Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Көкпекті ауданының Егінбұлақ ауылында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында бірқатар мерекелік шаралар өткізілді. Ауыл азаматтарының күшімен бой көтерген арка ашылып, өмірден өткендерге ас берілді. Ауданның белді шабандоздары қатысқан жаппай көкпар ойыны ұйымдастырылды.

 

Шалғайдағы шағын ауылдың үлкен қуанышын бөлісуге аудан әкімінің орынбасарлары Дәурен Қойгелдин мен Мақсат Сүйесінов арнайы барды. Ауылға кіреберіс арканың ашылу салтанатында аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың атынан орынбасары Дәурен Қойгелдин құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды лебізін жеткізді. Өнегелі істері арқылы өзгеге үлгі болған Егінбұлақ ауылының тұрғындарына алғыс айтып, береке мен бірлікке бастайтын бастамалар көп болсын деп тіледі.
- Құрметті Егінбұлақ ауылының тұрғындары! Сіздерді ауыл азаматтарының күшімен бой көтерген айшықты арканың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бірлесе істеген жұмыста қашанда береке бар. Ауылды алтын бесік санап, игілікті іс атқарған, осы істің басы-қасында жүрген атпал азаматтардың еңбегінен өзгелер үлгі алатын болады», - дей келе, үстіміздегі жылы Биғаш ауылдық округінде атқаратын толымды тірліктерге тоқталды.
«Туған жерге тағзым» бастамасымен ауылға кіреберіс қақпа орнатуда ерекше еңбек сіңірген бірқатар азаматтарға аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың атынан «Алғыс хат» табысталды. Лайықты марапатқа Нұрлан Сәрсембаев, Жұмағазы Байсексенов, Ерболат Чукеев, Саят Қасымов, Қуаныш Амангелдіұлы, Тасқын Жұмағұлов, Нұрғазы Серікбаев, Жасұлан Қырықбаев және Дамир Геккель ие болды. Сондай-ақ осы күні мерейлі 70 жасын атап өткен Егінбұлақ ауылының тумасы Бердібек Қасымбекұлына аудан әкімінің арнайы құттықтау хаты тапсырылды.
Өз кезегінде сөз алған ауыл ақсақалы Нұрдолда ата айшықты қақпаның салынуына атсалысқан азаматтарға алғысын жеткізді. Семей қаласынан арнайы келген Нұрдолда ата мен Бәкен апаға ауыл жастары оқалы шапан мен камзол кигізіп, ерекше құрмет көрсетті. Ауылдың ардагері Омарғазы Серікбаев құттықтау сөз сөйлеп, барлық жерлестерін туған жерді бірлесіп түлетуге шақырды.
Қақпаның ашылуына арналған лента қию рәсімін аудан әкімінің орынбасары құрметті қариялар Нұрдолда ата мен Бәкен апа, алтын құрсақты ана Нұрзия апа және аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин орындады. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, ақсақалды қариялар баталарын берді.
Шара аясында ауылдық клуб үйінде өмірден өткендерге арналып ас берілді, құран-қатым түсірілді. Түс ауа аудандық деңгейдегі жаппай көкпар ойыны басталды. Ұлттық спортты қолға алып жатқан ауылдың шақыруына Тассай, Көкжайық, Үлгілімалшы, Көкпекті, Ажа ауылының көкпаршылары үн қатып, ту түбінен табылды. Теректі ауылдық округінен арнайы ниет етіп келген Сәрсенхан молда батасын беріп, көк серке құрбан шалынды.
Көкпардың көркін қыздырған көкжал жігіттер бұл күні ауыл халқына керемет ойын сыйлады. Тассайдан келген Арман Ізғұтты, Азамат және Дидар Сләмовтар, Дастан, Саят атты шабандоздар салымды болды. Данияр бастаған Ажаның көкпаршылары да құр алақан қайтпады. Ерлан Әзімбаев пен Нұрлан Ермек сақа көкпаршы екендерін тағы бір мәрте көпшілікке паш етті. Көкпектіден ат арытып жеткен ардагер ойыншы Мұратқазы Аханұлының ойыны көпке дейін аңыз болып айтылатыны анық. Жасұлан Дананов бастаған Егінбұлақтың жігіттері де 8 бірдей салымға қол жеткізді. Ануар Дүйсембаев, Дулат Амангелдіұлы, Ерзат Баяхметов, Жасұлан Қырықбаев, Бауыржан Нұрланұлы, Аян Жасұланұлы сынды білекті жігіттер доданың қазанын қайнатты.
Көршілес Жарма ауданынан арнайы келген жомарт жүректі азамат Нұрлан Төлегенов көкпардың «өгіз өлді» салымына бір тай атады. Тектінің тұяғы Арман Ізғұтты топты жарып шығып, соңғы салымды қанжығасына байлады.
Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары да шағын ауылдағы үлкен шараға өз үлестерін қосты. Нұрлан пен Олжас ән мен сазды әуелетіп, Аяжан Амантайқызы той тізгінін қолына алды.
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан Егінбұлақ ауылында жасалынып жатқан жарқын істер - ауылдың дамуы үшін атқарылып жатқан тірліктер. Сондықтан ауыл келбетін көркейтуге үлес қосқан азаматтардың өнегелі ісінен кейінгі ұрпақ үлгі алады деген сенім мол.

Дархан БЕРДІБЕК

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Маусым 2023 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз