Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Өткен жұмада Самар ауылындағы Мәдениет үйінде алғаш рет Лауреат атағының иегері, әр сахнаның көркі, танымал әнші, самарлық Айымгүл Ыхай өзінің өнер жолындағы «Атамекенге тағзым» атты шығармашылық кешін өткізді. Бұл ұйымдастырылған шара самарлықтар үшін бұрын-соңды болмаған үлкен тосын сый болды.
Тамаша концертімен келген Айымгүл халық арасында жақсы танымал әндерімен кештің шымылдығын ашты. Дауыс ырғағының кеңдігін тағы бір дәлелдеген әнші жиналған жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Өнер иесі тыңдаушылар алдында 10 жыл сахнада өткен өміріндегі жетістіктерімен бөлісті.

Айымгүл ханым 1977 жылы Монголия Республикасы Алтай ауылында дүниеге келген. Анасы 15 құрсақ көтерсе де, соның ең кенжесі Айымгүл ерекше дара туылды. Айымгүл Ыхайқызының жастайынан өнерге деген құштарлығы әнге деген сүйіспеншіліктен басталған болатын. Әкесімен бірге бес жасынан сахнаға шығып, ән айтып, би билеп, өнерін көрсете бастады. Әкесі Ыхай марқұм «Қара жорғаның» майын тамыза билейтін биші, әнші, сері адам болған. Талай республикалық, облыстық байқауларда бас жүлдеге иеменіп, балаларына қамқоршы, сүйікті әке, аяулы жар бола білді. Айымгүл алты жасында әкесімен бірге Монголияның астанасы Ұлан Баторда өткен «Ұлы дала биі» атты халықаралық би байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Сол кезден бастап кішкентай Айымгүлдің әнге деген құмарлығы байқалды. 2011 жылы «Тәуелсіздікке тағзым» жыр мүшәйрасында Айымгүл бас жүлдеге ие болды. Бүкіларалық жәрменке өткізілген кезде Ресейдің Барнаул қаласына дейін барып, ұмытылмас концерт беріп қайтты, сонымен бірге, ауылдық округте ұйымдастырылатын меркелік шараларға Айымгүл міндетті түрде қатысып, сахна төрінен ылғи табылады.


Әнші өзінің ұйымдастырушылық қабілеті арқасында мәдениет саласында талмай еңбек етіп келе жатқанына он жыл болыпты. Отыз жылдар ішінде оның репертуарында жүзден астам ән жинақталды. Қаншама елге танымал өнер адамдармен қарым-қатынаста, жұмыла жұмыс істеді.
- Қасиетті сахна төрінде жүргеніме 10 жыл болды. Халқымның алдында адал еңбек етіп келе жатырмын. Сіздер үшін ән саламын, қуанамын! Табиғаты көркем Көкпекті ауданының әдемі шырайлы жері, соның ішінде Самар ауылының жүз жылдығына арналған менің ағам Райхан Халхабай жазған «Самарым» атты өлеңді қабыл алыңыздар, - деп Айымгүл көпшіліктің алдында облысқа танымал ақын ағамыздың беделін бір көтеріп жіберді.
Шығармашылық кештің арнайы шақырылған қонақтары Айымгүлдің шашбауын көтеріп Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Ұлан ауданының мақтанышы, әнші, Гуля Касенова, талай республикалық конкурстардың лауреаты Қалиқан Матай, Көкпекті аудандық Мәдениет үйінің «Толағай» квартеті, күйші Іңкәр Мұхаметова, Өскемен қаласы филармонияның әншісі, сазгер Алтай Мүбәрәк, Шығыстың шынары, Айымгүлдің ағасы Өмірхан Ыхайұлы сынды әншілер кештің шырайын кіргізді.
Сонымен қатар, Ұлан ауданының мәслихат депутаты, беделді ақын Тілеужан Нұртай, Арай, Мұрат әншілер халыққа ән арнап, тыңдарманды ән әлдиінің бесігінде тербеді. Мерекелік кештің жүргізушісі Мейіржан бауырымыз да көпшіліктің көңілінен шықты.
Тамаша кештің жалғасы ретінде «Әкеге сағыныш» атты өлеңдер шырқалып, анасына алғысын білдірген Айымгүл: «Әкелеріміз, аналарымыз аман болсын! Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды!» - деді. Дарынды әншінің өнерін бағалайтын, құрметтейтін, әнін сүйіп тыңдайтын тыңдаушылары жиналды. Домбыраның сүйемелдеуімен шыққан достық және махаббат жайындағы әндер де көрермендердің көңілінен орын тапты.
Кездесу барысында ұлттық дәстүр бойынша жиналған қауымға шашу шашылды. Екі жарым сағатқа созылған кеш әсерлі жырға толы болды. 350 адамға арналған Мәдениет үйінің залында адам лық толы болып, ине шаншар жер болмады.
Шығармашылық кештің иесіне Көкпекті аудандық мәслихат хатшысы Т.Сарманов, мәслихат депутаты С.Жотабаев, мәдениет және тілдер дамыту бөлімінің басшысы А.Саржанов, Самар селолық округінің әкімі А.Күдербаев құттықтау сөз сөйлеп, алғыс хаттар, мадақтама, бағалы сыйлықтар табыс етті.
- Осындай үлкен шара өткізу бір кісінің қолынан келмейді. Шақырылған қонақтарға, жерлестеріме, әсіресе, демеушілік көрсеткені үшін жергілікті кәсіпкерлер Самарқан Жотабаев, Марат Құмаров, Есенбек Мәмбетов, Әсем Дүсіпова, Ғалия Сегізбаева, Мадина Жотабаева Ләзат Мәмбетова, Сапарбек Елемес, Бекболат кажы Кәлебай, Елік Холман, Сәния Ислямова мен Ысқақ Масалимовтар, Лиман Тұрсын, Слям Лескен, Шынар Әбішоваларға алғысым шексіз деді Айымгүл Ыхай. – Қолдау көрсеткені, жылы сезімдерін білдіргендері үшін Талғат Сарманов, Ахмет Күдербаев, Әлібек Тусіпбекұлы, Нұрлан Болатбекұлы, әріптестеріме Лариса Климентьевна, Марина Юрьевна, Галина Аркадьевнаға және Айман Каймулдинова, Ақтілеу Райхан, Райхан Халхабайұлы, «Асыл қазына» әжелер клубының мүшелері Гүлжайна, Шолпан, Мәншүк апайларға, ағайын туыстарыма көп-көп рахмет айтамын!
Нұрилә Әскерқызы, көрермен:
- Бүгінгі кештен өзім үлкен әсер алдым. Айымгүл сіңіліміздің концерті бізге ерекше демалыс сыйлады. Оны сыйлап, облыс көлемінде танымал әншілер, ақындар, сазгерлер біздің сахна төрімізде тамаша ән мен күйлерді сыйға тартты. Жас күніміздегі әндерді айтып, жастық шаққа саяхат жасағандай күй кештік. Әндерімен бірге өмір жолдарымен танысып, біраз жетістіктеріне қанықтық. Өңірімізде өнерлі, дарынды жастар бар екеніне куә болдым. Ең бастысы сол жастар өнерін тығып ұстамай, өз таңдауы бойынша ізденіп, осындай кеш өткізгені үлкен еңбек деп білемін. Бүгінгі кеш иесінің шығармашылығына табыс тілеймін. Тек биік шыңдардан көрінсін.
Байғадыр Мәрзия,әншінің анасы:
- Айымгүл қызым бала кезінен әнге жақын еді. Оның бұл биіктен көрінуі бірінші Алланың арқасы, сонымен қатар бұл жолда әкесінің де үлесі бар. Баламның болашағынан үмітім көп. Бүгінгі кешке келген көрермендерге алғысым шексіз. Барлығыңыздың балаларыңыз аман-сау жүрсін, ата-аналары тек қана осындай жақсылыққа бөленіп жүрсін. Еліміз аман, аспанымыз ашық болсын!
Айымгүл бұл кеште халықтың ықыласына бөленіп қана қоймай, ерекше шабыттанып, шығармашылықтағы алдағы бағыт-бағдарын нақтылап алды.

Қанат АПСАДЫҚОВА

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қазан 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
24 25 26 27 28 29
30 31          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз