Жазғы демалысты жоғары дәрежеде ұйымдастыру үшін барлық сала бойынша мониторинг жүргізіліп, бағыттар анықталды. Жаз уақытында 20 орта мектепте, 12 негізгі мектепте, 6 бастауыш мектепте мектеп жанындағы тамақтандырылған және спорттық-сауықтыру, туристік, дебаттық бағыттарында жұмыс істейтін лагерьлер, қызығушылық үйірмелер балалардың еңбегі мен демалыс режиміне қолайлы орында денсаулығын нығайтып, өздерінің қабілеттерін іске асыру жағдайында тынығып, шындалуға мүмкіндік туғызылып, 1-10 сынып оқушылары түгелдей қамтылды. 2014 жылы лагерьлерде аз қамтылған отбасынан шыққан - 1174; көпбалалы отбасынан шыққан - 748; жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған - 55; патронаттық тәрбиедегі - 3, қиын және сенімсіз топтағы балалар - 41 (5 ІІБ тіркеудегі, 36 мектепішілік тіркеудегі), мүмкіндігі шектеулі 37 (мектеп жанындағы лагерьлер) бала жазғы сауықтырумен толық (100 %) қамтылды. Аталған аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, патронаттық тәрбиедегі оқушылар жазғы сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлерінде «Жаппай оқу» қорының есебінен демалды, қалған оқушылар ата-аналар, демеушілер есебінен демалды.
Новостройка ауылындағы «Балауса-Көкпекті» спорттық-сауықтыру кешені екі ауысымда 80 баланы демалдырды, ІІІ ауысымда 13 шілде 24 шілде аралығында 40 бала демалып жатыр. Аталған кешенде екі ауысымда әлі 80 бала демалады. Сарыбел ауылындағы «Жас толқын» дебаттық, Миролюбовка ауылындағы «Достық» спорттық-сауықтыру лагерьлерінде бірінші ауысымда 60 бала демалды, екінші ауысымда 60 бала демалып жатыр. Көкжыра ауылындағы «Жас өркен» спорттық-сауықтыру лагері екі ауысымда 60 баланы қабылдап, өз жұмысын аяқтады. Мойылды ауылындағы «Тау самалы» спорттық-туристік лагері екі ауысымда 50 баланы демалдырды және қосымша тағы бір ауысым жұмыс істеп, (14.07-25.07), 25 бала демалып жатыр.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Жаз аралығында оқушылар тобымен алмасу» жобасының аясында 2014 жылғы 29 маусымнан шілденің 3-і аралығында Преображенка орта мектебінің 6 оқушысы, Үлкенбөкен мектеп-балабақша кешенінің 7 оқушысы Күршім ауданындағы лагерьде демалды. Көкпекті орта мектебінің 1 оқушысы Алматы облысының Қаскелең қаласындағы «Таң» атты жазғы сауықтыру лагерінде демалып жатыр.
Жазғы демалыс кезінде мектеп оқушыларын туристік маршруттар бойынша тарихи орындарға топсеруенге шығару кестелері әзірленді. Атап айтқанда: Астана қаласына, Өскемен қаласындағы этноауылға, Қалбатау ауылынан 7 шақырым орналасқан «Ер Жәнібек» монументіне, Ұлан ауданындағы «Сібе» көліне, Қарауыл ауылындағы Жидебай, Бөрлі мұражайларына оқушылар баруда.
Ш.Мұстафинова, білім беру бөлімі басшысы
Биыл білім беру саласында ұлттық бірыңғай тест тапсыру енгізілгеніне он жыл толды. Он жыл дегенде алғаш рет біздің аудан басшылығының талмай атқарған еңбегінің арқасында тест тапсыру орталығы өз ауданымызда ашылды. Ашылғаны жаңа болса да, оның жұмысының ұйымдастырылуына БҒМ–нен келген мамандар жоғары баға берді.
Ал осы он жылдың ішінде дәстүрлі түрде мектеп бітіруші түлектерге арналып аудан әкімінің балы өткізіледі. Мектеп бітірушілер кешіне биыл да жүзге жуық бала қатысты. Олардың арасында «Алтын белгі» иегерлері Ақбота Мұқатаева (І.Жансүгіров ОМ), Қымбат Қожамбетова (Октябрь ОМ), Ақмаржан Бекбердинова (Көкжайық ОМ), Виктория Гармашова (Көкпекті ОМ), Темірхан Зарыпханов (Ж.Болғанбаев атындағы ОМ), Нұрлан Құмаров (Ж.Шайжүнісов атындағы ОМ), «Үздік аттестат» иегерлері Алуа Құсманова (Преображенка ОМ), Кәмила Аққозинова (№1 Самар ОМ), Дәуітбай Дәурен (№1 Самар ОМ) болды. Сонымен бірге, олимпиадаларға қатысқан, спортта үздік болған түлектер де аудан әкімінің мектеп бітірушілер кешіне шақырылды. Биыл аудан бойынша 21 түлек 100-ден жоғары балл жинады.
Мектеп бітіруші түлектерді аудан әкімі Д.М.Мусин құттықтады. – Қазіргі сәт барлықтарыңыздың да, балалар мен олардың ата-аналары, ұстаздары үшін толқулы болып тұрғанын түсініп тұрмын. Сендерге сәттілік тілеймін. Үлкен өмір жолына сендер еліміздегі жауапты сәтте аттағалы тұрсыңдар. «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыру сендердің міндеттеріңнің бірі болмақ. Сол сенім үдесінен шығуға тырысыңдар. Өздерің таңдаған мамандықты игере отырып, еліміздің дамуына үлес қосады деп сенемін. Алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіздер, сәт сапар!, - деді Дүйсенғазы Мағауяұлы. Биыл аудан бойынша ҰБТ нәтижесі 78,6 баллды құрады. Бұл - өткен жылғымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Бұл ауданымызда ҰБТ орталығының ашылуына да тікелей байланысты. Аудан әкімі атынан барлық түлектер естелік сыйлықтар мен аттестаттарын қолдарына алды.
Мектеп түлектерін, ата-аналар мен ұстаздар қауымын аудандық мәслихат хатшысы Р.Беспаев құттықтады. Сонымен бірге, биыл мектепті немересі аяқтап жатқан Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрайымы Т.Шнайдер ізгі тілегін айтып, жылы лебізін жеткізді. Мектеп түлектері атынан аудан бойынша ең жоғары 122 балл жиған К.Аққозинова құттықтау сөз алып, аудан әкіміне, ұстаздарға алғысын айтты.
Кереметтей шоу бағдарлама ұйымдастырылып, концерттік нөмірлердің барлығы да бүгінгі кеш иелеріне арналды. А.Дарибаеваның орындауындағы вальс әуеніне түлектер соңғы билерін билесе, «Дәншік» балабақшасының кішкентай тәрбиеленушілері мен тәрбиешілері билеген «Дочки-матери» биі көптің көңілінен шықты. Түлектер кешінің құрметіне аудандық «Толағай сазы» ұлттық аспаптар оркестрі тамаша күйлерді шебер орындады.
Кештің шарықтау шегінде түлектер «Асыл армандар» гүлінің ішіндегі шарларды ұшырды, ал айналмалы орынтақта орнатылған алып қоңырау барлық түлектер үшін соңғы рет шырқалды.
Қажет Жүнісбеков, Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектептің директоры:
-Түлектерді, ата-аналар мен ұстаздарды тағы да өмір белесінен өту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Біздің мектеп биыл тамаша жетістікке жетті. Отыз екі түлектің 20-сы ҰБТ тапсырып, тоғыз жыл бойы болмаған айтулы оқиға – «Алтын белгіге» қол жеткіздік. Былтырғыға қарағанда ҰБТ бойынша көрсеткіш 8 пайызға артты. Бұл - мектеп үшін жақсы жетістік.
Қадыр Қайырғазинов, Көкжота орта мектебінің директоры:
-Биыл біздің мектеп ҰБТ-ға жүз пайыз қатысты. Былтырғыға қарағанда көрсеткіш 11 пайызға жоғары. Төрт оқушы екпінді болып аяқтады. Бүгінгі мереке күні барлық түлектерді үлкен өмірге аяқ басуларымен құттықтай отырып, сәттілік тілеймін. Түлектерге жылда осындай тамаша мереке ұйымдастыратын аудан әкіміне, аудандық білім беру бөліміне мектеп ұжымы, ата-аналар атынан алғыс айтамын.
Роза Төлегенқызы, байырғы ұстаз:
-Мен және менің отбасым үшін бүгін қуанышты сәт. Осыдан он жыл бұрын қызым Альмира Ж.Болғанбаев атындағы орта мектепті «Алтын белгіге» аяқтаған болатын. Енді, міне, бүгін немерем Темірхан «Алтын белгі» алды. Әр отбасында осындай қуаныштар бола берсін. Барлығына ана және ұстаз ретінде нұрлы болашақ тілеймін.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Көкпекті аудандық кәсіпкерлер Палатасының төрайымы Ә.Мұқашеваның ұйымдастыруымен Самар ауылындағы дуальдік оқыту жүйесі бойынша білім беріп отырған Самар аграрлық-техникалық колледжіне және осы білім беру орнымен тығыз байланыста жұмыс істейтін «Мәмбет» шаруа қожалығына ауданның бес мектебінің оқушылары саяхаттап қайтты. Жансүгіров атындағы, Құлынжон, Воздвиженка, Көкжота, Амангелді орта мектептерінен (Көкжыра) 9 сынып оқушылары ауылшаруашылығы мен өңдеу өндірісіне қандай мамандық қажет екенін, олардың жұмыс істейтін орындарын «Мәмбет» шаруа қожалығы негізінде көрді.
Жас маман-технолог Айсара Аманғазықызы «Мәмбет» шаруа қожалығында 2012 жылдан бастап жұмыс істейді. Ол алғашында өндірістен бейхабар болған, қазір ірі шаруашылықтың өңдеу саласын дөңгелентіп отыр. Айсара оқушыларға шаруашылықтың жармалау, мал азығын дайындау, орау цехтарын, диірменді аралатып көрсетті. Мұнда ылғи да жаңа қондырғылар орнатылған. Сонымен бірге, шаруашылықтағы нан зауытының жұмысымен танысты. Қазіргі күні зауытта колледждің наубайшы-кондитер бөлімінде оқитын студенттер тәжірибеден өтуде. Оқушылар бұл жерден үлкен әсер алды.
Аграрлық-техникалық колледжде оқушылар сынып бөлмелерін, өндірістік оқу корпустарын, асхана, жатақхананы аралады. Балалар барлық мамандық түрлері бойынша, колледждің тарихы жайында ұстаздардың әңгімелерін тыңдап, оқушылардың сабақ барысында қандай құралдарды пайдаланатынын көрді. Саяхатшылар аспаз-даяшы, ТҚС шебері мамандықтарына қызықты. Сонымен бірге, омарташылықпен айналысуға қызығушылық білдірді. Олардың сұрақтарына мұғалімдер мен шеберлер тиянақты жауап қайтарды. Колледж студенттерінің спорттық өмірі де қызғылықты. Олар дәл оқу орны жанындағы спорттық модульге барғанда оған көздері жетті.
-Оқушылардың кәсіби бағдар алғандары жақсы. Алдағы күні олар осы колледж қабырғасынан тек қана біреуге қызмет істейтін жұмысшы емес, өз істерін ашатын дайын кәсіпкер болып шығады. Біздің мақсатымыз да сол, - дейді Әлия Орынбекқызы.
Ол балаларға саяхат барысында ауданымызда қандай жобаларды жүзеге асыруға болатыны, кәсіпкерлер Палатасы тарапынан көрсетілетін қолдау түрлерін әңгімелеп берді. «Бұл күн біз үшін өте пайдалы болды» - дейді балалар.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
2014 жылғы ҰБТ-ға жалпы саны (279-дан) 61% құрайтын 170 мектеп түлектері қатысты. Оның 155-і қазақ тілінде оқитын, 55-і орыс тілінде білім алатындар.
Ұлттық тестілеугетек Қ.Аухадиев атындағы және Көкжота орта мектептерінен 100% қатысты. Ал Ж.Болғанбаев атындағы орта мектептен –88,9%, Үлкенбөкен мектебінен - 85,7, А.Пушкин атындағы мектептен - 80% тапсырды. ҰБТ-ға Көкжайық орта мектебінен 27,3% және М.Әуезов атындағы мектептен 36,8% қатысушылар саны аз болды.
2014 жылдың ҰБТ нәтижесі (5 пән бойынша) орташа 78,6 баллды құрап, (2013 жылғы орташа 67,2 баллдан) 11,4 баллға артық болды.
А.Пушкин атындағы, Новотимофеевка және Палатцы мектептерінен өзге барлық білім ордаларында орташа баллдың жоғарылағаны байқалды.Ағымдағы жылы жалпы білім беретін мектептердің ішінен ең жоғарғы орташа балл Үлкенбөкен орта мектебінде (94,5 балл), І.Жансүгіров атындағы (88,2 балл), Октябрь мектебінде (86,1 балл).
Аудандық деңгейден жоғары көрсеткішке жеткен ауданның 11 мектебін атауға болады. Олар: Үлкенбөкен (94,5), І.Жансүгіров (88,2), Октябрь (86,1), Преображенка (85,9), Көкжайық (84,7),А.Пушкин атындағы (83,8), М.Әуезов атындағы (82,0), Қ.Аухадиев атындағы (81,8), №1Самар мектебі(79,8), Мариногорка (79,3), Көкпекті (79,2). Аудандық көрсеткіштен төмен балл алған 8 мектеп бар. Олар: Абай атындағы (Үлгілімалшы ауылы) (77,3), (Бастаушы ауылы) Абай атындағы(77,0), Ж.Болғанбаев атындағы (75,7), Ж.Шайжүнісов атындағы (74,2), Көкжота (70,9), Казнаковка (69,3), Палатцы (64,0),Новотимофеевка (60,8).
Негізгі 4 пән бойынша 50 баллдық деңгейлік шектен төмен көрсеткішті 14% құрайтын 24 түлек алды. Бұл өткен жылдағымен салыстырғанда 2% кем (2013 жылы деңгейлік шектен төмен балл алған түлектер саны - 35).
2014 жылы «Алтын белгіге»10 мектептен 14 үміткер болған. Олардың 6-ы нәтиже көрсете алды. Бұлар – Мұқатаева Ақбота (І.Жансүгіров атындағы мектеп), Қожамбетова Қымбат (Октябрь мектеп-балабақша кешені), Бекбердинова Ақмаржан (Көкжайықмектебі),Гармашова Виктория (Көкпекті мектебі), Зарыпханов Темірхан (Ж. Болғанбаев атындағы),Құмаров Нұрлан (Ж.Шайжүнісов атындағы мектептің) оқушылары. ҰБТ қорытындысы бойынша ауданның 3 оқушысы үздік аттестат алады – Құсманова Алуа (Преображенка), Аққозинова Кәмила (№1 Самар мектебі), Дәуітбай Дәурен(№1 Самар мектебі)
Аудан бойынша ең жоғарғы көрсеткішке жеткен түлектер - №1 Самар мектебінен Аққозинова Кәмила - 122 балл, І.Жансүгіров атындағы мектептен Мұқатаева Ақбота – 118 балл, Ж. Болғанбаев мектебінен Т.Зарыпханов пен Көкжайық мектебі А.Бекбердинова,В.Гармашова Көкпекті мектебі – 112 балл, Преображенкадан А.Құсманова 111 балл жинады. Атап айтсақ, аудандағы 21 түлек 100-ден жоғары балл алды.
4 мектеп бітіруші 5 екілік алды. Оның 3 екілігі математика пәні бойынша, 1-еуі орыс тілінен, 1-еуі биологиядан.
2008 жылдың 18 наурызында шыққан № 125 «Үлгерімді ағымдағы бақылаудың типтік ережелерінің» 21 пунктін негізге ала отырып, бұл оқушыларға мектептерде сәйкес пәндерден қайтадан емтихан түріндегі қорытынды аттестациялау өткізіледі.
Ш.Мұстафинова, білім беру бөлімінің басшысы
Болашақтың жарқын болуы қазақстандық әр азаматтың өз қолында. Тәуелсіз Қазақстан бүгінгі әлемнің ең серпінді дамып келе жатқан елдерінің бірі. Саяси өміріндегі елдің күн тәртібіндегі тұрған негізгі мәселелер:
-Халқымыздың рухани-моральдық құндылықтарын дамыта беру
-Білім мен кәсіби даярлықты әлемдік деңгейге көтеру
-Жаңа заманауи технологияларды игеру
Сонымен қатар, соңғы жылдары елімізде құрылыстың теориясы мен тәжірибесі орасан зор дамуда. Өндірістік және азаматтық, қоғамдық ғимараттар қажеттілігінің өсуі, және де осы саланы Үкіметтің белсенді қолдауының нәтижесінде өз елімізде өндіріп шығарылған құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкцияларын пайдалану көлемі артуда. Жылдан-жылға тұрғызылып жатқан тұрғын үй көлемі артып, ескі үйлер орнына зәулім, әсем, жаңа заман талаптарына сай ыңғайлы ғимараттар бой көтеріп өркендеу үстінде.
Бұл аталған сала инвестициялық тиімділігі бойынша да алдыңғы қатарлы сала болып табылады. Адам, ұрпақ - бұл әлемдік ең жоғарғы құндылық. Жас ұрпақтың қажеттіліктерін іске асыру, оның өмірін бай-қуатты ету, бәсекелестікке қабілетті әлемдік деңгейде білім беру, жақсы төленетін еңбек және зейнеткерлікті барлық мүмкіндіктермен қамтамасыз ету мақсатында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көрегенділігімен тәуелсіз Қазақстан халқына арналған «Қазақстан-2050», «Мәңгілік ел» стратегиялық даму бағдарламалары дүниеге келді.
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті «Құрылыс» және «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын өндіру» мамандықтары бойынша біліктілігі жоғары инженер, инженер-жобалаушы, инженер-құрылысшы, инженер-технолог, инженер-техник ретінде жоғары білімді мамандарды даярлауда, оларға барынша жағдайлар жасау көзделінген.
Университет түлектері республикамыздың немесе шет елдердің кез келген алдыңғы қатарлы құрылыс компанияларында және озық технологиялы өндіріс орындарында жұмыс істей алады. Біліктілігі жоғары, бәсекелестікке қабілетті мамандық иесі келесідей кәсіптік қызмет түрлерімен айналыса алады және мүмкіндіктері бар: 1) Қажетті көрсеткіштердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, жаңа технологиялық шешімдерді енгізе отырып, өндірісті тиімдендіру, технологиялық процеске тиянақты бақылау жүргізу; 2) Жобалық құрастыру - құрылыс материалдары, бұйымдары мен құрылымдары өндірісі кәсіпорындарын қайта құрастыру бойынша жобалар жасау; 3) Өндірістік бақылау - құрылыс материалдары мен құрылымдардың өндірісі кәсіпорындары немесе олардың құрылымдық бөлімшелерінде ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу, бақылау және оларды басқару; 4) Тәжірибелік-зерттеу - технологиялық процестерді оңтайландыру мен өндірілетін өнім сапасын жоғарылату мақсатында тәжірибелік-зерттеу және есептеу, ғылыми зерттеу, сынау-тәжірибелік жұмыстарын жүргізу; 5) Ғылыми педагогикалық – жалпы білім беретін мекемелерде ғылыми педагогикалық қызметпен айналысу; 6) Жобалық іздестіру мекемелерінде заманға лайық бағдарламаларды пайдалана отырып, жұмыс жасау; 7) Жобалаудағы озық технологиялар мен есептеу бағдарламаларын қолданудың әдіс-тәсілдерін, ғимараттың конструктивтік элементтерін есептей білу, ЖОО орнында алған білімді тиімді пайдалана білу.
Бүгінгі таңда «құрылыс» және «құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын өндіру» мамандықтары бойынша оқып жатқан студенттер мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдаған. Себебі, осы мамандықтар бойынша еліміздегі өндірісті дамытуда ең озық жаңа технология түрлері көбеюде және мемлекет тарапынан қолдау да аз емес. Жоғарыда аталған мамандықтардың тиімділігі артып, сонымен қоса, осы жоғарғы оқу орнын тәмамдаған түлектердің еліміздің түкпір-түкпірінде жұмысқа орналасуына толық мүмкіндіктер бар деп бағалауға болады.
Ж.Уркинбаева, аға оқытушы, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.