Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде біз әдеттегідей жанымызға шипа беріп, ауыра қалсақ ем жасап, қашанда денсаулық күзетінде тұратын мамандық иелерінің кәсіби мерекесін атаймыз. Биыл өзіміз ардақ тұтатын мамандық иелерін ұлықтау Самар ауылында өтті. Салтанатты шара медицина қызметкерлерінің әнұранына айналған «Люди в белых халатах» әнімен басталды. Оны нақышына келтіре Т.Нечаева орындағанда бүкіл зал орындарынан тік тұрып тыңдады, қол соқты. 

Жиналған екі аудандық аурухананың қызметкерлерін, медицинаның басқа да саласы мамандарын мерекемен аудан әкімі атынан оның орынбасары К.Смаилова құттықтады. Жалпы алғанда, ауданның медицина саласы жылдан-жылға дамып келеді. Мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, аудандағы емдеу мекемелері аурудың алдын алу жолдарын кеңінен қолдануда. Жыл сайын жас мөлшерлеріне байланысты скринингтен өткізу жұмысы жақсы нәтиже беріп, жүздеген адамдар аурулары асқынбай тұрып, ем қабылдау мүмкіндігіне ие болды. Биылғы жылдың басынан бері екі мыңнан астам адам скринингтен өтіп үлгерген. Қазіргі күні жұмыс жалғасуда. Бұл арада учаскелік дәрігерлер, медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын атап өту орынды.

Соңғы үш жылда ауданымызға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша дәрігерлер мен медбикелер келіп, кадр жаңаруы жолға қойылып отыр. Олардың барлығына бірдей әлеуметтік көмек жасалған. Ауданның медицина мекемелеріне жөндеу жұмыстары жасалып, қажетті қондырғылар сатылып алынуда. Ең қажетті құрал маммограф сатылып алынса, биыл екі аурухана автопаркі жаңа көліктермен толықты. Үлкенбөкен ауылында құны 135 млн. теңге болатын дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды. Ол биыл аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Ауданның емдеу саласы мамандарына аудан әкімі, облыстық денсаулық сақтау департаменті бастығы атынан марапаттаулар тапсыру рәсімі өте қызу өтті. Олардың арасында Р.Жұмағазина, С.Макарова, Ж.Үмітбаева, Б.Оралова, Г.Татманова, Т.Мұқажанова, Г.Закирьянова және басқалары бар. Бүгінгі мерекемен ақ желеңді абзал жандарды ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалықтарының басшылары мен әр сала бөлімдері құттықтады. Үлкенбөкен ауылдық округінің әкімі Н.Назарханов әкімшілік атынан ауылдағы амбулаторияға сыйлық тапсырды және Қ.Баймолдин жетекшілік ететін «Табиғат» шаруа қожалығы компьютер сыйлайтынын жеткізді. «Рүстем» шаруа қожалығы Көкжайық дәрігерлік амбулаториясына ноутбук сыйласа, «ҚалмұқжомАхмет» ШҚ Үлгілімалшы емдеу мекемесіне компьютер, еңбегі сіңген дәрігер И.Қалиеваға жеке сыйлық тапсырды. Аудандық ішкі саясат бөлімі мен жастар орталығы медқызметкер Баян Советқызын марапаттады. Самар ауылдық округінің әкімшілігі атынан «Ауданаралық ауруханаға» сыйлық тапсырылды.

Әріптестерін қырық жылдан астам еңбек өтілі бар балалар дәрігері В.Резникова, емделушілер атынан «Күміс алқа» иегері Г.Поттахова, ардагерлер атынан Самар ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы М.Балажанова және басқалары құттықтады. Ауыл тұрғындары арасында «Дәрігер, сен бізге керексің» атты акция өтіп, онда ең үздік деген дәрігерлер анықталды.

Бұл күні шырқалған ән, биленген би, әзілдің барлығы медицина қызметкерлеріне арналды. Олар өздеріне арналған концерттік нөмірлерді тамашалай отырып, бірге ән айтты, жарасымды қалжыңға риясыз күлді. Викториналық ойынға қатысып, сыйлықтар ұтып алды. Оларға тамаша көңіл күй сыйлауда «Асыл қазына», «Інжу-маржан» әжелер топтары, «Самарчанка» би ансамблі, Көкпекті және Самар Мәдениет үйінің әртістері атсалысты.

Бұл күн шын мәніндегі өз мамандығына, Гиппократ алдында берген антына адал жандардың мәртебелерін көтеріп, мерейін үстем қылатын күнге айналды.

Жұлдыз Сләмбекқызы Юсупова, дәрігер:

-Бүгінгі мереке есте қаларлықтай болды. Мен барлық дауыс берген адамдарға алғыс айтамын. Қазіргі заман медицинасы жан-жақты дамып, тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасы артып келеді. Бұл жөнінде мемлекет тарапынан да қатаң талап қойылуда. Әріптестерім осы талап үдесінен шығып, қашанда халық алғысына бөлене берсін деп тілеймін.

Л.Поттахова, ауыл тұрғыны, «Күміс алқа» иегері:

-Мен байланыс саласында 34 жылдан артық жұмыс істедім. Көпбалалы ана ретінде ауруханаға да жиі қаралдым. Қазір мен зейнеткермін, ал балаларым аман-сау өсті. Оның барлығына медицина қызметкерлерінің де қосқан үлесі бар деп санаймын. Бұрынғы аға буын дәрігерлер қандай еді, олар өздерінің отбасындағы жағдайды ысырып қойып, күн-түн демей, ақша үшін жұмыс істемей, арды ойлайтын. Қазіргі жастардың да сол жолдан ауытқымай, науқастың қабағына қарай біліп, шыдамдылық танытса, сол алдыңғы аға-апайларынан үйренсе, үлгі алса деймін. Сонда ғана халық алғысына бөленері сөзсіз. К.Мұқатаева, медбике:

-Семей медицина училищесін аяқтай сала Көкпекті аудандық ауруханасында жұмыс істей бастадым. Табан аудармай аудандық перзентханада балалар медбикесі болдым. Өмірге жаңа адам келгені қандай бақыт десеңші! Қаншама сәбиді анасының құшағына алғашқы болып ұсыну перзентхана медбикесі үшін екі есе бақыт дер едім. Жөргек иісі аңқып тұратын сол кезді сағынып жүрмін. Мен қазір зарарсыздандыру бөлімінде жұмыс істеймін. Бұл жердегі жұмыс та жауапты. Жалпы, медицина қызметкері қай жерде жұмыс істесе де жауапкершілігі зор. Сондықтан да, әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтай отырып, сеніп тапсырылған жауапкершілікті ақтай берейік дегім келеді.

Клара НҰРПЕЙІСОВА

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Маусым 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз