Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Биғаш ауылында жаңа мешіт ашылып, халық игілігіне берілді. Сәулеті келіскен «Биғаш ауылдық мешітінің» ашылу салтанаты 18 тамыз күні өткізілді. Игілікті шараға Көкпекті ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев, Абай облысы бойынша Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының өкілі, наиб имам Қуандық Қосылханұлы, Абай облыстық қаржы басқармасының басшысы Әділет Қожамбаев, көптеген құрметті қонақтар, ауыл тұрғындары мен жан-жақта жүрген ауыл тумалары қатысты.
«Дін – қоғамның тәрбиесі және айнасы» деген қанатты сөз бар. Осы даналықты ұстана отырып, ұрпағымыздың діни санасын қалыптастыруға қоғам болып жұмыс жасау маңызды. Имандылық ордасы саналатын мешіттің ашылуы Биғаш ауылындағы ынтымақ пен бірліктің сақталуына зор септігін тигізері сөзсіз.


Осы мақсатта 2022 жылы «Биғаш ауылдық мешітінің» іргетасы қаланды. Мұндай сауапты іске елжанды азаматтар, Биғаш ауылының тумалары, жан-жақта жүрген жерлестер, ауыл тұрғындары, кәсіпкерлер мен іскер азаматтар жұмылып, нәтижесінде сәулетті жаңа мешіт бой көтерді. Игі жұмыс ел ішіндегі береке-бірліктің арқасында жүзеге асып отыр. Бұл - тектілер шыққан қасиетті мекен Биғаш ауылында өскелең ұрпақты имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуге жанашыр жандардың көптігін білдіреді. Қай кезде де мешіт салу – ең үлкен сауап саналады.
Таңсәріден Биғаш ауылында үлкен қуаныш, ұлы той басталды. Барша ауыл халқының ортақ мақсаты мен ниеті орындалған күнді әрбір адам қуанышты жүзбен қарсы алды. Кеудесін шаттық пен қуаныш кернеген Биғаш ауылының тұрғындары мен көптеп жиналған қонақтар назарына Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары мағыналы да мазмұнды концерт ұсынды. Игілікті іске шын көңілмен атсалысқан барша халықтың құрметіне Биғаш ауылының тумасы, жезтаңдай әнші, сахна майталманы Жанабай Хасенов «Биғашым» әнін тарту етті. Айтыскер ақын Манарбек Ақанұлының орындауындағы «Дүние жалған» термесі жүректерді тебірентті. Аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Нұрлан Қайратұлының «Өлшеулі өмір» әнін сүйсініп тыңдамаған жан қалмады. Егінбұлақ ауылының тумасы, дауылпаз күйші Әли Жанғасинов көңіл тербетер тамаша күй орындады.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас!» деп жырлаған Ұлы Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін талантты жас әнші Дулат Манарбек опералық үлгіде үздік орындап шықты. Ауданның мәдениет саласына таяуда ғана қосылса да өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп үлгерген жас әнші Нұрбек Ақатайдың «Ауылым» әнін қалың көпшілік үлкен қошеметпен қабылдады. Көкпекті өнерінің еңбек сіңірген қайраткері Қанат Бекмолдин халыққа әсем әндерімен мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бұл күні концерт жүргізушілері Аяжан Амантайқызы мен Әлижан Артықбаев жоғары кәсіби шеберлігімен тізгінді қолдан шығармады.
Мешіт – жер бетіндегі имандылық үйі. Жақсылықтың жаршысы. Қайырымды істердің ошағы. Биғаш ауылдық мешіті осынау игіліктердің бастауы болғай деген ізгілікті тілекпен айтыскер ақын Манарбек Ақанұлы Биғаш мешітінің ашылуына жырдан шашу шашып, ел көңілінен шығып, жүректерді шымырлатқан тамаша арнауын тарту етті.
Биғаш халқының қуанышын бөлісуге келген Көкпекті ауданының әкімі Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды лебізін білдірді.
- Алланың үйі болған бұл мешіт жамағатымен көрікті болсын. Елдің тыныштығы, халықтың бірлігі, дініміздің өркендеуі үшін қызмет ете берсін. Бұл қасиетті жер жастарды тәрбиелейтін, ата дәстүрімізді насихаттайтын орын болары анық. Сондықтан осы игілікті іске атсалысқан барша демеушілерге, ауыл халқына, елжанды азаматтарға алғысымды айтамын. Ауыл азаматтарының ұйытқы болуымен бой көтерген мешіттің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Көптен күткен мешіттің ашылуы құтты болсын!
Биылғы жыл Биғаш ауылы үшін өте сәтті жыл болып тұр. Себебі Биғаш ауылында бұрын соңды болмаған балабақша ашылып, 20 бүлдіршін балабақшада тәрбиеленуде. Сонымен бірге мектепте көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелер шешіліп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауылда таза ауыз су тарту жұмыстары атқарылуда. Бұл да ауыл тұрғындарын көп жылдар бойы толғандырған өзекті мәселе еді. Келесі 2024 жылы да Биғаш ауылында игі істер жоспарлануда. Атап айтар болсам, ауылдың барлық көшелерін жарықтандырумен қамтамасыз етіп, Көкпекті мен Биғаш арасындағы автокөлік жолына асфальт төсеу жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта менің тапсырмам бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Тағы бір мәрте Биғаш ауылдық мешітінің бой көтеруіне ықпал жасап, күш-жігерін аямаған барша жомарт жанды, еңбекқор азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, - деді аудан басшысы Ділдәбек Тәжібайұлы.
Аудан басшысы жаңа мешітке бағалы сыйлық табыстап, аудан имандылық ордасының салынуына үлес қосқан бірқатар ауыл азаматтарын марапаттады. Нұрлан Төлегенов пен Дамир Геккельге «Көкпекті ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» медалін тақты. Қайырғазы Есімов пен Айдын Жанабаевқа «Толағай» медалі табысталды. Сондай-ақ Жасұлан Қасымов барлық ауыл азаматтары атынан аудан әкімінің «Алғыс хатын» алды.
Мешітке кез келген адам ізгілік іздеп келеді. Мешіт – адамдарды мейірімділікке, сүйіспеншілікке шақыратын, бір-біріне қамқор болып, қол ұшын беретін, мұқтаж адамның жаны тыныштық табатын, сондай бір қасиетті ұлық мекен. Семей қаласынан арнайы келген Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының өкілі, наиб имам Қуандық Қосылханұлы, Алматы қаласынан арнайы келген Биғаш ауылының тумасы Шолпан Жанахметқызы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Мұқашев құттықтау сөз сөйлеп, жиналған көпшілікке тілегін білдірді.
Ұйымдастыру алқасы атынан Айдын Жанабаев пен Жасұлан Жарқынұлы мешіт құрылысына атсалысқан азаматтарға «Алғыс хат» табыстады. Берік Жақсыбаев, Жасұлан Қасымов, Ерсін Үсенов, Алмас Нұрлыбаев, Ерасыл Қалиев, Еркін Жақсыбаев, Жазыбек Исабеков және Ерлан Смағұловтың есімдері зор мақтанышпен аталды. Себебі, Алла үйін салған адамдарға Пайғамбарымыз (с.а.с) Хадисінде «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды», - деген. Ислам діні еліміз бен жерімізге тарағаннан бастап мешіт салу-Алланың сүйген құлдары, шұғылданған қасиетті іс.
Бас-аяғы 2 жылға созылған, асыға күткен мешітке барлық ауыл тұрғындары біркісідей атсалысты. Қолдарынан келгенше демеушілік жасап, көпшіліктің көмегімен сәулетті мешіт бой көтерді. Қасиетті жұмада ресми ашылып, алғашқы жұма намазы оқылды. Келген қонақтар мұны жақсылыққа балады.
Көршілес Егінбұлақ ауылының тұрғындары атынан алтын құрсақты ана Нурия Серікбаева құттықтау сөз сөйлеп, ауылдастар атынан мешітке кілем сыйлады. Ауылдың ақылгөй ақсақалы Ырым Кибижанов ақ батасын беріп, ақ жаулықты аналар Қалимаш апай, Дариға апай, Сара апай және Әлия апай шашу шашты.
Салтанатты жағдайда Биғаш мешітінің лентасын қию құрметі алғашқы күннен бастап ең көп еңбек сіңірген, ауылдың бетке ұстар абыройлы азаматы Қайырғазы Есімовқа, ауылдың алтын құрсақты аналары Қалима апа, Күлмайраш апа, Мәкеш апа және Күлбаран апаға, Шұғылбай ауылынан арнайы келген Өмір атаға берілді.
Мешіт салтанатты түрде ашылып, жиналғандар түгелдей ішке кіріп, сәждеге бас қойып, намаз оқыды. Ауыл аса үлкен болмаса да, 70 адамға арналған жаңа мешіттің іші заманауи талапқа сай салынған, үлкен залы, имамға арналған жеке бөлмесі, одан бөлек жуынатын, от жағатын бөлмелері бар. Жиын соңында жамағатқа ас берілді. Дастархан басында салиқалы уағыз, ғибратты әңгімелер айтылды.
Мешіттің ашылу салтанатына арналған шаралар ұлттық ат спорты ойындарына ұласты. Тай жарысы, топ бәйге және аламан бәйге өткізілді. Тай жарысында Ақсуат ауданының торы тайы алдына қара салмады. Топ бәйгені Семей қаласынан келген Нұржан Смағұловтың жүйрігі ұтты. Аламан бәйгенің бас жүлдесі түйені Жарма ауданының Жарық ауылынан келген Қарагер жүйріктің иесі қанжығасына байлады.
Жаппай көкпар ойынына 100-ге тарта шабандоз қатысып, дала төсін ұлы дүбірге бөледі. Көпшіліктің арқасын қоздырып, доданың көркін қыздырған жаппай көкпардың салым қорына 500 мың теңге қаржы тігілді. Ауыл азаматтары ұсынған 100 мың теңгелік «Өгіз өлді» салымы Тассай ауылының жігіттеріне бұйырды.
Жаңадан ашылған Биғаш ауылдық мешіті асыл дініміз исламның шынайы құндылықтарын дәріптеу және халқымыздың рухани дамуына ықпалы зор болатындығына сенім мол. Биғаш мешітінде бес уақыт намаздың азаны үзілмей тұрсын, Алла құтты, берекелі етсін!

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Тамыз 2023 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
29 30 31      

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз