Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Ақ түйенің қарны жарылып, Самарқанның көк тасы еритін, бүкіл тіршілік атаулыға жан бітіп, әлем жасыл желекке бөленетін күн - Наурыз мерекесі еліміздің барлық өңірлерінде сән-салтанатымен тойланды. Жер-дүние бусанып, ескінің жаңаратын кезеңі - Әз Наурызды Көкпекті жұртшылығы биылғы жылдың бас-ты ерекшелігі Астананың 20 жылдығымен ұштастыра қарсы алды. Орталық алаңда өткен салтанатты шара аудан әкімінің орынбасары Д.Б. Қойгелдиннің қатысуымен басталды.

Ерте заманнан бері ата-бабаларымыз зор ниетпен тойлап келе жатқан ұлық мерекелердің бірі Наурыз мейрамы екендігі даусыз. Сондықтан да болар, бұл күні орталық алаңға бір шаңырақ астындағы көпұлтты ауданның түкпір-түкпірінен келген жұрт ұлан-асыр, шат-шадыман болып, бір-бірімен қауышып, төс түйістіріп, игі тілектер білдіріп жатыр. Алаң көктемгі көрініске лайықталып безендірілген. Осындай көктемге сай барынша әрленген алаңда ұлттық спорт ойындары, арқан тарту, алтыбақан тебу мерекенің көрігін қыздыра түскен. Ал алаңның сыртын ала оң жағында ұйымдастырылған ұзынынан ұзақ созылған жәрмеңкеден ауыл тұрғындары ауылшаруашылық өнімдерін, базар бағасынан әлдеқайда төмен бағаға сатып алып, сауданы қыздыруда. Тойшыл қауым Наурыз көжеден дәм татысып, мекемелер мен кәсіпорын ұжымдарының және мәдениет үйі әншілерінің өнерін, күмбірлеген күй мен әсем әуезді ән тыңдап, әр ұлттардың мың бұралған биін тамашалап мәз-мәйрам болуда.


Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Бақытжанұлы орталық алаңдағы сахна төріне шығып, аудан тұрғындарын Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады. – Тарихи тамыры тереңге тараған, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрінен негіз алған Наурыз мейрамы күні бүгінге дейін жақсылық пен жасампаздықтың, жаңғыртудың белгісіндей болып келеді. Бұл күн - іргесі биік, ынтымағы жарасқан, көпұлтты еліміздің береке-бірлігінің символы іспетті, дей келе, ол жалпы Қазақстан Республикасының, оның ішінде өз ауданымыздың өткен жылда қол жеткізген жетістіктері мен бағындырған биіктеріне тоқталып өтті. Елімізде болып жатқан оң өзгерістердің, бүгінгі мамыражай бейбіт тірліктің барлығы Елбасының сарабдал саясаты мен әрбір қазақстандықтың, сіздердің қажымас еңбектеріңіздің арқасы. Ынтымағы жарасқан елде ғана, ырыс мол болатынын ескерте келе, сөзінің соңында әр отбасына бақыт, береке-бірлік, Ұлыс оң, ақ мол болуын тіледі. Сонымен қатар, бұл күні еңбек ардагері Амантай Нұрғалиев, Орталық мешіттің имамы Дүйсен Нұрнәсір көкпектіліктерге жүрекжарды тілектерін білдірсе, облыстық бата сайысының жеңімпазы Шахан Тұрсынханов жерлестеріне Наурыз батасын берді. Ал аудан басшысының мекемелер тіккен киіз үйлерге арнайы кіріп, ұжым қызметкерлерін Наурыз мерекесімен құттықтап, дастархандарынан дәм ауыз тиюі олардың мерейін үстем еткені анық.
Сонымен қатар, аудандағы биылғы Ұлыстың ұлы күні «Наурыз көші» тарихи-ұлттық қойылым композициясы ауыл тұрғындары назарына ұсынылды.


Наурыз күні есіктерін айқара ашып, шат көңілді тойшыл көпке дәм ұсынған ұжымдардың арасынан ерекше көзге түскен, үйдің сыртында Наурыз көже таратып, іштегі берекелі дастарханға шақырып, қазақтың қонақжайлығының үлгісін көрсеткен Көкпекті ауылдық округі, Ж.Шайжүнісов атындағы ОМ «Ақындар ауылы», Көкпекті ОМ, аудандық білім беру, спорт және денешынықтыру бөлімі, «Көкпекті Толағайы» және «Шуақты Шұғыла» балабақшалары, Кірістер басқармасы және Қазыналық бөлімінің ұжымы, Аудандық аурухана ұжымдарын атап өткен жөн. Мерекелік күндегі арнайы әділқазылардың шешімімен І орынды Ж.Шайжүнісов атындағы ОМ ұжымы, ІІ орынды Аудандық орталық аурухана, ІІІ орынды Көкпекті аудандық білім беру, спорт және денешынықтыру бөлімі және Көкпекті ауылдық округі алды. Сондай-ақ, БЖСМ ұжымының ұйымдастырған боз кілемдегі палуандардың күресі ауыл жұртшылығын риза етті. Ал, Балалар өнер мектебінің ұжымы көрме ұйымдастырып, балалармен «Теңге алу» ойынын ойнатты.
Наурыз тойынан алған әсерімен бөліскен көкпектіліктердің ақжарма тілек-терін назарларыңызға ұсынамыз.


Клара Жақыпбекова, «Жұлдыз» ЖК басшысы:
- Жер бетінде мереке де, той да көп. Бірақ, солардың ішінде Наурызға жететіні жоқ. Міне, осы айтулы мерекеге біз аман-есен жетіп отырмыз. Ұлыс күні құтты болсын! Еліміз еңселі болып, асқаралы асуларымызға абыроймен жете берейік. Бала-шағаларымыз молшылықта, тыныштықта, береке-бірлікте, болашағы жарқын елде өмір сүрсін.
Жерлестерім бүгін бір-біріне ерекше ықылас білдіріп, мейірімділік пен ізгіліктің үлгісін көрсетуде. Бұл мерекенің жеткіншек ұрпақтар үшін тәрбиелік мәні зор. Ауылдастарыма жыл сайын дәл бүгінгідей қуаныш пен шаттық сыйлайтын жалпыхалықтық мерекені бір атаның баласындай үлкен отбасында қарсы ала беруін тілеймін.
Алмас Алпысұлы, Геодезия және картография колледжінің 2 курс студенті, Семей қаласы:
- Мен өзімнің қасиетті туған жерімдегі Наурыз мерекесін көруге асығып келдім. Мұнда менің отбасым, сүйікті ұстаздарым, алтын ұя мектебім бар. Мен үшін туған ауылымның әр тасы қымбат. Байқауымша, көкпектіліктер бүгінгі Ұлыс күніне үлкен дайындықпен келген. Мерекедегі іс-шаралардың әсем қала Астананың 20 жылдығына ұштастырылғаны өте үйле-сімділікпен орын тапқан. Қаз-қатар тізілген киіз үйлер әдемілігімен көз тартып, бірінен-бірі асып түседі. Олардың іштері ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігіне қажетті асқан шеберлік және эстетикалық талғаммен дайындалған ұлттық нақыштағы дүние-мүліктермен жасандырылған. Ұлыс – жақсы тілектер күні болғандықтан, еліме тыныштық пен татулық ашық аспан тілеймін. Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!

КЛАРА ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Наурыз 2018 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
27 28 29 30 31  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз