Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

«Біздің халық ән құмар халық. Біреу қолына домбыра алып, ән сала бастаса, ойдағы – қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қаумалап,айтшы – айтшылап жанын жағасына келтіреді.
Бара – бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады.»
С.Торайғыров

М.Әуезов атындағы орта мектебінің салтанат залында ауылдастар арасындағы өнерпаз қауыммен мектеп оқушыларының кездесуі ұйымдастырылды. Музыкалы шарада ауылдағы мәдениет ошағының өткен тарихы экраннан көрсетіліп жатты. 1960 жылы іргетасы қаланған ауыл клубының елге деген қызметі сонау тоқырау жылдарының дүрбелеңі кезінде де бір сәт тоқырамай ауылдағы өркениет пен мәдениеттің түп қазығы болып, бүгінгі күнге дейін халықпен бірге жасап келеді.
Іс-шараның шымылдығын әнші қызымыз Жібек домбырашылар ансамблінің сүйемелдеуінде «Гүлдерайым» әнімен ашты.Бұл кездесу жасөспірімдерге рухани тәрбие беру мен ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру мақсатын көздеді. Кездесуге дәстүрлі әнші Катрен Байжұманов, халық әндерін нақышына келтіре орындайтын әуесқой әнші Мақсұтхан Рақымбек, ән айтудың қыр-сырын жетік меңгерген Мейрамгүл Мауытханқызы, әнші Шынар Мұқанова мен бірнеше ұлттың тілінде шырқап көрермен көзайымына айналған Гүлнар Камзина, кәсіби музыкант, дирижер Айман Бапабаева, музыка пәнінің мұғалімі ұлттық музыка мен әндерді насихаттаушы, домбырашы Гүлнар Алкеевалар құрметтеп шақырылды. Елге қуаныш пен шат көңіл сыйлаған ауыл сахнасы саңылақтарының жас ұрпаққа айтары болды.


Қазақ халқының рухани жәдігерлерінің ішіндегі бай мұрасының бірі – дәстүрлі әндер. Киелі қара домбырасымен сахнаның көркін келтірген Катрен мырза халық композиторы Кенен Әзірбаевтың «Жаса, Қазақстаным!» әнін шырқап, көпшіліктің сұрауы бойынша Майлықожаның термесін өзгеше бір нақышпен орындаған әнші балаларды ұлттық саз бен әуенді қастерлеуге, үйренуге шақырды.
Келесі қонағымыз Мақсұтхан Рақымбек шыр-қаған «Елеке жайлауым» әні осыдан отыз жыл бұрын жергілікті қос өнерпаз, К.Байжұманов мәтінін, әуесқой сазгер Тасқайнат Алкеев музыкасын жазған қолтума туынды. Әннің құлаққа жағымды әуені мен мағыналы мәтінінен «Тау арасында жүргендей әсерде болдық» десті көрермендер.
Мейрамгүл Маутқанқызы сахнада қазақтың халық әні «Бір баланы» асқақтата шырқады. Ал осы әннің шығу тарихын да көп адам біле бермейді. Ол жалпақ жатқан Сарыарқаны жайлаған ел салтанатының жарқын көрінісін елестететін көркем ән болатын. Жиырмасыншы жылдардың аяғында конфискация дүрбелеңі басталып, ұжымдастыру мен сауатсыздықты жою науқаны қосылды. Коммунистік идеология «Жаңа үлгідегі» әндер жасау керек деп шешіп, демеушілікке шақырған кезде, ежелден бір сөзіне қылау түспей, кінәрат шалмай ,саф алтындай жарқыраған ән алғашқы сыр-сипатынан ажыраңқырап шыға келген екен. Тек «Бір ғана» деген атауы «Бір бала» болып, қозысынан айырылған қойдай боп, кешегі күні қыз-бозбала шырқайтын, көш қызығын келтіретін әннің бастапқы сөзі ұмытылып өзгеріске ұшырайды. Ол әннің шын мәнісіндегі аты «Қозыкөш» екен.
Жүргізуші ұлттық музыканың ежелден ұрпақ тәрбиелеудегі рөлі орасан зор екенін, сол арқылы адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелеу үрдісі үзіліп қалғанын тілге тиек ете отырып, қонақтарға сұрақтар қойып отырды.
Ән айтуды анасынан мұраға алған Шынар Мұқанова ән кешінде Сапарәлі Сүгірәлиевтің «Жұлдызым» әнін иірімдеріне бойлай ажарландыра салса, тума талант музыка маманы Айман Бапабаева халық әні «Қамажайды» нақышына келтірді. Дүниеге келгеннен ақ анасының бесік жырына елти, әсем әуезден ғибрат алған қыз ширек ғасырдан астам уақыт бұрын музыкалық училищені бітіріп, содан бері қаншама балғын өнерпазды баулып ән қанатын байлап ұшырды.
Қиыншылықтарға төтеп беретін рух, сол рухты көтеретін, ішкі жараны жазатын әуез, таза үннің нәрі жетіспегендіктен адамның ішкі дүниесі, сезім әлемі індетке шалдығады
Ұстаздықпен тел өнердің алуан қырын игерген Гүлнара Камзина заманауи жас буынның қандай әнді тыңдап, қандай әуенге құштар болатыны жөнінде толғана ой қосып, композитор Бақытжан Байқадамовтың «Шолпан» әнін келістіре орындап берді. Сазды кештегі өнер кезегі майталман музыкант, ұстаз Гүлнар Алкееваға жетті. Зайыбы Тасқайнат екеуі ертеректе Семейдегі М.Төлебаев атындағы әйгілі музыка училщесін тәмамдап келіп, Тассай жерінде ұзақ жылдар ұстаздық етіп келеді. Гүлнар Теміржан Базарбаевтың «Ауылым- әнім» орындады. Зал тебіреніспен қосыла шырқады. Киелі мекен, туған жердің құдіреті-ай, шіркін!
Кеш те мәресіне жетті. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін аулымыздың әкімі Ержан Құдайбердіұлы айтты. Бүгінгі өнер кешінің қазақ баласы үшін тәрбиелік мәні зор, мағынасы үлкен, болашақ ұрпақтың өзінің кім екенін, өз Отаны, өз ана тілі, өз дәстүрі бар екенін ешқашан ойынан шығармауын, қастерлеуін қажет екенін ойына салып отыратын маңызды шара екенін тілге тиек етті.
Табиғаттың тебіренген, қуанған шағының перзенті – әнші десек, сол перзенттің іздеушісі де, иесі де халық. Біздің халық өз рухани байлығына немқұрайлы қарамай, ұрпағына аманат еткен халық.Ұлттық өнерді болашаққа апаратын бүгінгі мектеп оқушылары. Ендеше, екі сағатқа созылған ән кешінен ұстаз да, шәкірт те өзінше ой қорытып қайтқаны анық.

Мейірлі Садыкова, ұстаз,
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Наурыз 2019 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз