Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Шығыс Қазақстан облыстық ІІ-ші «Жігіт сұлтаны» байқауы 22-23 тамыз аралығында ішкі саясат бөлімі басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен көркейген Көкпекті жерінде дүбірлеп өтті. Сайысқа атақты Абай, тағлымды Тарбағатай, гүлденген Глубокое, шырайлы Шемонайха, жайнаған Жарма, жайсаң Зайсан, көркейген Күршім, ұланғайыр Ұлан аудандары мен рудалы Риддер, кемелденген Курчатов қалаларының жігіттері және бәйгені ұйымдастырып, сайысты сайлаушы Көкпекті ауданының өрендері де қатысты.

ӘЛҚИССА ІСТІҢ БАСЫ
«Істің басы ілгері...» - деп, әупірімдеген де жыл басындағы облыстық жастар маслихаты депутаттарының жиынында: «биылғы «Жігіт сұлтаны» сайысы қайда өтеді» дегенде, Көкпектілік жастар маслихаты депутатарының «Көкпекті ауданында өткізелік» деген өтініштері қанағаттандырылған екен. Енді сайысты тек қана бір күндік науқан етіп қана өткізбей, оның тәрбиелік мәні мен мағынасын ашып, «Жігіт сұлтаны» атағына нағыз лайық ерді бағалау керектігі жастар арасында алты ай бойы түсіндіріліп, қатысушылар іріктеледі. Олардың мініс аттары, киер костюмдері мен айтар сөздеріне дейін әр аудандағы жастар мамандары дайындады. Атқарылған шаруаларын тексеріп, пысықтап отырған Шығыс Қазақстан облыстық жастар ресурстық орталығы директоры Арайлым Керімбекқызы Есімбекова болды.

 

Ақырында сайысқа түскен баһадүрлер мыналар: Курчатовтан - Қызырбекқанов Ерлік, Риддерден –Каражігітов Тимур, Абай ауданынан – Үркімбаев Айдос, Жармадан - Бекбосынов Асылан, Глубокоедан - Дәулетқанов Мадияр, Зайсаннан -Саханов Рауан, Күршімнен - Ахметов Ерасыл, Көкпектіден - Тұрлыбеков Саяхат, Тарбағатайдан екі жігіт - Нұржанов Қуаныш пен Бекбаев Абзал, Ұлан ауданынан - Кабдыкаримов Дияр, Шемонаиха жерінен - Сагидуллаев Данияр болды.
Көкпекті ауданындағы ауылдық округтер ұжымдары да сайысқа ерекше даярланып, қатысушыларды ақ шаңқан киіз үй тігіп, соңғы қонағы аттанғанша үйлерінің бір бауында шешпей ерекше бейілмен, қонақжай көңілмен күтті. Ауылдық округ әкімдері мен мамандары, ауыл тұрғындары келушілерді зор ілтифатпен, кішіпейіл жарқын жүзбен қарсы алды.
Осындай үлкен дайындықпен келген сайыстың қалай өткенін баяндасақ.

ТОЛАҒАЙ ТАУЫНДАҒЫ АУДАРЫСПАҚ
Мерекенің салтанатты сәті Шығыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айдар Садырбаев пен аудан әкімі орынбасары Дәурен Қойгелдиннің қатысушыларға жеңіс тілеп, құттықтауымен басталды. Көк туға бет түзеп, ән ұранды екпіндете орындаған қатысушылар Көкпекті өзені жағалауын жаңғыртты. Есімдері атала салысымен аттарын ойнатып шыққан «Жігіт сұлтаны» сайысына қатысушылар шеп құрып, салтанатты сапқа тұрды. Аттылар тобын басқарып, ат ойындарын ұйымдастырып жүрген атақты көкпаршылар Қанат Биқатов пен Мұратқазы Жаңбыршин болды. Сайысты ұйымдастырушы жастар орталығы болғандықтан, аудандағы жастардың көшбасшысы Азамат Қалықовтың атқарар бар ісіне жастар арасынан Жарбол Алпысбаев, Рахат Кусманов, Дәурен Данабеков, Өскен Төлеубеков, Берік Байгереев, Ерлан Әзімбаев, Азат Рахымбаевтар қолқанат болып, зыр жүгіріп қызмет жасасты. Ағалық қамқорлықпен ақыл-кеңестерін аямаған Бекболат Рахимов, Бек Нұғыбаев, Дархан Бердібек, Ермек Нұрлан, Ахмет Күдербаев, қос Қайрат Алғазинов пен Ақметқалиев, Ерлан Ниязбаев, Айнұр Отаршина, Бағжамал Базылағзам, Меруерт Малғаждарова, Серік Қасымханов, Мұхтар Жанкебаев, Ержан Мазыбаев, Мерей Смғұлов, Дулат Оспанов, Қажет Жүнісбеков мерекенің лайықты өтуіне бір кісідей ат салысты.
Алыстан көрінетін Толағай тауы апай төсін керіп, маңғаздана қарағандай болып тұр. Басына үйірілген бұлтын анда-санда ерке самалымен желпіп-желпіп қояды. Міне, сайыстың теңге алу сәті басталды.
Жарау атпен шауып келіп, орамалға түйіліп тасталған теңгені іліп алу, асқан ептілік пен шабандоздықты қажет етеді. Бес жерден тігілген теңгені бір-бірден ілген үш-ақ жігіт - Күршім, Көкпекті, Тарбағатайлық өрендер болды. Ат ойындарын жүргізіп отырған атақты коментатор Катрен Қапсадықұлы Байжұмановтың «контр бас» дауысы келесі сайыстың басталуын жариялағанда бәйгетөбедегі халық елең ете түсті. Ол аударыспақ еді. Кезек аударыспаққа келгенде, Толағай жақтан соққан құйын атшабар басын бір сілкіп тастады. Басында алты жұп белдескенде, «арыстанша арпалысты, жолбарыстай жұлқынды» - деп айта алмадық. Тартыс Күршімдік палуан мен Ақжарлық алыптың арасында болды. Көкжал Барақ ауылынан келген сом білекті – Дәулетбай атаңның оғланынан басым түсті. Күрес дегенің Дәулен палуан елі Көкпектіліктердің төл спорты болғасын жанкүйерлер қарасы тіпті молайды. Мұнанда Көкпектілік, Жармалық, Тарбағатайлық жігіттер басым болды.
Білек күшін сынарда атақты гір тасы мен білек күресінің корифейі Мұкан Ағзамов елі - Көкпектіліктер тайлы таяғы қалмай, бала-шағасы да помост басына жиналды. Саяхаттың жанталаса күресіп, барын салғанымен жеңістің ауылы жақындамады. Ал білек күшін сынасқан қол күресінде, Риддерлік палуан ешкімді де шақ келтірмеді. Рудалы Риддерлік жасты қалың көпшілік жанкуйер ұзақ қол шапалақтап қолдады.

КӨКПЕКТІ ЖАҒАСЫНДАҒЫ КӨПСАЙЫС
Көкпекті жағасындағы көпсайыс көрермендер мен келушілер арасында да өтті. Көрермендер қой көтеруден, бұқа тартыстан бәсекелесті. Алпыс келі қызыл қойды Көкпектілік бала жігіт иеленді. Сонымен қатар жігіттің жеті қазынасының бірі – тазылар көрмесі де көрермендер назарынан тыс қалған жоқ. Бұқа тартыста Тассай ауылдық округінің бұқа мойын, бура сан жігіттері қарсыластарын қаңбақша үйіріп, атшабардың шаңын қаптырды, тассайлықтар тай жарыста да, аламанда да жүлделі болды. Аламанда бәйге алған Ақойдың Жанабыл Шайырғазин баптаған Көксерегі болды. Ат спорты бойынша көпшілік жарыстарға тігілген сыйлықтар мен бәйгелік кәделер өз иесін тауып жатты. Сайыстың сыйын үлестірген ұлыстың ішкі саясатын үйлестіруші Айдар Садырбаев пен Қойкелді батыр ұрпағы, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин болды.

АЛТЫНБАЕВ АУЫЛЫНДАҒЫ ӨНЕР САЙЫСЫ
Қазақта өлең-жырдан дес бермеген, «айтыстың сұлтаны» көкпектілік Қалихан ата Алтынбаев болса, енді «Жігіт сұлтаны» сайысының екінші кезеңіндегі өнер сайысы атаның атындағы Мәдениет үйінде өтті.
Мұнда жігіттер өздерін таныстырды және дайындап келген өнерлерін көрсетті. Екі күнге созылған сайыпқырандар сайысында төрелік еткен Өскемендік Азамат Қасым – «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, Айдар Садырбаев – Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, Арайлым Есімбекова - Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры, Айдархан Садықов – Көкпекті аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қайрат Малғаждаров – «KÓKPEKTI» журналының жауапты хатшысы.
Қазылар мен жиылған көпшіліктің назарына қарасөз оқыған көркемсөз шебері, әуелете ән салған әнші, тіпті уатылған әйнекке жатып, шеге жастанғанар өнерлерін ұсынды. Жігіттер ақын да, әнші де, жонглерде, зергерде, шешен де болып түрлі өнерге салды.
Қазылардың төрелігі бойынша Абай ауданынан келген Үркімбаев Айдос – бас жүлде, көкпектілік Саяхат Тұрлыбеков - бірінші орын, зайсандық Рауан Сахатов – екінші орын, күршімдік Ерасыл Ахметов – үшінші орын алды. Жеңімпаздарға, қатысушыларға сертификаттар мен ақшалай, заттай сыйлықтар табысталды. Бас жүлде алған Абай елінің ұланына ат мінгізіп, шапан жауып, «Жігіт сұлтаны» белдігі тағылды.
«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» деп атамыз айтқандай, Құрбан айт мерекесі мен ұлы атамыз Абайдың туған күні өткен Шығыс Қазақстан облыстық ІІ-ші «Жігіт сұлтаны» сайысы өз деңгейінде лайықты ұйымдастырылып, өткені туралы Облыстық ішкі саясат басқармасы бастшысының орынбасары Айдар Садырбаев:
«Шәкәрім бабамыздың «Бұл ән бұрыңғы әннен өзгерек» дегеніндей бұл іс-шараның да мәні бөлек, жөні бөлек. «Рухани жаңғыру» бағдаламасы аясында ата-бабамыздың ат үстіндегі, боз кілем төсіндегі жолдарын бағдарлар болсақ, онда өткізіліп жатқан шараларға жастардың өздері араласса, бұл құптарлық іс. Жаһандану заманында ешкімге жұтылып кетпей, ұлттық болмысын, өз салт – дәстүрін сақтап қалу жолында атқарылып жатқан бірден-бір іс шара деп білемін. Ұйымдастыру, дайындық облыстық шараға лайықты жүргізілуде екен» - деді. Облыстық өкілдің бұл бағасы осы шараны ұйымдастырған, жүргізген, дайындаған қызметкерлерге берілген әділетті баға болды.
Сонымен бірге ел арасындағы көрермен пікірі де мерекенің жақсы өткенін, тіпті қыздарға арналған осындай күш сынарлық жарыс өткізсе тартынбай қатысарларын айтқан арулар да болды. Көкпекті аудандық өнер мектебінің қойған көрмесі де кісі қызығарлықтай болғаны, сайыс тарқағанша залға қойылған экспонаттар алдынан қызықтаушылар арылмағанынан көрініп тұрды. Әсіресе, маржан төгіп, моншақ тізген Ғалия Есімханқызының өзінің қызымен жасаған бұйымдары көз тартарлық тамаша болды.
Қалбатауымыздың ауа-райы да қоңыр салқын болып, жаңбырын төгіп жіберетін Қаракезеңде бәйгетөбедегі қалың елді дүрліктірмей саябыр мінез танытты. Тойға барған ел көрген білгендерімен бөлісіп, көпке дейін тарқай алмады. Мәдениет үйінің алаңындағы жастарға арналған би түн жарымына дейін толастамады. Шараның қауіпсіз өтуін қадағалаған полиция подполковнигі Фирхат Мавлютов басқарған сақшылар тобы ел тыныштығын кірпік қақпай күзетті. Той тарқағанда атшабар алаңы таза, бәйгетөбеде тазалық, ипподромда жинақылық қана жарқырап қалды.

Қайрат Бесбайыс

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Тамыз 2018 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 29 30 31    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз