Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Ауданымызда аталып өткен Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдық мерейтойы жұртшылықтың есінде қалар мерекелі, берекелі іс-шара болды. Тойдың қызығы республикаға танымал ақындардың айтысы еді. Айтыс керуенін елімізге әйгілі ақын, мәдениет қайраткері Жүрсін Ерманның бастап келуі де жиынның көрігін қыздырып, мейрамның мерейін үстем етті. Айтысты көргенде арманда, көрмегенде арманда демекші, айтысты келіп көре алмағандар үшін, тұшынып естіп, сүйсініп қарай алмаған ағайынға айтыстың жазбаша нұсқасын ұсынамыз.
Баға жетепес құндылықтарымызды игілілікке жаратайық, ағайын!

 

Марат Ахметов:
Сөзімнің мән берсеңдер орамына,
Айтқаным көңіліне қонады ма?
Ассалаумағалейкум, Көкпекті елі,
Ыдысың ырысыңа толады ма?
Алдымен сөз бастаттың мына маған,
Жұрт қолын есесіне соғады да.
Тасыған мейманасы жөргекті елдің,
Құрметтер жолдас пенен жораны да.
Сөз түгіл сақтап жүрген сыбағасын,
Алдымен ұсынатын қонағына.
Болмайын жабыдайын күйі кеткен,
Төгейін сүбелі сөз сүйір еттен.
Армысың, ағайындар, ақындарға,
Айқара құшақ ашып, пейіл еткен.
Киелі жерге бүгін қадам басты,
Аямай тәңір нұрын құйып өткен.
Найзасы батырының - дұшпанына,
Маңдайы - көк аспанға тиіп өткен.
Ақыны кең даласын, сай-саласын,
Қашанда қызыл тілге тиек еткен.
Қалиқан ақыныңды ардақтайсың,
Мекенін жүрегімен сүйіп өткен.
Үш бірдей бәйтерегін жадында ұстап,
Өшпестей санасында түйіп өткен.
Ай, Көкпекті қасиетіңнен айналайын,
Бар жақсы құшағына сыйып өткен.
Теректей бой көтерген баласының,
Еңсесін бәйтеректей биік еткен.
Жырлауға Қалиқанды алуан мерген,
Келіп тұр алуан мерген алуан жерден.
Ағайын мен де келдім екі бірдей,
Есеттің кіндік қаны тамған жерден.
Ырғыздың даласынан Ырғызбайлар,
Тамырын тектіліктің алған жерден.
Тұрғызған Тақияны Құнанбай мен,
Тарих боп Досжан ишан қалған жерден.
Рымбайдың Розасының бағын жаққан,
Әлияның шоқ жұлдызы жанған жерден.
Бақ беріп, бата беріп Әміреге,
Парижге шығарып салған жерден.
Әкімі әкімдердің Бердібектің,
Қадіріне өзіңнен соң қанған жерден.
Шығыстан шыққан күннің шұғыласы,
Бір жарым сағаттан соң барған жерден.
Болмайды бізге бүгін бар адам бай,
Болайық бауырынан тарағандай.
Тобажан, айналайын, аманбысың?
Жүрейік дұшпандарға табаланбай.
Себебі екеумізді тап қылғанда,
Сезімде болдым жаңа балағадай.
Қай жеріңіз шымырлап кетті екен,
Дәрігер инесін кеп қадағандай.
Елінен Көтібардың келгеннен соң,
Әсері болған жоқ қой маған ондай.
Мен емес тілге ілесіп кесер беттен,
Демессің кесер беттен есер неткен.
Тобажан Қалиевтің шәкіртісің,
Айтысып жастайыңнан төселмеп пе ең?
Халыққа бір қызықты көрсетейік,
Қалихан айтысқандай Көсембекпен.
Қанекей көсеуіңді қамдап отыр,
Жасыңнан емес пе едің дос еңбекпен.
Сен өзің қасымасаң қотырыңды,
Сипайтын маңдайыңнан шешең деп ең.
Көсеуің іске аспай қалып жүрер,
Жырыңды төгер болсаң нөсерлеткен.
Жүрмегін күйін кешіп Көсембектің,
Жеңіліп Қалиханнан есең кеткен.

Тоба Өтепбаев:
Төгілсін мына тойда шекер ғана,
Шамам келсе өзімді етем қара.
Мен деген Көтібардың ұрпағымын деп,
Маратжан айттың жаңа бекер ғана.
Қалиқандай ардақты бұл ақынның,
Тойында сөз болмасын көтен ғана.
Сондықтан ірі сөйле шамаң келсе,
Аузыңды көкке қарай көтер бала.
Бір сәлем Көкпектінің ауданына,
Балалары ұқсап туған тауларына.
Ахмет Байтұрсынның ауылынан,
Алғаш рет келіп тұрмын алдарына.
Киелі Көкпектіні мекендепті,
Қазақтың би мен батыр хандары да.
Ассалаумағалейкүм, бұл ауылдың,
Дуалы ауыз ақсақал, шалдарына.
Ас беріп жатқан елге алғысым зор,
Қалиқан атамыздай заңғарына.
Жалғасы бүгін болды, өткен жолы,
Осы той жаңғыртыпты Жарманы да.
Бұл жерге келіпті ғой атамыздың,
Шәкірттері және де балалары да.
Бәріңе құтты болсын айта келдім,
Бұл тойдың қорғасындай салмағы да.
Күні кеше атамыз ел жұрты үшін,
Аянбай күш жігерін салмады ма?
Енді бүгін ел жұрты есіне алып,
Ескерткіш орнатыпты ардағына.
Артында елі қалған ерім дейтін,
Жоқ шығар атамыздың арманы да.
Көкпекті сен кімдерге дес беріп ең,
Кең далаң секілді екен кесте кілем.
Сөз қадірі қашқалы қашан қазір,
Бұл қоғамның ауруын беске білем.
Эстрадаға құмартып елдің бәрі,
Еліріп айрылып ед, естерінен.
Эфирден қазір де айтыс берілмейді,
Экранға толды ғой кеще кілең.
Кешегі Қалиқандай аталар ай,
Өмірдің сынбай өткен өткелінен.
Айтыстың көшін алға сүйреп жүріп,
Сен қандай саясаттан сескеніп ең.
Сөзіме құлақ түрер адам таппай,
Бетімді қайтарып ед бөспе кілең,
Жаңым жүдеп жүрген кезде,
Қалиқанның ауылына келгенді қош көріп ем.
Шалқып тасып қалдым ғой шабыттанып,
Көкпектінің күш алып кештерінен.
Ал енді қарсы алыңдар, келді алдыңа,
Жүрсін ағам бастаған көш керуен.
Жеріне Көкпектінің төрлегенде,
Ең алғаш естіген сөз сен де, мен де.
Көкпектінің халқы көптен бері,
Дәл мұндай үлкен айтыс көрмеген бе?
Көбісі келуге де қорыққан шығар,
Көкпектіні ең суық жер дегенде.
Халықтың өздері де қорқады екен,
Байбураның баурайы жел дегенде,
Түйені жел шайқаса, қой, ешкіні,
Аспаннан іздейсің ғой кем дегенде,
Амантай ағам кеше бастап келіп,
Жеткізді өздеріңдей зерделі елге.
Ол кісі барыстардың ұстазы екен,
Шамалы желге онда тербелер ме?
Бұл жаққа жетуіміз екі талай,
Амантай ағам алып келмегенде.
Маратжан сен не нәрсе ойлап жүрсін?
Сұңқардай сахнада сайрап жүрсің,
Қалиқан мен Күмісбек айтысқандай.
Болсын деген сөзіңді Тоба айналдырсын,
Бұл жақта көптен бері айтыс болмай.
Қалғаны енді бізді қайран қылсын,
Сондықтан Қалиқан мен Күмісбайдың,
Айтысын мына халық қайдан білсін.
Шақырып халық пен төрелерді,
Алдарына әкелдік Төлелерді.
Ақындар келіседі бүйтеді деп,
Артымыздан жаман сөз ере берді.
Ағайын өзің куә, көзің куә,
Алдарыңда тарттық қой жеребеңді.
Екеуміз таза айтысып отырмыз ғой,
Бұнымызға халықта сенер енді.
Бұған қатты қуанған өзің едің,
Көгертсең осы айтыста көрерменді.

Марат Ахметов:
Алдың-ау Көтібардан босқа секем,
Құдайым Көтібарды қоштаса екен.
Жаратқан қоғамдағы ержүректі,
Жандардың ісін қолдаса екен.
Халқына ешқандай да пайдасы жоқ,
Көті жоқ жамандардан сақтаса екен.
Басайын бас дегенде оңды қадам,
Мақсатты айтыс деген алды маған.
Шаппа-шап айтыс бүгін кез келгенде,
Бақытым басыма кеп қонды маған.
Бәлені сен бастадың деп айтасын,
Апырмай не болса да домбыра алам.
Мен өзім өшсем дағы Төлелерім,
Көгерсе көсегесі болды маған.
Мен қалай көпшілікте қараң болдым,
Тобажан мен өзіңе алаң болдым.
Амантай аға мұнда әкелді деп,
Жолдағы бар қадірді соған бердің.
Жар жолға дүйім аға көлік айдап,
Жүрісінен қатты қорқып, жаман болдым.
Тізгінің содан кейін өзім алып,
Алдына жетіп едік тәмамды елдің.
Тобажан мына жерге құдайыңмен,
Мараттың арқасында аман келдің.
Жел қуған бұлттай дүние көше берер,
Кезігер сол дүниеде неше нелер.
Жүрміз ғой рухы мықты ел болсақ деп,
Міндеттер мойынымызға еселенер.
Басталар түп қазығы отбасыдан,
Тәрбиені әке менен шеше берер.
Ұлыңды рухты қылып, өсірмесең,
Арта алмай атан жүгін есек өлер.
Қызыңа арлы бол деп үйретпесең,
Көрінген көзін сүзіп тесе берер.
Бүгіннен бесігіңді түзе ағайын,
Ұрпақ пенен ұлттың қамын жесең егер.
Бүгінгі текті ұрпақтар болмас еді,
Аналар әлсіз болса кешегі егер.
Етегін жабу керек қызымыздың,
Көгерсін десек егер керегелер.
Қаймана қазағына Қалиқандай
Қадірлі ерлер керек десек егер.
Мен едім бұл Тобаны бір қамшылар,
Тамаша ой түбірі жырдан шығар.
Берейін кезегімді ал сөйлесе,
Аузыңа тілің сыймай тұрған шығар ай.

Тоба Өтепбаев:
Қулығын көрдіңдер ғой бұл ағамның,
Жүрсінге де ең қатты ұнаған кім?
Жүкең сені сүйікті шәкіртім дейді.
Ондайларды мендағы сынағанмын.
Ол рас Амантай ағамыз келе жатып,
Көлігінің рөлін сұрап алдың.
Одан кейін келгесін осы жаққа,
Ағайын дауа жоқ қой мынаған дым.
Жүке мені Маңғыстауға айтысқа қос,
Деп тағы келе сала жылаған кім?
Ақындығы емес қой сүйікті боп жүргені.
Осындай пысықтығы мыналардың
Киелі топырақта туғандық па?
Жоқ әлде ақиқатты қуғандық па?
Әйтеуір езіледі емешегім,
Жатпайды бұл бүйрегің бұрғандыққа.
Семей мен Торғайдың тағдыры егіз,
Айтып жүрміз ақындар мұң-зар қып та.
Полигон ашып тастап біздің жаққа,
Ал оның біз сұмдығын сынға алдық па?
Арқалықтың қаласы толды қазір,
Аспаннан жауып жатқан кір, қалдыққа.
Бір жыл сайын түседі он-онбесі
Білмейміз уланбадық, уландық па?
Кезінде атом жарып Семейдегі,
Қиянат қылып еді туған жұртқа.
Одан қалды жабылып облысымыз,
Тасталды саясатқа шырмалдық та.
Әйтеуір, қарт Торғай менен қарт Семейім,
Шалынды-ау, қазақ үшін құрбандыққа
Айтылар алаш десе дастан бөлек,
Жүз жылдықта тып-тыныш жатпау керек.
Алаштың жүз жылдығын Шығыстағы,
Дәл осы Семейімнен бастау керек.
Семейге Алаш деген атты беріп,
Оны барлық ел болып қоштау керек.
Орысша аудандар мен ауылдармен, көшелер бар
Олардың бәрін алып тастау керек.
Орысша атауларға тіл келмей тұр,
Ал бірақ қазақтарды баспау керек.
Ол үшін Ахмет туған мекен,
Ұясы Торғайды сақтау керек.
Ол үшін елімізге еміренер,
Жолбарыстай жалынды жастар керек.
Ал Марат қадамыңды батыл қып айт,
Абайдан жеткен бізге хакімдікті айт.
Ақылбай, Көкбайменен, Қалиқаннан,
Бүгінгіге жалғасқан ақындықты айт.
Орысша атауларды қазақшала,
Деген сөзді жаңына жақын жұртқа айт.
Екеуміз көтердік қой бастаманы,
Бұл шаруаны сен дағы мақұл ғып қайт.
Соның бәрін көзімен көрмей жатқан,
Көзі ашық қоғамдағы соқырылықты айт.

Марат Ахметов:
Бұл Тоба несін мені балталайды,
Маратқа жала жауып шалқалайды.
Жүрсіннен сұрадың деп Маңғыстауда,
Өзінше тапқыр болып анталайды.
Адайдың ауылына сұранғамын жоқ,
Әңгімемнің осы жері салт орайды.
Абайдың ауылында өткен үш күн,
Өлгенше көңілімнен тарқамайды.
Марат пен Тобадайын жыршы ауылда,
Көрейік айналады кім соғымға.
Көкпекті айтайыншы қасиетіңді,
Жырыммен қойылсыншы гүл шоғым да.
Қайтарған жаудың бетін Бармақ батыр,
Дұшпандар келген кезде шу шығаруға.
Атқарған Тана мырза тоныменен,
Бітіпті дәл солайша мың шаруа.
Тектіге қойнауыңыз толып жатыр,
Ежелден елдің қамын жегендерді.
Жатырсың өмірге әкеп бір сарында.
Әлі де қаншамасы жатыр екен,
Аяулы аналардың құрсағында.
Бітіріп жатқанын жоқ өктем ұрыс,
Кеспесін мойынынды көктен қылыш.
Әр нәрсе ретіменен болу керек,
Бізді өзі атқарды ғой ептеп біліс.
Ағайын махаббаты тұрған кезде,
Қадіріңнен бұрын Тоба кеткен дұрыс.
Көп сөйлеп көп алдында не қылармын,
Шамданса мен тілімнен жаңылармын.
Ардақты Көкпекті елі сен аман бол,
Қай кезде бір өзіңді сағынамын.
Өзіңмен жүз жасасын, мың жасасын.
Қалиқан Алтынбаев саңылағын,
Кетпесін құт-береке есігіңнен.
Ешқашан шайқалмасын шаңырағын,
Айналайын, Шығысым!
Айналайын, Шығысым!
Тарбағатай тауындай,
Таланттардың шыңысын.
Абайдайын алыпсың,
Ілкіден-ақ ірісің,
Шығыстағы бар қазақ –
мына менің туысым.
Батыстағы бар қазақ –
ол да сенің туысың.
Бөлінгенді бөрі жейді,
Іріп-шіріп тұрысын.
Айнайын ағайын,
Сіздерге айтар тілегім,
Баққа жетіп маңдайың,
таққа жетсің уысың.
Құттан кетпей қазанын,
Ырысқа толсын ыдысың.
Керуенде керуен керуендер,
Керуенмен адам серуендер.
Бұл өмірдің заңында,
керуенмен қайтады,
Керуенменен келгендер.
Айналайын,ағайын,
Тасқа тары біткенше,
Таршылықты көрмеңдер.
Мұзға бидай өнгенше,
Мұңшылықты көрмеңдер.
Айналайын,ағайын,
Сіздерге айтар кеңесім,
Қолдан келсе өлмеңдер.

Тоба Өтепбаев:
Сүйікті қылды сені қайтіп жүрсің?
Марат тағы сөзіңнен тайқып тұрсын.
Қолдан келсе өлме деп бұл халыққа,
Қолдан келмес тілекті айтып тұрсын.
Айтысқа Жүрсін мырза уәзір қылыпты,
Ағамыз құдайға шүкір әзір мықты.
Негізі ол да қыпшақ мен де қыпшақ,
Айтысқа жасаған ел әзірлікті,
Мен бірақ еш айтысқа сұранбаймын.
Сұранбай баршы, болсаң мықты,
Ағайын бір жылдан соң шыны керек,
Айтысқа әрең шықтым қазір тіпті.
Туысын көтермейтін Ермановтан
Әкімдер үйреніңдер әділдікті,
Бұл жерде небір мықты нарлар жатыр.
Нарлардан аласарып таулар жатыр.
Қалиқан бала күнінен өскен екен,
Жырына ғашық болып Қамбар батыр.
Батырлардың рухымен өскен ақын,
Өмірде де қадамға барған батыл.
Он жеті ақын жарыққа шыққанменен,
Әлі талайын жасырып Жарман жатыр.
Қалиқан Қалыбайдай баласына,
Болуың керек депті заңғар батыр.
Батырлардың рухымен өскен бала,
Ел-жұртын қорғамай ма жаудан тақыр.
Тарихы тамсандырып талайларды,
Бұл жерде Толағайдай таулар жатыр.
Бір өзі жеті бірдей мешіт салған,
Тана мырза секілді тарлан жатыр.
Торғайдың баласынан Шығысқа кеп
Шейіт болған Уақ батыр Бармақ жатыр
Батырлардың рухынан буырқанып,
Байбұранын баурайы буырқанып.
Жаз келсе, жау қуғандай шаңдап жатыр.
Көкпектінің жерінде көкке ұмтылып,
Қасқайып Қалиқандай Қалбаңда тұр.
Айтыстың мәртесін өрлеткен жер,
Талайды мейман қылып төрлеткен жер.
Несіне айта берем мақтау қылып,
Шетінен тау тұлға ғой сенде өткендер.
Қазақтың қалқып ішер қаймақтары,
Қаншама батыр мен би ер жеткен жер.
Бақ ырысы тарқамай берекесі,
Қонақ келсе, қой егіз төлдеткен жер.
Қайта айналып келгенше қош аман бол,
Бесігін тектілердің тербеткен жер.

Марат Ахметов:
Тобажан сағынасың, қағынасын.
Айпырмай, ел алдында ағыласың,
Жүрсіннің ең сүйікті шәкірті едім,
Ағыңнан менді енді жарыласың.
Өзіңді сағынушы едім сәл көрмесем,
Дәл мендей сен де көке сағынасың.
Болмаса Жүрсін қыпшақ, қыпшақпын деп,
Несіне рушылдыққа салынасың.
Қазаққа ортақ туған қас батырды,
Қазыққа байлап қойып не қыласың?

Тоба Өтепбаев:
Осындай ағалардан айналасын,
Барады бұл ісімен қайда басым
Көзбе-көз жағымпаз болып жатқан жоқ па?
Дәлелдеп бергеніне таң қаласын.
Бұл жерде рушылдыққа бөлінбедің,
Жала жауып Маратжан зарламасын.
Әйтпесе сен де айтыста жүрсің бүгін,
Халыққа айтарыңды арнағансың.
Қобыландының ұрпағы Маратжан ау,
Қазақтың бөліп жарды қай баласын.

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Ақпан 2018 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
27 28        

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз