Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Ұстаздардың еңбегін өрнектеп қанша жазсақ та, қаншама жерлерде дәріптесек те, тіпті, ақындар мұғалім еңбегіне тәнті болып жыр төксе де, көптік етпес. Олардың еңбегі қоғамды басқарғаннан да ауыр деп бекер айтпаған болар. Иә, ұстаз тағылымынан артық не бар дейсіз?! Алдына келген шәкіртінің болашағы жарқын азамат болып қалыптасуы жолында олар төккен тер дүниенің еш байлығымен өлшенбес. Осы орайда біз ұстаздар еңбегін, тағылымын дәріптеп, барша жұртқа таныстыруға арналған мақаламызда Самар ауылындағы білім ордаларында еңбек етіп жүрген ісі қарапайым болса да, еңбегі зор ұстаздар – Төлеутай Әбішева, Альмира Сеңгербаева, Саниярбек Окумбаев жайлы айтпақпыз.

Білімге жаны құмар, жоғары санаттағы бұл мұғалімдерСамар ауылындағы абыройлы ұстаздардың алды. Бүгінде мол тәжірибе жинақтаған, жас мамандарға тәлімгерлік тәрбие беріп жүрген олар - мамандығын құрмет тұтатын, өз пәнін сүйетін, шәкірттерін де сол бағытта баули алатын үлгілі ұстаздар.

Ж.Болғанбаев атындағы мектептің ұстаздары Т.Әбішева мен А.Сеңгірбаева «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлері біліктілігін арттыратын республикалық институтында» Кембридждік оқыту тәсілдерін үйреніп келген. Әр адам өмір бойына болдым, толдым демей, үйренумен, ізденумен болады. Өз бетінше ізденуіне нүкте қойған күннен бастап, оның өмірі тоқырайды десек те болады. Міне, Төлеутай Қалиқызы мен Альмира Тоқтарғазықызы да ширек ғасыр ұстаздық қызметте жүрсе де, осы уақытқа дейін жинақтаған тәжірибеміз де жетеді деп тоқтап қалмай, заман ағымына сай біліктілікті арттыруға барынша тырысып бағуда.

Шәкірттерінің бәрін өз баласындай сүйетін ТөлеутайҚалиқызы математика пәнінің мұғалімі. Былтырғы жылы Қазақстан Республикасы педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында екінші (негізгі) деңгей бағдарламасы бойынша мұғалімдерді оқыту курстарын аяқтаған, тағатсыз ізденіс, тынымсыз еңбегімен өз ортасында қадірлі, білікті ұстаз бола білген оны әріптестері де, шәкірттері де құрмет тұтады. Бүгінге дейінгі ширек ғасырдан астам уақыт ұстаздық тәжірибесінде ол талай биік-белестерді бағындырған. Мәселен, «Үздік вариативтік оқу жоспары» аудан бойынша 1 орын, облыс бойынша бас жүлде иегері, 6 сынып оқушыларымен аудандық семинар жүргізген. «Талантты, дарынды оқушыларды оқыту» деген тақырыпта ауданның математик мұғалімдеріне коучинг-сессия өткізген. «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер: диалогтік оқыту» тақырыбы бойынша оған облыстың түкпір-түкпірінен жиналған жас ұстаздарға коучинг-сессия өткізу мәртебесі берілген. Бұл тек өз мамандығын жетік білетін, қадірлі ұстазға ғана берілетін мәртебе екені анық. «Маған балалармен жұмыс жасаған ұнайды. Осы мұғалімдік қызметті таңдағаным содан болар. Басқа пәнге де ауысқым келмейді. Өзге салада өзімді тіптен елестете алмаймын», - дейді кейіпкеріміз.Әңгіме барысында Т.Қалиқызы «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» дегендей, оқытудың озық технологияларын үйрететін курстың пайдалылығы жайлы да айта кетті.

-Басында балалар сабаққа көп қызыға бермейтін. Оларды қалай қызықтырсам, сағатымды қалай тартымды өткізсем деген ой маған маза бермей жүрген кездер де болды. Осы сұрақтардың шешімін қалай табамын деп жүргенде мені ойламаған жерден Кембридж бағдарламасының курсына жіберді. Бұл өзі маған жемісі мол бағдарлама болды. Сол үш айлық курста балаларды сабаққа қызықтарудың әдіс-тәсілдерінің көп екенін білдім. Біз, көбінесе, балаларға шектеу қойып, оларға басымдылық көрсетіп, сабақ барысында мұғалім 80 пайыз өзі сөйлеп, оқушыларға тек оқулықтың көлеміндегі ғана білімді беріп жатқанымызды түсіндім. Кембридж әдіс–тәсілдерінен үйренгенімді сабағымда пайдаланып көргенімде оқушыларымның сабаққа қатты қызыққанын байқадым. Бір мен емес, сол қысқа мерзімдік курсқа барып қайтқан ұстаздардың бәріне бұл әдіс өз пайдасын тигізді деп нық, сеніммен айта аламын»,- дейді ол.

Аталмыш курста біліктілігін жетілдіріп қайтқан А.Тоқтарғазықызы физика пәнінің мұғалімі.Ол - жаны қалаған сүйікті ісімен айналысып, ғұмырының 29 қысын, 29 көктемін мектеп қабырғасында өткеріп келе жатқан өз ісінің маманы. Білім бере жүріп, біліктілігін арттырып, таудай талабымен талайларды таңдай қаққызған ол бізге Кембриждік тәсілдерінің сабақ барысына оң әсерін тигізіп жатқанын айта кетті.–Осы курстардың тыңдаушысы болуым мен үшін жаңалық көзі мен жаңа тәсілдерді үйренуге жол ашты. Бұл бағдарламаның басты міндеті - қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибесін жетілдіру мен бағалай білуге көмектесу. Сындарлы ойлауға бағыттау.Ол 7 модульді қамтиды. Бұл бағдарлама қазақ елінің білім саласына жаңа жетістіктер әкеледі деген сенімдемін», - дейді ұстаз. Сонымен қатар, ол осы тәсілдерді сабақ барысында қолданудың қыр-сырымен таныстырған институт оқытушысыҒалым Іркітбайға алғысы зор екенін жеткізді. «Ертеңгі мемлекеттің болмысы – ұстаздың бүгінгі тәлімінде» деген қағиданы берік ұстанған бала жанының бағбаны бүгінде жас ұстаздарға өз білгенін үйретіп, біліктілік дәрістерін беруде.

Жүрегінен шуақ төгілген жанның қарамағында болған шәкірттерінің алды бүгінде беделді қызметте жұмыс жасаса, арты алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Соңғы үш жылда оның 25 оқушысы білім гранты бойынша оқуға түскен. Мәселен,  Д.Карменова Халықаралық IT университетінде оқыса, Б.Маратұлы Гумилев атындағы Ұлттық университетте білім алуда. Ал, 9 сыныптан кейінНазарбаев зияткерлік мектебіне оқуға қабылданған А.Карменова бүгінде Назарбаев университетінің түлегі. Бұның бәрі, әрине, ұстаз еңбегінің жемісі деп білеміз.

Келесі кейіпкеріміз Саниярбек Дұғажанұлы Самар аграрлық-техникалық колледжінде 40 жылдай ұстаздық еңбек етіп, ұйымшылдықты қалыптастырып, шәкірттермен де қоян-қолтық араласып жүрген білікті маман. Өзінің еңбек жолында ол осы мекемеде шебер, мұғалім, әскери жетекші, директордың орынбасары, директор лауазымына дейін көтеріліп, өзінің іскерлік қабілетін жан-жақты танытып, жауапты қызметтерді үлкен сеніммен атқара білді. Бүгінде С.Дұғажанұлы директордың оқу ісі бойынша орынбасары болып қызмет атқаруда.

Еңбек жолында өз тәжірибесін шәкірттері мен жас ұстаздардың бойына дарытып, оқытудың тың әдіс-тәсілдерін ізденімпаздылығымен іске асырып жүрген ұстаздың қолынан талай шәкірт үлкен өмірге қанат қағып, аяқ басқан еді. Мәселен, ауданымыздың беделді азаматы Е.Мәмбетов, Ж.Жолжақсинова осы білім ордасының қарашаңырағынан түлеп ұшқан түлектер.

«Өзгенің бақытын аялаған, өз уақытын аямаған» - деген тәмсілді өз заманында ұлы педагогтарымыз С.Окумбаев, Т.Әбішева, А.Сеңгербаевасынды ұстаздарға қарап-ақ  айтқан болар. Сондай ұлы педагогтардың сынығындай болған бұл адамдар нағыз ұстазға тән қасиеттердің бәрін бойына жия білген екен. Мамандығын шексіз сүйетін кейіпкерлеріміздің жанары оқушыларына деген шексіз махаббатқа толып тұрды. Жақсы ұстаздардың шығармашылық ізденісіне, толассыз еңбектеріне зор табыс тілей отырып, өзін, ғұмырын арнаған мамандықтың әрдайым рахатын тата берсін демекпіз!

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

2014 жылдың 4 мамыры күні Өскемен қаласында ШҚО Білім басқармасы «Шығыс» өңірлік орталығының ұйымдастыруымен, Ұлы ұстаз, Қазақ ССР Құрметті мұғалімі, Социалистік Еңбек Ері Жақия Шайжүнісовтың 100 жылдығына арналған «Тәрбиеші – мейірімді жүрек» атты облыстық байқау өтті.

Өзін таныстыру және тәрбие жұмысы жүйесінің шығармашылығы бойынша өткізілген шараға ШҚО балалар үйлері мен мектеп–интернаттарынан 17 педагог келіп қатысты. Аталмыш байқауда Қ.Раев атындағы Көкпекті балалар үйінен тәрбиеші Әния Құсайынова өз шығармашылығын көпшілік назарына ұсынды. «Халықтық педагогика негізінде балалар бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру» тақырыбын тәрбие жұмысының басты бағыты етіп алған Әния Тұрсынқызы Көкпекті балалар үйінде 24 жыл бала бағбаны қызметін мүлтіксіз атқарып келеді. Оның жетекшілік ететін тобының балалары жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Мәселен, топ түлектері Ақбота Құдагелдина ауданда өткізілетін Қалихан Алтынбаев атындағы ақындар мүшәйрасының бірнеше дүркін жеңімпазы болса, Нұрбек, Тоқтарбек, Еламан, Дулат республикалық «Таңшолпан» байқауының лауреаттары. Әния Тұрсынқызы балалар үйінде тұңғыш ашылған этнографиялық мұражайдың авторларының бірі.

Өнер колледжінде өткен байқауда 2 кезеңнің қорытындысы бойынша Әния Құсайынова жүлделі 3 орынды иеленіп, ІІІ дәрежелі дипломмен және құнды сыйлықпен марапатталды. Жеңісі құтты болсын!

И.Тоқтасынова, тәрбиеші

 28 наурызда Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектебінде ШҚО білім басқармасының «Шығыс» ӨО ұйымдастыруымен облыс жас ұстаздары кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.

Жас ұстаздардың кеңесіне облысымыздың әр өңірінен  және Көкпекті  ауданының жас ұстаздары жиналды. Жиналған қауымды Көкпекті ауданының білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мустафинова  құттықтап, жас ұстаздарға қойылатын талап зор екенін айтты. Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектебінің директоры Ж.Бақраева құттықтау сөз сөйлеп, жас ұстаздарға талмайтын талап пен шығармашылық табыстар тіледі. Сонымен қатар, ол презентация арқылы мектеп өмірімен  және оның жетістіктерімен таныстырды. Мектептің жас ұстаздары, бастауыш сынып оқушылары, шығармашылық үйінің қызметшісінің  қатысуымен мұғалімдердің көңіл-күйін көтеруге арналған шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. 

Кезекті отырысты ШҚО білім басқармасы «Шығыс» ӨО инновациялар жөнінде директордың орынбасары Р.Жақашев алғы сөзімен ашып, көптеген келелі педагогикалық мәселелерді шешуге үлкен мүмкіндіктер барын айтты. «Шығыс» ӨО  әдіскері Қаусов Амангелді өз сөзінде жастардың басын біріктірудегі мақсат - белгіленген жоспар бойынша нәтижеге жету екенін айтты. Жастарға сенім артып, сәттілік тіледі.

Бір жан бар, адамдықтың шыңына жеткен, ол-ұстаз. Бір мамандық  бар, жүз маманның жасағаны жете алмайтын, ол – ұстаздық. Мұғалім бола салу оңайдың оңайы, ал жақсы мұғалім болу мыңның біріне ғана бұйырады. Ұстаз деген кім? Ол қандай болуы керек? Қалай жақсы  ұстаз болуға болады? Дәл осы сауалдарға жауап іздеген жас ұстаздар бір-бірімен пікір алмасуға, өз жаңалықтарымен бөлісуге мүмкіндік алды. «Білім беру үрдісінде жаңа технологияларды қолдану» атты бөлімде жас ұстаздарға Кембридж тәсілін үйреніп келген ұстаздар түрлі тақырыптарда баяндама жасап, іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Ибраева Гүлжанат «Сабақ алгоритмін құруда АКТ технологиясын қолдану» атты баяндамасында «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп, Елбасы атап көрсеткендей жас ұрпаққа білім беру  жолында интерактивті технологияны оқу үрдісінде қолданудың тиімділігін атап өтті. Және АКТ-ны өз сабағында қолдану барысында жеткен жетістіктеріне тоқталды.

Қожахметова Әсем «Оқу үрдісінде заманауи технологияларды қолдану әдіс-тәсілдері» атты   баяндама жасады. Ұстаз Кембридж тәсілін меңгере отырып, өз тәжірибесінде еркін қолданып жүргенін, бұл әдіс-тәсілдердің оқушы мен мұғалім арасындағы ынтымақтастық байланыс туғызатынын айтты.

Кембридж тәсілдерін оқып қайтқан Қожаева Лиза «Методическая система работы учителя как процесс подготовки к использованию инновационных технологии» атты баяндамасында заманауи технологиялардың сабақ үрдісіндегі тиімділігіне аса назар аударып, оқушылар мен мұғалімдердің қарым-қатынасындағы өзгерген жаңалықтарға тоқталып өтті.

Жаңалыққа жаны құмар жас ұстаз Ахмадиева Анар «От чего зависит успех внедрения ИКТ в практику педагогов в современных условиях» атты баяндама оқыды. Кембридж тәсілдерін жете меңгерген ол АКТ-ны ұтымды да ұтқыр қолдана алатын білікті маман екенін байқатты. Баяндамаларды қызығушылықпен тыңдаған жас ұстаздар көкейтесті сұрақтарын қойып тартымды жауаптар тыңдап, пікір алмасты. Отырыс барлық ұстаздарға маңызды мәселелерді көтеруімен қызықты болды. Жас ұстаздар бір күнгі отырыс-тан  білімдерін молайтып, қоржындарын толтырып қайтты.

Сонымен қатар, осы отырыста мектеп психологі Сарбасова Гүлнұр жас ұстаздармен психологиялық тренингтер өткізді. Әсем күлкі, ақ тілектерімен отырыстың пленарлық бөлімі аяқталды. «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деп Абай атамыз айтқандай, екінші бөлім әдістемелік-практикалық кезеңмен ұштастырылды. «Мұғалім-өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанымен оның мұғалімдігі де жойылады» - деген ұлы ұстаз К.Ушинскийдің сөзі бар. Соған орай, Кембридж тәсілдерінен білім алған Ә.Сеңгірбаева және Т.Әбішева коучинг сабақтар өткізді.

Жас ұстаздарға тәлім берерліктей өнегелі коучинг тақырыптарының бірі - «Оқытуды басқару және көшбасшылық» атты Әлмира Тоқтарғазықызының сабағы болды. Ол жаңа өзгерістерге сай көшбасшының кім екенін мұғалімдердің өздерін жұмылдыра отырып қызықты коучинг өткізді. Т.Әбішева коучингте әрбір мұғалімнің жеке қажеттіліктерімен байланысты проб-лемаларды шешуде кеңес беру әдістемесі бойынша терең білім алуға, топпен бірлесе жұмыс жүргізе отырып, диалогтік оқытуға бағыттай келіп, диалогтік оқыту бойынша жаңа әдіс-тәсілдер қолдануды көрсетті.

«Жақсы үлгі - өнеге көрсеткенде ғана адамның қолы биік арманға жетеді» демекші, күні бойы өткізілген осы отырыстан алған өмірлік азық, іс-тәжірибеге енгізілген жаңалықтарын, әсерлерін жас ұстаздар  рефлексия барысында жазып қалдырды.

Мұғалім-бұл адамның ардақты аты,

Білімділік бар биікке шығар саты.

Ең алғаш басталады осы адымнан,

Сүйеді, сондықтан да, жақын, жаты ...

Бар ғалым, барлық қоғам мұғалімді,

Сыйлайды, мәңгі бақи беріп төрін, - деп С.Мұқанов жырлағандай, жас ұстаздар - мәңгі білімнің қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл - әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі екенін осы отырыста  айқындап берді.

Жас ұстаздар кеңесін ұйымдастырушылар мұн-дай кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын айтты.

Д.Садвакасова, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері

Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде. Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға  топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.

Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы "Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген.

Бүгінгі әңгімеміз осындай бала бағбанының бірі – Жанғасинова Мейрамгүл Түсіпқызы туралы болмақ. Мейрамгүл Түсіпқызы қазіргі Тарбағатай ауданы Жантікей ауылының тумасы. 1971 жылы Қ.Сәтпаев атындағы мектеп табалдырығын аттаған талапты қыз оқушы кезден-ақ өзінің спортқа жақындығын көрсете бастады. Мейрамгүл Семей қаласында өткен облыстық оқушылар спартакиадасында 800 метр қашықтықты 2,16 секундта жүгіріп өтіп, спорт шеберіне кандидат нормасын орындады. Орта мектепті тәмамдаған соң Ермак қаласындағы физкультура техникумына түскен жас бойжеткен 15 одақтас республика арасында өткен спартакиадаға қатысып, 1500 метр қашықтықта бас бәйгені иеленіп, Павлодар облысының мәртебесін үстем етеді. Сондай-ақ, Львов қаласындағы жоғары әскери училищеде (ЛВВПУ) 6 айлық курстан өткен жас таланттың запастағы офицерлік шені бар. Ұстаздық жолын 1985 жылы Егінбұлақ сегізжылдық мектебінде дене шынықтыру пәні мұғалімдігінен бастаған Мейрамгүл Түсіпқызы 2000 жылдан сол мектептегі мектепалды даярлық тобында тәрбиеші бола жүріп, 1-6 сыныптарға музыка пәнінен сабақ берді және кітапханашы қызметін қоса атқарды.

Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек. 2004 жылы оның «Қазақстан мектебі» журналында жеке шығармашылығынан «Туған жерге сағыныш», «Тарбағатай таулары» атты өлеңдері жарық көрген. 2005 жылы аймақтық семинарда «Ойын және оның түрлері» баяндамасын жасаса, 2006 жылы «Ауылдың үздік мұғалімі» деп танылып, аудан әкімінің марапатына ие болды. 2007 жылы «Тәрбие құралы» журналында «Анамызға мың алғыс», «Төрт түлік» тақырыптарында сабақтары жарық көрді. 2008 жылы «мектепалды даярлық» журналына «Құстар – біздің досымыз», «Сөз анасы - сәлем» сынды сабақ әзірлемелері жарияланды. Ұстаздардың аудандық тамыз Кеңесінде «Халықтық педагогика – асыл мұра», аудандық педагогикалық оқуларда «6 жасарларды коммуникативтік тұрғыда тәрбиелеу» тақырыптарында баяндамалар жасап өз тәжірибесін ортаға салды. Міне, осылайша ауыл мұғалімі - Мейрамгүл Түсіпқызы өзін ізденіспен жұмыс істейтін, бала жүрегіне жол тауып, жаңашылдықты ұстаздық іс-әрекетіне үнемі енгізе білетін қырларынан көрсетті десек артық емес. 2010 жылы денсаулығына байланысты Алматы қаласындағы емдеу орталығында ем қабылдап, уақытша зейнеткерлікке шықты.

2012 жылы Ауданның білім жүйесінің болашағы жарқын болуына сіңірген ұзақ жылғы еңбегі және жеке адамды қалыптастыруға, сапалы білім алуға жағдай жасаудағы ізденістері мен табыстары үшін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай АББ бөлімінің мақтау грамотасымен марапатталған ұстаз еңбегі лайықты бағасын алды.

Қазіргі күні Мейрамгүл жан жары Қайрат екеуі берекелі отбасында Медет, Әли атты арыстай екі ұл өсіріп отырған бақытты ата-ана. Үлкені Алматыда тұрады, үйленіп екі немере сүйгізіп отыр. Ал, кішісі Семей шаһарындағы педагогикалық колледжде музыка мамандығы бойынша грантта оқиды.

Отбасының ұйытқысы, саналы өмірін өз балаларының тәрбиесі мен шәкірттерінің білімді, тәрбиелі азамат ретінде қалыптасуымен қатар алып жүруге арнаған, өзі спорт шебері Мейрамгүл Түсіпқызын 50 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз! Сізге шығармашылық табыстар тілей отыра, мықты денсаулық, бала-шағаңыздың ортасында, шәкірттеріңіз үшін шаттанып, бақытты да ұзақ өмір сүруіңізге тілектеспіз.

Бақыт МҮЛІКОВА

Адамдардың ғұмыры мәңгілік болмаса да, өздерінің қажырлы еңбегімен, абзал қасиеттерімен, жарқын да мағыналы өмір жолдарымен артына өшпес із қалдырады, аты аңызға айналады. Көкпекті өңірінде кезінде өмір сүрген қоғам, халық, жеткіншек алдындағы азаматтық, кәсіптік борышын өзіне тән іскерлікпен, абыроймен атқарған шынайы педагог – Жақия Шайжүнісұлы сондай асыл азаматтардың бірегейі. Қарапайым мінезімен, табиғат берген ұстаздық ұстанымымен, жемісті еңбегімен, балаларға деген шексіз сүйіспеншілігімен балалар үйін бірнеше жүздеген шәкірттердің алтын босағасына, қимас та қымбат ұяларына айналдырған ол нағыз педагог ретінде көптің есінде мәңгіге қалды.

Жақия Шайжүнісовтың педагогикалық жолы – мейірім мен жанашырлықтың, қамқорлықтың, қайырымдылықтың, рақымшылдықтың, төзімділік пен сабырдың және балаға деген махаббат пен сүйіспеншіліктің үлкен мектебі.

Балалар үйінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, «Қайтсем осыларды адам қатарына қосамын» - деген тілектегі адамгершілік парызын ғұмырына арқау еткен жан Жақия Шайжүнісов. Панасыздарды киімі бүтін, тамағы тоқ дәрежеге жеткізумен бірге, патриоттық, адамгершілік, эстетикалық, еңбек тәрбиесімен баулып, олардың рухани дүниеден шет қалмауына күш-жігерін салды. Сол кездегі оқу мен еңбекті ұштастыра жүргізіп, жастық жалын мен азаматтық қасиетті қатар ұстаған Жақия Шайжүнісұлы түн ұйқысын бөліп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, панасыздарға аға орнына аға, әке орнына әке, шеше орнына шеше бола білген. Осылайша, үлкен жүректің жылуы талай жанның бойында өмір отын маздатты. Аумалы-төкпелі заманда түрлі қиындықтардың салдарынан тағдырдың соққысына ұшыраған қамкөңіл жетімдермен ұзақ жылдар бойы тапжылмастан еткен үздіксіз де қажырлы еңбегі үшін Ж.Шайжүнісовке әуелі «Қазақ КСР-не еңбек сіңірген мұғалім», ал 1968 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Қазіргі таңда кезінде Жақия Шайжүнісұлының шарапатына бөленген, ел шаруашылығының сан саласына кірпіш болып қаланған түрлі ұлт өкілдерін құрайтын азаматтар мен азаматшалар жүздеп, мыңдап саналады. Ұзтаздың жарқын бейнесі олардың санасынан ешқашан өшпек емес.

Бір айта кетерлігі, Қ.Раев атындағы Көкпекті балалар үйінде Жақия Шайжүнісұлына арналған мұражайдағы альбомдарды қопарыстырғанымызда 1947 жылы Семей қаласында өткен облыстық олимпиадаға қатысқан балалар үйінің көркемөнерпаздарына сыйланған атақты орыс қолбасшысы А.В.Суворовтың өмірі мен қызметі туралы жазылған мұқабасы қалың көлемді кітапты көрдік. Онда «Көкпекті балалар үйінің ұлдар ансамбліне қазақ биі «Қара жорғаны» шебер орындағаны үшін» деген жазу сол кездегі облыстық білім беру бөлімінің меңгерушісінің орынбасары П.Левиннің қолымен расталыпты. Бұл дегеніңіз керемет қой! Соғыстан кейінгі ауыр жылдардың өзінде балаларды бос уақытында түрлі үйірмелерге қатыстыруға мүмкіндік жасап, олардың өнерге, білімге деген құлшыныстарын оятуы ұстаздың үлкен жетістігі екені белгілі.

Көкпекті балалар үйін аймақтағы ең мәртебелі мекемеге айналдырып, өзі ұзақ жылдар басқарған мекемені Одақ көлеміне әйгілі еткен мерейлі ұстаздың алақанының жылуын сезініп, қамқорлығын көріп өскен шәкірттері оны сағына, аса бір сүйіспеншілікпен, мақтанышпен еске алады.

Галина Михайловна Орсаева, педагог, еңбек ардагері:

-Сұрапыл соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезінде әр отбасында қиындық болды. Ал, балалар үйі сынды үлкен отбасындағы қиындықтардың салмағы тіптен көп еді. Осындай ел басына күн туған ауыр кезеңде балалар үйін басқарып, оны аяғынан тік тұрғызу жолында Жақия Шайжүнісұлының төккен тері мен күш-қуаты ұшан теңіз. Ол кездегі жетім балалар, көбінесе, ересек жаста болғандықтан, келе сала балалар үйіндегі шаруашылыққа араласып кететін. Үлкендердің жетекшілігімен олар шөп шабу, мал бағу, сиыр мен биелерді сауу, отын дайындау, бақша өнімдерін өсіруге араласатын. Осылайша, өздерін асырап, артылғанына киім мен оқу құралдары сатып алынып, жатын үйлерді жөндеуге жұмсалатын. Мұның барлығы Жақия ағаның еңбексіз бір күн де өмір сүруге болмайтынын балалар бойына сіңірген нарықтық экономиканың алғашқы дәндері еді. Келешекте көптеген балалар осының пайдасын көрді.

Жақия аға балалар үйін өркендету үшін жоғары шенді адамдардың алдына барудан ешқашан тайсалмайтын. Және өзінің мінезіндегі, адамдық бейнесіндегі кереметтей бір тартымдылығы, кез келген адамға сөзін дәлелді де тиянақты жеткізе білуінің арқасында оның бетін ешкім де қайтара алмайтын. Балалармен жұмыста ол үшін ұсақ-түйек мәселе жоқ еді. Мәселен, сыртқы келбет, тәртіп, мектеп, ата-аналарымыз, саясат, мемлекеттік қайраткерлер тағы басқа да көп тақырыптарда Жақия әке топ белсенділерімен күнделікті әңгімелесуді әдетке айналдырған-тын. Айта берсем, ұлағатты ұстаз, мерейлі әке туралы аңызға бергісіз естеліктердің ұшы-қиыры жоқ. Мені және менімен тағдырлас мыңдаған жетім баланы кездестіргені үшін үлкен жүректі Ұстаз алдында басымызды иіп, шексіз алғыс айтқымыз келеді.

Нағима Тойсабаева, балалар үйінің қызметкері:

-Мен анам мен әкемнен бірдей айырылып, жетім қалған соң 1972 жылы алтыншы класта оқып жүргенде балалар үйіне келдім.

Жақия әкейдің басымнан мейірлене сипап, жылы қабақпен қарсы алғаны әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Ол кісі менің есімде аса ақылдылығымен, сыпайылығымен, сезімталдығымен сақталып қалды. Ол кезде әр топта 8-40 бала тәрбиеленетін. Белсенділігіммен көзге түсіп №6 топтың корпускомы міндетін атқардым. Жақия әке балалардың басынан аяғына дейін киім-кешегінің жағдайына үнемі көңіл бөлетін. Біз болашақ өмірге дайын болуымыз үшін еңбек тәрбиесі мен оқу білімге қатты көңіл бөлді. Күнделікті кешке сол күндегі балалардың сабақ үлгерімі, тәртібі, үйлердің тазалығы бойынша қорытындысын шығарып, тізіліс өткізу дәстүрге айналған. Жазғы каникул кезінде 10 қыз жөндеу жұмыстарына, 10 қыз бау-бақша күтуге, 10 ұл шөп шабуға ересек балалардан бөлетін. Осы жұмыстарда жақсы көзге түскендерді 7 ноябрьдегі мерекеде I-ші, II-ші, III-ші орындар бойынша ақшалай марапаттайтын еді. Ал, оқу-білім алудан үздік көрсеткіштерге жеткен балаларға жаңа жыл мерекесінде жаңа киімдер сыйлайтын.

Міне, қамқоршы ұстаз, мейірімді әке жетім балаларды осылайша ынталандырып, қолдап, олардың өмірге деген құлшынысын оятатын. Сонымен қоса, қонаққа келген түлектерді де ұмытпай жаңажылдық сыйлықтар бергізетін. Жақия ағаның жарқын өнегесі, оның берген тәрбиесінің арқасында өмірден өз орнымды тауып, отбасын құрдым, бала сүйдім, немерелерімнің сүйікті әжесімін. Мейірімді ұстазға деген алғысым, ризалығым шексіз.

Әңгімелескен Бақыт МҮЛІКОВА

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Мамыр 2026 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз