Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

«100 нақты қадам»: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарындағы негізгі бағыттардың бірі «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыру, сондай-ақ қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың түйінді факторы ретінде үштілді білім беруді дәйекті түрде дамыту болып табылады.
Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, қазақстандық біртектілік пен бірлікті аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты болып табылатын Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тіл саясатының келесі 4 бағытын қамтиды.


Аталмыш бағдарламаның жүзеге асырылу деңгейін, атқарылып отырған шаралар жөнінде толық мәлімет алу мақсатында Көкпекті ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әлібек Түсіпбекұлы Саржановпен сұхбат құрған едік.
- Аудан бойынша мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға кері әсерін тигізетін қандай факторлар бар?
- Мемлекеттік тілді меңгеруге арналған бірінші бағыт. Мақсаты: «Мемлекеттік тіл – жалпыұлттық бірліктің басты факторы» Бұл туралы айта кететін болсақ, ең алдымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын жүзеге асыратын, халыққа мемлекеттік қызмет түрлерін көрсететін мемлекеттік қызметкерлер, құрметті әріптестерімізге неліктен аудан бойынша құжат айналымын біртұтас 100 % жеткізе алмай жүрміз? деген сұрақ қойғым келеді. Осы мәселе бойынша менің және аудан әкімінің орынбасары тарапынан жолданған хаттар да ешбір нәтиже бермеуде. Құжаттар сол күйі ресми тілде рәсімделіп жан-жаққа жіберіліп жатыр. Бұл мемлекеттік органдарда қызмет атқаратын қызметкерлердің, мем-лекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмей-тінін, тиісті деңгейде меңгермегендігін көрсетеді, ал сол мемлекеттік органның басшылары бұл кемшілікке көз жұмып отыр. Бұл мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың кері факторлары деуге болады.
- Осындай жағымсыз жағдайды жоюдың қандай шаралары қолға алынуда?
- Аудан көлемінде 2013 жылы жергілікті бюджет тарапынан ашылған Мемлекеттік тілді және басқа тілдерді оқыту орталығы қызмет атқарады. Алайда, аталған орталыққа саналы түрде келіп мемлекеттік тілді үйренуге ниет білдіріп жүрген мемлекеттік қызметкерлер мүлдем жоқ десек артық болмас, ал ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметкерлер саусақпен санарлық. Неліктен басшылар тарапынан мемлекеттік тілді меңгеруге деген сұраныстары қажетті деңгейде емес, неліктен қол астындағы қызметкерлердің мемлекеттік тілді үйрету курстарына қатысуына тиісті жағдай жасалмайды деген сұрақтар туындайды. Жасырып жабатыны жоқ, бүгінгі күнде мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді еркін деңгейде (орта деңгейде) меңгермегендіктен әр түрлі аударма көмегіне жүгінеді, мәселен, кеңінен тараған онлайн-аударманы қолданып, түп мағынасы жоғалған әрі құлаққа жағымсыз естілетін сөздер топтамасы құжат ретінде рәсімдеп, жан-жаққа жіберіледі. Бұл үрдісті тоқтату мақсатында, орган басшылары мемлекеттік қызметкерлерден қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі бойынша ҚАЗТЕСТ тапсырып, сертификат алуды міндеттесе, өз нәтижесін берері сөзсіз.
Мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының директоры Б.Үмітқажиеваның жазған қызметтік хатына сай бүгінгі күні аудан бойынша 126 мемлекеттік қызметкер қатысуы тиіс. Мемлекеттік және ағылшын тілдері бойынша ұйымдастырылған курстардың сабақ кестесі құрылып, аудан әкімімен бекітілді. Бекітілген кесте барлық мемлекеттік қызметкерлерге жеткізіліп, жазбаша түрде таныстырылды. Алайда, аталған курстарға мақсатты түрде қатысып жүрген қызметкерлер өкінішке орай өте аз. Аталған курстар Мемлекеттік бағдарлама аясында өткізіліп жатқанын және де бұл тікелей Елбасының саясаты екенін ескере отырып, жергілікті деңгейдегі басшылардың мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың орнына керісінше артқа тартқанын көреміз.
- Бағдарламадағы екінші бағыт – мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдауына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейту бойынша ұсыныстарыңызбен бөсіссеңіз?
- Аудан көлемінде ұйымдастырылған мәжілістер, сол мәжілістерде сөз алғандардың баяндамалары ресми тілде рәсімделіп жүргені көптен көкейімді өртеп жүрген тағы бір мәселе. Оған қатысатын халайықтың 99,9% өзіміздің қара домалақ қазақтар. Өзге ұлт өкілдері айып етпес деп ойлаймын. Алайда, тілімізді тезге салу үшін ең алдымен өзімізден бастау керек шығар. Неліктен барлық кеңейтілген және шағын мәжілістерді мемлекеттік тілде өткізбеске, бұған қандай да бір НҚА (нормативтік құқықтық акт) кедергі келтірмесі анық. Осы айтылғандар кемшілік жіберушілердің санасына жетеді және де өз кезегінде тиісті нәтиже мен қорытындылар шығады деген үміттемін.
- Қазақстандықтардың тіл мәдениетінің деңгейін арттыру - аталған бағдарламаның үшінші бағыты. Яғни, нысандарға атау беру, қайта атау, жарнама мен көрнекі ақпарат жайында не айтасыз?
- Бағыттың көздейтін мақсаты: «Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың әулеті». Ендеше, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда тағы да кері әсерлі факторлар – елді мекендердегі көрнекі ақпарат пен жарнамаларды орналастыруда Қазақстан Республикасының тіл туралы Заңының ескерілмеуі жиі ұшырасады. Бұл жергілікті әкімдердің Қазақстан Республикасының заңнамаларынан бейхабар екендігінің бірден бір дәлелі.
Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, олардың бөліктеріне, нысандарға атау беру, қайта атау мемлекеттік тіл саясатының тағы бір міндеті. Ауылдық округтердегі елдімекендердің орысша атаулары, кезіндегі Кеңес өкіметін насихаттайтын көше атауларын тарихи атау-ларымен, халық арасында қарама-қайшылық тудырмайтын «Тәуелсіздік», «Қазақстан» сынды бейтарап атаулармен ауыстыру жұмыстарын көздейді. Елдімекен және көше атауларын ауыстыру кезінде адам аттарын беру ономастикалық комиссия тарапынан мүлдем құпталмайтын мәселе (әлемге әйгілі Шәкәрім, Мұхтар, Абай сынды ұлы дара тұлғалардан тыс). Нысандарға да адам аттарын берген кезде міндетті түрде Қазақстан Республикасының тіл туралы Заңының 25-5-бабы (Ономастика жұмысының критерийлері) ескерілуі қажет. Адам есімдерін берген кезде, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да жеке адамдар қайтыс болған күннен бастап кемінде 5 жыл өткен соң, олардың есімдерін беру болып табылады. Алайда, соңғы кезде атау беру кезінде аталарының есімін ұлықтау мақсатында тек қана аудан көлемінде ғана аты әйгілі адамдардың есімін (ҚР мен әлемдік деңгейді қойып, есімдері тіпті облыс деңгейінде де танымал емес тұлғалар) беру бойынша әртүрлі ұсыныстар түсіру қарапайым құбылысқа айналып барады. Ал бұл өз кезегінде, жыл соңында Тілдерді дамыту басқармасының Ономастикалық жұмысты үйлестіру бөлімімен жүргізілетін мониторинг нәтижесінде аудан тарапынан Тіл заңнамаларының орындалуы төмен деңгейде және Ономастика жұмысының критерийлері сақталмайды деген пікірлер қалыптастырады. Тіл саласының ең өзекті бөлімі Ономастиканы ойыншық қылуға болмайды!
- Қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын дамыту» мақсатындағы төртінші бағытын түсіндіріп берсеңіз? Үштұғырлы тіл саясаты қалай іске асырылуда?
- Лингвистикалық капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Бүгінгі күні Тіл орталығында мемлекеттік қызметкерлерге және де тұрғындар арасында ересек тұрғындарға арналған ағылшын тілін оқыту курстары ұйымдастырылған. 2016 жылдың қорытындысы бойынша аталған курстарға 120 мемлекеттік қызметкер және тұрғындар арасынан 84 адам тартылды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан Халқына Жолдауында 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндер ағылшын тілінде оқытылатын болады деп жоспарлануына байланысты, Тіл орталығы тарапынан бүгінгі күннен бастап, 7 сыныптардан төмен оқитын оқушылардың ата-аналарын ағылшын тілін оқытуға бағытталған тегін курстарға тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда көптен аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, үшінші мүшел жасқа қарай қадам басқан кезде, Елбасымыз халық алдында, қоғам алдында биік міндеттер қойды. Соның бірі – үштұғырлы тіл саясаты. Мемлекеттік тілді, ресми тіл – орыс тілін және де әлемдік аренадағы дамыған елдер қатарына қосылу үшін міндетті түрде халықаралық деңгейдегі ағылшын тілін меңгеруіміз қажет.
Үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру үшін ең алдымен, өзіміздің төл тіліміз – мемлекеттік тілді Қазақстан Республикасының саналы азаматтары ретінде меңгеруіміз қажет. Тіл саясатын, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бір адамның, бір мекеменің не бір ортаның ғана жұмысы емес, бұл бүгінгі күні әлі де шешімін таппаған қоғам алдындағы үлкен міндеттердің бірі. Бұл міндетті жүзеге асыруда ешкімнің де қалыс қалуы жарамайды. Барлығымыз жұмылып атқарған жұмыс қана оң нәтижесін береді. Сол себепті, жерлестеріміз аталған мәселенің маңыздылығын ескеріп, аса жауапкершілікпен қараулары тиіс.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге, елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет» деген сөздерімен қорытындылағымыз келеді. Бұл әр қазақстандық заман көшінен кеш қалмауы үшін ауадай қажеттілікке айналар қағида екені анық.


Бақыт МҮЛІКОВА

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Наурыз 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз