Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Көкпектіліктер аудан әкімінің өкімін басшылыққа алып, аудан бойынша екі айлық көктемгі тазалық жұмыстарын қауырт бастап, нәтижелі аяқтаған болатын. Алайда...

Екі айлық тазалық жұмыстарынан шығатын бір ғана қорытынды бар. Ол – біздің қоғам үшін тазалық мәселесі тек маусымдық жұмыстар ретінде ғана қалыптасқан. Себебі, абаттандыруға бөлінген уақыт аяқталды, онымен бірге тазалық жұмыстары да тоқтап қалды. Соның салдарынан ауыл көшелерінің бүгінгі кейпі көңілге қаяу түсіреді. Теуіп қалсаң, бұрқ етіп төгіліп, шашылатын қоқыстар ауылдың кез келген аймағынан әлі де табылады. Бұған қоса, тек көше бойын ғана емес, сонымен қатар мекеме, бөлім ғимараттарының алдын жаулап алған арамшөптер бірден көзге оттай басылады. Осы жайды өз көзімізбен көріп, мәселенің барысын білмек мақсатпен ауыл көшелерін аралап шықтық.

Ең алдымен орталықтан бастағанды жөн санап, автобекет жаққа бет алдық. Ауданның қақ ортасында орналасқан дүкендер баяғы жартас сол жартастың күйін кешіп тұр. Саусақпен санап аларлық бірнеше дүкендер болмаса, көбінің сыртының тозығы жетіп, жөндеу жұмыстарын қажет етуде. Алайда, бұл сол сауда орындарының қожайындарын алаңдатар емес. Сауда-саттықтың қызығына кіріп кеткен кәсіпкерлер абаттандыру мәселесін мүлде ұмытқандай. Автобекет маңайы да көңіл көншітерлік емес. Бір сөзбен айтқанда, ауданның орталық бөлігі өз көркінен айырылып, сұрқай қалыпқа енген.

Бұндай жағдайды аудандық мекеме, кәсіпорындар ауласынан да байқадық. Мәселен, мұражай маңындағы саябақ, Жеңіс саябағы, Ауған соғысы жауынгерлеріне арналған саябақ, Халық банкінің маңайы, «Көкпекті мал дәрігері» ғимаратының алдына арамшөп қаптап кеткен, жайқалған бірде-бір гүл жоқ. Ал, коммуналдық шаруашылық мекемесін қалың шөптің арасынан байқаудың өзі қиынға соғады. Құдды бір арамшөптің қамауында қалған мекеме сынды әсер қалдырады. «Балерке» балабақшасының арт жағында орналасқан саябақты қалыпқа келтіру, қоқыстан тазарту бүгінде қарқынды жүргізілуде. Алайда, мекеме ұжымдары тазартып, жұлып кеткен адам бойымен бірдей арамшөптер ақ қоршаудың сыртында, тура жолдың жиегінде жатыр. «Балерке» балабақшасы директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Сәуле Матанованың айтуынша, бұл қалдықтарды ауылдық округ әкімшілігі арнайы техникамен төгуді қолға алмақ болған. Бірақ, жұлынған арамшөптердің жиналып тұрғанына бірталай уақыт өткені бірден байқалады. Себебі, жасыл жапырақтары қурап, сарғыш тартқан. Ал, ауылдық округ әкімдігі оны жинауға асығар емес. – Иә, бұл саябақтың іші ауқымды тазалық жұмыстарын қажет етеді. Аудандағы мекемелер тоғыз-тоғыздан топ құрап, ішін қоқыстан арылтуда. Бірақ, менің ойымша, бұл шаралар жеткіліксіз. Егер аудан бойынша барлық жастар жиналып, үлкен бір акция жасаса, тазарту жұмыстары бір күннің ішінде бітіп кетер еді, - дейді Сәуле Матанова. Осы орайда, аталған балабақшаның алды көздің жауын алатындай көріктеліп, гүлмен әсемделгенін атап өткен жөн. Қызылды-сары, құлпырған әсем гүлдердің арасында ертегілер елінің кейіпкерлері де өз орындарын тапқан. Шаруашылық жөніндегі орынбасардың айтуына қарағанда, алдағы уақытта аю және Маша, Шрек пен Фионаның мүсіндері де осы жерде бой көтермек. «Шуақты Шұғыла» балабақшасының ауласы жайлы да осындай пікір айтуға болады. «Қазпошта», «Нұр Отан», мектептер маңайы да абаттандырылып, түрлі түсті гүлдердің әсемдігімен құлпырған. Аудандық білім беру бөлімінің ауласының іші мұнтаздай таза күйде. Бұл жердегі қалың кілемдей көмкерілген гүлдер жазғы маусымға ажар беріп тұрғандай. Алайда, тура сол аула ішінде орналасқан ауылшаруашылық және ветеринария бөлімі қарама-қарсы эмоцияларды тудырады. Ғимарат алды арамшөпке оранған, тіпті, кіре беріс есіктің қай жақта тұрғанын аңғару қиынға соғады.

Мәдениет үйінің алдында орналасқан «Жүгіртпе жол» кімнің жолына көлденең келгені белгісіз. Әйтеуір, өшіккен біреулер оны да сындырып тынды. Шағын ғана құрылғы болғанымен, оның өзі қыруар ақшаға сатып алынғаны белгілі. Ауылға көрік беріп, жарманаманы жария етуде қызмет жасап тұрған құрылғыға қарайтын жауапты ешкімнің болмағаны ма?

Балалардың денсаулығына зиянын тигізеді деп, «Балерке» балабақшасының артындағы саябақтың тазалығымен арпалысып жүргенімізде, бергі жағада орналасқан балалар саябағы қараусыз қалып қойған сияқты. Бұл жер балалар саябағы емес, қоқыс төгетін орынға айналғанға ұқсайды. Тау болып үйілген қоқыстан бастап, ішімдіктің шыны бөтелкелері, темекінің қораптары жаулап алған бұл алаңда балдырғандар ойнайды деген ойдың өзі адамды түршіктіреді. Осы жағдайды көргенде бұл жерді бақылайтын адамның жоқ болғаны ма деген ой еріксіз санаңда белең алады.

Таяуда аппараттық кеңесте аудан әкімі Жастар орталығы іс жүзінде нақты жұмыстар атқармай отырғанын атап өткен болатын. Ауған және Ұлы Отан соғысында қаза болған біздің жерлестеріміз де осы сынды қарым-қатынасқа лайық емес екені сөзсіз. Алайда, бүгінде нақты істер мен ауыз толтырып айтарлықтай бастамалар жоқ. Патриотизм сөзбен емес, іспен дәлелденуі тиіс. Барлық адам осы сөзге терең мән беріп, жанына таныстары мен достарын шақырып, нақты іске кіріспейінше, арамшөптер жайқалып, қоқыстар шашылып жата бермек. Олай болса, білек сыбанып іске кірісудің сәті келген болар?

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз