Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Адамдар полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуі тиіс»-деп атап көрсеткен болатын. Бұл халық алдында адал қызмет етуге ант берген қатардағы әрбір сақшыға үлкен жауапкершілік жүктейді. 

Жыл сайын бұл күні еліміздің барша полицейлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Көшедегі тәртіп пен қоғам тыныштығын қамтамасыз етуден бастап, сан түрлі қылмыстар мен тәртіп бұзушылардың жолын кесуде оларға артылар жауапкершілік жүгі уақыт өткен сайын салмақтанып келеді. Осы абыройлы міндеттің ойдағыдай атқарылуына көкпектілік полицейлердің де қосып отырған үлесі қомақты. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына 22 жыл толуына орай Көкпекті ауданының Мәдениет үйінде сақшыларымызға арналған мерекелік шара ұйымдастырылды.

Шараға Көкпекті ауданы ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, ардагерлері, олардың туыстары мен достары  және құрметті қонақтар қатысты. Мерекелік шара барысында ішкі істер бөлімінің ардагерлері: Р.Аринов, С.Денисов, С.Тілебалдин, Б.Волченко, С.Қизаметдинов, Р.Смайылов, Ы.Теңізбаев, Б.Жарқынбаев, Г.Подскребко, С.Сүбебаевқа мінсіз қызметтері үшін марапаттаулар мен алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, полиция күніне орай аудан әкімінің алғыс хатымен ауданның ішкі істер органдарында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, қажырлы еңбегімен ауданның тыныштығын, тәртібін сақтап, міндетін адал атқарып жүрген Ә.Ақаев, Қ.Алғазинов, С.Құнафин, Б.Адылханов, А.Сапаров марапатталды. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен өз жалғасын тапты.

Әрбір таңымыз тыныш болып, адамдардың алаңсыз өмір сүруі үшін  сақшылар қажырлы еңбек етіп келеді. Ендеше, туған елінің тыныштығын табандылықпен қорғап жүрген аудандық ішкі істер қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен тағы бір мәрте құттықтай отырып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауда азаматтардың бостандығы мен құқық мүддесін қорғау қызметтеріңіз табысты болып, Отанымызды өркендету жолындағы еңбектеріңіз жаңа берсін демекпіз.

Жібек ЕРЛАНҚЫЗЫ

 

Атам қазақ ықылым заманнан бері өзінің қасиетті салт-дәстүрлерін ардақ тұтып, аруақтарына құран бағыштап, дүркіретіп ас беріп, көкпар ойнатып, аламан бәйге шаптыратын. Қазақы ойын-сауықтар да орын алып, кең иықты батыр палуандарымыз күреске түсіп, мәре-сәре болып жататын.

Осындай қазақ халқының салт-дәстүрін қайта жаңғырту үрдісі сенбі күні Биғаш ауылында болып өтті. Бұл игілікті іс биыл бірінші рет өткізіліп отырмағандығын айта кеткен жөн. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өткен «Ауыл күні» мерекесін ауыл халқы биыл бесінші жыл атап отыр. Бір заманда құтты қоныс болып, кейіннен ауыл шаңырағы шайқалған кезде жұмыс іздеп, көшіп кеткен бұрынғы ауыл тұрғындарының құлағы түрік жүргендері мерекеге түгелге жуық келген екен. Ауыл тұрғындарының да төбелері көкке бір жетіп, қуанып қалды. Ескі достар, көршілер, бұрынғы әріптестер және сыныптастар қайта қауышып, бейне бір қырық жыл бұрынғы ауылдың кейпін қайтадан қалпына түсіргендей болды. Мерейлі мерекенің жай-жапсарымен біздер де танысып, куәсі болып қайттық.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген аталы сөзді басшылыққа алған халық, ең алдымен, мектеп үйінде қатым түсірді. Аудандық мешіттің наиб-иманы Кенжебек Қалиақпарұлы фәниден бақилыққа көшкен аруақтарға құран бағыштағаннан кейін, алыс-жақыннан жиналған азаматтар мен ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырудың басында жүрген ауыл әкімі Р.Наурызбаева мен бастама көтерген Нұрлан мен Қайырғазы сынды ардақты азаматтарға алғыстарын жеткізді. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Г.Ақшабаева сөз алып, шараға қатысты өз ойымен бөлісті.

Қатымнан кейін бүкіл халық ауыл шетінде орналасқан ипподромға ағылды. Себебі, нағыз қызық думанның барлығы осы жерде еді. Бұнда қазақтың салт-дәстүріне сай қазақша күрес, тай жарысы, аламан бәйге, қол күресі және ерлер мен әйелдердің, балалардың жаяу жүгіру жарыстары өткізілді.

Жаяу жүгіру бойынша ұйымдастырылған жарыста 8 жасқа дейінгі қыздардан А.Тоқтағанова, 8-ден 12 жас аралығында А.Құрмашева, 20 жасқа дейінгі қыздардан А.Болатжанова, 30 жастан жоғары аралықта М.Көпесова жеңіс тұғырынан көрінсе, 8 жасқа дейінгі ұлдардан А.Сейітжанов, 8-12 жас аралығынан Ж.Жұмақанов, ерлер арасынан А.Тұрсынғазы жүйріктіктерін көрсетіп, бас жүлделерге ие болды.  

Төл спортымыз қазақ күресіне әр ауылдың небір азуын айға білеген, бабы мен бағы келіскен күрес өнерінің нарқасқалары жиналды. Жарыстың бас төрешісі қазақша күрес ережесін түсіндіріп өткеннен кейін алдымен төменгі салмақтағы палуандар белдесіп, боз кілемнің шаңын қақты. Әр ауылдың намысын қамшылап келген палуандар аянып қалмады. Екі салмақ дәрежесі бойынша бір-бірімен белдескен 30-ға тарта палуан қарсыластарының осал тұсын аңдып, намысқа тырысып бақты. Ереже бойынша өз салмағы бойынша жеңіске жеткендер келесі айналымға жіберілді. Сонымен, «күш атасын танымас» дегендей, төрешілердің ортақ ұйғарымдарымен өз салмақ дәрежелері бойынша 60 кг дейінгі салмақта Үлкенбөкен ауылының тұрғыны Д.Данабеков жеңіс тұғырына көтерілді. Ал, боз кілемде шалт қимылдап, қарсыласты шақ келтірмей, кілемге шаншылдырған биғаштық Ерзат Юсупов алаңда жанкүйер болып тұрған анасының қолдауымен күрестің түйе палуаны атанып, бас бәйгені қанжығасына байлады.

Білек күшін сынға салған қол күресі жарысында ерлер арасында О.Жанабеков, нәзік жандылардан Д.Жақсыбаева бірінші орынды иемденіп, жүлдегер атанды.

Бәйге десе, тұлпар десе делебесі қозып, қаны атойлап шыға келетін қазақ емеспіз бе?! Сол себептен, көрермендерге нағыз жүйрік тұлпарлар бәйге алаңына шығатын сәт ерекше де қызықты болғаны анық. Тіптен, әр аймақтың тарпып  тұрған жүйрік тұлпарлары бәйгеге қосылып, желдей ескенінің өзі қаны қазақ әрбіреудің делебесін қоздырды-ақ. Ең алдымен, жұрт тай жарысты тамашалады. Бұл жарыста Жарма ауданының Жарық ауылынан келген А.Омаржановтың аты қара үзіп келді. Екінші бәйге он шақырымға шаптырылды. Бұл қашықтықта Тассай ауылынан З.Слямовтың сәйгүлігі дара келді. Жануардың бітімі мен аяқ алысы тым ерекше екен. Ал, 15 шақырымдық бәйге жолында Қ.Вақасовтың тұлпары біраз жүйрікті шаң қаптырып кетті. Жұртшылықтың арқасын қоздырған 25 шақырымдық аламан бәйгеге 15 шақты тұлпар қатысты. Ауыздығымен алысқан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» аттар жарыс алаңында қатар түзеп, көрермен қошаметінің соңын ала желдей есіп кетті. Аттың бауырында ойнап өскен көрермендердің кейбірінің сәуегейлік танытқан тұсы да осы кездер еді. 3 – 4 айналымда шаптарын аша шаба бастаған, тері шыққан тұлпарлардың көмбеге алғаш боп келуге шамалары байқала бастады. Дегенмен, «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, нағыз жүйріктер легінде оза шауып Жарма ауданы арғымағы топ жарды. Алғашқы боп көмбеге жеткен шабандоз М.Смаиловқа теледидар мен кілем табыс етілді.

Осылайша, жылқы десе ішкен асын жерге қойып, бәйге десе атын баптап қосуға асығатын қазақы қанымызға сай аламан бәйге де дүбірлеп өтті.

Және осы ауыл спорты ойындары жайында сөз болғанда қаржылай көмек көрсетіп, барынша ауылдың мерейін үстем етуге тырысқан аптал азаматтардың атын атап өтпеуге болмас. Олар – Д.Көпесов, Қ.Насиев, Ж.Қалиев, С.Смағұлов, С.Момбаев, Д.Бекбусинов, Д.Геккель, Б.Тоғжанов, Е.Смағұлов, Н.Түлегенов, Қ.Есімов, Б.Аттиев, Қ.Бөпиев, М.Таныспаев, Р.Юсупов, Б.Сәбитов, Александр және Владимир Щентимировтар, С.Жақсыбаев, Е.Қалиев, Әлімбаевтар мен Жатаковтар отбасылары сынды қайырымды жандар ауылда өткен жарыстардың қаржы жағын өз мойындарымен көтергендігі азамат аттарын асқақтатқаны рас.

Ауылдан ұшқан төл перзенттердің ұйымдастыруымен жасалынған бұл іс-шара осымен тоқталып қалмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мұра болып қала беретін шығар деген сенімдеміз.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

Шағын ғана ауыл Құлынжоннан шығып, өнер көгінде жұлдыздай болып жарқыраған жұдырықтай ғана қазақ қызы Елназ Бақытбекова 23-26 мамыр күндері Алматы қаласында «Майра» продюсерлік орталығы ұйымдастырған «САМҒА, ЖҰЛДЫЗ» республикалық балалар және жасөспірімдер арасындағы ән байқауынан тағы да жүлделі оралды.

Толығырақ...

Ауданымыздың өнерлі де жігерлі жас таланттарын шыңдайтын Өнер мектебі 23 мамыр күні Көкпекті ауылындағы Қ.Алтынбаев атындағы  Мәдениет үйінде шығармашылық концертін жұртшылық назарына ұсынды. Шара барысында қолданбалы қолөнер, бейнелеу өнері үйірмелерінің жұмыстары бойынша көрме ұйымдастырылды. Көрмеге «Қолданбалы өнер» және «Бейнелеу өнері» үйірмелерінің жұмыстары қойылды. Іс-шараға өнер мектебінің ұжымы белсене қатысып, әр үйірме жетекшілері жыл бойына істеген жұмыстарының нәтижелерін көрсетті. Мектеп қабырғасында алған тәлімін талантымен ұштастырған талапты өнерпаз өрендердің өнерлері көрермендер тарапынан зор қошеметке ие болды. Атаулы шара аудандық өнер мектебінің 2013-2014 оқу жылын қорытындылау мақсатында ұйымдастырылған болатын.

Концерт бағдарламасы барысында балалар хорының орындауында  Шаинскийдің «В траве сидел кузнечник» және  Д.Бахоровтың «Халайық» әні орындалды (жетекшісі Турлыбаева З.С.), домбыра оркестрінің орындауында халық күйлері - «Жастар биі», «Сарыарқа» тартылды. Оқушы Н.Келербекова Енсеповтың «Шашу» күйін орындаса, «Домбыра триосы» «Түрікмен күйін» халыққа ұсынды. Ал, Ә.Қалиакпаровтың орындауындағы «Төремұрат» күйі мен фольклорлық ансамбльдің орындауындағы «Попурри» (жетекшісі Бақыт Шекеновна), домбыра үйірмесінің жетекшісі Қ.Ахметқалиеваның шәкірттері орындауындағы Желдібаевтың «Еркесылқым» күйі көрермен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен қатар, концерттік кеште Самар ауылындағы «Балалар музыкалық қуыршақ театрының» (жетекшісі Е.Труханова) орындауында «По ниточке», «Про корову» театрлық қойылымы, «Шашбаулым» би үйірмесі (жетекшісі М.Клейн) оқушыларының орындауында италия биі «Тарантелла», «Сосед» ән мен би, күлкілі би «Казачок», «Барбарики» биі жоғары дәрежеде паш етілді. Би костюмдері жұртылықтың ерекше қошеметіне бөленді. Фортепиано сыныбы оқушыларының өнері (жетекшісі З.Тұрлыбаева), Көкпекті ауылындағы қолданбалы өнер үйірмесінің тіккен әртүрлі костюмдерінен «Дефеле» (костюмдер парады) жұртшылықтың назарына ұсынылды (жетекшісі С.Жаркимбаева). Вокал үйірмесінің жетекшісі Н.Шапатовтың оқушылары Калиакперова Арна, Алдажума Нұрәли, Оразкен Арман нақышына келтіре ән шырқап, көрерменнің көзайымына айналды.

Балалардың шығармашылық жұмысын көрсету іс-шарасын  тәрбие ісінің меңгерушісі Ш.Таныбаева ұйымдастырды.

Шығармашылық концерт соңында Балалар өнер мектебінің директоры С.Оразғұлова құттықтау сөз сөйлеп, өнерімен көзге түскен өрендерге мақтау қағаздарын табыстады.

Талай өнерлі баланың талаптарын шыңдай, қанаттарын қатайта түскен ауданымыздың Өнер мектебінің әрқашан мерейі үстем болсын. Осында білім алған жас өнерпаздар ұлағатты ұстаздарынан озық түсіп, өнерлерін туған өлкеге, дөңгеленген төрткүл дүниеге таныта жүрсін.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

Мемлекеттік рәміздер күніне арналып өткізілетін дәстүрлі мереке - елімізде аталып өтетін мерекелердің бірі емес бірегейі, ұлық мереке.Биыл бұл атаулы датаны ел арасында ұлықтап жүргенімізге 22 жыл толып отыр. Аталмыш мерекені көкпектіліктер  ерекше бір ықыласпен жоғары деңгейде қарсы алды.Азаматтыққа және отансүйгіштікке, өз Отаны — Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарын құрметтеуді қалыптастыру, сондай-ақ олардың мәні мен маңызын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған Қ.Алтынбаев атындағы Мәдениет үйіндегі шараға ауданның ұстаздар қауымы, оқушылар, дербес бөлім басшылары, ауыл халқы қатысты. Жиналған қауым салтанатты түрде Әнұранды орындағаннан кейін алғашқы құттықтау сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары К.Смаиловаға берілді. - Тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Әнұраны ел егемендігін айғақтайды. Туымыздың көк түсі – азат Қазақстанның шексіз көк аспанын білдірсе, Тудағы күн – жаймашуақтық пен жылылықтың белгісі. 22 жылда Қазақстан нығайды, үлкен жетістіктерге жетті. Енді біздің міндетіміз – қол жеткенді көздің қарашығындай сақтау. Қазақстан қашан да Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбарлы. Сондықтан, көк байрақтың астында барлығымыздың жүрегіміз Отан деп соқсын! - деп ақ тілегін білдірді Клара Рафикқызы.

Елдікті насихаттайтын шарада еңбегімен, ерлігімен көзге түскендер марапатталды. Олар – спорт, заң саласының және ардагерлер ұйымының өкілдері. Сонымен қатар, партия қатарына қабылданған белсенділерге партиялық билеттер, 16 жасқа толған азаматтарға жеке төлқұжат табысталды.

Шара барысында сөз сөйлеген аудан прокуроры Қ.Мұхамеджанов, Тассай ауылы ардагерлер кеңесі төрайымы С.Чалова, жастар атынан сөз алған Р.Қанапиянова ұлттық нышандардың шығу төркініне тоқталып, мемлекеттік рәміздер елімізді әлемге айшықтайтын негізгі белгілердің бірі екенін баса айтып өтті.

Осы күні сахна биігінен елдің мәртебесін арттыратын, елдік намыс пен абыройды көтеретін патриоттық әндер шырқалып, айналаны думанға бөледі. Әнұрандай қастерлі әуенді әндер жаңғыра әуелеп, аталмыш күннің мерейін асыра берді. «Матис» тобыныңзаманауи және ұлттық биді тоғыстыра орындаған флеш-моб биі де мерекелік күйді әрлей түсті. Мәдениет үйінің өнерпаздары ән-күйлерімен мерейлі мерекенің мәнін асқақтатты.

Салтанатты жиынның соңы орталық көше бойынан бастау авто шеруге ұласты. Бірыңғай ақ түсті жеңіл көліктерден құралып, әйнектерінен көк байрақ желбіреген көліктер аудан ішін айнала салтанат құрып, ұлттық рәміздердің сәнін паш етті.

Мереке аясында шараға жиналған қарапайым халықпен сұхбаттасып, рәміздердің маңызы жайлы ой өрбіткен едік.

Маркален Әнкебаев, ауыл тұрғыны:

-Мемлекеттік рәміздер — мемлекетіміздің негізгі құрамдас бір бөлігі. Алтын күн мен қыран бейнеленген көк Туымыз, барша қазақстандықтардың шаңырағы ретінде бейнеленген Елтаңбамыз бізді бүкіл әлемге тәуелсіз Қазақстан ретінде танытты. Еліміздің қарыштап дамуына өз үлесін қосты. Осы күнде ұлттық рәміздерімізбен мақтанып, әйгілі елдердің қатарынан орын алып отырғанымыз Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы деп білемін.

Ұрпағына «Туың жығылмасын» деп бата берген қазақ үшін көтерілген байрақ ерлік пен елдіктің, бірліктің белгісі. Алмағайып күн туғанда, ұлы бабалар дабыл қағып, Ту көтерген. Елім деген ерлер, қашанда Ту түбіне жиналған. Жауға тойтарыс берген. Қуанышта да осылай болған. Көк байрақ көтерілген жерден мерекенің мерейі үстем болған.Ендеше, көк байрағымыз қасиеті мен қадірін жоғалтпағай!

Вазира Қалбағаева, І.Жансүгіров атындағы орта мектеп мұғалімі:

-Рәміздер — белгілі бір елдің өмір салтын, бүкіл болмыс-ерекшелігін, айрықша арман-аңсарын білдіретін белгі. Әр елдің Мемлекеттік рәміздері географиялық, мәдени, тарихи жағдайларына байланысты қалыптасады. Мемлекеттік рәміздердің ұлттық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі ерекше.

Мемлекетті мемлекеттік саяси рәміздерсіз елестету мүмкін емес. Әрбір Қазақстан азаматы Мемлекеттік рәміздерді аялауға, жанашырлықпен қарауға, құрметтеуге, сонымен қатар жұмыс орнында дұрыс қолдану мен насихаттауға жүктелген жауапкершілікті түсінуі тиіс. Мемлекеттік Тудың түсі өңіп кетпеуін, бүлінбеуін, биікте желбіреп тұруын қадағалап, бақылау жұмыстарын жүргізуі қажет. Осы орайда, аудан халқын мерейлі мерекемен құттықтай отырып, барымызды бағалай білейік, рәміздерімізді қастерлеп, құрмет тұтайық деген тілегімді айтамын.

Виталий Лебеденко, Палатцы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Елтаңбамыз, Әнұранымыз, көк Байрағымыз бұл Қазақстанның атын барлық дүниежүзіне танытатын елдік белгі ретінде танимын.

Көк байрағымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз асқақтап, төрімізде қасқайып Елтаңбамыз жарқырап тұрса кім біздің елдігімізге шүбә келтіре алады. Қаншама сайыс, жарыстарда суырылып алға шыққанда өзгенің сағын сындырып, мысын басатын да осы бір құдіреті күшті рәміздеріміз емес пе?! Талай ұлт тоғысқан біздің аудан, республика халқының қадір тұтар символына айналған мемлекеттік рәміздер күні бұл достықты, бірлікті, тыныштықты паш етер күн. Барлығыңызды осындай айтулы мерекемен құттықтаймын!

Ақмарал Мұрсәлімова, Көкжота ауылының тұрғыны:

-Сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген таңда өз алдына мемлекет болумен қатар, тұғыры биік Туымызбен, ел тарихын әлемге танытар Елтаңбамызбен және кез келгеннің паттриоттық рухын көтеретін Мемлекеттік Әнұранымызбен айбынды ел бола білдік.

Азат елдің символы саналатын рәміздерімізді құрметтеп, қастерлей білу – Отан алдындағы ұрпақтар борышы. «Туы биік елдің – тұғыры биік» деген дана халқымыз. Бірлігіміз жарасып, жарқын болашаққа нық қадамдар жасай берейік. Рәміздерге деген құрмет арта берсін!

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

 

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қазан 2026 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз