Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Ұшы-қиырсыз кең даланы тіле салынған тас жолмен зулаған көлік ішінен әсем ән төгіледі. Таңғы самалмен бірге көсіле салынған халық әні дала бозторғайының үнімен ұласқандай. Таңсәріден ән салған кім деп ойларсыз? Бұл Көкпекті ауданы, Самар ауылынан «Асыл қазына» этно-фольклорлық әжелер клубының мүшелері. «Жол тынымсыз тартқан алға, жүрегімді нұр шалады», - деген өлең жолдарындай, әні мен сәні жарасқан әжелер жолдың ұзақтығын да елеместен Тарбағатайды бетке алып бара жатыр. Қ.Сәтбаев атындағы ауылдық округке қарасты Сәтбаев ауылының 50 жылдық мерейтойының құрметті қонақтары ретінде шақырылған бұл топ әрі аудандық Мәдениет үйі ұйымдастырған «Туған ел - алтын тұғырың» атты әжелер байқауына қатыспақшы.
Табиғатының ерекшелігімен баурап алатын, Тарбағатай тауын бөктерлей созылған тау сілемдері мен жоталар көмкерген алып жазықта, Зайсан көліне құятын Тебіске, Қарғыба, Базар өзендері мен мыңдаған бұлақтары суымен тыныстаған Ақсуат өңірінің қаншама тарихы қаншама жазушыға қалам ұстатпады. Бүгін міне, кейіннен құрылған Сәтбаев ауылы да өзінің жарты ғасырлық тойын атап өтуде.


Әрбір тасы мен бұтасы, әрбір төбесі мен жотасы, жусаны мен изенінің иісі бұрқырап,шеңгелінің сырғасы сыңғырлаған осы жерде туып-өскен адам үшін ең ыстық мекен – Сәтбаев. Ағыл-тегіл мол дастархан, далада бәйге аты жортқан,саябақта ән-жырдан шашу шашылған мерейтойлық шараның ең бір есте қаларлықтай, ғибраты мол сәті-әжелер ансамбльдерінің сайысы болды. Ауданның сегіз ауылынан жиналған әжелер легіне біз де қосылдық. Ең басты талап – халық әнін орындау. Сахна төріне сегізінші болып шыққан «асылқазыналықтар» халық әні «Бипылды» үш дауыста орындады. Көрермендер біздің әжелер сахнаға шыққан қол соғып, қонақкәде ретінде орындаған «Ертісім» әні шырқалғанда орындарынан тұрып кетті. Ақсуат аудандық Мәдениет үйінің директоры бас болып құрылған қатаң да білікті қазылар алқасының сынынан сүрінбей өту оңай болған жоқ. Неше жылдан бері сахнаға төселіп қалса да, әжелер қобалжулы еді. Міне, шешуші сәт те туды. Көкпекті ауданы, Самар ауылынан келген «Асыл қазына» әжелеріне бірінші орын беріледі дегенде, бізден бұрын көрермендердің дауысы қатты шыққандай болды. Әрине, біз үшін бұл үлкен мәртебе еді. Алдыңғы буынының жастары сексенді алқымдап қалған клуб мүшелерінің өздері жасарып кеткендей, бірін-бірі қуана құттықтасып жатыр. Балалары мен немерелеріне, шөберелеріне үлгі боларлықтай тағы да бір игілікті іс тындырғандарына қуанады.
Қазылар алқасы «Асыл қазына» этно-фольклорлық клуб әншілерінің өнерін өте жоғары бағалады. «Сахна мәдениетін білетін, әнді неше дауыста орындай алатын мұндай топ некен-саяқ, бар болса да, кәсіби мамандар араласқан топтарда кезігеді, ал сіздер музыкалық арнайы білімі болмаса да, кереметтей орындау шеберлігіне иесіздер»,- деді бірауыздан қазылар алқасының мүшелері. Бұл арада музыкалық жетекші Асқар Досқалиұлы Нұрмұханбетовтың да біліктілігі аталмай қалмады.
Ақсуатқа біздің бұл бірінші сапарымыз емес. Алдыңғы жылы Ақсуат саз мектебінде Т.Нұрсапин атындағы домбыра сыныбының ашылу салтанатына да қатысып, Мәдениет үйінде өнер көрсеткен болатынбыз. Екі ауданның арасына жол салып, өнер шеберлігімен алмасуға мүмкіндік жасаған менің сыныптастарымның сіңірген еңбегі зор. Осы сапар барысында да олардың құрметіне зор алғыс білдіремін. Әжелерім де ақ батасын берді. Сонымен бірге біздің ұжым сапарымыздың сәтті болуына атсалысып,демеуші болған ауыл азаматтары аудандық маслихаттың депутаты, «Қалисатарұлы» ШҚ басшысы С.Жотабаевқа, ауылдық округ әкімі А.Күдербаевқа, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Көкпекті аудандық жер кадастры және техникалық тексеру бөлімінің басшысы О.Сеңгірбаевқа, аудандық ТЖ бөлімінің басшысы Қ.Әңкебаевқа, кәсіпкерлер И.Масалимов пен С.Жадықпаеваға шексіз алғыс білдіреді.
Көңіл шіркін көтеріліп жүргенге не жетсін. Әбден ескірген сахналық киімдерімен барса да, өнерлерімен жарқырап көріне білген өнерпаз апалар қуаныштан шалқып қайтты. Жол бойы екінші тыныстары ашылғандай, толассыз әнге салып, туған ауылдары Самарға қалай жеткендерін де сезбегендей. Алда талай жоспарлар бар, олар да осы сапарымыз сияқты сәтті жүзеге ассын деген тілекпен тарасқан әр әженің ойында кеткені анық. Зейнет демалысында отырса да, ұлт өнері, дәстүрі мен салты ұмыт болмасын деумен шырылдап жүрген ұжым мүшелеріне мен шын ниетіммен алғыс айтамын. Анттарына берік жауынгерлер сияқты,бір шараның шетін бастасақ, бір кісідей жұмылып, ауырып-сырқағандарын да ұмытып кететін әжелерге мың рахмет.


Клара Қабділәшімқызы,
«Асыл қазына» этно-фольклорлық клубының жетекшісі,

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2018 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
31          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз