Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Тәуке хан өз дәуірінде қазақ, орыс, қытай, жоңғар және басқа шығыс халықтарының тарихында ірі қайраткер, көрнекті қолбасшы ретінде елеулі орын алған. Ол өз еліне хан сайланған заманда дипломат-мәмілегер, данышпан, айлакер қолбасшы, дәстүрлі құқық жүйесінің реформаторы және ұлтының бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтауға жан аямай күш салған ірі мемлекеттік тұлға ретінде танылды.
Тәуке ханның таққа отыруын 1680 жылмен шамалаймыз. Қазақ елінің қасиетті қаласы Түркістанда ақ киізге көтеріліп, бүкіл Үш жүздің ханы болып сайланғаннан кейін, қазақтың сол заманғы қоғамының ішкі және сыртқы саясатына ерекше көңіл бөлді. Сол кезеңнің өзінде-ақ ұлт мемлекетін халықаралық деңгейге, биік дәрежеге көтеруге аянбай күш салды. Атап айтатын болсақ, Тәуке хан қазақ мемлекетін нығайту үшін ең алдымен бет-бетімен ру-руға бөлінген, бір-бірімен жауласып жатқан елінің ұлттық бірлігін сақтауға аянбай күш салады. Елдің басын біріктіру мақсатында ру басшыларының алауыздық қимыл-әрекеттерін тыюды мақсат етті. Қазақ қоғамында дау, жанжал, негізінен көшпелі елдің мал жаятын жайылымы мен қоныстың тарлығынан туып отырған.
Эктенсивтік көшпелі қоғамда мал жаятын өрістің тарылуы, басқа аймаққа көшуге мәжбүр етіп, өзге рулардың қоныстарына мал жаюға тура келеді. Малдың өсіп-өнуі, жетіліп, семіруі тек жерге байланысты. Тәуке хан ішкі саясатта ең алдымен осы мәселені шешуге ат салысты. Алдымен үш жүздің жайлау, қыстау және күздеулерін Қазақстан аумағының ерекшеліктерін ескере отырып бөлуге, назар аударады. Үш жүздің білгір билерінің басын қосып, айларға созылған кеңестен кейін жайылымдарды қалыптасқан тарихи пайдалану негізде бөледі. Бұдан былай жайылымдар ру-ру болып пайдалануға берілді және әр ру белгіленген аймақтың шеңберінде ғана көшіп-қонуға мүмкіндік алды. Белгіленген жер межесінің шеңбері ордағы түтін басының санына және мал мөлшеріне қарай бөлініп отырды. Ендігі уақытта көшпелі қазақтар руларымен белгіленген жерге ие болып, сол жайылымның шеңберінде ғана мал жайып, көшіп-қонатын болған. Жерді пайдалану барысында дау туса, ру басшылары мен билер әділеттілікпен қарап, шешім қабылдап

отырған.Тәуке хан ішкі саясатта қолдығы бар мүмкіншіліктерді пайдалана отырып, қайткен күнде де ру арасындағы алауыздықты тыю үшін, сонымен қатар ел басқару ісін жақсартуды күн тәртібіне қойды. Тәуке хан қолдағы бар мүмкіншіліктерді пайдаланып, халықтың және ел басшыларының санасына халық арасында өзінің ақыл парасатымен, батырлық әрекеттерімен ел басқару ісіне бейімі бар дарынды тұлғаларды тарту - ішкі саясаттың ең басты мақсаттарының бірі деп таныды. Салыстырып қарайтын болсақ, Тәуке ханның бұл саясаты І Петр жүргізген саясатпен ұштасады. Бұл шаралар өзінің нәтижесін де берді. Қазақ қоғамының саяси аренасы осындай саясаттың негізінде халық арасынан шыққан дарынды билер, елдің тәуелсіздігі мен бостандығын қорғауда ерлік танытқан батырлар көтеріле бастайды. Және «Тәуке хан тұсында көтерілген билер Хан кеңесінде қазақ хандығының ішкі және сыртқы саясатында мемлекеттік мәселелерді шешуде мыңызды роль атқарды».
Мемлекеттік аппараттың құрамында үлкен өзгерістер болды. Атап айтатын болсақ, басқару процесіне бұрын беймәлім болған билер және «Билер кеңесі» енгізілді. Бұл мемлекеттік орган қазақ мемлекетінің саяси жүйесінде үлкен құқықтарға ие болумен қатар, ішкі-сыртқы саясатты жүргізуде орасан зор рөл атқарды. «Билер кеңесі» сайланған алқалы орган ретінде, талқылнған, қаралған мәселелер бойынша, қайта айналып қарауды қажет етпейтін шешім қабылдау дәрежесіне көтерілді.
«Билер кеңесі» өзінің мемлекеттік функцияларын тұрақты түрде атқарды. Үш жүздің рулар арасындағы шиеленіскен дауларды шешуде, сепаратистік қимыл-әрекет жасаған сұлтандарды және жалпы трайболизмді тежеуде ерекше еңбек сіңірді. «Билер кенесінің» нақты мәселе бойынша қараған істерінің шешімдері заң күшіне еніп, ханның өзі оны жоққа шығара алмаған. Бұл мемлекеттік органның құрамына ру, ел басшыларының (ақылгөй ақсақалдардың) жиылысында бата алған, яғни сайланған, от ауыз, орақ тілді шешендер, аймаққа танымал болған беделді адамдар және ұрыстарда ерлік танытқан батырлар енген. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген сөз содан қалса керек.
Тәуке хан – қазақ елінің біртуар данышпан қайраткерлерінің бірі. Хандық билік жүргізген аралықта, бұрын бытыраңқы жағдайда қайсыбір мемлекеттерге жем болған, үш жүздің ел басыларын бір орталықтан басқарылатын мемлекет туының астына топтастырды.
Бұл сол заман талабына сай, бір орталықтан басқарылатын мемлекеттің құқықтық негізі ретінде жасаған «Жеті жарғы» заң ережесінен айқын көрініс тапты. Жарғыда сол заманның негізгі мәселелері: жаудың қандай да болса шабуылына тойтарыс бере алатын күшті әскер және халықты оған жұмылдыра білетін, ішкі саяси билікті мәмілегерлікпен жүргізе алатын басқару жүйесінің құқықтық ережелері аталып көрсетілді.
Тәуке ханның реформаторлық қызметінен ерекше орын алатын мәселе – қазақ қоғамының құқықтық жүйесін қалыптастыруы. Мемлекетті нығайтып, тәртіп орнату үшін тиімді, халық мүддесіне сай келетін, орындалуы арнайы тетіктермен қамтамасыз етілетін заң жүйесінің болуы шарт. Бұл қағиданы Тәуке хан аса көрегенділікпен түсінген. Құқық жүйесін жасау қызметіне қазақ қоғамынан «қара қылды қақ жарған» әділ шешімдері мен елге танымал болған билерді тарта білді. Олардың негізін «Үш пайғамбар» атанған Төле би, Қазыбек және Әйтеке би құрды. Соның негізінде дүниеге қазақ қоғамының ұлттық хартиясы «Жеті Жарғы» дүниеге келді. Ол тек сол заманның талаптарына сай келетін құқықтық құжат қана болып қалған жоқ. Бұл – мәні мен мазмұны жағына көшпелі қазақ халқының этникалық, шаруашылық ұйымдастыру және географиялық ерекшеліктеріне сай қабылданған, аса құнды құқықтық ескерткіш.
«Жеті Жарғы» қазақ мемлекетінің жариялық өкіметін қамтамасыз ету мақсатында қару ұсынуға жарайтын әрбір отбасы жыл сайын өз дәулетінің жиырмадан бірін салық ретінде төлеп отыруды норма ретінде бекітті. Қазақтын қылмыстық құқығы «Жет Жарғы» талаптарында қылмыстық жауапқа тарту 13 жастан басталған. Қылмыс субъектісінің ақыл-есі дұрыс, өз әрекеттеріне толығынан жауап бере алатын болуы шарт. Қазақтың қылмыстық құқығы мылқау, есі дұрыс емес адамдарды жауапқа тартпаған. Сонымен қатар қылмыс субъектісі болып құлдар саналмайды. Олардың жасалған әрекеттері үшін иелері жауап береді. Екіқабат әйелдер кісі өлтіргені үшін жауапқа тартылмайды, бірақ елдің қарғысына ұшырайды.
«Жеті Жарғыда» құқық бұзушылыққа жазаны белгілеу және оны жасаған қылмыстың ауырлығына, қауіптілігіне байланысты белгіленетіні айқындалған. Жазаның түрі үшке бөлінеді: жан жазасы, мал жазасы, ар жазасы. Жан жазасына, қылмыс істеген адамға өлім жазасын кесу жатады, ол «қанға қан, жанға жан» принципі негізінде жүргізілді. Өлім жазасына кесілгендер ағашқа асу, асау ат құйрығына байлап жіберу, садақпен ату және мойнына қыл арқан салып қылқындырып өлтіру арқылы орындалды. «Жеті жарғының» талаптары бойынша өлген немесе мертіккен адамның рулас туыстандырылған жазаны мүліктік өтем төлеумен ауыстыруға құқық берілді.
«Жеті Жарғыға» ислам, яғни шариғат заңдарының тікелей әсер еткені даусыз. Мысалы, өзін-өзі өлтірген адам бөлек жерленуі тиіс. Егер ру мүшелерінің бірі діннен безген жағдайда, оның малы өзгелерге бөлініп берілетін болған. Ал құдайға тіл тигізген адамды жеті адам растаса. Ол таспен ұрып өлтіріледі.«Жеті Жарғының» нормаларында қалынмал мәселелері де қарастырылған. Қалыңмал қалындық үшін әке-шешесіне немесе қыз ұзатқандарға жасау жасауға, төсек-орын дайындауға берілетін төрт түлік мал және әр түрлі бағалы заттар.
Төле би, Қазыбе би және Әйтеке бидің қазақ мемлекетінде сот билігін, сот ісін дамытуға және нығайтуға қосқан үлестері өлшеусіз. Олардың қазақ халқының әдет-ғұрпын, дәстүрлі құқығын, шешендік өнерін жаңа сатыға көтерді. Сондай-ақ «Жеті Жарғы» заңы реттемеген салаларға сот прецендентің енгізу мен дауларды шешуде преценденттік құқықтың негізін қалады. Бұл процесс сот билігінің іс қараудағы құқықтың қайнар көзі ретінде билер шешімдерінде ХХ ғасырдың басына дейін қолданылып келді. Азаматтык, қылмыстық құқықтарда және отбасы, неке саласында қазақ билерінің прецендентке айналған шешімдері ел арасында өзінің құндылығын жоймай, үлгіге айналып отырған.
Н.Нұралинов, Көкпекті ауданының
№2 аудандық сотының төрағасы

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қыркүйек 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
29 30        

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз