мейрамбек иеленді.
Аударыспақтың қорытындысы айтылғаннан кейін, жұрт назары бірден аламан бәйгеге ауды.
Толағай төсін шаңға бөккен аламан бәйгенің қорытындысы бойынша IV орынды 42 нөмірлі Рафат есімді жүйрік иеленді, шабандозы Ерлан, атбегі Аян. III орынды керекулік Байсақова Гүлдананың тор тұлпары еншіледі, шабандозы Диас. II орын Жұмағазы әулеті қосып отырған жүйрікке бұйырды, шабандозы 3 нөмірлі Ерлан. I орын Қанат Назар баптаған Таскескенге бұйырды, шабандозы 8 нөмірлі Дамир.
Халықтың делебесін қоздырып айқайға салғызған келесі сайыс түрі – қазақ күресі болды. Бұл сайыс олимпиадалық жүйе бойынша өтті. Яғни жартылай финалда сүрінген қос балуан автоматты түрде III орынға ие болады.
Жартылай финалда Глубокое мен Абай аудандары күш сынасып, Абай ауданының жігітінің мерейі үстем болды. Ал екінші жартылай финалдық бәсекеде Түркістан мен Қарағанды өңірінің жігіттері өзара кім мықтыны анықтады, бұл теке-тіресте түркістандық Әкбар таза жеңіспен ақтық сынға жолдама алды. Финалдық кездесу Түркістан мен Абай жігіттерінің арасында өрбіді. Жан алысып жан беріскен ақтық сынның соңғы секундтарында түркістандық Әкбар таза жеңіске жетіп, бабында екендігін көрсетті.
Көпшіліктің көңілінен ерекше орын алып есте қалған сайыстардың бірі жігіттеріміздің білек күшін сынайтын қол күреске де келіп жеттік.
Аталмыш сайыс түрінде халықаралық дәрежедегі төреші, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Уәлиев Ерлан мырза-ның өзі төрелік етті. Сайыс олимпиадалық жүйеге сай тек оң қолмен күш сынасу шарты бойынша өтті. Жеребе бойынша қатысушылар кезек-кезек шығып, соңында тек мықтылары ғана қалды. Рахимбаев автоматты түрде финалға шығып, жартылай финалда Бесқарағай мен Абай аудандарының қол күресін демалып көру мүмкіндігіне ие болды. Финалда бесқарағайлық Данияр мен алматылық Рахимбаев Мейрамбек күш сынасып, алматылық жігіт қол күресінен мықты екенін дәлелдеп, қарсылас шақ келтірмеді.
Ұлттық болмысымызды айшықтап, төл өнерлерімізді жаңғыртуға тиімді мұндай ауқымды шаралар ел игілігі үшін әсте қажет. Екі үлкен кезеңнен тұрған халықаралық сайыстың аудан атшабарында ұйымдастырылған бірінші кезеңі осылайша өз мәресіне жетті.
Бұдан бөлек, келген көрермендер үшін де жүлдесі қомақты бірнеше сайыс түрлері ұйымдастырылды. Атап айтсақ, «Толағай барысы», қол күресі, арқан тартыс, бұқа тартыс және қой көтеру.
Қол күресі бойынша 70 келі салмақта көкпектілік Қалиев Жанатқа қарсылас шақ келмей I орынды иеленді. 70 келіден жоғары салмақта I орынды көкжайықтық Нұрлан Ермек иеленсе, II орын Баймағамбетов Оразға бұйырды, III орынды көкпектілік Жұмаханов Қайрат қанжығасына байлады.
«Толағай барысы» атағын алу үшін ұйымдастырылған күресте зайсандық Мейрамханұлы Ертай III орынды қанағат тұтса, I орын үшін күресте Шыңғыс есімді Көкжыраның тумасы қарсыласы 60-ты алқымдаған ардагер спортшы Карменов Тұрсынбектен бір бас жоғары өнер көрсетсе де, мәрттік танытып жеңісті ағасына сыйлайды. Дүбірлі доданың бір шетінде ұйымдастырылған бұл сайыс-тарға жұрт та разы болып, еріктілер де өз мүмкіндіктерін байқады.

Айдын ТОҚСАНОВ

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қыркүйек 2019 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз