Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Бастаушы ауылында ақылман қария-лардың бағасы өте жоғары. Ауылдың қариялары өз тентектерін тезге салып, бұрысы болса түзеп, жағдайы болмаса қол ұшын беріп, демеп жіберуге әзір тұрады. Сондықтан да жастары ибалы, қарттарын қашанда сыйлап тұрады. Осы ауылдың келіндеріне де қызығамыз. Әрине, бүкіл ауыл сын көзбен қарап отырса, қандай асау келін болса да, маңайына қарап түзеледі. Ал сол келіндерді, болашақ бір шаңыраққа баратын өз қыздарын ауыл болып тәрбиелейді. Олай деуге себеп те бар. Бұл ауылда әжелер, келіндер және қыздар клубы жұмыс істейді. Бұл клубтар мектеппен тығыз байланыс орнатқан. Ал барлығының басында осы ауылда, тіпті аудан көлемінде ең алғашқы әжелер клубын құрған, «Асыл мұраның» жетекшісі Жәнипа Сләмбайқызы Қожамбетова тұр. Тамылжыған та-мыздың алғашқы күн-дерінде білімімен ғана емес, өнегелі өмірімен де үйретері көп байырғы ұстаз сексен жасқа толады.


- Мен Саршоқы деген ауылда дү-ниеге келдім. Әкем Сләмбай сол кезде колхозда басқарма бастығы болыпты. Кейін әлдекімдердің көрсетуімен жа-зықсыз сотталып кетеді де, Ташкентте қайтыс болыпты. Сөйтіп мен 3 жасымда әкеден айы-рылдым. Жастай жесір қалған анам тағы да тұрмысқа шығады. Әрине, ол үлкендердің ұйғарымымен болған ғой. Сөйтіп менде екінші әке пайда болды. Жарықтық, Садық әкейіміз өте кереметтей қайырымды, мінезі жайдары адам еді, Менің артымнан Әнифа, Тыныбек, Нұрлыбек және Гүлжайна деген іні, сіңілілерім дүниеге келді. Бастауыш мектепті аяқтаған соң, мені Өскеменге мектеп-интернатқа берді. Жамбыл атындағы тарихы толайым мектептің білімі өте сапалы еді. Сондықтан да болар, мен 7-8-9 кластарда оқып жүрген жазғы каникулда үйге қайтпай, сол кездегі «Коммунизм туы» газетіне сол кезде болған «подчитчик» болып жұмыс істеп қалатын едім. Мен дауыстап, үтір, нүктесіне тоқтап оқимын, ал корректорлар қателерді түзететін. Қазақша білімім ұнайтын болу керек, газетке жұмысқа ешқандай кідіріссіз алатын, - деп есіне алады Жәнипа апай.
Онжылдықты аяқтаған соң Ташкентке текстиль, яғни тоқыма училищесіне оқуды ойластырып жүрген қызды үйдегілер жібермей қояды. Сондағы ойы, әкесінің бір дерегін табу ғой. Сөйтіп оқуға жібермеген соң, тұрмысқа шықтым деп күлдіреді өзі. Бұл 1954 жыл болатын. Миролюбовка ауылында қазақ сыныптары ашылып, Жәнипа апа бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасты.
- Өзіміз үй салдық, сәбилі болдық. Солайша жұмыс істеп, үйде атамды күтіп, уақыт өтіп жатты. 1965 жылы Бастаушыға көшіп келдік. Кәкен көп ұзамай Жамбыл колхозына төраға болып сайланды. Ол кезде қонақ үй, асхана деген жоқ. Бір шаруамен келген адам болса, бастықтың үйіне түседі. Мен өзім жұмыстамын, балаларым жас, бірақ бәріне де үлгеруші едім. Бір жағынан шығып көмектесер енем де жоқ, ал балаларымның барлығы да ұлдар. Тіпті алғашқы кезде тамақ асқанда қандай сүйек салуды да білмеуші едім. Атам жарықтық әр жіліктің атын жаздырып,қағаз жапсыртып қоятын.Менің бастықтың әйелі болу дәуірім осылай басталды, - деп есіне алады апай.
Бастаушы ауылындағы жұмысы мектеп жанындағы интернатқа меңгерушіліктен басталып, кейіннен түбегейлі мектепке ауысқан Жәнипа Сләмбайқызы 45 жылын бала тәрбиелеу ісіне арнады.
- Бұл мектепке мен 10 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім ретінде келсем де, нағыз шыңдалу, мен тәжірибе мектебін осы Абай атындағы мектепте өттім деп айта аламын. Барлық қол жеткізген жетістіктерім де осы мектеппен байланысты. Кейін әжелер клубының жұмысын да мектептегі жұмыспен ұштастыра жүргіздік, - дейді ұстаз. Жәнипа Сләмбайқызы «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алғанда, шәкірттері де, әріптестері де нағыз иесін тапқан марапат деп қуанды.
Жанипа апай қазір үбірлі-шүбірлі, бақытты әже. Келіндері де алдынан кесе көлденең өтпеген бақытты ене. Кенже ұлы Мұрат пен келіні Сараның қолында тұрады. Бұл Кәкен аға мен Жәнипа апайдың қара шаңырағына үлкендері Баянды мен Бақыт, Мараты мен Жәзигүлі, арпа ішіндегі бір бидайы - Раушаны, өмірден ерте кетіп, артына өкінішін қалдырған Жанатының бала-шағасы мен немерелері, шөберлері келіп тұрады. Кеше ғана шөбересі Шыңғыс магистратураны аяқтадым деп, дипломын көрсетіп кетті деп мақтанып отыр. Лайым осындай жақсылық бола берсін.
Өмір бойы қосағының қабағына қарап, бала тәрбиесіне жауаптылықпен қарап, өмірдің ыстық-суығына төзе білген ардақты жан, тек қана өз отбасының ғана емес, бүкіл ауылдың анасына айналған. Қазіргі күні алдынан өткен шәкірттері ылғи да келіп амандасып жүреді. «Жақында ауруханада жатқанда мектеп аяқтағандарына 45 жыл, 25 жыл болған шәкірттерім келіп амандасып кетті. Бұл менің еңбегімнің еленгені емей немене?! Егер өмірге қайта келіп, қандай мамандықты таңдайсың десе, ұстаздықтан басқаны таңдамас едім!», - дейді Жәнипа Сләмбайқызы. Мерейтойыңыз құтты болсын!

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Тамыз 2016 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз