Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

– Таэквондо спортын таңдауыңызға не себеп болды?
– Мен бала күнімде бокс спортына қызығушылық танытқан едім, бірақ ол арманым нәтижелі болды дей алмаймын. Көкпекті орта мектебін 1990 жылы бітірген соң Алматыға ат басын бұрдым. Ол жаққа барған соң спортқа қатысы жоқ экономика мамандығы бойынша оқуға түстім. Сол тұста Мұстафа Өзтүріктің жұлдызы жанып, таэквондо спортын қазаққа кең танытқан кезі болатын. Мұстафаның шәкірттері жер-жерде мектеп аша бастаған еді. Қиын спортқа қызығушылық танытқандардың қатарына қосылып, мен де Бексейіт деген ағамның қол астында жаттыға бастадым. Бала күннен бейімделіп өспегендіктен алғашында ауырлау болды, алайда тез үйреніп кеттім. Оқу оқи жүріп үш жылдай дайындалып, біршама жарысқа қатысып нәтижеге жеттім. Қысқаша айтқанда, Қазақстандағы таэквондо биігіне шыға алдым. Одан кейін әскерге аттанып кеттім де, тұрақты дайындықтан біраз қол үзіп қалдым. Кейін әскерден келген соң жаттықтырушы болып шәкірт тәрбиелеуге кірісіп, ауылға ат басын бұрдық.
– Ауылдан чемпиондар шығаратыныңызға сеніп келдіңіз бе?

– Сол тұста Семейде де таэквондо жақсы дами бастаған болатын. Жаттықтырушылармен, таэквондо федерациясымен сөйлесе келе ауылға кеттім. Қай салада болмасын ауылдың балалары өзін мойындата білетіні заңдылық. Әлемді мойындатқан талай-талай чемпион ауылда тамыр жайғаны белгілі. Ең бастысы, ауылдың балалары физикалық тұрғыдан жүз пайызға дайын болады. Оларға теория мен әдіс-айланы үйретсең болды, физикалық тұрғыдан кез келген спортқа дайын. Содан кейін психологиялық тұрғыдан көп дайындау керек. Осы дайындықтардан дұрыс өтсе, ауылдың баласы діттеген жеріне жете алады. Сондықтан ауылдан нәтиже шығатынына сендім, белгілі бір жетістікке жетпесем де, дені сау, денесі ширақ ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосармын деген мақсат болды.

Екі жарым мың еуро төлейміз деді
– Кейін жетістікке жеткен соң ел астанасына, шетелге жұмысқа шақырды деп естідім. Неге бармадыңыз?
– Иә, мені елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына, Өскеменге, Семейге шақырды. Ал шет елдерден Ресей, Германия сияқты елдер жұмысқа шақырды. Олардың ешқайсысына барғым келмеді, әлі де бармас едім. Өйткені маған ақшадан ауылдың балалары қымбат. Бір биік болса да, ауылымның балалары шыққанын қалаймын. Мысалы, маған Германия үш жылдық келісімшартқа отырып, ай сайын 2,5 мың еуро төлейік деді. Ресей де солай қомақты қаржы төлейтіндерін айтты.

– Тірлік үшін қаржы қажет қой. Ойланған шығарсыз?
– Жоқ, ойланбадым, оларға бірден бармайтынымды айттым. Қайталап айтам, маған ауылдың балаларының жетістігі қымбат. Тағы бір жағы, мен баланы жақсы көретін балажан адаммын. Баланың жүрегі таза, ниеті аппақ қой. Сондықтан ауылдағы балалармен жұмыс істеп, жаттықтырушы болып жүргенім артық. Ақша тапқым келсе, экономика саласында жұмыс істер едім ғой. Жалпы, бапкер көп пайда таппайды, соның ішінде ауылдағы бапкерде ондай мүмкіндік жоқ. Ауылдың балаларын ақылы түрде дайындау мүмкін емес. Сондықтан пайда табу деген санадан әлдеқашан арылғанмын. Қазіргі таңда шәкірттерімнің жеткен жетістігіне қарай менің жалақыма үстемақы қосылып отырады. Соны қанағат етемін.
– Сонымен, ауылдың балаларын қай биікке шығардыңыз?
– Бүгінгі таңда Көкпекті ауданының №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде алпысқа жуық баланы таэквондо спортына баулып жатырмын. Таэквондоның екі түрі бойынша бірталай жетістікке жеттік. Осыған дейін жеті Әлем чемпионатының жүлдегерін, төрт Азия чемпионы мен жүлдегерін, 20-дан астам халықаралық біріншіліктер мен Қазақстан чемпионатының жеңімпаздарын тәрбиеледім.
Жалпы, таэквондо екі түрге бөлінеді: WTF (олимпиадалық бағыт) және ITF (жауынгерлік бағыт). Жауынгерлік ITF бағыты бойынша 2002 жылы Санкт-Петербургте өткен Әлем кубогында алғаш рет Самат Мәкенов жүлдегер атанған болатын. Одан кейін Эстонияда өткен Әлем чемпионатында Марат Қасамбаев жеңімпаз атанып, жеңіс тұғырына көтерілді. Сондай-ақ Алматыдағы Азия чемпионатында Самат Мәкенов тағы да жүлдегер атанса, ал Антонина Котляревская есімді шәкіртім Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Антонина Котляревская Непалда өткен халықаралық жарыста да жүлдегер атанды. Сонымен қатар Еркебұлан Зияш пен Рахат Байсақалов 2016 жылы Минскіде өткен кадеттер арасындағы Әлем кубогының жеңімпазы болып қайтты. Анатолий Бойко деген спортшымыз Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен халықаралық жарыста Азия чемпионы атағын жеңіп алса, Рахат Байсақалов та сол жерде жүлдегер атанды. Юрий Шаров Болгариядағы халықаралық жарыста жүлдегер атанып, бір биікті бағындырып қайтты. Ал жалпылама айтқанда, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондары, әртүрлі халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ретінде Меруерт Жақыпбаева, Қайрат Сембинов, Шыңғысхан Серікбай, Самал және Динара Ғазизоваларды атауға болады. Бұл аядай ауыл үшін аз жетістік емес деп ойлаймын. Соңғы екі жылда уақытымыз зая кетті. Біршама спортшымыз өз мүмкіндіктерін өлтіріп алды. Бір қуанарлығы, қазіргі таңда ұлттық құрамада төрт спортшымыз жүр.

– Спортшының уақыты өлшеулі дейсіз ғой?
– Әрине, спортшы үшін әр күн, тіпті әр минут өлшеулі. Мысалы, спортшы жарысқа дайындалу барысында бір апта жаттығудан қалса, мүмкіндігі бір жылға шегерілуі мүмкін. Ал біз екі жылымызды пандемиямен өткізіп алдық. Бабы келіп тұрған балалардың жолы байланды да қалды. Енді кемеліне келіп тұрған оқушыларымыз жарыс жоқ болғандықтан бағындырар биігінен айырылды. Дер кезінде жарысқа қатыса алмағандықтан енді оларға спорттық дәреже де берілмейді.

– Бапкер ретінде баланы қалай танисыз?
– Ең бірінші, баланың денсаулығына қараймын. «Бала спортпен айналысуға жарамды ма?» дегенді білу керек. Мен баланы шәкірт ретінде қабылдағанда міндетті түрде бәрінен чемпион шығарам деп емес, болмағанда дені сау болып өседі дегенді де ойлаймын. Ал болатын баланың бәрі көзінен көрініп тұрады. Көзінде оты бар баланың бойындағы талантты еңбекпен ұштау керек. Чемпион болатын бала жаттығу барысында танылады. Мысалы, Анатолий Бойко деген шәкіртім төрт жылдан кейін барып өзінің мүмкіндігін көрсетіп, жетістікке жетті. Баланың ынтасы мен еңбекқорлығын да бағалау керек. Біздің ауданда осыған дейін балалар үйі болған, қазір жабылып қалды. Сол жерден де талантты балаларды танып спортқа баулыдым.

– Балалар үйінен талантты балалар көп шыға ма?
– Иә, бар. Балалар үйінен 12 шәкіртім болды, соның төртеуі жоғары деңгейдегі жетістікке жетті. Қалғанының да жетістігі жаман емес. Олардың спортқа керекті киіміне, жарысқа қажетті қаражатына ауданымыздың кәсіпкерлері көмектесіп тұрады. Өзіме біреу қолғабыс тигізем десе, сол балаларға беруін өтінемін. Жаңадан ашылған спорт кешенінің ішінде жаттығу залы бар, соған кәсіпкерлер 4 млн теңгелік «даянг» (күрес кілемі) алып берді. Жалпы, бізге жан-жақты қолдау болып жатыр.

– Жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?
– Мен өзім әке жолымен спортқа бет бұрдым деуге болады. Әкем – күрестен Қазақстан чемпионы. Сол сияқты менің де жолымды қуған балаларым бар. Екі қызым өз жолымды қуып таэквондомен айналысты. Біреуі Қазақстанның спорт шебері дәрежесіне жетіп, Тәжікстанда өткен халықаралық жарыста үшінші орын алды. Екінші қызым – Қазақстанда өткен бірнеше жарыстың жүлдегері. Ал үшінші қызымды волейболға берейік деп отырмыз. Жалпы, қай спортпен болсын балалар айналысу керек. Спортпен шұғылданған баланың болмағанда денсаулығы жақсы болып өседі.

– Алдағы мақсатыңыз қандай?
– Кез келген жаттықтырушының мақсаты – лимпиада чемпионын шығару. Сол сияқты мен де шәкірттерімнің ішінен олимпиада чемпионын көргім келеді.
– Сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан
Қызырбек Дүргінбайұлы

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Тамыз 2021 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз