Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

«Жергілікті атқарушы органдары басшыларының халық алдындағы есептік кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес Көкпекті ауданы әкімінің есептік кездесулері Үлгілімалшы, Көкжайық, Қойгелді Аухадиев атындағы ауылдық округтерінде өтті. 

Жас болса да жақсы істерге бас болып жүрген округ әкімі Мерей Смағұлов өз баяндамасында атқарылған істерге тоқталып, алдағы міндеттермен таныстырды. Жас әкімнің еңбегіне ризалығын ауыл тұрғындары, ақсақалдар болып әділ бағасын берді. Үлгілімалшыда келелі кеңестің басқа ауылдардан бір ерекшелігі ауыл тұрғындары күнделікті күйбең тірлік мәселелерін көтеріп қоймай қоғамдық маңызды мәселелерді қозғады. Ел ағалары ақылын айтып, билік өкілдеріне бағыт нұсқады. Елбасына деген ризашылықтарын жасырмай, аудан әкіміне алғыстарын айтты.


- Аудан әкімі мен ауыл әкімінің есептік кездесуде көтерілген бірқатар мәселелердің қолға алынып, шешіліп жатқаны көңілге медеу. Былтырдан бері көшемізге жарық келді, мектептің төбесі жөнделіп, біраз жолдар жөнделді. Ауылымызға деген дұрыс көзқарас көңілге үміт ұялатты, - дейді жарыс сөзге шыққан ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тұрсынхан Шаханов. Ел ағасы бірқатар күрделі мәселелерді де ашып айтты. Ауыл тұрғындарының таза ауызсу мәселесі, жолды жөндеу, халық арасында мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, клуб үйін іске жарату сынды көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарды көтерді.
Ал, Көкпекті ауданының әкімі Асхат Сайдахметұлы өзі әкім болып сайланған уақыттан бергі атқарылған жұмыстарға тоқталды. Аудан әкімінің қарапайым халықтан және жергілікті билік орындарына ұсыныс, талабы ауылды көгалдандыру, тәртіп, тазалық, абаттандыру.
- Осының бәрін өзіміз үшін, ұрпағымыз үшін жасайық. Мұны бюджет көмегінсіз де істеуімізге болады. Сонда ауылымыз, ауданымыз көркейеді әрі үлкендердің де демалатын орны болар еді. Бұдан әрі де бірігіп жұмыс істейтін боламыз, - деп ойын түйіндеді аудан әкімі.
Тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік міндеттерді шешуге арналған кездесуде ауылдықтар өздерін толғандырған мәселелермен бөлісті. Баяндамадан соң жарыссөзге шыққан ұстаз Баршагүл Мейрембаева, Болат Смаилов ауыл өміріндегі әр саладағы оң өзгерістерді атап, өтініштерін білдірді: - Мәдениет үйі жөнделсе түрлі шаралар өткізіліп, қарттарымыз да бір уақыт көңіл сергітіп, демалатын жеріміз болар еді. Осындай ұсыныс-тілектерін айтқан жұрт алдағы кездесудің нәтижелі боларына сеніп тарасты.
Көкжайық ауылдық округіндегі кезекті аудан әкімі мен жергілікті әкімнің есебін тыңдауға келгендердің қарасы қалың. Алғашқы болып мінберге көтерілген округ әкімі Нұрбек Сүлейменов ит жылы аудан аумағында атқарылған игі істерге тоқталып өтті.
- Көкжайық ауылдық округіне Көкжайық, Ақой, Қарамойыл және Қарағандыкөл елді мекендері кіреді. Округтегі тұрғындар саны 1790 адам. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Көкжайық ауылында ауыл жастарының бастауын қолдап, «Елімай» шаруа қожалық (басшы- Т.Бекбердинов) демеушілік көрсетіп мешіттің төбесі жөндеуден өткізілді. «Талап» шаруа қожалығының (басшы- Ж.Күшікпаев) көмегімен Қарамойыл ауылының ішкі жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. «Рустам» шаруа қожалығы (басшы - К.Дюсенбаев) өз қаражатына ауыл тұрғындарына медициналық пункт салып берді. Ауылымыздан көшіп кеткен кәсіпкерлер «Туған жерге - тағзым» акциясы аясында өз ата-бабалары жатқан жерге тағзым етіп Жұмыскер, Қосаба учаскелерінде және Көкжайық ауылында зираттар қоршалды. Заманға сай ауыл тұрғыны Бақытжан Сатенбаевтың ашқан дүкені көшенін ажарын ашып тұрғаны анық. Қазіргі уақытта халыққа толыққанды қызмет көрсету үстінде. - деді округ әкімі. Атпал азаматы бар ауылдардың ажары күннен күнге көріктене түсетіні осыдан белгілі. Округ әкімі Нұрбек Сүлейменовтың жылдық қорытынды есебі де жақсы қабылданып, жарыссөзге шыққан тұрғындар М.Қалиқанов, Ж.Мейірманов, Е.Әзімбаевтың тарапынан қанағаттанарлық деген баға алды.
Аудан басшысы есептік баяндамасынан соң тұрғындар тарапынан түскен сұрақтардың (мал дәрігерінің қызметтік машинасының ескіруі, ескі әкімшілік ғимаратының жағдайы, өрт машинасының қажеттілігі) барлығына жауап берді. Сөз соңында еліміздің өсіп-өркендеуі береке мен бірліктің жемісі екеніне баса назар аударып, жарқын болашақ үшін ерінбей еңбек етуге шақырды.
Түс ауа аудан әкімі Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округіне ат басын тіреді. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ауыл әкімі Меруерт Малғаждарованың есебі тыңдалды. Баяндамада ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы айтылды. Баяндамадан кейін шығып сөйлеген ауыл тұрғыны, зейнеткер ұстаз бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Таисия Шнайдер округте өтіп жатқан игі істер мен кеңес жұмысы жөнінде толық мағлұмат берсе, Преображенка орта мектебінің директоры Г.Қарымсақова аудан мен округ әкімінің есебіне оң бағасын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Ал, аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы өзінің есепті кездесу барысында ауданның есепті мерзімдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын тұрғындар арасында насихаттау, түсіндіру мақсатында атқарылған жұмыстар туралы, республикалық және жергілікті бюджеттен бөлініп, игеріліп жатқан қаржылар жөнінде кеңінен баяндады. Сондай-ақ, аудан бойынша салықтың орындалуы, көгалдандыру, санитарлық тазарту жұмыстарының барысы, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық тәртіпті сақтау, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғауға байланысты атқарылған жұмыстар туралы, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың орындалуы туралы тұрғындарды хабардар етті.
– Алдымызға қойылып отырған міндеттер жылдан-жылға артып келеді. Сол міндеттерді орындау халықтың талап-тілегіне сай жұмыс атқару, еліміздің көркейіп, дамуына нақты ісімізбен жауап беру-басты мақсатымыз. Ең бас-тысы оның барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруы үшін жасалуда, – деп аудан әкімі алдағы жылы атқарылатын жұмыс жоспарымен таныстырды. Есептік кездесу соңында Асхат Сайдахметұлы әрбір тұрғынның талап-тілектері ескерілетінін, шешімін таппаған мәселелер бюджетке байланысты кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Баяндаманы талқылауға тұрғындар қатысты. Олар әкімнің жұмысына оң баға бере отырып, болашақта ауылды дамыту жөнінде өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Осымен аудан әкімінің кестеге сай үш ауылдағы сапары аяқталды.
Жұмабек Доспайұлы Мейірманов, Көкжайық ауылының имамы:
- Көкжайық ауылында ауыл әкімі және аудан әкімі А.Смаиловтың есеп беру жиналысы жоғары деңгейде өтті. Өткен 2018 жылды қорытындылай келе ауыл әкімі қол жеткізген жетістіктерді, алға қойылған мақсаттарды таныс-тырды.
Мәселен, ауылы үшін аянбай еңбек етіп отырған «Елім-ай», «Рустам», «Талап» ШҚ жетістіктерімен таныс-тырды. Аудан әкімі А.Смаилов аудан бойынша Көкжайық ауылының атқарылатын жұмыстардың көптігін, сол үшін көптеген мақсаттарға қол жеткізу керектігін айтты.
Аудан әкімі А.Смаиловқа болашақта елі үшін істеп жатқан еңбегіне табыс, отбасына амандық тілеймін, Көкпекті ауданы Шығыс Қазақстан бойынша алдыңғы қатардан көрінер деген сенімдемін.
Санияр Ысқаққызы Айжақсина директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Үлгілімалшы ауылы:
- Жылдық есепті ауыл тұрғындары, мектеп ұжымы зор ықыласпен тыңдады. Асхат Сайдахметұлы Көкпекті ауданына әкім болып келгелі, ауданымыздағы оң өзгерістерді атап, ауылымызды абаттандыруда атқарылатын жұмыстардың қыр-сырымен таныстырды. Ауыл азаматтары ауылды көркейтудегі аудан әкімінің жұмысын жоғары бағалап, ауыл тынысында біршама оң өзгерістер болатындығын байқады. Іскер азаматтың келген күннен бастап білім саласына, баса назар аударып, мектебіміздің төбесін күрделі жөндеуден өткізіп, оқушылардың алаңсыз білім алуына барлық жағдайды жасағаны, шалғай ауылдағы оқушыларды тасымалдауға жаңа көлік беретіндігі ата-аналарды, ұстаздар ұжымын қатты қуантты. Алдағы уақытта мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өтетіндігі де ауыл тұрғындарының көңілінен шықты.
Асхат Сайдахметұлының ойлы сөздері мен іскерлігі, азаматтық ұстанымы жұрт көңілінен шықты деп ойлаймын. Аудан әкімінің жұмысын жоғары бағалап, деніне саулық, еңбегіне табыс тілеймін.
Амангүл Серікпаева, Қойгелді Аухадиев атындағы ауылдық округі:
– Аудан әкімінің есебі өте жоғары деңгейде, мазмұнды да әсерлі өтті. Әкімнің осы қызметке мұң-мұқтажы көп аудан тұрғындарының жағдайын тереңнен ойлай келгені, баяндамасының жан-жақтылығы, көп мәселелерді дөп басқан жігерлі жоспарлары, азаматтық ой-өрісінің биіктігі көңілімізден шықты. Ауылдық округ әкімінің жұмысына оң баға береміз. Жылдан-жылға ауыл келбеті жақсаруда. Округте іс жүзіне асып жатқан шаруаның барлығы халық игілігі үшін атқарылатыны рас.

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Ақпан 2019 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз