Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

11 желтоқсан күні аудандық әкімшіліктің мәжіліс залында аппараттық кеңес отырысы өткізілді. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев төрағалық еткен кеңеске ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, мемлекеттік мекеме және ұйым басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Аппарат отырысының күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. 2023 жылдың соңына дейін ауданның әлеуметтік - экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы және қаржы көздерінің игерілуі туралы аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин ақпарат берді. Аудан басшысы Ділдәбек Оразбаев ұсынылған ақпаратпен таныса келе, жауапты тұлғаларға барлық көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.


Аудан көлемінде иесіз жатқан гидротехникалық құрылыс нысандарын анықтау және заңдастыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы аудан әкімінің орынбасары Мақсат Сүйесінов баяндады.
- Көкпекті ауданы бойынша бүгінгі күнге жұмыс істемей тұрған 4 су торабы мен магистралдық каналдар анықталды. 2020-2021 жылдары Биғаш ауылдық округіндегі «Сарысүйек» магистралдық каналының мемлекеттік жер актісі «Мысыр» шаруа қожалығымен дайындалып, заңды рәсімделген. Каналдың ұзындығы 20 шақырым. Бүгінгі күні шаруа қожалығының теңгерімінде тұр. Қаржылық қиындықтарға байланыс-ты нысанның техникалық төлқұжаты әзірленбеген. Су қоймасын іске қосқан жағдайда судың көлемі 2 рет суаруға дейін жетеді деп күтілуде.
Көкпекті ауылдық округінің аумағында «Ержан» ЖШС теңгерімінде «Қаратоған» су торабы мен магистралдық каналы бар. Аталмыш нысанның құжаттары 2000 жылы заңдастырылған. Бүгінгі күнде су торабы мен магистралдық канал жұмыс істемейді. Серіктестіктің өз қаражатынан жөндеп, қалыпқа келтіру мүмкіндігі жоқ. Магистралды каналдың ұзындығы 5 шақырым. Суармалы жер көлемі 1700 гектар.
Тассай ауылдық округі әкімдігімен биылғы жылы «Комбайн» учаскесіндегі су торабы мен магистралдық каналының мемлекеттік жер актісі дайындалуда. Бюджеттен 250 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Магистралдық каналдың ұзындығы 6 шақырым. Суармалы жер көлемі 6000 гектардан астам шабындық пен жайылым жерлер, - дейді Мақсат Сайлауғазыұлы.
Ақпарат берушінің мәліметі бойынша Көкпекті ауылдық округінде Кіші Талды өзенінің бойында салынған «Шұбартөбе» су торабы бар. Магистралдық каналдың ұзындығы 7-8 шақырым шамасында. Суармалы жер көлемі 1000 гектарға дейін ұлғаюы ықтимал. Сонымен қатар Көкжайық ауылдық округіндегі «Победа» және Үлгілімалшы ауылдық округіндегі «Ақтоған-2» магистралдық каналдарының иесін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы аудан аумағында 3 магистралды канал жұмыс істеп тұр. Қамтылатын суармалы жер көлемі 5959 гектар. Жоғарыда көрсетілген нысандар іске қосылған жағдайда аудан бойынша суармалы жерлердің көлемі 10900 гектарға ұлғайып, барлығы 16 859 гектарды құрайды деп күтілуде.
Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев иесіз жатқан гидротехникалық құрылыс нысандарын анықтау және заңдастыру бойынша жасалған жұмыстың жеткіліксіз екенін атап өтті. Тапсырманы орындауға жауапты орынбасарлары Мақсат Сүйесінов пен Марат Теміржановқа ескерту жариялады. Бір ай уақыт ішінде бұл бағытта жұмыс жасап, нақты нәтижеге қол жеткізуді міндеттеді. Бұл сұрақ қаңтар айында өтетін аппараттық кеңесте қаралады.
Қыс мезгілінде жолды күтіп ұстау және мердігер ұйымдардың арнайы техникаларының жағдайы туралы Көкпекті ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Жарқын Түндікбаев ақпарат берді.
- Көкпекті ауданы бойынша автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 500,6 шақырым."Омбы-Майқапшағай" республикалық маңызы бар автокөлік жолының ұзындығы 161 шақырым. Жол бойында 40 су өткізгіш құбырлар мен 5 көпір бар. Облыстық маңызы бар автокөлік жолдарының ұзындығы 45 шақырым. Онда 16 су өткізгіш құбырлар мен 3 көпір орналасқан. Жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының ұзындығы 294,6 шақырымды құрайды, 46 су өткізгіш құбырлар мен 3 көпір бар. Бүгінгі таңда аудандық маңызы бар 282,4 шақырым жолдың 81 шақырымы жақсы жағдайда, 153,3 шақырымы қанағаттанарлық және 48,1 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда.
"Омбы-Майқапшағай" республикалық маңызы бар автокөлік жолының 906-1321 шақырым Боғас-Байбура-Қалбатау учаскесінде қысқы күтіп ұстау жұмыстарын «SinSin» ЖШС жүргізді. Инертті материалдар қажетті мөлшерде жеткізілді. 2023 жылы аудандық маңызы бар жолдарды қардан тазарту бойынша мемлекеттік сатып алу порталында 14 лот жарияланды. Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған 10 лоттың қорытынды хаттамаларына сәйкес, "Көкпекті-Жолдары" ЖШС ұтып алды. Қазіргі уақытта келісім-шарт жасау жұмыстары атқарылуда.
Ауылдық округтердің ішкі жолдарын қардан тазалау жұмыстарына ауыл әкімдері мен тазалау ұйымдары арасында келісім-шарт жасалып, соған сәйкес тазалау жұмыстары жүргізілетін болады, - деді Жарқын Амангелдіұлы.
Баяндамашының ақпаратымен танысқан аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы жолдарды қысқы уақытта күтіп ұстау және қардан тазалау мәселесі өте маңызды екенін тағы бір мәрте атап өтті. Сәулет, құрылыс, тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Жарқын Түндікбаевқа дайындық жұмыстарын нығайтып, жағдайды үнемі бақылауда ұстап отыруды жүктеді.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер талқыланып, тиісті сала өкілдеріне нақты тапсырмалар берілді.
- Берілген барлық тапсырмалар сапалы және уақытында орындалуы тиіс. Бұл жерде формальдылыққа жол беруге болмайды. Сондықтан әрбір ауылдық округ әкімі мен дербес бөлім басшысы өзіне жүктелген тапсырмаға жауапкершілікпен қарауы керек. Біздің бірлескен жұмысымызға аудан халқының тұрмыс-тіршілігі мен өмір сүру сапасы байланысты, - деп түйіндеді сөзін Ділдәбек Тәжібайұлы.

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Желтоқсан 2023 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз