Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Аудан жастарының басын қосқан форум ең алдымен ауданның өнерлі жастарының қолынан жасалған көрме жұмысынан бастау алды. Көрмеге Көкпекті және Самар ауылының балалар өнер мектебінің қолөнері, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілерінің қолөнер бұйымдары, Көкпекті, Қ.Аухадиев, Ж.Шайжүнісов атындағы ОМ оқушыларының қолөнерлері және М.Әуезов атындағы ОМ 10 сынып оқушыларының «Жас өлкетанушы» клубының жұмыстары, «Көкжайық» жастар кеңесінің, ауданның білім беру және спорт саласы бойынша жас мамандардың көрмесі, жас кәсіпкерлерінің жұмыс жүйесі туралы слайд, Самар аграрлық-техникалық колледжінің тыныс-тіршілігі жайлы және Көкпекті ауданының қасиетті тарихи орындары туралы слайд көрсетілді.

 

Форумда «Көкжайық» жастар кеңесінің жұ-мысы жайлы кеңестің мүшесі Көкпекті ауылдық округінің бас маманы Назым Жұмабекқызы толық айтып өтті:
-«Көкжайық» жастар кеңесі 2017 жылдың қаңтар айында жастар саясаты маманының бастауымен құрылған болатын. Қазіргі таңда кеңестің құрамында 7 адам бар, олар ауылдың белсенді жастары. Кеңестің төрағасы, хатшысы бар. Жастар кеңесінің мақсаты - ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізіп, жастарды спорттық, мəдени іс-шараларға тартып, салауатты өмір салтын насихаттау. Жастар санаты 14 жастан басталатындықтан олардың бойына отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттерді сіңіріп, болашақта жан-жақты білімді, мəдениетті, рухани бай тұлға тəрбиелеу. Əлеуметтік əлжуаз топтағы ауыл тұрғындарына тұрмыс-жағдайында түрлі көмек көрсету, - деді. Көкжайықтың жалындаған жастарының жұмысы, қалған округтерге үлгі болары сөзсіз. 
Ауыл жастары кәсіп көзін ашуға ынталы. Бүгінде кәсіп көзін ашып, несібесін көремін деген азамат үшін түрлі мемлекеттік жобалар мен гранттар ел игілігі үшін қызмет атқарады. Аудан жастарының басым бөлігін кәсіпкерлік саласы қызықтыратынын аталмыш форумнан көре білдік. Форум аясында Кәсіпкерлер Палатасының Көкпекті ауданы филиалының директоры Әлия Мұқашева мемлекеттік бағдарламалар жайында толығырақ ақпарат беріп өтті. Сонымен қатар, Әлия Орынбекқызы өз кәсібін ашуға үлкен мүмкіндік беретін қайта даярлау курстарының да жастар үшін тиімді екендігін, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге жол ашық екендігін айтты. 
Сондай-ақ, форумда Жастар орталығының директоры Азамат Халықов 2017 жылда атқарылған іс-шаралар қорытындысы бойынша есеп берді. 
- Ауданда жастар саясатын табысты жүзеге асыруға, Жастар орталығының мәні зор. Бізде, 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың жалпы саны 6 676 адамды құрайды. Оның ішінде 3 мың 730 ерлер, 3 мың 515 қыз балалар. Аудан жастарының 4220-ы жұмысшы жас, 1065 студент, 14-18 жас аралығында 930 оқушы жас,109 мүгедек жас және 352 жұмыссыз жас бар. Жұмысшы жастардың білім беру мекемелерінде – 960 жас, мемлекеттік мекемелерде – 2412, денсаулық сақтау саласында – 112, құқыққорғау органдарында – 37, мемлекеттік қызметте – 22 және 677 жас мемлекеттік емес ұйымдарда АҚ, ЖШС жұмыс істеуде. 17 ауылдық округте 17 жастар ісі жөніндегі маман жұмыс атқаруда. Оның 15 мемлекеттік қызметкер, 2 инспектор. Әр тоқсан сайын жастар ісі жөніндегі мамандардың рейтингісі әзірленеді, - дей келе Азамат Серікұлы жастар орталығындағы жұмыстарды егжей-тегжейлі толығырақ, слайд көрсету арқылы баяндап өтті.
- Үстіміздегі жылы облыстық Жастар орталығының бастамасымен Жастар мәслихаты құрылып, аудан бойынша 13 жас депутат сайланды. Қазіргі таңда, депутаттарымыз 2018 жылға арналған жұмыс жоспарларын жасауда. Бұдан да басқа жылдық жоспар бойынша рухани, мәдени және жастар ісін жетілдіру төңірегінде көптеген іс-шара өткізіліп, аталған шаралардың қорытындысымен жастарымыз облыстық деңгейде нәтижелі көрсеткіштерге жетіп отыр. Басты мақсатымыз – ауыл жастарының белсенділіктерін арттыру, оларды қоғам жұмысына көбірек тарту, өз өлкесін, Отанын сүйетін патриоттар тәрбиелеу, - деп қорытындылады сөзін Азамат Серікұлы. 
Бұл күні біздің жерлестеріміз, Көкпекті ау-данының тумалары өздерінің жүрекжарды тілектерін бейнежазба арқылы жіберді. Олар: Қол күресінен әлемдік федерациясының Президенті, Көкпекті ауданының Құрметті азаматы Мұқан Сағидоллаұлы Ағзамов, «Хабар-24» телекеаналының журналисі Әнел Есенбердина, Әл-Фараби атындағы КАЗМУ оқытушысы Нұржан Қуантайұлы, жас спортшы, полиция капитаны Ерболат Құнанбаев. 
ҚР Тұңғыш Президент күніне орай «Рухани жаңғыру: жастар ұл рухы!» VІ дәстүрлі жастар форумында аудан көлемінде мемлекеттік жас-тар саясатын жүзеге асырылуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар аудан жастары аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Олар Көкпекті ауылдық округінде «Жасыл ел» жасағы құрамында ауылды абаттандыру, көркейту жұмыстарында белсенділікпен көзге түскен Рауан Қалыбаев және Ерлан Сәрсенбаев, Самар ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі маманы, Жастардың қатысуымен патриоттық 25 іс-шара ұйымдастырған, ауылдық округтердегі жастарды қамту бойынша алдыңғы қатардағы жігерлі жас Сауых Ерназар, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласқаны үшін жас кәсіпкерлер Бақыт Сержанқызы және Жанат Манарбекұлы, Казнаковка орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі. Оқушылары халықаралық деңгейде аудан намысын қорғап жүр. Өз жұмысына берілген білікті маман Алмас Амангелдіұлы, Миролюбовка орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лина Даулетканқызы, аудан спортының дамуына зор үлес қосып жүрген, дзюдо, самбо күрестерінің спорт шебері. Екі дүркін Қазақстан жеңімпазы. Жастар арасында беделі зор Өскен Өркенұлы, 4 бала тәрбиелеп отырған, Көкжайық ауылының тұрғыны, жас ана Жансая Ахатжанқызы, Көкпекті АІІБ Жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция тобының кәмелетке жасы толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Назерке Советханқызы, Үлгілімалшы ауылдық округінің дәрігерлік амбулаториясы бас дәрігері Шынар Миратқызы. 
Жастық шақ албырттығымен, бал-бұл жайнаған кезеңімен қызықты. Бой емес, ой жарыстыратын мына уақытта өнер мен білім жастардың басты байлығынан саналады. Бүгінде әр адамның уақыты санаулы болса, уақыттың өзі тоғыстырып, тіршілік көзімізді минуттар мен сағаттарға бөліп қойғандай. Сондықтан жастық шақтағы әрбір уақыт ізденіс үстіндегі талапкер үшін бағалы да қадірлі. Тек сол жастық кезеңдегі уақытты тиімді пайдаланып, ғылым мен білімге, шығармашылыққа ұйымдастыра білу әр азаматтың өз еншісіндегі дүние.
Алмас Амангелдіұлы және Батыржан Кәрібаев, Құлынжон ОМ ұстаздары: 
- Елбасымыздың Ұлы бастамаларын бірауыздан құптап, нәтижеге жетуде бірлесе, жұмыла жұмыс атқару арқылы дәлелдегіміз келіп отыр. Кез келген жаңалыққа жаны құмар, асқаралы асулардан жүрексінбей өтетін жастардың легінде жүрген жас ұстазбыз.
Біздің тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып отырған оқушыларымыз қазірден бастап өзіне мақсат қоюда. Орта білім беретін мектепті аяқтаған соң, білім қуып, арман қуып «Болашақ» бағдарламасы арқылы білімін жетілдіріп келсе, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы «қарашаңырағымыз» ауылдың көркеюі жолында адал еңбек ететініне сенім білдіреміз. 
Ерлан Әзімбаев, «Көкжайық» жастар кеңесінің мүшесі: - Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын! Жаңа тәуелсіз мем-лекеттің іргетасын қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев – барлық қазақстандықтар және халықаралық қоғамдастық мойындаған ғаламдық бастамалардың бастаушысы, отандастарымыздың құқықтары мен бостандықтарының қорғаушысы, елді кемел келешекке жетелейтін игі істердің қолдаушысы. Мемлекетімізге одан әрі өрлеу мен өркендеу, әрбір қазақстандыққа мол табыс, бақ-дәулет тілеймін!
Б.Құдайбергенов, М.Мәуітбеков, Ә.Адылғазин, М.Әуезов атындағы ОМ «Жас өлкетанушы» клубының мүшелері, 10 сынып оқушылары, Тассай ауылы: 
- Елбасы – татулығымыздың, береке-бірлігіміздің, тұрақты-лығымыздың кепілі. Сіздерді 1 желтоқсан – Елбасы күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Қазақ тарихында Әз Жәнібек пен Керей, Қасым мен Абылай, Хақназар мен Кенесары сынды халқын ақылмен, парасатпен басқарған хандар болған. Солардың сара жолымен, сындарлы саясатымен егеменді елімізді басқарып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орны ерекше. Елбасы есімі Егемендік, Тәуелсіздік, Қазақстан, Отан, Бірлік сияқты ұғымдармен қатар айтылады. Елбасы – татулығымыздың, береке-бірлігіміздің, тұрақтылығымыздың кепілі. Тұңғыш Президентіміздің еңбек жолы - жас қазақстандықтар үшін үлгі мен тағылымның мектебі. Ел болашағы үшін жасалып жатқан игі істер табысты болып, еліміз, елін сүйген, ел қамқоры азаматтарымыз аман болсын! Баршаларыңызға табыс, сәттілік, сәулелі ғұмыр тілейміз!


Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Желтоқсан 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз