Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

«Туған жерге туыңды тік» деген халық даналығын берік ұстанған Тассай ауылының азаматтары 25-27 маусым күндері туған ауылында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырды.
«Тассай түлектері – туған жер төрінде» атауымен өткен шаралардың мән-мағынасы да, мақсаты да осы бір ауыз даналық сөзге сыйып тұр. Ұлан-асыр тойға ұласқан, сәні мен салтанаты жарасқан шаралардың ұйымдастырушы – ауыл азаматтары. Бұл жерде ешкімде жеке дара бөліп, ерекше атау да артық болады. Себебі, бұл іске атсалыспаған бір де бір жан қалмады. Ауыл әкімі Ержан Мазыбаев бастап, жастар көшбасшысы Берік Байгереев қостап, ел ағасы Қатрен Байжүменов алдыңғы қатарда жүріп, ел болып еңсерген шаруа болды.
«Ауылым» деп алыс-жақыннан ағылған ағайынның қарасы да көп. Ел ордасы Астанадан, ару қала Алматыдан, Қарағанды мен Керекуден, Семей мен Өскеменнен асығып жеткен Тассай тумалары ауыл азаматтары ұйымдастырған тамаша тартуға куә болды, риза көңілмен тарқасты. Мерекелік шаралар бағдарламасында «Тассай барысы», футбол жарысы, гала концерт, ақындар айтысы бар.
Екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған шараның басы-қасында болып, ұйымдастыру ісімен айналысқан Берік Байгереев ауқымды жоспарды сәтті іске асыруда Тассай халқының береке-бірлігі басты рөл атқарғанын айтады.
- Ауылдан түлеп ұшқан, еліміздің әр түкпірінде жүрген түлектердің басын туған жерде қосу мақсат болды. Екінші жыл жалғасып отырған шараның нәтижесі бар. Арнайы алыстан келіп жатқан жерлестерді көріп, негізгі мақсатымыз орындалғанына көз жеткізуге болады. Іс-шара бірнеше кезеңнен тұрады. «Тассай барысына» биылғы жылы 38 балуан қатысты. 20 жастан бастап 60 жасқа дейінгі аралықта. Басты шарты тек қана тассайлық азаматтар қатыса алады. Себебі ауылдың қарапайым азаматтары өзара сынға түсіп, күрес шеберлігін көрсетсе деген мақсат болды. Негізгі демеушілерді де атап өткен жөн. Марат Каликов, Қанат Тлебалдин, Жанат Тлебалдин, Берік Тлебалдин, Жанат Ибрагимов, Данияр Изгутдинов, Марат Байжұманов, Архат Оразбаев, Асхат Оразбаев, Нұрлан Шегебаев, Жақсылық Баймамыров, Айдын Қилыбаев, Гүлмира Сабурова, Арман Асылғазин, Ерлан Асылғазин, Құдайберген Абикенов сынды жомарт жүректі жандарға алғысымыз шексіз. Сондай-ақ 1974, 1975, 1984 жылғы туған түлектер көп көмек көрсетті. Ауыл халқына мерекелік көңіл-күй сыйлаған гала концертте Семей қаласынан арнайы келген жезтаңдай әншілер Саяхат Тұрлыбеков және Мақсат Рақимов, белгілі «Сарын» тобы өнерін паш етті. Лоторея ойыны ұтысына қатысқан 2 жерлесіміз Алакөлге жолдама жеңіп алды. Шараны жоғарғы деңгейде өткізуге атсалысқан барлық жерлестерге айтар алғысымыз шексіз. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткіземіз деген сенім мол, - дейді елжанды азамат.
Жарыс болған соң жеңімпаз бен жүлдергерсіз болмайды. «Тассай барысы» жас және салмақ ерекшелігіне қарай 4 дәрежеде өткізілді. 20 мен 40 жас аралығында 80 кг дейінгі салмақта «Өгіз балуан» атағын Ринат Сабиғалиев жеңіп алды. Барлық қарсыласын тамаша әдіспен женген Ринат балуанға жеңімпаз белбеуі мен 100 мың теңгенің сертификаты берілді. Сондай-ақ қазақ күресі, дзюдо және самбодан облыс чемпионы атанып, жерлестерінің абыройын асырған жас спортшыға ауыл азаматтарының атынан қосымша 50 мың теңге сыйақы тағайындалды. Жүлделі 2 орынды жас жеткіншек Тәлімжан Кеңесов еншілесе, жеңіс тұғырының 3 сатысына атақты көкпаршы Ерлан Әзімбаев көтерілді.
«Түйе балуан» атағын сарапқа салған 80 кг жоғары салмақта 20 мен 40 жас аралығындағы белдесулер тартысқа толы болды. Тектінің ұрпағы Арман Ізғұтты қарсылас шақ келтірмей «Түйе балуан» атанды. Екінші орынды Айдын Сыдықов олжаласа, үшінші орынды Біржан Шегебаев қанжығасына басты.
Дулат Тұрлыбеков 40 пен 50 жас аралығындағы балуандар белдесуінде 1 орынды ешкімге бермеді. Екінші орын Ержан Кәрімовқа және үшінші орын тілек Бүкімбаевқа бұйырған екен. Нағыз қызық 50 жастан асқан ардагерлер арасындағы белдесулерде басталды. Ел чемпионатының жүлдегері Әсет Түкушев бабында екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Тәжірибелі балуан жарыстың 1 орнын олжалады. Ал екінші орынға Қайран Тұрлыбеков және үшінші орынға Бейбіт Батталов ие болды.
«Қазақ күресі» спортының дамуына ерекше үлес қосқан қайраткер Амантай Қазымұлының әулеті арнайы жүлде тікті. Арнайы жүлдеге «Ең үздік ардагер» атауымен Қайырлы Мағзумов және «ең үздік әдіс» атауымен Берік Далбин лайық деп танылды.
Мектеп бітіргендеріне 10 жыл толған 2012 жылғы Мұхтар Әуезов мектебінің түлектері футбол жарысын ұйымдастарды. Жарысқа қатысушылар мектепте бірге оқыған сыныбына қарай құрамаларға бөлінді. Жарыс нәтижеснде 1996 жылғы футболшылар жеңіске жетті. Жүлделі 2 орынды 1994 жылғы жастар және 3 орынды қонақтар құрамасы иеленді.
Мерекелік шаралар ақындар айтысымен түйінделді. Аймақтың айтулы сөз шеберлері сынға түскен жыр додасы мәдениет үйінің сахнасында түн жарымға дейін жалғасты. Ақындардың өнерін бағалап, шынайы төрелік еткен әділ қазылар алқасын семейлік дүлдүл ақын, белгілі ұстаз Дәулет Сметов басқарды. Арқалы ақындар тамыры терең Тассай тарихынан сөз қозғап, елдің бірлігі мен берекесін ұлықтады. Жыр додасында бақ сынаған ақындар сөзге шешендігі мен ой ұшқырлығын көрсетті. Төл өнерге шөлдеген көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Шындықты домбыраның шынағына сыйдырған ақындардың өнеріне көрермен риза болды.
Ойдың тұнығын, сөздің шымырын теріп, көрерменді қуантқан жыр жампоздарына қаржылай сыйақы табыс етілді. Үшінші орынды Самар ауданы, Көкжота ауылының тумасы Аян Қалымбек, екінші орынды биғаштық Жасұлан Мақаев иеленді. Бірінші орынды көкпектілік Фархат Маратұлы қанжығасына байлады. Ал бас жүлдені бағы мен бабы келіскен үржарлық Баян Бағдатұлына бұйырды.
 
Дархан БЕРДІБЕК

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2022 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз