Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілген болатын. Көкпекті ауданында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай бірқатар тағылымды да мазмұнды шаралар өткізілді. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев бастаған ел азаматтары Алаш қайраткері, Алашорда әскерінің қолбасшысы Хамит Тоқтамысовтың рухына тағзым етті.

 

Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев, мәслихат төрағасы Талғат Сарманов, мәдениет үйінің директоры Нұрлан Тоянкенов, Көкпекті ауылдық округі әкімі Қайрат Алғазыұлы, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Сләмбек Мұқашов, аудандық мешіт имамы Кенжебек Ақметқалиев, жазушы Қайдар Асқарұлы, аппарат басшысы Бек Нұғыбаев және зиялы қауым өкілдері Алаш қайраткері Хамит Тоқтамысовтың зиратына барып, құран бағыштап, еске алу рәсімін жасады.
Хамит Тоқтамысов ең біріншілердің бірі болып 1920 жылдың өзінде қызылдың қырғынына ұшырайды. Өлкетанушы, ақын Қалихан Алтынбаев өзінің «Көкпекті» кітабында Алаш офицерінің 1920 жылы өмірден өткенін баяндайды.
«1919 жылдың күзінен басталған ақ пен қызылдың арпалысы 1930 жылдардағы ауылшаруашылығын жаппай колхоздастыруға дейін созылды. Сол айқастардың елеулі бір бөлігі «Қаракезең» оқиғасына байланысты. Семей атырабында қызылдар түпкілікті жеңген соң, ақтарфдың қалдығынан құралған 45 адам 70 арбалы көштен Көкпектінің үстін баса қазіргі Ақсуат жеріндегі Карл Маркс совхозының жеріне бет алған екен. Мақсаттары Қытай шекарасына асу. Алайда, ақтар бұл ниетіне жетпеді. Көкпектідегі штаб бастығы Сосновтың басқаруындағы қызыл гвардия полкының бөлімшесі жолшыбай көшті қамап алып, қарусыздандырады. Барлығын Көкпектідегі бұрынғы депо үлкен үйіне әкеп қамайды. Сөйтіп «бұларды не істеу туралы» Семейге телеграмма жолдайды. Қырсыққанда Семейден үш күнге дейін жауап келмепті. Ақырында бөлімше штабы революция атынан тұтқындарды атуға бұйрық шығарады. Тұтқындардың арасында Алаш азаматы, бұрынғы орыс армиясының капитаны Хамит Тоқтамысов, әйелі мен баласы және бір орыс офицері келіншегімен бар еді. Осындағы екі әйел мен неше бір балаға ғана азаттық беріліп, басқаларының тағдыры шешілген. Яғни, 1920 жылдың мамыр айының бір кешінде барлығын Көкпектіден «Қаракезең» бұйратына бас-тап апарады. Сол жерде өздеріне ұзын ор қаздырады. Сөйтіп барлығы батар күнмен бірге батты. Өліктерді көметін күні Көкпектідегі татардың бір топ беделді ақсақалдары штабтан мұсылманның мүрделерін сұрап алады. Оларды өзен сыртындағы татарлар зиратына жерлеген. Хамит Тоқтамысовтың денесі үстіндегі әскери формалы киімімен Дәуіт хазірет дегеннің аяқ жағына көміліпті», - деп жазады өлкетанушы.
Заречка аумағындағы мұсылман зиратында жерленген Алашорда қайраткері Хамит Тоқтамысовты Көкпекті ауданының халқы енді ғана танып, біліп жатыр. Елжанды азамат, меценат Мұқан Ағзамовтың еңбегімен Алаш әскерінің қолбасшысы жерленген нақты жері табылды. 2019 жылы облыстық ғылыми конференция өткізіліп, зират басына құлпытас орнатылды. Осы игілікті шараны атқаруда өлкетанушы Қайрат Малғаждаров, аудан азаматтары Бек Нұғыбаев, Азат Рахымбаев және Дархан Бердібек көп еңбек сіңірді.
Қалихан Алтынбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу кеші өткізілді. Шараға аудан әкімінің орынбасары Марат Теміржанов қатысты.
- Бүгін біз саяси, қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай өтіп отырған шараға жиналып отырмыз. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқанға кіріскен белсенділер жұмысы республикадағы 40 миллионнан астам мал басының қырылуына әкеліп соқтырды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдары елімізде бір жарым миллионға жуық адам қайтыс болды. Ашаршылықтың артынан репрессия келіп қосылып, нақақтан-нақақ ұлтымыздың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары жала жабылып атылып кетті. Сол кездегі қазақ халқының басына түскен жаппай саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған кейбір азаматтар елге аман-есен оралса, көбісі барған жерінде мәңгілік мекен тапты. Күні бүгінге дейін кейбірінің жатқан жері белгісіз. 1997 жылғы жарлыққа сәйкес 31 мамыр саяси репрессия құрбандарын еске алу күні болып белгіленді, - деді аудан әкімінің орынбасары Марат Қапарұлы.
Шараға жиналған мекеме, ұйым қызметкерлері, мектеп оқушылары мен жастар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, олардың рухына 1 минут үнсіздік жарияланды.
Жергілікті ақын Фархат Маратұлы тақырыптық арнау орындады. Мәдениет үйінің өнерпаздары 3 шағын бөлімнен тұратын сахналық қойылым көрсетті. Бірінші көрініс елдегі жаппай қуғын-сүргінді көрсетуге бағытталса, екінші бөлімде «Алжир» әйелдер лагері, үшінші бөлімде «халық жауларын» сотсыз, тергеусіз атып тастаған ОГПУ әрекеті сахналанды.
Еске алу кешінде халық әні «Елім-ай», репрессияға ұшырап, атылған композиторлар мен ақындардың әндері мәдениет үйі әншілерінің орындауында шырқалды. Тағылымы мен мазмұны мол кеш мәдениет үйі вокалдық квартетінің орындауындағы «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқталды.

Шолпан АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Маусым 2023 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз