Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Ел басына қиын-қыстау күн туған заманда есімі ел арасында кең тарағанымен, бұл күндері тарих қойнауында ескерусіз, елеусіз кетіп бара жатқан батырлардың бірі әрі бірегейі ол – Уақ Бармақ батыр. Батырдың қайсар қасиеттерін Кәрібай ақын ерекше жырлағаны елдің есінде, Көкпекті жұртының жадында. Еңселі ердің есімін тарих қойнауынан аршып алып, бүгінгі батыр ұрпақтарына бабаларының есімін тарих беттеріне таңбалап тұрып енгізген шара өтті Көкпекті ауданында.
Ержүрек ердің жатқан жеріне ұрпақтары құлпытас қойды. Үрім-бұтақтары даңқты қолбасшының рухына құран бағыштап, тағзым етті. Биғаш ауылдық округі аумағындағы Қызылбұлақта жатқан Бармақ батыр бабасының басына тәу етуге келген халық пен ұрпақтарының санында есеп жоқ. Ел ағалары мен мәрт меценаттар таза граниттен құлпытас орнатқан. Құлпытастың ашылу салтанатына алыс-жақыннан ағайын көп жиналды. Зират басында құран оқылды. Ұлтына қорған болған ұлы тұлғаның рухына жақсы сөздер айтылды. Үрім-бұтағы тайлы-таяғымен өшпес өнегесі мен өлмес өсиетіне бас иіп, тікесінен тік тұрып тағзым етті.


Биғаш округінің азаматтары батыр бабаны еске түсіруге арналған шараны абыроймен атқарды. Биғаш, Тассай және Көкпекті ауылдық округтері келген қонақтарға арнайы киіз үй тігіп, жергілікті халықтың дәмін ұсынды.

Көкпекті ауылының орталығында Уақ Бармақ Батырдың кеудемүсіні ашылды. Ас беріліп, ат жарысқан торқалы тойдың дүбірі екі күн бойы көкторғын аспанда жаңғырып тұрды. ХVІІІ ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық жорығының ұйымдастырушылардың бірі атақты батыр, даңқты қолбасшы Еренші Уақ Бармақ батырдың кеудемүсінінің ашылу салтанаты өтіп, батыр рухына тағзым жасалды. Ел көлемінде өткен осы шараға көкпектіліктермен қоса Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Алматы облыстарынан келген зиялы қауым өкілдері, шенеуніктер, кәсіпкерлер, батырдың ұрпақтары қатысты.
Біз әңгімелеп отырған Бармақ Батыр туралы тереңірек мағлұмат беру үшін батырдың бүгінгі ұрпақтарының, осы шараны ұйымдастырушылардың, салтанатқа, асқа қатысқан өзге де тұлғалы адамдардың әңгімелеріне сүйенеміз. Әрине, батырдың есімін ұлықтауда негізгі жүкті оның бүгінгі ұрпақтары көтеріп, моральдық және материалдық жағынан үлес қосқанын айтуымыз керек. Басты ұйымдастырушының бірі - шежіреші, батырдың тікелей 8 ұрпағы Нұршин Қуандық Аманбайұлы осы мереке алдында «Еренші Уақ Бармақ батыр» деген кітап жазды, ол тойға қатысушыларға таратылды. Қонақтарды Көкпекті ауданының әкімшілігі, ауылдық округі, мәдениет және тілдерді дамыту және аудандық ішкі саясат бөлімі қызметкерлері қарсы алып, құрмет көрсетті.
Батыр рухына арналған мерекелік іс-шарада алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің атынан Ерлан Қалдыбайұлы Қабаевқа берілді.
- Өздеріңізге мәлім 2017 жыл Қазақстан тарихы үшін өте маңызды болғаны сөзсіз. Бүгінгі салтанатты жиын да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында іске асып отырған ауқымды жобалардың бірі. Еліміздің қасиетті қара жерін қорғап қалу үшін қазақтың қаншама дара туған хас батырлары өмірлерін қиып, жас жандарын құрбандыққа берді. Олар өз қандарымен келер ұрпаққа өлмес өнеге қалдырып қара жерді аманат етті. Сол құрдым болған хас батырларымыздың бірі Уақ Бармақ батыр. Ендеше, ат тұяғын тай басар дегендей сол бабамыздың ұрпақтарының бастамасымен атқарылып отырған бүгінгі шараның да мақсаты еліміздің тәуелсіздігін қызғыштай қорғап, ұлы даламызды көзінің қарашығындай сақтап, туған жердің туын асқақтата желбірете білді, - деді Ерлан Қабайұлы. Сонымен қатар, келесі құттықтау сөзді қасиетті Қостанай елінен келген Еңбек Ері Сайран Баукенұлы, шараның бас демеушісі, алақаны ашық азамат, «Қарасу» компаниясының директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Алмат Жанәбілұлы Тұрсынов, Шақшақ Жәнібектің тікелей ұрпағы Кәрімжан Бекболатұлы, Ақтөбе қаласынан келген батырдың тікелей ұрпағы Нұршин Қуандық және Қостанайдан келген жазушы Ақылбек Шаяхметов құттықтау лебіздерін білдірді. Құттықтау сөздің соңғы нүктесін қойған Көкпекті аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Слямбек Мұқашев болды.
Тойға жиналған барша қауым осы жерде Бармақ батырға тұрғызылған ескерткіштің салтанатты ашылуынан соң, батыр баба рухына бағышталып құран оқылып, «Елім-ай» мейрамханасында ас берілді.
Даңқты қолбасшының басқа да ерлік істері мен қасиеттерін белгілі шежірешілер, танымал тарихшылар «Уақ Бармақ батыр, тағылым және рухани жаңғыру» атты ғылыми-теориялық конференцияда тарқатты. Бармақ мінген Сандалкөк тұлпардың ізі Нарынның құмында, Қостанайдың қырында қалып, шығыстың әрбір тасында таңба боп басылған. Оған 80 күндік «Шорға» қырғынында шығысты жаудан тазартқаны айғақ, Қостанайдың Тосын деген жерінде Садырбала атты қалмақ батырын жекпе-жекте жеңгені дәлел. Сонда қалың қалмақ: «Ақ шабағы май татыған, Қара суы бал татыған, Қайран Тосын, қалдың ба?» – деп ауа көшкен екен.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияның шымылдығын ашқан Серікқазы Сыбанбайұлы:
- Құрметті қауым, ұлы дала перзенттері талай тарихи оқиғалардың куәсі болған, талай сырды бүккен қарт Қалба жұрты бүгін дүбірлі той үстінде. Айлар бойы ат үстінде бел шешпей, бес қаруын сайлап алып, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қан кешіп, осындай ұлан-байтақ елімізді қорғап, сақтап қалған қолбасшы Уақ Бармақ батырдың даңқын қайта жаңғыртқан үлкен үрдісті шара өтіп жатыр, той-тойға ұлассын, - дей келе, аталмыш конференцияға М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этология институты, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университет бірігіп ұйымдастырып отырғанын айтып өтті.
– Баһадүр бабамыз батыста түрікмен, шығыста жоңғармен найзаласып, бар ғұмырын жаугершілікте өткізген. Оның ерен ерліктері Кәрібай сынды ақындардың аузымен айтылып, бізге жетті. Егер осынау зерделі шежірешілеріміз болмағанда, 260 жыл бұрын жан қиған бабамыздың есімі ұмыт қалар ма еді, кім білсін? – деді шараның өтуіне мұрындық болған Бармақ Батырдың сегізінші ұрпағы Қуандық Нұршин конференцияда «Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күрестің қаһарманы Уақ Бармақ Батырдың ерлігі және өмір жолдары» тақырыбындағы баяндамасында.
Конференция барысында Семей мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Мұхтарбек Кәрімов «18 ғасырдағы қазақ даласындағы батырлар» атты баяндамасын оқыса, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Қайрат Мәлғаждаров «Бармақ батыр зиратының табылуы және белгіленуі» туралы баяндап берді.
Ғылыми-тәжірибелік конференция соңында Бармақ батырдың ерлік істері жайлы терең де, жан-жақты зерттелу қажеттілігі әлі де болса жалғасатынын конференцияға қатысушылар зерделеріне түйіп қайтты. Батыр рухына арналып өткен шараның жалғасында «Толағай сазы» халық аспаптар оркестрі жиылған жұрттың жан сусынын қандырып, көпшіліктің рақметіне бөленді.
Бейбіт Иманғалиев, Бармақ Батырдың 11 ұрпағы, Атырау облысы:
- Өзімізге белгілі, бала кезден естіп өскен Бармақ Батыр атамызға ескерткіш қою, атын ұлықтау шаралары– үлкен қуаныш. Білетін үлкен кісілер арқылы қабірін тауып құран оқып, зиярат жасадық. Содан бастап, жақын біле бастадық. Дегенмен, әлі де көп ізденістер керек. Атамыздың ерлік жолдарын, өмір дерегін толықтыра түсу үшін мұрағаттарға жүгіну қажет. Себебі, ел үшін ат үстінде жорытқан бұл кісілердің еңбектері зор, ел үшін жасаған қызметтері ұшан-теңіз. Сан қырлы тұлға, соны түгел ашу, болашаққа жеткізу - бүгінгі ұрпақтың парызы.

 

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қыркүйек 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
26 27 28 29 30  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз