Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Әлемнің бірқатар елдерінде сәтті жүзеге асып жатқан шағын несие беру идеясының түпкі мақсаты – жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға өмір сүретін адамдар мен аз қамтылған отбасыларға бастапқы капитал бере отырып, өз істерін ашуға мүмкіндік беру. Несие алған адам жанына жақын іспен шұғылданып, өзінің және басқалардың да игілігі жолында жұмыс істеуге талпынады.

Ел халқының жартысынан астам бөлігі тұратын ауылдық аймақты дамыту - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ауыл тұрғындарын қолдаудың басты құралы ретінде бүгінде қол жетімді несие беру болып табылады. Алайда, шаруашылық-қаржы істерінде біз ойлағандай бәрі жатық па? Өз шаруашылықтарының көлемін ұлғайту мақсатымен ақша алған шаруалардың көбі бұл істің болашағы бұлыңғыр, көбінесе, банкротқа ұшырайтынын айтады.

Әр уақытта өзекті тақырыптардың ортасынан ойып тұрып орын алып отыратын мәселе – ол жұмыссыздық. Аталған қиындықты жеңу үшін елімізде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылған болатын. Оның екінші бағыты – «Тіректі елдімекендер мен кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыспен қамтамасыз ету» бойынша 3 млн. теңге көлемінде шағын несиелер беріледі. Бұл қаражатқа кәсіпкер жүріп тұрған бизнесін ұлғайтуға немесе жеке ісін ашуға мүмкіндік алады. Ауылды жерде мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, құс өсірушілік, халыққа қызмет көрсету және басқа да жұмыс түрлері кеңінен таралған.

Бағдарлама заңды күшіне енгеннен бергі уақытта көптеген жұмыссыздар мен өзін жұмыспен қамтып отырған адамдар оның мүмкіндіктері арқасында жеке кәсіпкерлікке бет бұрды. Аз мөлшерде болса да, масылдық пиғылдан арылып, табыс  табуға ұмтылды. Алайда, әр түрлі себептермен «тақырға отырып» несиеден жаңылып қалу қатерінде тұрған адамдар қатары да жоқ емес. Ал, ең сорақысы – кейбір кәсіпкерлер төлеуге шамасы келмейтін қарызгерлер тізіміне енуі мүмкін. Міне, сол кезде сот шешімдері мен жеке мүлікті тәркілеу оқиғалары орын алмақ. Істің насырға шаппауын болдырмау үшін осы бастан сақтандырма шараларын қолға алған жөн.

Ең алғашқылардың бірі болып несиелік серіктестіктің өкілдері дабыл қақты. Аталған серіктестік арқылы «Ертіс» СПК АҚ бағдарламасының операторы қарызгерлерге ақша бөледі. Шағын несиелер жылжымайтын мүлік, техника, малды кепілзатқа қоя отырып, округ әкімдерінің кепілімен беріледі.

Жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек, «Тобыл-Несие» несиелік серіктестігінің ауылдық округтерге 2011-2012-2013 жылдары берілген несиелері бойынша «Ертіс» СПК алдындағы қарызы 8,9 млн. теңгені құрайды. Ағымдағы күнге дейінгі мерзімде «Самар-Несие» несиелік серіктестігі «Ертіс» СПК АҚ-на берешек емес. Алайда, 440 970 теңге қарызы бар 5 несие алушы бар.

Тұрсынқан Закиров, «Самар-Несие» несиелік серіктестігінің төрағасы:

-Мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, құс шаруашылығы уақытқа аса тәуелді болып келеді. Біреулеріне белгілі бір уақытта мал сатып алу керек болса, тағы біріне уақытылы егін егу, көктемде балапандарды шығару қажет болады. Іс жүзіне келгенде көктемде сұраным берген тұрғындарға қаржы түрлі себептермен кешіктіріліп беріледі. Ол, тіпті, жаздың ортасында немесе жылдың аяғында берілуі мүмкін. Осының салдарынан ол құс, егіс немесе мал сатып алу үшін қолайлы келесі мерзімді күтуге мәжбүр болады. Бұл жағдайға тап болған көптеген қарызгерлер бізге қаржының мақсатты түрде пайдаланылуы туралы көрсетілетін есептемелердің уақытын шегеруді сұрап келген жағдайлары да кездесті. Тәжірибе бойынша алғашқы үш жылдың ішінде мал шаруашылығын жаңа бастаған шаруа өзіне шығын келтіре отырып жұмыс істейді. Сол себептен, несиелік серіктестікке қатысушылар мен ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер осы жылдан бастап мал шаруашылығы үшін демалыс мерзімін 3 жылға, ал өсімдік шаруашылығы үшін 2 жылға ұзартуды ұсынып отыр. Тек осындай жағдайда ғана бағдарламаның басты мақсатына – ауылды жерде шағын бизнестің түсімділігі мен өтімділігіне қол жеткізуге болады. Ал, қазіргі уақытта шаруалар, тіпті, іске кіріспестен бұрын пайыздық өлшемдерін төлеп, бір орындарынан қозғала алмай отыр. Мәселен, мал өсіру үшін оны сатып алу мерзімі шілде айынан бастап, қазанның алғашқы жартысына дейін созылмақ. Егер, шаруа алған 3 млн. теңгесіне бизнес-жоспарға сәйкес дер кезінде мал басын сатып алса, ол көктем кезінде төлдейді. Бұл төлдерді ол күз кезінде сатып, несиенің пайыздарын өтей алады. Әрі шаруа бірінші демалыс жылында тек пайыздарды ғана төлейді. Біздің жағдайымызда ол 7 пайыз. Айта кетерлігі, несиелік серіктестікте бұл қаражат 5.64 пайызбен беріледі. Өз ісін ашамын дегендердің жолында кездесетін тағы бір кедергі – ол несиені 10 пайызымен қамтамасыз ету талабы, яғни жарғылық капитал болып табылады. Ал, жұмыссыз жүрген адамның қалтасында 300 мың теңгенің жатуы екіталай. Сол себептен, бұл ақшаны олар туыстары мен таныстарынан, өсімқорлардан қарызға алады. Немесе алынатын несиеден төленетін тағы бір қосымша несиені рәсімдейді. Аталған мәселені жарғылық капиталды қарызгер несие алған уақытында ұстап қалу жолымен шешуге болар еді. «Ертіс» ӘКК несиелік серіктестіктерге әр тоқсан сайын жабылатын несиенің графигін береді. Ал, олар өз кезегінде оны қарызгерге тапсырады. Осы орайда, ауылдық округ әкімдеріне несиелік серіктестік төрағасымен бірлесе отырып, әр тоқсан сайын, яғни 15-20-сы күні несиені жабудың мерзіміне мониторинг жасауды ұсынамын.

Ринат Раисов, «Тобыл-Несие» несиелік серіктестігінің төрағасы:

-Жарналарды дер кезінде төлеу бойынша қарызгерлермен күнделікті жұмыс жүргізіледі. НС есепшісі Ж.Акчабарова ақшаның түсуін әр ай сайын қадағалап отырады. Мерзімдер мен уақыты өтіп кеткен жарналар туралы ауылдық округ әкімдері мен қарызгерлерге ескерту хат жібереді.  А.Альпиев (Үлгілімалшы а/о), С.Васильев (Самар а/о) сынды кейбір қарызгерлер хабарласудан қашады, телефон қоңырауларына жауап бермейді. Қарызгерлер несиені алғаннан соң 5 ай бойы алынған қаражаттың мақсатты түрде пайдаланылып жатқандығы туралы есеп беріп, өз істерін ашулары тиіс. Егер осы мерзім ішінде несие қорлары мақсаты бойынша пайдаланылмаса, онда несие қайтарылады. Және ол несиенің 25% көлеміндегі айыппұлмен қайтарылуы керек болады.

Гүлнар Асауп, Миролюбовка ауылдық округінің әкімі:

-Миролюбовка ауылдық округі бойынша қарызгерлерге тоқталсам, Альмира Оспанова, Валерий Ким, Бронислав Ким, Янна Ким аталған округте тұрады. Бірақ, олар көкөніс шаруашылығымен Құлынжон және Палатцы округтерінде айналысқан еді. Сол себептен, осы кәсіпкерлер 2012 жылы несие алған кезде оларға сол округтің әкімдері қолғабыс жасаған болатын. 22 шілде күніне дейін аталған кәсіпкерлердің қарызы 641 816 теңгені құрап отыр. Олармен қарызды жабу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Келесі күні, яғни 23 шілдеде кәсіпкер Людмила Ким 386 мың теңгені құрап отырған өзінің берешегін толығымен жауып тастады. Ал азаматша Альмира Оспанова қарызын төлеуден үзілді-кесілді түрде бас тартты. Таяу арада қатаң шаралар қабылдауға тура келеді деген ойдамын.

Рауя Наурызбаева, Биғаш ауылдық округінің әкімі:

-Ауылдық округ бойынша қарызгер «Жаманғара» ШҚ, Гүлнар Нұрғалиеваның берешегі 5 млн.154 мың 947 теңге сомасын құрап отыр. Жоғарыда аталған кәсіпкер несиені ауылда жаңа жұмыс орындарын ашып, ауылдастарының тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында алған болатын. «Ә» дегеннен-ақ, жұмысы өрге қарай домалай бастады да, Г.Нұрғалиеваның шағын наубайханасы округ халқын нанмен қамтамасыз етіп отырды. Бірақ, қазіргі таңда наубайхана жұмысына арналған ғимараттың болмауынан (кәсіпкер оны бұған дейін жалға алып отырған болатын), іс тоқтап қалды. Бүгін біздің қолымызда «Ертіс» ӘКК келісімін берген «Тобыл-Несие» төрағасымен Г.Нұрғалиеваның жарғылық капиталынан 200 мың теңгені алып тастау туралы келісімшарт бар. Қалған 59 мың теңге ай сайын аз мөлшерде төленіп отырады. Қарғалы ауылындағы ЖК «Фазылова» ірі қара мал, жылқы, қой малдары кіретін үлкен шаруашылық ұстай отырып, 10 тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда қаржылық жағынан аздаған қиындықтар туып отыр. Алайда, олар осы айдың аяғына дейін шешіліп, олар қарызды толығымен өтейді.

Ольга Ким, жеке кәсіпкер, Құлынжон ауылы:

-Өткен жылы біз жақсы астық жинап, оны сатудан да қиындық көрмеген едік. Бірақ, биылғы жыл басындағы қатқақтың салдырынан егістікте жатқан қарбыздардың түгелі дерлік үсіп кетті. Соның нәтижесінде біз айтарлықтай шығынға ұшырадық. Ал, ол шығынның орнын толтыру үшін бізде сақтандыру болмады. Екі-үш айдың ішінде берешегімізді қайтаруға тырысамыз.

Ауылдық округтерден несие аламыз деген жаңа қарызгерлер өз ісін ашып, бизнесін ұлғайту мүмкіндігін пайдаланып қалуға тағы бір мәрте тырысып бағады. Сол үшін де олар несие қорларының екінші траншын асыға күтуде. Алайда, олардың үміттері бір күні ақталмай қалуы әбден мүмкін. Себебі, алдында берілген несиелер бойынша қаражат қайтарылмаған күйде қалған...

Қанат АПСАДЫҚОВА

 

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
29 30 31      

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз