Жерлесіміз Ерзат Арғынов туған өлкенің абыройын республикалық спорт додаларында сәтті қорғап келеді. Қазақстан Республикасының дзюдодан өткен чемпионатында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен спортшымыз қола жүлдеге ие болып, өзінің шеберлігі мен спорттық жетістігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл жүлденің артында – жылдар бойғы тынымсыз жаттығу, темірдей тәртіп, мықты мінез және спортқа деген шексіз сүйіспеншілік жатыр.
Үлкен мақсатқа бастар жол
Ерзат Арғынов 1998 жылы 27 мамырда Көкпекті ауылында дүниеге келген. Алты жасқа дейін Теректі ауылында ата-әжесінің тәрбиесінде болды. 2004 жылы Семей қаласындағы №31 орта мектептің табалдырығын аттап, сегіз сыныпты тәмамдады.
Одан кейін Петропавл қаласындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта білімін жалғастырып, 11-сыныпты аяқтады. Семей қаласындағы құрылыс колледжінде бір жыл оқыған соң, 2016 жылы Алматы қаласындағы Республикалық спорт колледжіне оқуға түсті.
2019 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алды. Оқуымен қатар үлкен спортты да қатар алып жүріп, шеберлігін шыңдаудан, биік мақсаттарға ұмтылудан бір сәт те қол үзген жоқ. 2012 жылы Ерзатқа дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілді. Сол жылы ол қазақ күресінен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды.
Спорттық жолын табандылықпен жалғастырған Ерзаттың қоржыны кейін де толыға түсті. 2024 жылы қазақ күресінен Азия кубогының күміс жүлдегері атанды. Ал 2025 жылы дзюдодан Қазақстан чемпионатында қола медаль иеленіп, ұлттық құрама сапына енді. Міне, биыл да жерлесіміз ел чемпионатында жүлдегер атанып, кезекті қола медалін қоржынына қосты.
«Ең бастысы – еңбектенуді тоқтатпау»
Қазақстан чемпионаты – бәсекесі жоғары, білікті балуандар бас қосатын беделді спорт додаларының бірі. Татамиге елдің ең мықты спортшылары шығып, әр белдесуге бар күш-жігерін жұмсайды. Бұл жолғы жарысы туралы Ерзат:
— Қазақстан чемпионатында әрдайым бәсеке жоғары. Қарсыластарымның барлығы жарысқа тыңғылықты дайындалып келеді. Бұл жолы үшінші орын бұйырған екен, Алланың қалауы шығар, – дейді. Алайда спортшы үшін қола жүлде – тоқтайтын межe емес. Керісінше, әр жеңіс пен әрбір сынақ оны жаңа белестерге жетелейтін баспалдақ іспетті. — Өзіме де, жастарға да айтарым: ең бастысы – ешқашан еңбектенуді тоқтатпау, үнемі алға ұмтылу. Өйткені түптің түбінде еңбек бәрін жеңбек – дейді Ерзат.
Бұл сөздер оның спорттағы өмір жолын айқын сипаттайды. Спорттағы алғашқы қадамынан бастап халықаралық дәрежедегі спорт шебері атануы, әлем чемпионатында, Азия кубогында және ел біріншіліктерінде жүлде алуы – мұның бәрі күнделікті еңбектің, табандылықтың және мақсатқа деген сенімнің жемісі.
Кезекті қола медаль – жерлесіміздің маңдай тері мен қажырлы еңбегінің, қайсарлығы мен жауапкершілігінің нәтижесі. Ерзат Арғыновты жаңа спорттық жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Деніне саулық, беліне қуат, алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз. Татамиде талай биікті бағындырып, көк туымызды көкке көтерер жеңістеріңіз көп болсын!
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.