Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Сөзімді "Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға,"- деген ұлы Абайдың сөздерімен бастағым келеді.Иә, нағыз ұстаз болу- бақыт әрі абырой. Мұғалім болу оңай, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. "Ұстазды алтын діңгекке теңер едім" деген ұлы педагог Ы.Алтынсариннің осынау қанатты сөзінде айтылғандай, мек-теп ағаш болса діңгегі де, тірегі де, жүрегі де - ұстаз.
Білім беру саласында білікті ұстаз, өз мамандығының хас ше-бері, Ж.Болғанбаев атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Карменова Бақытжамал Базылрахманқызы туралы сөз қозғамақпын. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында ерекше еңбегімен дараланды. Осы жылы облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов облысымыздың дарынды оқушыларымен және сол дарынды оқушыларды дайындап жүрген озық тәжірибелі мұғалімдерімен дөңгелек үстел басында кездесу өткізді. Сол кездесуге ұстазымыз екеуміз де қатыстық. Бақытжамал апай облыстағы"Үздік ұстаз" атанып, Алғыс хатпен және 150 мың теңгенің сертификатымен марапатталды. Сондай-ақ, Көкпекті ауданы мұғалімдерінің Тамыз конференциясында аудан әкімі Смаилов Асхат Сайдахметұлының қолынан 150 мыңның сертификатын тағы алды. Мұның бәрі, облыс, аудан әкімшіліктері тарапынан бағаланып жатуы ұстазымның таза еңбегінің жемісі деп білемін. Бахытжамал Базылрахманқызының ұстаздық еңбек жолындағы жетістіктері қаншама. Бүгінде ол кісінің қолынан ұшқан қаншама шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде әр мамандықтың саласын игеріп, еліне қызмет атқаруда. Мен ұстазымды тума талант иесі деп есептеймін. Бақытжамал апай тек нағыз ұстаз емес, өз отбасының мәуелі бәйтерегі.


Ұстазым оқушыларын білім нәрімен сусындатып, қазақ тілі мен әдебиетінің қыр-сырына үйретіп қана қойған жоқ, бізді сабақтары арқылы жарқын болашаққа, шынайы өмірге дайындады, рухани дүниемізді байытып, адамгершілікке тәрбиеледі. Бақытжамал апайдың сабағына келгенде өзімізді еркін ұстайтынбыз, көңіліміз көтеріліп бір марқайып қалатынбыз.
5 сыныптан дәріс алған мұғалімім өзінің қарапайымдылығы, дархан мінезімен мені өзіне ерекше баурап алды, тек мені дей алмаймын. Себебі, Бақытжамал апай мыңдаған оқушының жүрегіне жол тауып, санасында мәңгі сақталған ұстаз. Ол кісі менің жүрегіме қазақ тілі мен әдебиетіне деген махаббат, ана тіліне деген патриоттық сезім ұялатты. Ұстазым екеуміздің қол жеткізген жетістігіміз, жеңісіміз жетерлік. Аудан ішіндегі түрлі жарыстардың жеңімпазы болып, кітап парақтарында өлеңдерім, газет беттерінде мақалаларым жарық көрді. Өмірімдегі алғашқы жеңістерім мен жетістіктерім басталды. Әр сайысқа қатысқан сайын мұғалімім мені жігерлендіріп, қамшылап отырды. Кейін ғылыми жобамен айналысуға қызығушылығым артып, ұстазыммен "Есімдер сыры" атты ғылыми жобамызды қолға алдық. Көп еңбекті қажет еткен бұл жобамен аудан, облыс кезеңдерінен сүрінбей өтіп, тесттен жоғары балл жинап, 2018 жылы ақпанның 13-16 аралығында Алматы қаласында өткен Республикалық ғылыми жобалар конкурсына қатыстым. Қаншама қобалжу, қорқу сезімімен, анам мен ұстазымның үмітін арқалап барып, жүлделі І орын, "Алтын медальға" ие болдым. 700 баланың ішінен топ жарып сахнаға шыққан кезімде Аллаға сансыз шүкір еттім. Ұстазыма алғысым шексіз еді.
Осы жылы қазақ тілі мен әдебиетінен хан апамыз Қ.О.Бітібаева атындағы пән олимпиадасына қатыстым. Бұл жерде тек ізденіс емес, неше жылғы Бақытжамал апайдың берген білімі озып шықты. Тағы да облыстық кезеңнен өтіп, ұлы ұстаздың берген білімін Республикалық турда көрсеттім. Өскемен қаласында өткен олимпиадаға көптеген облыстардан 200-ден астам бала қатысты. Соның ішінде ұстазымның берген білімін ақтап, І орын иегері және Қанипа апамыздың арнаулы сыйлық қорымен марапатталдым. Бұл сынақтан сүрінбей өтуіме ол кісінің хабарласып тұрып: "Гүлбағар, бұл сенің өміріңдегі алғашқы қадамдарың. Жеңіс бар жерде, жеңіліс бар. Жеңілем деп ешқашан қорықпа. Сен мықты қызсың!" - деген сөздері маған күш-жігер, рух берді, қанаттандырды. Бұл ғана емес, ұстазыммен бірге көптеген олимпиадаларға, конкурстарға қатыстық. Бұл жеңістердің барлығы тек менің ғана емес, анам мен ұстазымның, бүкіл Ж.Болғанбаев атындағы мектептің маған сенім артқан, қолдау көрсеткен ұстаздар қауымының жеңісі деп санаймын.
Бақытжамал апай тек мені ғана осылай мектеп қабырғасынан қанаттандырып ұшырмады. Осы кезекте өз құрбым, сыныптасым Аманкелді Назерке жөнінде айта кетпесем болмайды. Назерке де Бақытжамал апайдың жетекшілігімен түрлі облыстық олимпиада, конкурстардың жеңімпазы атанды Бүгінде екеуміз де ұстазымыз Бақытжамал апайдың берген білімімен Шығыс Қазақстан Облысындағы білім ордасы ,Сәрсен Аманжолов атындағы жоғарғы оқу орнының «қазақ тілі мен әдебиеті» факультетінің грант иегерлері, студенттері атандық. Ұстазымның білімімен түлеген әрбір түлек қазір тек биіктерден көрініп жүр, алдыңғы қатарлы буын жоғарғы жерлерде қызмет етіп, тіпті біреулері білімін шет елдерге танытып жүрсе, жаңа өмірге аяқ басқан біз жоғарғы оқу орнында мақтанышпен "біз сондай ұстаздан білім алғанбыз" деп оқып жүрміз.
Сонымен қатар, осынау мереке қарсаңында қоғамдағы орындары ерекше, өз мамандығының майталмандары, талай түлекті алтын ұясынан үздік қылып ұшырған Ж.Болғанбаев атындағы орта мектеп-лицейінің ұстаздар қауымын үлкен мақтаныш сезіммен айтамын. Жуықта ғана «Облыстың үздік мектебі» атанып, облыс әкімінің қолынан 34 миллион теңге марапат алған менің ұстаздарым - нағыз батыр ұстаздар. Әсіресе, мектебіміздің ұйтқысы болып, өзінің басқарушылық шеберлігімен мектебімізді көркейтіп, дамытып отырған мектеп директоры Багисова Баян Капезовнаға биылғы түлеп ұшқан шәкірттердің алғысы ерекше. Мен түлеп ұшқан осынау Ж.Болғанбаев атындағы мектеп-лицейі және оның білгір басшысы, дара да дана ұстаздары еңбектеріңіз жемісті, дендеріңіз сау, мерейлеріңіз үнемі үстем болсын

Юра Гүлбағар, С.Аманжолов атындағы
Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің
1 курс студенті

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қыркүйек 2019 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
           

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз