Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Қарға тамырлы қазақ тарихында ер-жігіт ұғымына ежелден үлкен жүк артылады. «Жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер көп емес», «Жігітте де жігіт бар - азаматы бір бөлек» деген нақыл сөздер осыған дәлел болса керек. Ал жігіттің сұлтаны мен сырттаны деген атаққа білекті де жүректі, өр тұлғалы, ер намысты, сөзі мірдің оғындай, батырлығы көз сүйсіндірер оғландарымыз ғана тең келеді. Бұл көркем сипаттау әрине, кешегі ел іргесін ат үстінде жүріп, найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған батыр бабаларымыз бен сырбаз да сыршыл сал-серілерімізге тән қасиет екені хақ. Ал сол серілеріміздің бүгінгі сарқытындай болған ұландарымыздың бойынан осындай асыл қасиеттер табыла ала ма? Міне, осы мақсатта ағымдағы жылдың 10 шілдесінде Көкпекті ауданының әр ауылынан жиылған нағыз серілердің қатысуымен, білек күштерімен қатар білімділіктерін сынаған аудандық «Жігіт сұлтаны» сайысы өткізілді.


Жігіттің тектілігі мен ептілігі сыналатын дүбірлі додаға сегіз қырлы бір сырлы 8 жігіт қатысты. Олар: Шұғылбай ауылының намысын қорғаған Еламан Кеңесқалиев, Көкпекті ауылының атынан шыққан Ернат Маратұлы, Көкжайық ауылынан Ерлан Әзімбаев, былтырғы жылғы облыстық жігіт сұлтанында І орынды иеленген тассайлық тарлан Саяхат Тұрлыбеков, Үлгілімалшы өңірінің үкілеген үміті Нұрболат Қауан және де Самар ауылынан келген үш бірдей ұлан Қайрат Жүнісов, Ақтілеу Райхан, Ерлан Шитаяқов. Өз ауылдарының сұлтандары, серілері кіл мықтыдан кім мықтыны анықтауға келген сайыпқырандар білек күшін бағамдап, өнерлерін бағалап тура төрелік ететін әділқазылар алқасының қатарында Тассай ауылдық клубының меңгерушісі Катрен Байжұманов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Бек Назарбекұлы, аудандық мұражайдың қызметкері Клара Смаилова, Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінің қызметкері Кеней Зейнолла, орталық мешіттің найб имамы Кенжебек Ахметқалиев болды.
Жастар орталығы аудандық мешіт ұжымымен бірлесіп ұйымдастырған бәсі басым бәсеке екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде серілер білек күшін сынау мақсатында таңертеңмен атшабарға жиналып, қол күрестіріп, ат үстінде аударыспақ ойнап, теңге іліп, қазақша күрес сынды сайыстардан кім мықтыны анықтады.
«Күш атасын танымас» демекші, бірінші кезеңнің алғашқы сайысы қол күрес болды. Сайдың тасындай іріктелген жігіттердің Толағайдың етегінде күш сынасуы бейне бір батырлардың бейнесін елестеткендей әсер қалдырды. Аталмыш сайыста шашасына жаң жұқтырмай, алдына келген қарсыластарының бәрін жеңген үлгілімалшылық Қауан Нұрболат.
Іле-шала қазақ күресі сайысына да келіп жеттік. Бұл бәсекеде де жігіттер өздерінің осал емес екендіктерін көрсете білді. Қарсы келгеннің бәрін қара күшке салған Қауанның немересі Нұрболат финалдық бәсекеге дейін сүрінбей жетіп финалда, шұғылбайлық еті тірі ержігіт Еламан Кеңесқалиевке есе жіберіп қойды. Бұл жерде қатысушылардың арасындағы ең жасы әрі салмағы төмендігіне қарамай алдаспандай өткір намысымен жарқ етіп, жұртты сүйсіндірген жігерлі жігіт Еламанның қайраты мен қайсарлығын айтпасқа болмайды.

Бірінші кезеңнің үшінші сайысы теңге алу болды. Өкінішке орай, сегіз серіміздің ешқайсысы тұлпар үстінен төмен еңкейіп, теңгені жерден іле алмады. «Қап, әттеген-ай» деп қалған жұрттың қабағын ашқан келесі төртінші сайыс аударыспақ болды. Нағыз қара күшпен қаруланған азаматтардың ғана қолынан келетін бұл ұлттық ойындардың бірі жігіттердің күш жігерін айқындата түскендей болды. Нағыз ер-азаматтардың тайталасына куә болған халық, жігіттердің ат үстінен бірін-бірі жұлқи тартқан көрінісіне таңдай қағыса түсті. Бұл сайыста да шұғылбайлық Еламан ерекше өнер көрсетіп, финалдық бәсекеге жолдама алу үшін қайта атқа қонды. Дегенмен, оның қарсыласы нұралық Нұрболат қазақ күресінде кеткен есесін аударыспақта жібермейтіндігін көрсетіп, жеңіске жетті. Финалда көкжайықтық кәнігі көкпаршы Ерлан Әзімбаев пен Нұрболат Қауанның арқа қоздырар тартысына куә болдық. Дегенмен, үлгілімалшылық жігіттің бағы жанып, аударыспақ сайысында үздік болып шықты.
«Ақылды жігіт атқа да мінер, таққа да мінер» дейді данагөй халқымыз. Осымен жігіт сұлтаны сайысының атшабарда өткізілген бірінші кезеңі өз мәресіне жетіп, ауқымды сайыстың екінші кезеңі Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінде жігіттердің өнерін тамашалаумен жалғасты. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша әділқазылар алқасы сайыс-керлердің жеке жетістіктерін жазып алып, екі кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаз анықталатынын жеткізді.
Сайысқа қатысушы азаматтарды кешегі сал-серілеріміздің бүгінгі келбеті, қазіргі жігіттердің төресі деп айтуға толық негіз бар. Оған дәлел мәдениет үйінің сахнасында өткен ауқымды іс-шараның екінші кезеңі мәдени-зияткерлік кеш.
Мәдениет үйіндегі мерекелік іс-шара 4 кезеңнен тұрды. Олар өзін-өзі таныс-тыру, өнерін көрсету, зерделік сайысы (сұрақ-жауап) және соңғы сайыс халықты таң қалдыру.
Таныстыру сайысында бірі қоңыр үнді әуелетіп, өзін әнмен таныстырса, енді бірі отты жыр шумақтарымен көпшіліктің қошеметіне ие болып жатты.
Жігіттер өз өнерін көрсету сайысында әр түрлі бағытта ерекшеленіп, халықтың көңілінен көпке дейін орын алатындай өнерлерін паш етті.
Саяхат Тұрлыбековтың құлаққа жа-ғымды қоңыр үні көрермендерге өнер ең күшті құбылыс екендігін еске салғандай көрінді. Жігіттер сайыстың бұл түрінде еш аянып қалмауға тырысты, самарлық Ерлан жалаң аяқ шегеде тұрып. кеудесінде кірпіш жарса, көкжайықтың Ерланы сахнаның сәнін келтіріп биледі. Үлгілімалшылық Нұрболат пен Тассайлық Саяхат домбыраның құлағында ойнап жиналған жұрттың құлақ құрышын қандырды.
Келесі кезекте, жігіттеріміздің білімділіктерін сынайтын «Зерделік сайысына»да келіп жеттік. Бұл ретте қатысушыларға қазақ тарихы, әдебиеті мен мәдениеті және салт-дәстүріне байланысты сұрақтар қойылды. Осы сайыста жігіттеріміздің барлығы дерлік сұрақтардан мүдірмей жауап бергені көңіл қуантты.
Күн ұзақ жалғасқан ауқымды іс-шараның соңғы сайысына да келіп жеттік. Ол мірдің оғындай оғландарымыздың бар өнерін ортаға салып, халықты таң-тамаша қылып таңқалдыруына негізделген. Бұл сайыста Қауан Нұрболат жүрек тебірентерлік терме тартса, самарлық Ақтілеу Райхан сиқыр жасап ерекше ықыласқа бөленді. Десек те көпшілікке керемет әсер қалдырған шұғылбайлық Еламанның қараңғыда ақ матаның артында көлеңкелерді сөйлетіп, монолог оқығаны дүйім жұрттың қошеметіне ие болды.
Осымен жігіттің төресін анықтайтын байрақты бәсеке өз мәресіне жетті. Сайыс қорытындысы бойынша көкпектілік Ернат Маратұлы, шұғылбайлық Еламан Кеңесқалиев және самардың үш бірдей ұланы Қайрат Жүнісов, Ақтілеу Райхан, Ерлан Шитаяқов сынды азаматтар аудан басшысы Асхат Смаиловтың атынан арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Ал келесі жүлдегер жігіттер тамыз айында Көкпекті ауданында өтетін халықаралық «Қазақ Толағайы» сайысына жолдама алды. Олар ІІІ орынды иеленген тассайлық Саяхат Тұрлыбеков, ІІ орынды иеленген көкжайықтық Ерлан Әзімбаев және «Жігіт Сұлтаны-2019» сайысының жеңімпазы үлгілімалшылық Нұрболат Қауан. Жүлдегерлер шара соңында бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2019 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз