Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Көкпекті ауданында бірнеше жыл қатарынан керуен жұмысын ұйымдастыру дәстүрге айналып келеді. Әр жылда белгілі бір тақырыпты қамтитын  керуеннің мақсаты – ауыл тұрғындарын, оның ішінде жастарды патриоттыққа баулу, аға ұрпақ өкілдеріне құрмет көрсету, күзгі егіннен, бау-бақша өнімдерінен ауыл тұрғындарына қамбаларын толтырып, азық-түлік қорын жасауға мүмкіндік беру болып табылады. Биылғы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Өшпес ерлікке тағзым» атты керуеннің Самар ауылына ат басын тіреуі қазан айының төртіне келді. Қазан айындағы Қарттар күнімен бастау алатын қайырымдылық айлығы округте қызу қарқында аталып жатыр. Сонымен бірге биылғы Құрбан айт мерекесі де 4 қазанға дөп келді. Самар ауылында керуен жұмысы таңғы сағат 7.30-да, Самар орталық мешітінде оқылған айт намазынан бастау алды десе де болады. Ертемен жиналған мешіт жамағаттарын, ауыл тұрғындарын, Құрбан айт қана емес, басқа да діни мерекелерді атаусыз қалдырмайтын шаруашылық пен мекеме басшыларын аудан әкімі Д.Мусин ең басты діни мерекемен құттықтады.

 

Керуеннің көші табан тіреген Самар ауылындағы орталық алаңда сауда салтанатты сәттен әлдеқашан бұрын басталып кетті. Бұл күні самарлықтар мен ауыл қонақтарына жылқы, сиыр, қой, қоян, үйрек, тауық еттері мен балық, бал, қияр, қырыққабат, сәбіз, қызылша, қарбыз, картоп, жеміс пен көкөністің алуан түрі ұсынылды. Арпа, тартылған жем, бидай әп-сәтте тарады. Өйткені, бұл күнгі сатып алушылардың арасында шалғай ауылдардан да көп кісі болды. Самарлық А.Бөлекпаевтың ауласында мал көп, сондықтан да ол «Колос» пен «Қалисатарұлы» шаруа қожалықтары сатқан жемнен бір тоннаға жуық алыпты.

Құлынжон және Көкпекті ауылдық округтері сатқан жылқының семіз еті мен қазы-қартасы да әп-сәтте сатылып кетті. Р.Орынбеков жетекшілік ететін «Жолдас» шаруа қожылығы ұсынған жеміс пен пиязды да алушылар көп болды. Өйткені олардың бағасы арзан. Тұрсын Мұса, Тоғай Зүлфиев, Людмила Ким, Ольга Ким, Сапар Көкпаев және басқа да көкөніс өсірушілер тұтынушыларды осы жолы да көкөніске қарық қылды. Аудан әкімі атап өткендей, самарлық Қ.Түсіпов сатқан қоян еті де өз тұтынушыларын тапты. Дүйсенғазы Мағауяұлы диеталық ет өндіретін бұл отбасына көмек беру керек деді. Кәсіпкерлер Баженовтар отбасы бүгінгі жәрмеңкеге шығарған етті жұрт қалтасы көтере алатындай 800-850 теңгеден саудалады. 900-1000 теңгелік етке қарағанда бұлардың саудасы жүрімді болып, айналасы бір сағатқа толмастан ет сатылып кетті.

Әрине, Құрбан айт болғандықтан, құрбан шалғысы келген мұсылмандарға Сарыбел ауылдық округі мен Биғаш ауылдық округі әкелген тірі тоқтылар «құланның қасуына- мылтықтың басуы» болды. Тоқтылардың бағасы қымбат емес, 15 000 теңеден, тоқты деген аты болмаса, әрқайсысы кем дегенде 20-25 кг тартады. Самар ауылының тұрғыны Н.Дәулетбаев бүгінгі құбандыққа шалатын малды алыстан іздемей-ақ тапқанына қуанышты. Үлкенбөкен ауылынан келегн Гүлмайра Мұқатаева ұлттық тағамдар әзірлеудің шебері. Оның құрт-майы мен сүзбесі, қызыл ірімшігіне жұрт таласып қалды. Құртты қабымен әкелсе де тез тарап кетті. Оның үстіне Гүлмайра апай кезекте тұрғандарға айттың дастарханын жайып қойып, бауырсағы мен шелпектен, кәмпиттен ауыз тигізіп тұрды. Үлкен адамның бұл білерлігі деп санадық біз. Көкжыра ауылынан келген Бекен Жайнагүлдің оюлы көрпешелері де көздің жауын алып, ұлттық қолөнердің кенжелеп қалмағанын паш етті.

«Рыбпром» ЖШС балықтың дайын өнімдерін сатса, «Серік» шаруа қожалығы көксерке, майшабақ, алабұғаны арзан бағамен ұсынды. Самар ауылындағы құс өсіру үшін несие алған С.Баердың шаруашылығынан келген әсем мойынды қаз, семіз үйректер де әп-сәтте иелерін тапты.

Жәрмеңке сәні – ән-мен күй. Халықтар достығын паш ететін этноқалашықта әр ұлттың әні мен әуені шырқалып, биі биленіп жатыр. Аудан әкімін украйындықтар мен орыс халқының өкілдері нан мен тұзбен қарсы алса, қазақтар қымыз ұсынды. Басқа ұлт өкілдері де өздерінің ұлттық тағамдарынан дәм татқызып, мерекемен құттықтады.

Басты мақсаты қайырымыдылыққа айналған керуен барысында округтегі Агротехникалық колледжде өңірдің әр ауылынан шақырылған жүзге тарта қарт адамға «Көгілдір алау» жиыны өтті, онда шақырылған қонақтарға мерекелік дастархан жайылып, сыйлық берілді, жергілікті өнерпаздар концерттік нөмірлерін арнады.

Ал, ауылдағы қарттар мен мүгедектерге арналған медико-әлеуметтік мекемеде нағыз қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Әлеуметтік қызмет алушыларды аудан әкімі Д.М.Мусин құттықтап, оларға сыйлықтың түр-түрін, тәттілер ұсынды. Жарым көңіл қариялар бұл сәтті асыға күткен еді. Оларға жүректердің жылуын молайтып, көңілдердің көктемдей жадырататындай сөздер айтылып, бір сәтке болсын серпіліп қалды. Т.Нечаева бастаған Самар Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары өз өнерлерін арнады. Мереке қарсаңында әлеуметтік мекемеге «ВК УГХ» ЖШС басшысы В.Исабаев жазғы көлеңке болатын орын салуға көмек берсе, Самар ауылының тұрғыны Советхан Тұрыспеков Құрбан айтқа бір қой берді, Самар орталық мешітінен құрбандық малынан сыбаға келді. Мұның барлығы үшін қызмет алушылар алғыс білдірді.

Әрине, бұл патриоттық тәрбиелік мәні жоғары шарадан ауылдағы мектептер де тыс қалған жоқ. Мектептерде ерлік сағаттары, спорттық сайыстар, үгіт бригадасының қойылымы, флэшмоб  ұйымдастырылды. Самар спорттық модулінде волейболдан тартысты жарыс өтті. Ол Чернобыль  апатын қалпына келтірушілерге арналды. Самар орталық кітапханасында тыл ардагерлерімен кездесу өтті.

Күн райы күздің өзіне тән сипатымен жауынды болып тұрса да бүгінгі күні жиналған халық тарауға асықпады. Зейнеткерлер Ә.Ережепова, В.Бекмурзаева, К.Әлібаева: «Бүгін біз тек қана өзімізге қажетімізді сатып алған жоқпыз, жақсы демалып, көңіл көтердік. Жәрмеңке бола берсін, біздің молшылығымызды, қайырымдылығымызды, байлығымызды паш ететін шараның қанаты кеңге жайылсын»,- деген тілектерін айтты. Бұл осы жерге жиналған барша жұрттың тілегі деп білдік.

Клара НҰРПЕЙІСОВА

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қазан 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз