Жыл сайын Көкпекті ауданында жаңа оқу жылы қарсаңында оқушыларға қолдау көрсетуге бағытталған республикалық «Мектепке жол» акциясы өткізіледі. Бұл игі бастама аясында қайырымды жандар мен демеушілердің қолдауымен балалар қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етіліп, жаңа оқу жылын алаңсыз әрі қуанышпен бастауға мүмкіндік алады.
Биыл да ізгі дәстүрден ТОО «Altai Resources» компаниясы шет қалмай, акцияға қолдау көрсетті. Компания мектеп қажеттіліктерін сатып алуға 2 000 000 теңге көлемінде қаржы бөлді. Осындай жүрекжарды қолдаудың арқасында ауданымыздың 100 оқушысы жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен, қажетті құрал-жабдықтармен қарсы алды.
31 тамыз күні аудандық Оқушылар шығармашылық сарайында 100 оқушыға мектеп сөмкелері мен қажетті кеңсе тауарларын табыстау рәсімі өтті. Сыйлықтар ауданның әртүрлі мектептерінде білім алатын оқушыларға берілді.
Іс-шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Ринат Кажиакберов, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Байсенгиров, аудандық «Halyk Bank» АҚ филиалының басшысы Жанар Есеркенова, ұстаздар мен ата-аналар, сондай-ақ жиынның басты қатысушылары – жаңа оқу құралдарына ие болған оқушылар қатысты.
Ринат Араратұлы, Серік Дүйсембайұлы және Жанар Слямханқызы балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оларға көтеріңкі көңіл-күй, мол білім, толағай табыс тіледі. Көп ұзамай оқушылардың иығына жаңа, жарқын түсті мектеп сөмкелері ілінді. Оның ішінде күнделік, дәптерлер, қаламдар және білім алуға қажетті басқа да оқу құралдары бар.
– «Altai Resources (Алтай Ресорсез)» ЖШС Көкпекті ауданында 2022 жылдан бері геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп келеді. Тұрақты даму мен әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, «Мектепке жол» акциясына қатысуға қуаныштымыз. Біздің компания үшін өндірістік жобаларды жүзеге асырумен қатар, аудан өмірінің бір бөлшегі болу, жергілікті бастамаларды қолдау және тұрғындардың әл-ауқатына өз үлесімізді қосу маңызды. Алдағы уақытта да Көкпекті ауданындағы әлеуметтік және қайырымдылық жобаларға белсенді атсалысып, жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта аламыз деп сенеміз. Көкпекті ауданының басшылығына – аудан әкімі Нұрбек Тұрсынқанұлына, оның орынбасары Азамат Кәрімұлына, сондай-ақ кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Дүйсембайұлына әлеуметтік маңызы зор бастамаларға көрсетіп келе жатқан тұрақты қолдауы мен ықыласы үшін айрықша алғысымызды білдіреміз, – деді компания өкілі Аслан Ерболұлы Ризабеков.
Кез келген бала үшін мектепке дайындық – жаңа оқу жылын асыға күтуге, жаңа достармен жүздесуге, тың білім мен тың дүниелерді тануға толы ерекше кезең. Сондықтан осындай игі іске бейжай қарамай, қолдау білдіретін жандардың көмегі балалар үшін айрықша мәнге ие.
Жақсылықтың шуағы әр баланың жүрегіне жылу сыйлайды. Ал білім жолына жасалған әрбір қолдау – елдің ертеңіне жасалған инвестиция. «Мектепке жол» акциясы да осындай ізгі ниет пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі болып қала бермек.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.