Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Биыл 90 жастың биігін бағын-дырған Алтын ана, тұла бойы ұлағат пен тағылымға тұнған дана қарттарымыздың бірі де бірегейі Меңсұлу Ғайноллақызы Шаяхметова Көкпекті ауылында тұрады. Ғасырға жуық жасаған қария 11 құрсақ көтерген, қазір солардың 6-ы тірі. Бүгінде алтын құрсақты Меңсұлу әжеміз дүниеге әкелген ұрпақтарынан 27 немере, 44 шөбере және бір шөпшек сүю бақытына бөленген жан. Бір қауым ел болған әулеттің жапырағын кеңге жайған алып Бәйтерегі сынды сүйегі асыл ана әлі де балаларына жүрегінің мейірімін, жанының жылуын төгіп, ақ тілегі мен ақ батасын жаудырып, өзіне күш-қуат беріп қолдаған Алласына мың шүкір қылуда.
«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Себебі, көненің көзі саналатын қарияның сөзі дана, ісі ғибратты, өзі бір шежірелі кітап сынды. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпақ үшін өнегеге толы қазына. Теңіздің тұнығы мен тереңдігі қандай болса, қарияларымыздың да білетіні сондай терең. Тамырын тереңге жіберген берекелі отбасының берік іргетасы Меңсұлу әже бүгінде тек елінің, ұрпақтарының амандығын, береке-бірлігін тілеп, немере-шөберелеріне дариядай ақылын айтып отырады.


Меңсұлу әжемен кездесуге бар-ғанымызда дастарқан басында немересі Мираның ыстық ықыласына бөленіп, қолынан шай ішіп отырған үстінен түстік. Байқағанымыз, әжеміз егде тартқанымен, әлі қуатты, көңілі сергек, үстіне қылау түсірмейтін ұқыпты жан. Қария әредікте небары 4 айлық шөбересі Нариманды алдына алып ойнатса, шөбересі Дана әжесіне қызықты әңгіме оқып беретін көрінеді.
- Осы кішкентай Нариман менің бағыма туған періште болды. Кәрілік деген, балам, оңай емес екен. Өткен жылы байқаусызда қатты құлап, жамбасым мен қолымнан мертіктім. Тұра алмаймын ба деп едім, ең алдымен Құдайдың берген қуаты, одан соң дәрігерлер мен балаларымның арқасында жазылып, қазір жүріп жүрмін, - деп әжеміз өткен өмір жолын әңгімелей бастады. - Киелі Көкпекті өңіріндегі Черноярка ауылында қарапайым молда отбасында дүниеге келдім. Әкем молда, анам үй шаруасындағы әйел еді. Балалық шағымыз бүкіл ел басына түскен аумалы–төкпелі заманда өтті. Көкпектідегі интернатта тұрып, 7 кластық білім алдым. Кейінірек кітапханада, парткабинетте қызмет атқарып жүрдім, - дейді Меңсұлу әже.
Әңгіме барысында білгеніміз, ол кісі 1947 жылы құдай қосқан қосағы Зәкәриямен отау құрыпты. Ұл-қыз тәрбиелеп, ұлын ұяға қызын қияға қондырып, немере-шөбере сүйді, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татты. – Атам колхоз бастығы болды да мені жұмысқа шығармай, үй шаруасында бала тәрбиесімен отырдым. (Ол кезде үлкендердің айтқаны біз үшін заң болатын дейді сөз арасында. Осының өзінен-ақ, Меңсұлу қарияның тәлім-тәрбиесінің деңгейін, салт-дәстүрге беріктігін, адамгершілік қасиетінің жоғарылығын байқауға болады және сол қасиеттерді ұрпақтарына да сіңіре білген). Ал жолдасым аудандағы астық дайындайтын қырманда мастер, кейіннен бастықтың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, соның ар-қасында 1974 жылы Мәскеуге ауыл-шаруашылық көрмесіне (ВДНХ) барған еді. Отағасымның еңбектегі табыстарының атағы бар, онымен қоса сол кезде бір шаңырақ астында, яғни қолымызда 4 ұл мен 4 келін бала-шағаларымен берекелі тіршілік етіп отырған, үлгілі отбасы ретінде елге әйгілі болдық. Ынтымағы жарасқан әулетімізді теледидарға түсіруге журналистер келгені де бар. Алайда, шаңырағымның баскөтерері, арқасүйер қосағым Зәкәрияның өмірі тым қысқа болып, 51 жасында дүниеден өтті. Ол көрмеген қызықты қазір балалардан мен көрудемін. Кейіннен атпалдай азамат болған шақтарында ұлдарымнан айырылдым. Өмір өзі бірде қайғысын алға тартса, бірде қуанышы мен шаттығын сыйға тартады ғой, - дейді әлі де тың, көкірегі ояу әже қолындағы шөбересі Нариманға мейірлене қарап.
Көпбалалы ана мемлекет назарынан тыс қалмай, «Алтын алқа» медалін таққанын да естен шығарған жоқ. Бүгінгі күні үлкен әулеттің түпқазығы атанған асыл ана ортаншы қызы Гүлдрайхан Зәкәриянқызымен бірге тұрады екен. Ауданымыздағы ауданаралық, республикалық дәре-жедегі жол мекемесінде ұзақ жылдар басшылық жасап, ер-азаматқа тән қажырлылықпен еңбек етіп жүрген нәзік жан Гүлдрайхан жұмыс бабымен кетіпті. Бірақ, оның балалары әжесіне барынша күтім жасап, қызының жоқтығын білдіріп отырған жоқ. Қарт әженің барлық жағдайын жасап, асты-үстіне түсіп отырған перзенттеріне риза болып қалдық.
Бір қызығарлығы, Меңсұлу әженің жады мықты, немерелерінен туған шөберелердің атын жаңылыспай айтып отырады. Мәселен, немересі Рахаттан көрген Рауан, Алсу, Айлиндерді немесе, үлкен ұлы Ғайсаның Гүлда-насынан сүйіп отырған шөпшегі Зерені, бәрін-бәрін аузынан тастамайды. Тіпті, немере-шөберелердің туған күндерін де жатқа білетін көрінеді.
- Зымыраған сағат тілінің шексіз тықылдап соғуына мән бермеген біз, уақыттың қалай жылдам өтіп кеткенін сезбей қалыппыз. Кеше ғана ештеңені ойламайтын жас едік. Бүгін барлығын ойлайтын қарияға айналып отырмыз. Бұған, әрине, шүкіршілік етемін. Бүгінгі жас, ертеңгі қария. Сондықтан да қариясын құрметтеген елдің ертеңі жарқын боларына сенемін. Ұрпаққа сана, елімізге береке берсін деп тілеймін. Еліміз тыныш, бейбітшілігіміз мәңгі болсын, - дейді тоқсан жастың төріндегі Меңсұлу әже.
Ұзақ өмір сүрудің құпиясы туралы сұрағанымызда қария көңілдің тазалығы, ниеттің ақтығы, адамдарға жақсылық жасау, қимыл-қозғалыс, ерінбей еңбектену мен ұл-қыздарыңның шын ниетпен жасаған қамқорлығының, аялы алақанының арқасы екенін жеткізді. Меңсұлу әженің ең үлкені 70-ті алқымдап қалса, ең кенжесі Гүлмирасы 57-ге келіпті. Ұрпақтарынан тараған немерелері Республикамыздың әр түкпіріндегі түрлі салаларда еңбек-ке араласып, елдің өркендеуіне маңызды үлестерін қосып жүрсе, шөберелері жоғары оқу орындарында сан алуан мамандықтарды меңгеріп жатыр. Аудан, облыс кө-лемінде беделге ие болып отырған үлкен қасиетті шаңырақтың киесі- Меңсұлу әжеміздің Қазақстанның экономикасы мен демографиясын дамытуға сіңірген еңбегі ерен деп нық сеніммен айта аламыз. Осы үшін сізге алғысымыз шексіз!
Сөз соңында әжемізге зор денсаулық тілейміз, әлі де көрер жарығыңыз жалғаса берсін, ұрпақтарыңызбен мың жасап, отбасы бақытына бөлене беріңіз дегіміз келеді.

Бақыт МҮЛІКОВА

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Ақпан 2018 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28        

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз