Жаз мезгілі – бүлдіршіндер мен мектеп жасындағы балалардың асыға күтетін ең қызықты кезеңі. Бұл мезгілде балалардың демалысын тиімді ұйымдастырып, олардың бос уақытын мазмұнды өткізу маңызды. Осы мақсатта ауданымызда түрлі мәдени-танымдық және шығармашылық іс-шаралар қолға алынуда. Солардың бірі – Көкпекті аудандық Оқушылар шығармашылық сарайының базасында жұмыс істеп жатқан «Толағай» жазғы орталығы.
Орталық өз жұмысын маусым айының 3-інен бастап, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, ой-өрісін кеңейтуге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Қазіргі таңда «Толағай» жазғы орталығына келушілер саны 50-ден асып отыр. Оның үстіне күн сайын орталыққа қызығушылық танытып, ағылушылар қатары артуда. Жас өрендердің бос уақытын қауіпсіз әрі пайдалы өткізуіне білікті педагог-тәлімгерлер – Келербекова Назым Жұмабекқызы, Джамбаев Ринат Қапасович және Сейтқазы Мәншүк Мүбаракқызы жауапты.
– Орталықтағы әр күн ерекше тақырыпқа арналып ұйымдастырылады. Балалар үшін Кино күні, Нептун күні, Пират күні, Эко күн, Еріктілер күні секілді танымдық әрі қызықты іс-шаралар өткізіледі. Мұндай бағдарламалар балалардың көңілін көтеріп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, ұжыммен жұмыс істеуге, табиғатты аялауға және мейірімділік пен жауапкершілік қасиеттерін дамытуға ықпал етеді. «Толағай» жазғы орталығы аудан бүлдіршіндерін қызықты әрі пайдалы демалысқа шақырады. Жазғы демалысын есте қаларлықтай өткізгісі келетін ата-аналар балаларын Оқушылар шығармашылық сарайына алып келе алады, – дейді орталық тәрбиешілерінің бірі Келербекова Назым Жұмабекқызы.
Орталықтың жұмыс кестесі: Дүйсенбі – жұма күндері аралығында.
Уақыты: сағат 09:00-ден 12:00-ге дейін.
Шаттыққа, достыққа және қызықты бастамаларға толы «Толағай» талай бүлдіршіннің жазғы естеліктерінен ерекше орын алатыны сөзсіз.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.