Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылдың бас жоспары «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын жүзеге асыру мақсатында Тассай ауылдық округінде белсенді істер қолға алынуда. Әсіресе, мал шаруашылығы ауылдағы атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыты болып табылады.
Ауыл әкімі Ержан Мазыбаевтың айтуы бойынша, алдағы уақытта ауыл шаруашылығының деңгейін барынша көтеру жоспарға алынған. – «Табыс» шаруақожалығы сүт тауарлы фермасын ашу мақсатында 100 (жүз) бас сиырға арналған баз тұрғызу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол ауылымызға қомақты кіріс кіргізумен қатар, бірнеше бос жұмыс орындарын да ашатын болады. Сонымен қатар, ауылымыздың екі тұрғыны «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 3 млн. теңге көлемінде шағын несие алып, бүгінде кәсіптерін дөңгелетіп отыр, - дейді Ержан Құдайбердіұлы.


Сонымен қатар, бірнеше жылдық тәжірибесі бар шаруашылықтар да кәсіптерін дамытып, жұмыс қарқынын үдетіп отыр. Айта кететін болсақ, «Дарын» шаруа қожалығының басшысы Қанат Тілебалдин 140 бас ірі қара малға арналған мал бордақылау алаңының құрылысын аяқтап та қалды. Сондай-ақ, «Ағайынды» (Ж.Ибрагимов) және «Бекзат» (Қ.Мұқанов) шаруа қожалықтары да мал бордақылау алаңдарын салып жатыр.
Ауылда кооперативтер құру қарқынды жүргізіліп жатыр. Олардың негізгісі балық және мал шаруашылығына бағытталған. Мал басы және асыл тұқымды мал басын өсірумен айналысатын «Жаңабаз» АӨК солардың бірі де бірегейі бола алады. Кооперативтің басқарушысы Мұрат Оспанов жұмыс барысы жайлы толығырақ айтып берді. Кооперативте 300 бас ірі қара мал бар, соның 143 аналық. Қазіргі таңда ұйымда 3 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта 20 адамды жұмысқа тарту жоспарға алынған.
Аталған шаруашылық саласынан бөлек округ халқымен екі жақты оңды қарым-қатынас орнаған. Тұрғындар ауыл басшылығының әр ісіне қолдау танытып, қол ұшын созумен қатар, туған ауылдарының әлеуметтік жағдайлары мен абаттандыру жұмыстарына барынша атсалысып отырады. Анығырақ айта кететін болсақ, мектептің 1997 жылғы түлектері «Туған жерге тағзым» акциясы аясында балаларға арнап ойын алаңын салып берді. – Ауыл – біздің бөбек кезінде кіндік қаны тамып, бүгінде ардақты азаматтарға айналған жандардың басын қосып, ұрпақ өрбітіп отырған баршамыздың киелі мекеніміз. Оны аялау, өркендеп, көркеюіне үлес қосу оған деген алғысымыздың белгісі. Тұрғындарымыздың әр ісі, еңсерген әрбір биігі ортақ шаңырағымыздың биік болуына қосылған үлес. Алға қойылған жоспар-мақсаттарымыз көп, оның барлығы тассайлықтардың бірлігі мен еңбекқорлығының арқасында жүзеге асатын болады, - дейді Ержан Құдайбердіұлы.

ӨРЕЛІ НӘТИЖЕ ІС ҮСТІНДЕ ӨНЕДІ

Мал шаруашылығы халқымыз үшін қай кезде болмасын қадірін жоғалтпаған ауыл шаруашылығының маңызды саласы болып табылады. Тарихы осыдан 10 мың жылдай бұрын жабайы жануарларды қолға үйрету кезінен бастау алған аталмыш шаруашылық бүгінгі күнде ел экономикасына айтарлықтай үлес тигізіп отырған жетекші салалардың біріне айналған. Оның дамуы үшін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Былтыр «Дарын» шаруа қожалығының басшысы Қанат Тілебалдин ет өнімдерін алу үшін асыл тұқымды мал сатып алу мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 3 млн. теңге несие алған болатын.
Бүгінгі таңда шаруашылық басшысы мал өсіріп, ет шикізатын алуда кешенді жұмысты жүргізіп отыр. Бұнда 140 басқа арналған мал бордақылау алаңымен қоса, 30 тонна етке лайықталған тоңазытқыш бар. Өнімді тасымалдауға және жөнелтуге арнайы 2 техника жабдықталған. Сонымен қатар, үлкен мал сою цехының құрылысы аяқталуға жақын қалды. Жалпы шаруашылықта 240 бас аналық ірі қара мал бар. Жылқылар қазірде жайлауда, ал қыс мезгілінде олардың барлығы мал бордақылау алаңында болады.
- Қазір 40 млн. теңге көлемінде несие алып, өнді-ріс қарқынын арттыруға септігін тигізетін қажетті жабдықтар алып, шаруа-шылығымды кеңейтуді жос-парлап отырмын. Табыс еңбектен қорықпайтын жандарға ғана келеді. Ал бізге түскен кіріс, біздің еңбектің жандануы түптеп келгенде ауылымыздың игілігіне жұмсалады ғой. Шаруашылықтың өркендегені тұрғындарға да, туған ауылымыздың өркендеуіне де пайда әкелетіні сөзсіз. Себебі, біз жақсылықты да, қуанышты да бірге өткеруге дағдыланған халықпыз, - дейді Қанат Асырандыұлы.
Бүгінгі күні шаруашылық басында 8 адам жұмыс істейді. Жақын арада, құрылыс жұмыстары аяқталып, жұмыс толық мөлшерде басталған кезде 15 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Ал, мал бордақылау және сою алаңдары күзде іске қосылады деп күтілуде. Әр жұмысшысын бағалап, олардың еңбек етуіне тиімді жағдай жасауға тырысатын шаруашылық басшысы үлкен жоспарлар мен тынымсыз еңбек биіктерге жетудің ең дұрыс жолы екендігінің айқын дәлелі бола алады.

ҚАЗАҚЫЛЫҚТЫҢ ҚАРАШЫҚТАЙ ҚАЗЫНАСЫ

«Бір қызық, ит жүгіртіп аң ауласа, мінген ат шабуылмен танауласа» деген жолдары бар Аңшының әнін тыңдап отырып, көз алдыңызға әр қимылды қалт жібермей аңдып тұрған қазақтың қазынасы іспеттес құмай тазысы, қырағы көзін алысқа тігіп, Сарыарқаның төсінде сәні мен салтанаты жарасқан ат үстіндегі саятшыны елестетіп, бойдағы қазақтың қаны тулап, талай арқаланғандарыңыз анық. Саятшылық құрып, аңға шығу, тазы өсіру қызығушылықтан туған кәсіптің немесе азық табудың бір түрі ғана емес, ұлттық құндылықтың ұлы көзі, ата дәстүрдің алтын арқауы. Жасыннан жүйрік жанары бар құмай тазы қазақ үшін қашанда көздің қарашығынан құнды болған. Екінің бірінің маңдайына жазыла қоймайтын, нағыз серінің қолынан келетін дәстүрді дәріптеу, оны келешекке киесін сақтай отырып жеткізу қасиетті міндет.

Тассай ауылының тұрғыны, жасы алпысты алқымдаған Шапат Дүкенбековтің ата кәсіпті қолға алғанына 50 жыл болған. Бұл өнер өз заманында аңға шығып, тазы баптаған нағашы атасының баулуынан дарыған. Қазір жанынан екі елі қалмай, саят құрудың қыр-сырына қанығып жүрген немересіне ата дәстүрді аманат етуді арлы іс санайды.
Аң қағатын итін қазақтар «тазы» атауының мәні парсының «таза, алғыр, жүйрік» деген мағынадағы сөзінен шыққан деген де деректер бар. Қазақтың ұғымында ең жақсы ит-құмайды иттен емес, «итала қаз» дейтін ала құстың жұмыртқасынан шығыпты-мыс, деседі. Итала қаз жұмыртқасын елсіз, биік төбелердегі ескі, айдаладағы мазарларға салады, ол үшін сол жерден әр түрлі аң және басқалар тастап кеткен інді пайдаланады. Жұмыртқадан «құмай» деген лақап атқа ие болатын тазы ит шығады. Олар титімдей болып жарық дүниеге келеді, төстері қара ала болады, керемет шапшаңдығымен, батылдық және ептілігімен ерекшеленеді. Құмай қуған аңшылықта одан бірде-бір құрбаны қашып құтыла алмайды. Қазақтың қанымен біте қайнасып, жанымен бірге жаңарған киелі кәсіпті Шапат ата басына қонған бақ деп есептейді. Сол себепті оларға аса байыппен, ерекше көңілін бөліп қарайды. Қазір Шапат Көбейұлының қолында 6 Сібір лайкасы мен 4 қазақы тазы бар. Жұлдыз, Құндыз, Қыран, Ақбұлақ сынды ныпсыларды иеленген жүйріктер облыстық және республикалық көрмелердің бірнеше дүркін жүлдегерлері атанып, марапаттарға ие болған. Оларды арнайы ет және балық өнімдерімен тамақтандырады.
Аталған иттерден бөлек бір жыл бұрын арнайы Абай ауданынан әкелінген бір қасқыр да бар. Ондағы мақсаты, түз тағысымен лайканы будандастырып, аңшы иттердің тұқымын жаңарту болып табылады.
Қарға адым жердегіні аңдамай, қапыда қалып жататын мына заманда қырағылықты қасиет тұтқан, тұрқы өзгеше, тұқымы асыл тазылардың сайын далаға қадаған қырандай көздері бүкіл ұлтымыздың, тарихтың бүгінгі Қазақ еліне қараған көзқарасын сыйғызып тұратындай. Ал, осы өнерді меңгерген Шапат ата кешеден келе жатқан асыл мұрамыздың шырағын жағып, оны ертеңгі күнге сәулесін сөндірмей жеткізуші тұлға екені аян.


Бетті дайындаған:
Жансая СМАҒҰЛОВА

 

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз