Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Ауылшаруашылығы – экономикамыздың еңселі саласы. Аталмыш саланың ел экономикасын дамытудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асырудағы рөлі өте маңызды. Жыл сайынғы дәстүр жалғасын тауып, биыл да Көкпекті ауданының атырабында өткен аптада облыстық ауылшаруашылық қызметкерлер күні Көкжайық ауылының мәдениет үйінде облыстың агроқұрылым басшылары, әр ауданнан келген ШҚ басшылары, биылғы астық науқанында биік белестерден көріне білген майталман жұмысшылар қатысқан үлкен мерекелік жиылыс өтті.

 

«Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл көсір» деген ұранды сөздер бүгінгі заман тұрғысынан алып қарағанда қайта жаңғырғандай. Ауылдың ажары да, базары да осы - мал өсірушілер десек артық айтқандығымыз емес. Әр үйдің дастарханының береке-молшылығын арттырып, ет, сүт, май, қаймақ, құрт, ірімшік, қымыз, басқа да түлік өнімдерінің мол болуы өсіргеннің, бабалар кәсібін нәсіп еткеннің арқасы емес пе?! Аллаға шүкір, ел іргесі аман, ынтымағымыз жарасқан халықпыз. Ежелден біздің облысымыз ата кәсіпті нәсіп көзі етіп, оны жалғастырып, жандандыруда. Негізгі бағыты мал шаруашылығы болғандықтан, облысымыздағы көптеген шаруа қожалықтар өңір экономикасының айтарлықтай дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Бүгінде ШҚО бойынша 200 бас ірі қараға арналған 2 жаңа тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталды, 3,5 мың басқа арналған жұмыс істеп тұрған 11 тауарлы-сүт фермалары жаңғыртылды, халықтан сүт сатып алу үшін 24 сүт қабылдау пункттері ашылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бойынша халықты шағын несиелеу арқылы 5 мың бас сүтті мал, 5 сүт таситын машина, модульдық қабылдау пункттері үшін 8 жабдықтар жинақтары сатып алынды. Сүт қабылдайтын модульдерді құрастыру Өскеменде жолға қойылған. Биылғы жылы жалпы көлемі 7 млрд. теңгеге 7 тауарлы сүт фермалары іске қосылды және 17-сі жаңғыртылды.
Д.Ахметов өңір басшылығына тағайындалған бойда алдымен заманауи тауарлы-сүт фермаларын құру жұмыстарын қолға алды. Ол кезде жаңартылып, қуаттарын арттырған аймақтық сүт өңдеу зауыттарын өз шикізатымен қамтамасыз ету өткір мәселе болып тұрған еді, ал тұрғындар сүт өнімдерін жергілікті базарларға тапсыратын. Жыл бойы осы мәселені шешумен түбегейлі айналысуға баса көңіл бөлінді және өңірде 37 тауарлы-сүт фермаларын құру және жаңғырту, 33 сүт қабылдайтын пункттер ашу міндеті алға қойылып, халықтың қосалқы шаруашылықтары да бұл іске белсенді тартылды. Міне, облысымыздың бүгінгі әлеуетін осыдан-ақ аңғаруымызға болады.
Көкжайық ауылында өткен облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесі аудан кәсіпкерлерінің шығарған өнімдерінің көрмесімен бастау алды. Аталмыш көрмеге, ауданымыздағы «Күлбағыс Дәрібаева», «Рахат» ЖК және «Толағай», «Серік», «Кузьмич», «Мәмбет» ШҚ, «Толағай-сүт» цехының өнімдері әкелінді. Облыстың әр аудан, қаласынан келген қонақтар Көкжайық ауылындағы «Елім-ай-Көкпекті» АӨК мал бордақылау репродукторы алаңында болды. Мұнда Көкжайықтағы «Елім-ай» ШҚ басшысы Түсіпбай Бекбердинов асыл тұқымды малдарды, оларды бағып-қағу жұмыстары туралы айтып берді: - «Елім-ай - Көкпекті» АӨК мал бордақылау алаңдарында асыл тұқымды ангус және Қазақтың ақбас сиырлардың саны 1300-1720 бас. Оларды жаңа технология бойынша өсіріп баптаудамыз. Абердин-ангус сиырлары біздің ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы інжу-маржаны болып табылады. Асыл тұқымды жануарлар үшін «Елім-ай-Көкпекті» АӨК-те ерекше жағдайлар жасалған. Осы асыл тұқымды малдардың басты артықшылығы, етінің сапасы мен құндылығында. Бірнеше жыл бұрын Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Елім-ай - Көкпекті» АӨК жобасы шаруа қожалығының базасында құрылған болатын. Жобаны жүзеге асыруда төрт бағыт бойынша жұмыс істеу қарастырылған. Олар, асыл тұқымды шаруашылықта (репродуктор) 2000 бас ірі қара мал, оның ішінде аналық мал 1000 бас; жемшөп өндірісін дамыту; 3000 басқа арнап құрылыс бордақылау алаңын; ет өңдеу кешені және ірі кесекті еттерді қаптамада шығару.
Мемлекеттік бағдарламадағы АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған кодекстің бас-ты міндеті - ауыл шаруашылығы кооперациясын құру, мал бор-дақылау алаңдарын, етті қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу бүгінгі таңда ерекше өзекті мәселелер. Ауданда заман талабына сай, мал сою пункттері, мал бордақылау алаңдары жеткіліксіз. Бүгінгі таңда АӨК-нің құрылысы аяқталды, асыл тұқымды репродуктор-2000 бас белсенді түрде дамып, мал азығын өндіру, яғни жобаның алғашқы екі бағыты толығымен жүзеге асты. Қазіргі таңда, қолда бар заманауи ауыл шаруашылығы техникасы 80 бірліктен астам, деді Түсіпбай Миғражұлы. Келген қонақтар шаруашылықтың жұмысына оң бағаларын берді.
Сондай-ақ, қонақтар ауылдағы аталмыш шаруашылықтың демеушілігімен салынған «Бөбек лүпілі» жекеменшік балабақшаның тыныс-тіршілігімен танысты. Алғаш мерекелік тілекті ШҚО облысы әкімінің орынбасары Шалқар Заманбекұлы Бәйбеков алып, ол ауылшаруашылық еңбеккерлерін жиналған ел-жұртты айтулы мейрамдарымен құттықтап, ізгі тілегін арнады. Одан әрмен облыс әкімінің орынбасары Шалқар Заманбекұлы ауыл шаруашылық саласындағы жылдық қорытындысы бойынша баяндама жасап, облысымыздың қамбасын толтырып, ырысын молайтып жүрген ел ағаларын «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, ШҚО әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Министрінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Бұл күнгі марапаттардың жоғары мәртебесі «Еңбек ардагері» медалімен Тарбағатай ауданы «Дидар» ШҚ басшысы Манап Мейрманов, Бесқарағай ауданы «Әйгерім» ШҚ басшысы Мұхтар Балықбаев және Шемонайха ауданы «Ново-Ильинское» ЖШС директоры Әділхан Бояндинов ие болды. Ал біздің, жерлестеріміз «Елімай-Көкпекті» АӨК директоры Болат Бекбердинов «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен, «Өрнек» ЖШС директоры Ержан Қойгелдин, «Қалиханұлы» ШҚ басшысы Марат Қаликов және «Мәмбет» ШҚ басшысы Есенбек Мәмбетов ШҚО әкімінің Құрмет грамотасына ие болса, «Серік» ШҚ басшысы Асқар Қажығалиев, «Виктория» ШҚ басшысы Виктор Виничук және ауылшаруашылық өндірістік кооперативтің басшысы Әділет Рапеков ШҚО әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сайып келгенде, Көкпекті ауданының ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері ауданның ғана емес, күллі облыстың экономикасының артуына ықпал етіп отыр. Абырой да, еліміздің ауқаттылығы да тек оң бағыт, адал еңбекпен келетіні ләзім. Сол адал еңбектің жемісін көріңіздер демекпіз.
Үлкен аграрлық салтанатты жиналыстың соңында Көкпекті ауданы Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, бүгінгі мереке иелеріне және келген қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Біздің облыс атакәсіп саналатын ауыл шаруашылығы саласына жан-жақты маманданған өңір. Бұл ретте он екі ай мыңғырған мал өргізіп, шаруашылығы шалқыған қожалық құрып, ел игілігін еселеп отырған қарапайым еңбек майталмандарының жемісті еңбегін бағалау, мәртебелеу орынды іс деп білеміз.

Ернар Бексұлтанов, Қатонқарағай ауданы әкімінің орынбасары:
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта әлемнің ең тұрақты валютасы – азық-түлік болады» деп бекер айтпаған. Біз бүгін облыстың ауылшаруашылығы қызметкерлерінің бір жылдық жұмысын қорытындылап, сала мамандарына құрмет көрсетуге жиналдық. Ауылшаруашылығы - ел экономикасын алға сүйрейтін жетекші салалардың бірі. Ауылшаруашылығы саласында еңбек еткендердің үміті келешекте өзін-өзі толықтай ақтайтынына баршамыз сенеміз. Осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Сонымен қатар, бүгінгі мерекелік кешті ұйымдастырып отырған Көкпекті жұртшылығына алғысым шексіз.
Қуаныш Бекбаев, Риддер қаласы, «Достар» ШҚ басшысы:
- Бүгінгі өтіп жатқан облыс көлеміндегі мерекелік шараға келгеніме өте қуаныштымын. «Достар» ШҚ ашқаныма 4 жылдай уақыт болды, қазіргі таңда ТСФ бағытында еңбек етеміз. 15 адамды жұмыспен қамтып, кәсібімнің несібесін көріп отырмын. Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы Министрінің Құрмет грамотасын алғаныма өте қуаныштымын, себебі бұл еңбегімнің бағаланғаны. Барлықтарыңызды мерекемен құттықтай келе, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Қайырлы Қасенов, Тарбағатай ауданы, «Мәуліт» ШҚ басшысы:
- Менің шаруашылығым, негізі, ет бағытында 10 жылдай уақыт ішінде жұмыс істеуде. Шаруашылықта 15 адам жұмыспен қамтып, ауданның ауыл шаруашылығы саласына өз үлесімізді қосудамыз. Көкпекті жерінде өтіп жатқан бүгінгі мерекеге жиналған қауымды мерекелерімен құттықтаймын. Мерекелеріңізбен!
Шоқан Мұсабалин, Қатонқарағай ауданы, «Әмір» ШҚ басшысы:
- Ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлері үшін бүгін үлкен той. Мал шаруашылығы да жылдан-жылға дамып келе жатыр. Ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі түзеліп, әлеуметтік сала қарқынды даму үстінде. Атап айтқанда, ауыл еңбеккерлеріне арналған субсидиялау, несие беру, лизинг және басқа да мемлекеттік қолдаудың тиімді механизмдері жасалды. Ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Мемлекет тарапынан қолдау бар кезде, еш ерінбей еңбек етіңіздер дегім келеді. Көкпекті ауданында өтіп жатқан бүгінгі мерекеге келген азаматтар мен азаматшаларды құттықтаймын!


Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Желтоқсан 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз