Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Атам қазақ ықылым заманнан бері өзінің қасиетті салт-дәстүрлерін ардақ тұтып, аруақтарына құран бағыштап, дүркіретіп ас беріп, көкпар ойнатып, аламан бәйге шаптыратын. Қазақы ойын-сауықтар да орын алып, кең иықты батыр палуандарымыз күреске түсіп, мәре-сәре болып жататын.

Осындай қазақ халқының салт-дәстүрін қайта жаңғырту үрдісі сенбі күні Биғаш ауылында болып өтті. Бұл игілікті іс биыл бірінші рет өткізіліп отырмағандығын айта кеткен жөн. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өткен «Ауыл күні» мерекесін ауыл халқы биыл бесінші жыл атап отыр. Бір заманда құтты қоныс болып, кейіннен ауыл шаңырағы шайқалған кезде жұмыс іздеп, көшіп кеткен бұрынғы ауыл тұрғындарының құлағы түрік жүргендері мерекеге түгелге жуық келген екен. Ауыл тұрғындарының да төбелері көкке бір жетіп, қуанып қалды. Ескі достар, көршілер, бұрынғы әріптестер және сыныптастар қайта қауышып, бейне бір қырық жыл бұрынғы ауылдың кейпін қайтадан қалпына түсіргендей болды. Мерейлі мерекенің жай-жапсарымен біздер де танысып, куәсі болып қайттық.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген аталы сөзді басшылыққа алған халық, ең алдымен, мектеп үйінде қатым түсірді. Аудандық мешіттің наиб-иманы Кенжебек Қалиақпарұлы фәниден бақилыққа көшкен аруақтарға құран бағыштағаннан кейін, алыс-жақыннан жиналған азаматтар мен ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырудың басында жүрген ауыл әкімі Р.Наурызбаева мен бастама көтерген Нұрлан мен Қайырғазы сынды ардақты азаматтарға алғыстарын жеткізді. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Г.Ақшабаева сөз алып, шараға қатысты өз ойымен бөлісті.

Қатымнан кейін бүкіл халық ауыл шетінде орналасқан ипподромға ағылды. Себебі, нағыз қызық думанның барлығы осы жерде еді. Бұнда қазақтың салт-дәстүріне сай қазақша күрес, тай жарысы, аламан бәйге, қол күресі және ерлер мен әйелдердің, балалардың жаяу жүгіру жарыстары өткізілді.

Жаяу жүгіру бойынша ұйымдастырылған жарыста 8 жасқа дейінгі қыздардан А.Тоқтағанова, 8-ден 12 жас аралығында А.Құрмашева, 20 жасқа дейінгі қыздардан А.Болатжанова, 30 жастан жоғары аралықта М.Көпесова жеңіс тұғырынан көрінсе, 8 жасқа дейінгі ұлдардан А.Сейітжанов, 8-12 жас аралығынан Ж.Жұмақанов, ерлер арасынан А.Тұрсынғазы жүйріктіктерін көрсетіп, бас жүлделерге ие болды.  

Төл спортымыз қазақ күресіне әр ауылдың небір азуын айға білеген, бабы мен бағы келіскен күрес өнерінің нарқасқалары жиналды. Жарыстың бас төрешісі қазақша күрес ережесін түсіндіріп өткеннен кейін алдымен төменгі салмақтағы палуандар белдесіп, боз кілемнің шаңын қақты. Әр ауылдың намысын қамшылап келген палуандар аянып қалмады. Екі салмақ дәрежесі бойынша бір-бірімен белдескен 30-ға тарта палуан қарсыластарының осал тұсын аңдып, намысқа тырысып бақты. Ереже бойынша өз салмағы бойынша жеңіске жеткендер келесі айналымға жіберілді. Сонымен, «күш атасын танымас» дегендей, төрешілердің ортақ ұйғарымдарымен өз салмақ дәрежелері бойынша 60 кг дейінгі салмақта Үлкенбөкен ауылының тұрғыны Д.Данабеков жеңіс тұғырына көтерілді. Ал, боз кілемде шалт қимылдап, қарсыласты шақ келтірмей, кілемге шаншылдырған биғаштық Ерзат Юсупов алаңда жанкүйер болып тұрған анасының қолдауымен күрестің түйе палуаны атанып, бас бәйгені қанжығасына байлады.

Білек күшін сынға салған қол күресі жарысында ерлер арасында О.Жанабеков, нәзік жандылардан Д.Жақсыбаева бірінші орынды иемденіп, жүлдегер атанды.

Бәйге десе, тұлпар десе делебесі қозып, қаны атойлап шыға келетін қазақ емеспіз бе?! Сол себептен, көрермендерге нағыз жүйрік тұлпарлар бәйге алаңына шығатын сәт ерекше де қызықты болғаны анық. Тіптен, әр аймақтың тарпып  тұрған жүйрік тұлпарлары бәйгеге қосылып, желдей ескенінің өзі қаны қазақ әрбіреудің делебесін қоздырды-ақ. Ең алдымен, жұрт тай жарысты тамашалады. Бұл жарыста Жарма ауданының Жарық ауылынан келген А.Омаржановтың аты қара үзіп келді. Екінші бәйге он шақырымға шаптырылды. Бұл қашықтықта Тассай ауылынан З.Слямовтың сәйгүлігі дара келді. Жануардың бітімі мен аяқ алысы тым ерекше екен. Ал, 15 шақырымдық бәйге жолында Қ.Вақасовтың тұлпары біраз жүйрікті шаң қаптырып кетті. Жұртшылықтың арқасын қоздырған 25 шақырымдық аламан бәйгеге 15 шақты тұлпар қатысты. Ауыздығымен алысқан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» аттар жарыс алаңында қатар түзеп, көрермен қошаметінің соңын ала желдей есіп кетті. Аттың бауырында ойнап өскен көрермендердің кейбірінің сәуегейлік танытқан тұсы да осы кездер еді. 3 – 4 айналымда шаптарын аша шаба бастаған, тері шыққан тұлпарлардың көмбеге алғаш боп келуге шамалары байқала бастады. Дегенмен, «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, нағыз жүйріктер легінде оза шауып Жарма ауданы арғымағы топ жарды. Алғашқы боп көмбеге жеткен шабандоз М.Смаиловқа теледидар мен кілем табыс етілді.

Осылайша, жылқы десе ішкен асын жерге қойып, бәйге десе атын баптап қосуға асығатын қазақы қанымызға сай аламан бәйге де дүбірлеп өтті.

Және осы ауыл спорты ойындары жайында сөз болғанда қаржылай көмек көрсетіп, барынша ауылдың мерейін үстем етуге тырысқан аптал азаматтардың атын атап өтпеуге болмас. Олар – Д.Көпесов, Қ.Насиев, Ж.Қалиев, С.Смағұлов, С.Момбаев, Д.Бекбусинов, Д.Геккель, Б.Тоғжанов, Е.Смағұлов, Н.Түлегенов, Қ.Есімов, Б.Аттиев, Қ.Бөпиев, М.Таныспаев, Р.Юсупов, Б.Сәбитов, Александр және Владимир Щентимировтар, С.Жақсыбаев, Е.Қалиев, Әлімбаевтар мен Жатаковтар отбасылары сынды қайырымды жандар ауылда өткен жарыстардың қаржы жағын өз мойындарымен көтергендігі азамат аттарын асқақтатқаны рас.

Ауылдан ұшқан төл перзенттердің ұйымдастыруымен жасалынған бұл іс-шара осымен тоқталып қалмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мұра болып қала беретін шығар деген сенімдеміз.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Маусым 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз