Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Ауданымызда аталып өткен Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдық мерейтойы жұртшылықтың есінде қалар мерекелі, берекелі іс-шара болды. Тойдың қызығы республикаға танымал ақындардың айтысы еді. Айтыс керуенін елімізге әйгілі ақын, мәдениет қайраткері Жүрсін Ерманның бас-тап келуі де жиынның көрігін қыздырып, мейрамның мерейін үстем етті. Айтысты көрген де арманда, көрмегенде арманда демекші, айтысты келіп көре алмағандар үшін, тұшынып естіп, сүйсініп қарай алмаған ағайынға айтыстың жазбаша нұсқасын ұсынамыз. Баға жетпес құндылықтарымызды игілікке жаратайық ағайын!

Серік Қуанған
Ақын ба елдің жүгін көтермеген,
Алаулатып жырынан от өрлеген.
Алла деп алдарыңда атқа қондым,
Адамдай мақсатына жетем деген.
Өр қазақтың ерлігін жырламасам,
Өлеңші боп келгенім жоқ бекерге мен.
Әніме қоссам дағы алашымды,
Әлі де қарызым бар өтелмеген.
Көкпекті көрікті өлке, көңілі ақ,
Бүгін қалай өзіңді бөтен көрем.
Құрсағынан нәр алған талай текті,
Теңселтпей тұғырыңды бекемдеген.
Сақ пен ғұнның сарқыны сендерсіңдер,
Тұлпарын аламанға сетерлеген.


Қастерлеп Қалиханнан қалған жырды,
Атаның мол мұрасы екен деген.
Қойнауыңда байланып құт-береке,
Жайлауыңда қозы-лақ секеңдеген.
Ассалаумағалейкүм, қалың қазақ,
Қарт Қалбаның етегін мекендеген.
Алашым ақындарын арыс қылды,
Батырларын шетінен барыс қылды.
Көкпекті текті ел еді баяғыдан,
Тудырған көрікті қыз, намысты ұлды.
Қалихан Қалбатаудың қыраны еді,
Қанатынан боратқан қар ұшқынды.
Ауылына айтыстың көші келіп,
Жүрсіннің жүйріктері жарыс қылды.
Босағаңа ақын келсе, бақ байланар,
Деп болжаған аталар алыс қырды.
Жыр тулап жатқан кезде сахнаңда,
Қиқулап естілсе екен дауыс түрлі.
Ақындарын алаштың алдырдыңдар,
Әкімдерің қылған соң әр істі үлгі.
Сағынып қалған елді айтыспенен,
Сағындықов ағамыз табыстырды.
Құлдыраңдап шабайын,
Тұлпар туған құлындай.
Жүректен жұлып берейін,
Жұртыма мына жырымдай.
Батыр, батыр бола ма?
Қынаптан қылыш суырмай,
Ақын, ақын бола ма?
Алаш үшін туылмай.
Алаш, алаш бола ма?
Ақынға ұлы ұрынбай,
Айтысқа көңіл жылынбай.
Аманбысың, Аспанбек.
Ірілеп сөйле ал енді,
Іркіліп қалма сірә да.
Ініне бұққан суырдай,
Көкпектіге келгенде,
Адуын жыр төгерсің.
Алтыннан қымбат нарқы бар,
Алтынбаевтың жырындай.
Аңқылдап біраз сөйлеген,
Ақыл айтқан Алашқа.
Ақылы мына нұрындай,
Қылықты жыр айтарсың.
Бұрымын сүрей бұрылған,
Қиғаш қасты сұлудай.
Тереңнен тартып сөйлегін,
Сүрінбес жерде сүрінбей,
Жығылмас жерде жығылмай.
Күңіреніп көр қобыздың,
Қолдан тартқан қылындай.
Тасқындатып жырларсың,
Көктемде өткел бермейтін,
Көкпектінің суындай.
Желдей үрлеп берейін,
Желбіреп көрші ал енді,
Айтыстың асқақ туындай.

Аспанбек Шұғатаев
Ағайын сәт тілесең, сапарыма,
Оранып мен де келдім шапаныма.
Мәшһүрдың ауылында өскен ұл ем,
Қасқырдың түнеп өскен апанына.
Қалихан Иса ағайға, ұқсайды деп,
Беріпті Есмағамбет батаны да.
Келгенде Көкпектінің шаһарына,
Исаның бір салайын мақамына.
А, құдай шіркін,
Өтедей-ай бір күн сағат та,
Миллион сомдық ойын-күлкің.
Хәләләкуйләйлім,наймандарым қайда?
Мұсылманның әр сөзі,
Биссимилладан басталған.
Шұғатайұлы сөйлесін
Шұға жаудырып аспаннан.
Сағымды далаға келіп қалдық,
Сағыдықұлы басқарған.
Бағаналы ордам басты ордам,
Бағымды артық көремін.
Бағдат, Мысыр, Қашқардан.
Аспанбек келді алдыңа,
Төріңе талай қонақ болып,
Тойыңды талай басқарған.
Батырлар өткен бұл дала,
Дулығалы басты алған,
Атқан оғы тас жарған.
Бармақ батыр аттанса,
Тірі қалмақ түгілі,
Өліп кеткендерінің
Жанарынан жас тамған.
Тана мырзаның рухы,
Әр қазақ үшін тас қорған.
Осындай елге келгенде,
Төгейін мен де дастаннан.
Көкпекті жұрты барсың ба?
Ақындарын еске алған.
Наймандарым барсың ба?
Бесіктегі баласы
Бес қаруды жастанған.
Жақсыдан туып, ер өссе,
Елдің қамын жемес пе?
Көкпектінің төріне
Күнде келмейміз кеңеске.
Ерін сақтайтын ел есте,
Тектіні ғана туатын
Топырағы ерекше.
Мысалы үшін, ағайын,
Қытайларды қорғайтын,
Ұлы қорған емес пе?
Ұлы қорған деген тұрар?
Найман деген қазаққа
Тірі қорған емес пе?
Қозғайын ақын атамнан,
Қалмайын мен де қатардан,
Заманбекпен алғаш айтысып,
Ел жұртынан бата алған.
Абайды да зерттеген,
Мамайды да зерттеген.
Ақиық деген ат алған.
Домбырасын қолға алса,
Сөйлеймін деп келгендер,
Сілекейіне қақалған.
Айналып қана кетейін,
Аталарын еске алған,
Көкпекті деген шаһардан.
Шап дегеннің өзі де
Кем түспейді шапаннан
Алғысың артық мен үшін,
Ат түгіл тіпті атаннан.
Айтып айтпай не керек?
Бұлт екеш бұлттың өзі де,
Биік емес батаңнан.
Жеребенің жолдауы,
Қуанған ақын болғаны.
Қуанғанды көргенде,
Шын қуандым ағайын,
Бұл да ақын еді ордалы.
Көрейін қалай болады,
Мына жігіттің толғауы.
Арыстанға бәрібір
Қарны тойса, болғаны.
Серік келсе қасыма,
Құдайдан келген көмектей.
Еңсере салам мен сені,
Теңселе берсең теректей.
Даңғырлауынды қоясың,
Түбі тесік шелектей.
Кәнекей, тағы жарқыра,
Жайқалған жасыл желектей.
Отырысың да біртүрлі,
Собачийден соғысқа,
Аттанып кеткен төбеттей.

Серік Қуанған
Бұл Аспан тектілерден жалғасты ма?
Майданда мықтылармен арбасты ма?
Біресе Қуанған, біресе Серік дейсің.
Бұндайда осы айтыстан мән қашты да,
Әкемде сенің қандай шаруаң бар?
Әп-әдемі ағаң еді, алғашқыда,
Ол кісі Баянөлгейде жатыр,
Аңсап бұнда барлық қандасты да.
Әкеммен шатастырып мына мені,
Аспанбек сахнада алжасты ма?
Еске алып жатыр, есіл ел,
Алтынбаевтай ардағын.
Айтысыңа бет бұрдым,
Жырға қосып кеп тұрмын.
Ауданыңның аумағын
Аралайын деп әр бағын
Бұл жерде талай тектінің,
Білеміз бағы жанғанын.
Бақытты жұрт едің ғой,
Балға малған бармағын.
Алдарына келген соң,
Асылдарың ғой кешегі
Аунатайын бір аруағын.
Елім, жерім, жұртым деп,
Ұран салған ұлтым деп.
Батыр ұлың Бармағың.
Жеріне мынау қазақтың,
7 мешіт салдырған.
Тана мырзадай тарланың,
Түнімен жырласа дағы,
Түгесіліп таусылмас.
Түбек ақын, Сұртайлар.
Қара өлеңдегі саңлағым,
Боз кілемде билеген,
Жаурыны жерге тимеген.
Дәулен деген палуанын,
Байқамдам мен Мақтабай,
Ақсақалды билерің,
Алаштың шешкен дауларын.
Баяғы аңыз бар есте,
Тау көтеріпті дейтұғын,
Толағайдай балаларың.
Осылардың ізіндей,
Ақ алмастың жүзіндей.
Қалихандай ер өткен,
Қойнауында Қалбаның.
Тәңірі өзі дарытқан,
Таудан биік талғамын.
Байбураның желіндей,
Түтек болып, бұрқырап,
Ақ бұлтқа жазған арманын.
Көрікті мекен Көкпекті,
Жақұтқа толы жан-жағын,
Берекелі ел едің,
Бірліктің жаққан ошағын,
Тірліктің татқан бал дәмін.
Өздеріне тілерім,
Өлшеулі мынау өмірдің.
Базарында шалқи бер,
Назарында болып Алланың.
Аспанбек ақын сен бе едің?
Жалпақ жұртқа даңқы бар,
Салмақтап тұрып сөз қозғау.
Қазақтың ата-салты бар,
Аламанға келгенде,
Менсінбей неге отырсың?
Жырым деп сенен артылар.
Осал інің мен емес,
Екі айналымға алқынар,
Талабың таудай болғанмен.
Өзің таудай болмассың,
Таудың артында тау тұрар.
Шамаң келсе, ал енді,
Жыр көкпары майданда.
Тақымымнан тартып ал,
Асықпағын сен олай,
Ақ қараны айырар,
Алдымызда отырған
Көкпектінің халқы бар.
Алдарына келгенде,
Қызыл тілден бал тұнар.
Мықтымын деме сондықтан,
Мұрының терге малшынар.
Мықтынын да қарағым,
Мұқалар кезі бар шығар.
Алладан пәрмен келсе егер,
Алпыс күнде асқан дария,
Алты күнде сарқылар.
Шын тұлпардың тұлғасы,
Байқалады тайдан да,
Қыран алып көрінер,
Қос қанатын жайғанда.
Барлық ақын жиылды,
Қыздырып бүгін жиынды.
Келтіріп сөзді байламға,
Алаңдаймын несіне,
Отыра алмаймын бейқамда.
Тағы да кезек берейін.
Ойланбасқа ойланба.
Жарқын елдің алдында,
Жадырап сөйлеп, жайраңда.
Өкініп қайтып жүрмегін,
Шаршы алаңға келгенде,
Шалыс басып найзаң да.
Қапы қалмағың бастысы,
Жан алысып, жан берер,
Айтыс деген майданда.

Аспанбек Шұғатаев
Жан алысып, жан берісер,
Айтыс деген майданда.
Ұйқасыңды жалғап көрейін,
Көкпектінің қазағы,
Ақынға құшақ жайғанда.
Мен емеспін бауырым,
Қорқатұғын майданда.
Серік келсе қасыма,
Көтерілер көңілім,
Ет жегендей жайлауда.
Тойына бүгін келгенде,
Мың сөзін бізге айбар ма?
Елдің қамын жырлағың,
Біздерге құшақ жайғанда.
Арзан сөздер өтпейді,
Қамшы ұстаған қазаққа.
Қылыш ұстауды үйреткен,
Мына отырған найманға.
Қасымдағы бауырым,
Арманына жетер ме?
Қуанған деп бір айттым,
Серік деп ол рас бір айттым.
Сонда не олар екеу ме?
Біреуі сенің фамилияң,
Оны айтсам ағайын бұл жерде,
Оным сынына өтер ме?
Әкемді неге айттың деп,
Жатыр дейсің одан соң,
Монғолия дейтін шетелде.
Өзің атамекенге келіпсің,
Парызын дұрыс өтер ме?
Жалғыз келгеннен не пайда?
Ар жақтағы әке-шешенде,
Осы жаққа жетер ме?
Айналайын, бауырым,
Осы атамекенге,
Әкеңді алып келмесең,
Шешеңнен тудың бекерге.
Осылай сөйлеймін, сүйінемін,
Мен отырған жоқпын күйіне.
Әке-шешеңді бауырым,
Қазақстанға ап келгін.
Айналамын десең осынау,
Ағайын, жұрттың биіне,
Әйтпесе, бауырым рас айтам.
Қуанған болып тусаң да,
Жылап қайтасың үйіңе.
Сен емессің бауырым,
Біздер үшін беделді.
Сенен де көргем тереңді,
Одан да біздер жырлайық,
Мына отырған өр елді.
Батырларды айттың ол рас,
Сақтап қалған жер, елді.
Бармақ батырды кім білмес,
Бес ғасырдан беделді.
Сұр жебесін атқанда,
Сөгетін сегіз беренді.
Бәрін айт та бірін айт,
Бармағы батыр болып жатса,
Жұдырықтары не болды.
Тарихты дұрыс айттың ғой,
Ағайын жұртқа есіткен.
Тана мырзаны да айттың ғой,
Сені айтып жатсаң Аспанбек.
Сөйлеуден қалай кешіккен,
Орыстар келіп әр жерге,
Бекініс салса сол жерге,
Мешіт салған бабамыз
Мақсатынан емес кешіккен.
Солардан қалған ел міне,
Бізде мәңгі біргеміз..
Қазақ дейтін осы ұлтпен.
Бұл күнге де жеттік ау,
Анадан қалған бесікпен,
Танадан қалған мешітпен.
Таймын деп баста бастап еді,
Көрсетіп қойды жауырын,
Айтыспай-ақ қой менімен,
Серік дейтін дарыным,
Сөзде болмаса жалының.
Күнде көріп жатқан жоқпыз ғой,
Көкпектінің сауығын,
Мен өзіңдей сан түрлі,
Көріп өскенмін тау ұлын.
Тағы бір кезек берейін,
Салиқалы сөз күтер,
Мына отырған ауылың,
Қара қылды қақ жарған,
Қисық төренің елінде,
Түзу сөйле бауырым.

Серік Қуанған
Аспанбек ақын көсілді,
Ортаны бөлеп думанға.
Шешілесің осылай,
Шешендігінде мін бар ма?
Жылап қайтасың дейді ғой,
Мен сене, сірә,қоймаймын,
Аспанбек сынды ұлдарға,
Жылайтын бүгін не бопты?
Кеудеде тасқын жыр бар да,
Мен бүгін жылай қоймаспын.
Көңілімді көтерер,
Көкпекті аман тұрғанда.
Тартыспай сахнада, бек таласып,
Көрікті ой айтсаңшы көпке машық.
Арғы беттен оралған ақынсың деп,
Мен қылмаймын қара өлеңді текке кәсіп.
Келген емес, айтшы сен кеткендерді.
Өрек болып сөйлей бермей, өктем асып,
Аман болса, әкем де келіп қалар.
Халқына бақ тілейді шетте жатып,
Бұл күнде бай-бағылан қазақтар көп,
Шіреніп шекарадан кеткен асып,
Мен кейбір адамдарды түсінбеймін,
Талай сөзді айтатын өктем тасып,
Оң қадам келіп қалса, Отанына.
Оралман деп тұратын бетке басып,
Оған менің айыбым жоқ та шығар?
Отанымды сүйе алсам шектен асып.
Азаттық тағдырымның табағынан,
Алшы түсіп, алашқа жеткен асық.
Көңіліме келетін бір-ақ нәрсе,
Шетелде жәутеңдейді көп қарашық.
Кедей қазақ шетелден келе алмай жүр,
Бай қазақтар жүргенде шетке қашып.
Жатқанда жарыс боп, ортаңда алуан,
Біз емес жыр тұлпарын қаңтарған жан.
Қалихан аламанның арғымағы
Сүрінбей шауып өткен әр таңдардан.
Таудан тасқын келгендей өлең төксе,
Талайдың тасқа амалы талқандалған.
Арқырап кеткен кезде Алтынбаев,
Тіліне талай мықты арқандалған.
Көрінер Қалиханның қайсарлығы,
Қалбатаумен жалғасқан әр таулардан.
Сыйлайтын шын асылды мәрт қазағы,
Қимайтын қазыналы ортаң қалған.
Қайранмын қас тұлпардың шабысына,
Айналдым қызыл тілден бал тамғаннан.
Шығарып шығысымнан талай ақын,
Таланттың көзін ашқан тарпан болған.
Қалихан айтыстың керуенін алға сүйреп,
Қалихан айтысқа қалқан болған.
Думанды той қылғанда өскен елім,
Ескінің жаңғыртайын есті өлеңін.
Сіздердей өлең сүйер халық барда,
Ағайындар мен неден сескенемін.
Көкпекті ұлан асыр той қып жатыр,
Барлығын жиып алып, бек, төренің.
Қалихан атамның тойы болады деп,
Ауылына алып-ұшып жеткен едім.
Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен
Ежелден қазақ деген текті ел едің,
Тағдырдың тәлкегіне тап келгенде.
Алтайдан да ары асып кеткен едім,
Болса да бүгін бізде тыныш заман,
Қаншама осы күнге жетпегенің.
Көк сөмкелі күндерден аман өтіп,
Орындалған алаштың көксегенін.
Елім аман болса екен, жерім аман.
Маған басқа керегі жоқ ештененің,
Көлденең көк аттыдан сақтап құдай,
Көшің аман болса екен көшпелі елім.
Тұлпармен бірге көсілді,
Тұмарланған тайың да.
Бабадан қалған кешегі,
Қасиет бар бойымда.
Өсет бар ойымда,
Құлагердей көсілсе,
Батыраш жықпас сойылға.
Қалиханның тойы деп,
Думанға жатыр бөленіп,
Қырат пенен сайың да.
Осыменен тоқтайын,
Алаш жұрты аман бол,
Шапалағымен қашанда,
Шабыт сыйлайтын шайырға.
Аспанбек аға аман бол,
Қанжығаң қайтсын майланып,
Қалихан атамның тойында.
Бәрін айт та бірін айт,
Жаратқан ием қазақты,
Берері жоқ бес күнде,
Берекеден айырма.
Қалба таудай қайратты,
Қасиетті халқын өр.
Байбура боран болғанмен,
Бай мұрасын өлтірмей,
Ғұмыр кешкен балқып ел.
Жұлдызындай шығыстың
Айтысында жарқ еткен.
Қалихандай алтын ер,
Аман бол текті Көкпекті.
Басы аман, малы түгел,
Сен аман бол қашанда.
Алтынбаевты тудырған,
Алтын құрсақты алтын ел.

Аспанбек Шұғатаев
Айналайын, бауырым,
Осы ортаны жардың ғой,
Деп отырсың бұл жерде,
Көкпекті аман тұрғанда,
Жыламайтын жанмын ғой.
Жыламасаң да бұл жерде,
Даусын шықпай қалдың ғой.
Қасымдағы бұл бала,
Ақын деп отырсам, бақсы ғой.
Мен сені келдің дегенім жоқ,
Әкеңді алып кел деп едім.
Бұл әңгіме де басты ғой.
Оралман деп айтады деп,
Көңілін бізден қашты ғой.
Айналайын, бауырым,
Оралмаған болғанша,
Оралман болған жақсы ғой.
Шіркін-ай, сен не деген зерделісің,
Кешегі бабалардың еңбегісің.
Әкеңді осы жаққа алып келгін,
Барыңда бойда қуат, белде күшің.
Әйтпесе, саған ренжіп отырғаным жоқ,
Қандастың да көрсе екен ел жемісін.
Сен келсең керісінше мен қуанамын,
Қожабергеннен жеткен термемісің.
Жусан иісің аңсаумен жұртқа оралған,
Бейбарыс секілдісің сен мен үшін.
Міне осылай жырлайды,
Біздің ақындар толғаса.
Тоқтайық дедің бауырым,
Біздерге сөзін жолдаса,
Тоқта десең, тоқтайық.
Қашан келсе бауырымда
Бір құдай өзі қолдаса.
Жолын әркез оңдаса,
Ағайын сенде аман бол.
Қалиханыңды еске алсаң,
Көкпекті жұрты көп жаса.
Ақындардың өйткені,
Өлген күні болмайды,
Туған күні болмаса.

Серік Қуанған
Аспанбек аға жырладың,
Өзінше мұнда заңғар болып.
Тамаша жыр айттың ғой,
Тарлан елде талғам көп.
Қарылса да тамағым,
Қарап мұнда қалғаным жоқ.
Олай демегін сірә да,
Мен ұсақтыққа барғам жоқ.
Айтысы үшін қазақтың,
Қарылмақ түгіл тамағым,
Жыртылса да арман жоқ.

Аспанбек Шұғатаев
Айналайын, бауырым,
Бұл бізге айтқан сөзің бе?
Тоқтайық деп бұл жерде,
Айтып едің ғой өзің де.
Жырла десе ағайын,
Әйтпесе, жырлай беремін.
Бұрылып алып, сезімге.
Айналайын, бауырым,
Сенде аман бол өнерде.
Айнала бер көзірге,
Жарқырасын мәңгілік,
Маңдайдағы көзің де.
Осыменен тоқтайық,
Шыңғырып отырған даусың,
Жыртылмай тұрған кезінде.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Наурыз 2018 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 29 30 31  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз