Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

9 қыркүйек күні Көкпекті ауылында командалық көкпардан аудандық іріктеу жарысы өткізілді. «Толағай» ұлттық спорт фестивалінде аудан намысын қорғайтын құрама жасақтау мақсатында өткізілген іріктеу жарысында 6 ауылдың көкпар командасы өзара сынға түсті. Ұлттық спорт орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев қатысып, көкпаршыларға сәттілік тіледі.

 

Биылғы жылы аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың бастамасымен Көкпекті ауданында «Ұлттық спорт орталығы» құрылды. Орталық тізгінін белгілі атбегі, ұлтжанды азамат Бауыржан Түсіпжанов ұстады. Қазіргі күні орталық жұмысы жүйеленіп, ұйымдастыру шаралары атқарылуда.
Көкпекті ауданында 28-29 қыркүйек күні ұлттық спорт орталығының ашылуына арналған «Толағай» ұлттық спорт фестивалі өткізіледі. Фестиваль аясында өтетін командалық көкпар жарысына қатысатын аудан құрамасын жасақтау мақсатында іріктеу турнирі ұйымдастырылды. Жарысқа ауданның Тассай, Мамай, Көкпекті, Ақой, Шұғылбай және Үлкенбөкен ауылдарының көкпаршылары қатысты. Өкінішке орай Теректі, Биғаш және Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округ құрамалары жарыстан тыс қалды. Аталған ауылдарда атқамінер азаматтар бар екені күмәнсіз. Тек оларды ұйымдастыру жағы жетіспей тұрғаны анық. Келешекте ауылдық округ әкімдері осы мәселеге баса мән берсе дейміз. Ұлттық спортты ұлықтау, қарқынды дамыту баршаға ортақ мақсат екенін ұмытпаған абзал.
Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев қатысып, ұлттық ойынды ұлықтаған азаматтарға сәттілік тіледі. Сөз барысында Ділдәбек Тәжібайұлы дүбірлі доданың мән-маңызына тоқталды.
- Жалпы қазақ елінің елдігі, ұлт болып ұйысып, өсіп-өркендеуі, жағадан алған жауына ғасырлар бойы бас имеуі ең алдымен болат тұяқ қалың жылқысының арқасы екені сөзсіз. Себебі атқа мінген қазақтың еңсесін ешкім езбеген, кеудесін ешкім баспаған. Сол үшін де бүгінгі доданың берері мол, бәсі биік. Көкпекті ауданында ұлттық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынды. Ұлттық спорт орталығының ашылуы көкпар ойынының дамуына тың серпін берері сөзсіз. Атқамінер азаматтар аман болсын, аттарыңыз сүрінбесін, - деді аудан басшысы.
Жарысқа келер болсақ, негізгі тартыс топтық кезеңдерде өрбіді. Құрамалар 2 топта «кім мықтыны» анықтады. Өз тобынан үздік шыққан Тассай және Мамай ауылының құрамалары финалға жолдама алды. Топта 2 орын алған Көкпекті және Ақой ауылының көкпаршылары 3 орын үшін тартысқа толы ойын көрсетті. Нәтижесінде Ақой ауылының жас бөрілері жеңіске қол жеткізді. Финалдық ойында Тассай ауылының көкпаршылары командалық ойынның тамаша үлгісін көрсетіп, жарыс жеңімпазы атанды.
Толағай төсінде будақ-будақ шаң қалдырып, қиқулаған сайын құстай ұшып, өмілдірігін үзердей алқынған аттар, үзеңгісін шірене тартып, серкені аспанға атып ойнаған тақымы тастай азаматтар. Бұл – неше мыңжылдықтан бері жалғасқан ұлттық ойын көкпардағы көрініс. Кілең мықтылар сынға түскен додада Шұғылбай ауылының жас шабандозы Нұрдәулет Берікболов осы жарыстың «Үздік ойыншысы» атанды.
- Қазақ баласы үшін көкпардың орны ерекше. Себебі, ол дәстүрдің жарқын жалғасы. Көкпар – ер жігітті шыңдайтын спорт. Кезінде текті қазақ майданға дайындықтың бір түрі ретінде осы көкпарды дамытқан. Екінің бірі көкпар шаба бермейді. «Жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар – қазанатты бір бөлек» деген. Қазанат жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болады. Жігіт те, жылқы да көкпарда сыналады, - дейді тассайлық көкпаршы Арман Ізғұтты.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың қолынан мадақтама қағаздары мен қаржылай сыйлықтар алды. Ұйымдастыру алқасында Ұлттық спорт орталығының директоры Бауыржан Түсіпжанов, мәдениет және тілдерді дамыту, спорт бөлімінің мамандары Қадыр Қажыгелдин мен Сәбит Теміржанов, ұлттық спорт орталығының мамандары Бекзат Құрлыбаев және Елдос Токенов еңбек етті. Тартыс пен таласқа толы көкпар ойындарының бас төрешісі қызметін ардагер көкпаршы Берік Далабаев атқарды. Сәтті өткізілген жарыс алдағы үлкен шараға дайындық екені сөзсіз.

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қыркүйек 2023 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз