Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Театр ілгіштен басталады, ал ауылдық округке бару – жергілікті әкімдіктен. Округке келген сапарымыз ауылдық округ әкімі Самат Бақытбекұлы Құнафинмен кездесуден басталды.

Ауылдық округ әкімі жұмысын өткен жылдың қараша айында бастаған болатын. Оның алғашқы және ең маңызды бастамаларының бірі көктемгі су тасқынының алдын алу үшін арық қазу жұмысын қолға алғаны.

Күн жылына бастағаннан округте жұмыс жандана түсті. Мамыр айының басынан бері ауылдық әкімдік ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Самат Бақытбекұлы жоспарлағандай, бұл ғимарат ауылдық округтің әкімшілік орталығына айналады. Мұнда әкімдіктің өзінен бөлек учаскелік полиция пункті, фельдшерлік-акушерлік пункт, «Қазпошта» АҚ филиалы, ауылдық клуб пен кітапхана орналасатын болады.

 

Биылғы жылы Биғаш ауылдық әкімшілігі ғимаратына   күрделі   жөндеу жұмысы жоспарланған. Сметалық құны 25 млн теңге болатын әкімшілік нысанының құрылысына күрделі жөндеу жүргізу жұмыстарын семейлік  «Ақ бұзау» жауапкершілігі шектеуілі серіктестігі жеңіп алған. Бүгінде мердігер компания ұжымы құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Ғимараттың күрделі жөндеуіне қаражат аудандық бюджеттен бөлінген.  Семей қаласының «Ақ бұзау» ЖШС-нің бригадирі Нұртас Искаковтың мәліметінше ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарына  бірнеше жұмыс бригадасы жұмыла жұмыс атқаратын болады. Бүгінгі таңда 2 жұмыс тобы құрылыс басында бірі әктеп - майлауда, бір жұмыс тобы кірпіш қалау жұмыстарын жасап жатыр. Күрделі жөндеу жұмысы барысында ғимараттың шатырын, есік, терезесін ауыстыру, су жүргізу, кәріз жүйесін жаңарту, еденіне линолеум төсеу сияқты жұмыстар атқарылады.

Аумақтарды санитарлық тазалау жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. Өйткені, әдемі және таза ауыл - оның әрбір тұрғынының мақтанышы. Сондықтан округ әкімі көшелерді қоқыстан тазартып, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын ретке келтіру жұмыстарын жүргізуде.

Көшелерді жарықтандыру жергілікті билік қызметінің  маңызды аспектісі болып табылады. Мәселен, Егінбұлақ ауылында, көшені жарықтандыру жоспарлануда. Биғашта жарық шамдарын энергияны үнемдейтін жарық диодқа ауыстыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр,  болашақта жарық әрі үнемді болады.

Аудан орталығынан Биғаш округіне апаратын 35 шақырымдық жолдың кейбір учаскелерінің жағдайы көңіл көншітпейді. Осыған орай округ әкімі көпірлерді ауыстырып, аталмыш бағытта шұңқырларды жамау жұмыстарын жүргізуді жоспарлаған.

Цифрлық технологиялар ғасырында барлық адамдар жоғары сапалы ұялы байланыс пен жоғары жылдамдықты интернетті пайдаланғысы келеді. Шағын ауылдардың тұрғындары да тыс қалмайды. Биғашта ұялы байланыс үзіліссіз жұмыс істейді Бірақ интернетке қолжетімділік тұрғындар үлкен мәселе. Ауылдық округ әкімі Самат Құнафин бұл мәселенің бар екенін жасырмады, жақын арада аудан орталығына 4G интернеті толыққанды жұмыс істеуі үшін антенна орнатылатынын айтады.

Аудан және ауылдық округ халқын экологиялық таза өніммен қамтамасыз ету үшін Самат Бақытбекұлы Қарғалы ауылынан көкпектілік кәсіпкер Максим Коноваловқа 2 гектар жер бөліп берді. Онда түрлі көкөністер, оның ішінде картоп егілді. Жиналған өнім тұтынушыларға  нарық бағасынан арзанға сатылады.

Сонымен қатар, аудан әкімінің жоспарларының қатарында Биғаш ауылындағы шағын футбол алаңының жасанды бетін ауыстырып, іс-шаралар өткізетін орын ашу да бар.

Ауылға кіре берісте қойылған темір мұнаралар алыстан Биғаш ауылында құрылыс жұмыстары басталуының   бастауындай  көрінеді. 

 

АУЫЛ - Азаматтардың қажырлы ЕҢБЕГІМЕН ӨРКЕНДЕЙДІ

Отанға деген сүйіспеншілік, өз еліне, жеріне деген адалдық, жауапкершілік – бұл қасиеттер әрқашан біздің байлығымыздың құрамдас бөлігі болып келді. Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдар үлкен құрметке ие. Заман ағымы өзгерсе де, бірақ диқандар еңбегінің маңызы тек артып келеді. 

Биғаш ауылдық округінің жетекші шаруа қожалықтарының бірі 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Заря» ШҚ. Оны Биғаш ауылының тумасы Александр Семенович Чинтемиров басқарады.

Осындай адамдарды еңбекқор деп атап, туған жерге туын тіккендер дейді. Жастайынан шаруаның жұмысына жегілген адамдар әрқашанда жейтін наны, асатын еті, сауатын сүтімен болады. Біреулер күнделікті өмірдің тауқыметін айтып шағымданса, енді біреулер өздерінің сүйікті ісімен айналысады.

Әңгіме барысында шаруашылық  басшысы бізге егіс танабының жалпы ауданы шамамен 3000 га екендігін айтты. Оларға  арпа егіліп, күнбағыс себіліп, «алтын дән» бидай да отырғызылуы аяқталып қалыпты. Бидай барлық танаптардың 2/3 алып жатыр екен. Көктемгі егіс жұмыстарына 10 адам және 6 бірлік техника жұмылдырылды. Шаруашылықтың барлық қызметкерлері тұрақты қызметте, өйткені басшылық оларды жыл бойына жұмыспен және жалақымен қамтамасыз етеді.

Өткен жылдан бастап шаруа қожалығы мал асырауды қолға алып, мал шаруашылығымен айналыса бастады. Ірі қара мен ұсақ мал сатып алып, асырауда. Александр Семенович  әлі көп жұмыс істеу керек дейді, алайда бұл бағытта да жетістіктер жоқ емес.

Округтің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесінен басқа, Александр Чинтемиров  өткізілетін барлық іс-шаралар мен қайырымдылық акцияларға үнемі демеушілік жасайды. Ауыл әкімі «Заря» ШҚ басшысы округте өтетін әрбір қоғамдық-саяси шараларға белсенді атсалысып, халықтық шаралардың бас демеушісі болып жүргенін атап өтті.

АУЫЛ халқына 34 жыл қызмет етіп жүрген кітапханашы

Ширек ғасырға жуық уақытын кітапхана саласына арнаған Айтжамал Бейсенқызы Момбаева туған жері бұрыңғы Комсомол ауылында өмір есігін ашқан.

Мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын оқуға қызығушылығы артып, руханиятқа сусындап өседі. Соның нәтижесінде, ол Павлодар облысы, Лебяжи деген жерде мәдениет училищесін «кітапхана ісі» мамандығы бойынша бітіріп шығады.

Алғашқы еңбек жолын Көкпекті ауылындағы балалар кітапханасынан бастаған. Келе сала жас маман білікті басшысы Рысжан Рахимова басқарған ұжымда бір жылдай уақыт жұмыс істейді. Ол тұрмысқа шығып, отбасын құруына байланысты Комсомол ауылына ауысып барады. Осы уақыттан бастап табандылықпен аталмыш салада жұмыс істеп келеді.

Айтжамал Бейсенқызы меңгерушілік ететін Биғаш ауылдық кітапханасында 19 720  жалпы айтсақ 20-ға жуық кітап қоры бар.

Кітап – білім бұлағы болса, сол білімнің көзін ашар мұғалім мен кітапханашылар екені мәлім. Өздерінен инабаттылықты, шыдамдылықты және білімділікті талап ететін мамандық иесі – ол кітапханшылар.

Сан түрлі мамандық бар, бірақ кітапханашы мамандығы өзінің өте қызықты да тартымдылығымен ерекшеленеді. Себебі күн сайын жаңалыққа толы сәттер, яғни жаңа келген газет, журналдар, жаңа кітаптар және күн сайын келіп кітап алып жатқан оқырмандар, оқытушылар, қызметкерлер легі толастамайды, – дейді тәжірибелі кітапханашы.

Сала үздігі Айтжамал Момбаева кітапхана қызметінің өркендеуіне өз үлесін қосқаны үшін еңбегі еленіп, түрлі марапаттарға ие болуда. Отбасындағы ардақты ана ретінде комсомолдық Талғат Момбаевпен бірге отбасында екі перзент тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ұрпақтарынан немере сүйіп, бақытты ата-әже атануда.

 

90 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР БІЛІМ ОРДАСЫ

Құт қонып, кие дарыған Биғаш ауылындағы білім мен ғылымның,өнер мен мәдениеттің іргетасын қалаған Биғаш негізгі мектебінің тарихы тереңде жатқаны сөзсіз.

Мектеп мұражайында сақталған деректерге сүйеніп, білім ордасының тарихына көз жүгіртіп көрейік. Биғаш ауылында 1932 салынған мектеп ғимараты  мәдени революцияға байланысты 1928 жылдан 1932 жылға дейін ел ішіндегі сауатсыздықты жою үшін сауатсыздандыру мектебі болып саналған. Оның директоры Набиев Аманғажы болған. Бұл жылдардағы мұғалімдер: Ақаш Кенжебаев Қабдолда еді. 1934 жылы Жекебаев Қали деген кісі мұғалім болған.

1942 жылы совхоз директоры Цепура Максим Степановичтың басқаруымен  Биғаш ауылында   1944-1945 оқу жылында жеті жылдық мектеп ашылды. Мектепке «Маяковский» есімі берілді.

1952 жылдан бастап 10 жылдық мектеп ашылды. Бұл жылдарда Битин Қайролла Рахимович, Хамитов Сайкен Хамитович, Жакупов Қанаш Жакупович (оқу ісінің меңг.), Нұрғалиева Үмітай, Мақаева Гүлдірайхан,   Мағажанова Күляш, Байгозин Мұхтар, Жакупова Сауле, Битин Хабиб, Қожабергенов Арыстан, В.М. Калиева,  М.Лавров, М.Битина, Райса Козлова,  Меңкеш Уақасова сынды мұғалімдер еңбек еткен.

Сол жылдары мектеп жанынан үлкен парк, мектепте аудан көлемінде бірінші рет Ленин мұражайы ашылған. Мұражайды ұйымдастырушы мұғалімдер: Г.Биберт, В.Сахаров, О.Кирилюк.

Осы уақытта мектепте көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысы жақсы жолға қойылды. Түкішов Рәш Түкішұлының басқаруымен  домбыра оркестрі, Суючбакиев Акрам Рахимович үрлемелі оркестрін  құрды.

1979 ж.  мектепте алғаш  аудандық жасөспірімдер спорт мектебінің бөлімшесі ашылған.

Бапкері Қ.Насиев. Мектептен шыққан спорт шеберлері Жұмағазы Калиев, Самат Жакенов, Ермек Оңғарбаев, Әсет Жусанбаев, Қайырғазы Есімов.

Мектепте фольклорлық ансамбль құрылды,  оның жетекшілері Т.Х. Хасенов, Х.С. Алимбаев.

1982 жылы 780 орындық жаңа типті мектеп болып ашылып, жас ұрпаққа жан-жақты білім мен тәрбие беріп келе жатқан Биғаш негізгі мектебіне биыл 90 жыл толып отыр.

Осы жылдары мектеп толық кабинеттік жүйемен жұмыс істеп, пәндік кабинеттер ашылған. Бұл жұмыстың нәтижесінде мектеп ұжымы аудандық социалистік жарыстың қорытындысында бірінші орынға ие болады.

Осы уақытта мектепті 1944-1951 жж. Зизова Юлия Алексеевна, 1951-1954 жж. Битин Хайролла Рахимұлы, 1954-1961 жж. Лавров Михаил Яковлевич, 1962-1974 жж. Мұхамадиев Мақсұт Мұхамадиұлы, 1974-1977 жж. Жамбаев Тұрсынбай Төлешұлы, 1977-1981жж. Кулекенов Қадыр Аубакирұлы, 1981-1986 жж. Большинов Өкеш Тоқтыбаянұлы, 1986-1987 жж. Дядов Валерий Николаевич, 1987-2010 жж. Калиев Сансызбай Сапаұлы сынды білікті басшылар басқарған.

2020 жылдан бүгінгі күнге дейін шалғай ауылдағы Биғаш негізгі мектебінің басшылық қызметін ұстаздар династиясынан шыққан жас та болса, тәжірибелі маман Айсұлу Әділбекқызы басқарып келеді.

Ауылда спортты, өнерді сүйетін талантты балалар өте көп.

Оқушыларымыз аудандық қазақ күресінен командалар арасында топтық сайыс-та 2-орынды иеленді. Олар Айбек Жумагазин, Бибарыс Құрмашев, Нұржан Нурахметов, Нұрым Сембы І орынды жеңіп алды. Нұрислам Қабимұрат, Тәңірберген Болатұлы, Мағжан Задабек ІІІ орынды иеленді.

Тассай ауылында өткен қазақ күресінен Мағжан Задабек ІІ орын, Айбек Жумагазин ІІІ орынды алды.

5-7 сынып қыздар арасында   өткен аудандық бас-кетбол жарысында І орынды иеленсе, 5-7 сынып оқушылары аудандық футболдан І орынды   еншіледі.

Спортшыларды дайындаған жаттықтырушылары Серік Акежанов, Жақсылық Құмаров.

Аудандық «Билейік бірге» сайысынан «Думан» би тобы кавказ биінен І орын, «Қызғалдақ» би тобы қазақ биінен ІІ орын. Өнерпаздарды сайысқа дайындаған Гүлмира Акежанова.

Аудандық «Махамбет оқулары» байқауының «Өлең шығару» номинациясынан Жарас Досмұхаметов І орын иеленіп, келесі оқу жылына облысқа жолдама алды.  Әкежан Тоқтарбекұлы белсене қатысқаны үшін мадақтамамен марапатталды. «Абай оқуларынан» Арна Дюйсенғазы қара сөздерін жатқа айтудан І орын, эссе жазудан Жарас Досмұхаметов ІІІ орын алды, жетекшісі Сымбат Алимбаева. Облыстық «Тұлпар» конкурсынан 3-сынып Мирас Мұратбекұлы, Бекнұр Қанағатов,  Іңкәр Сакенқызы ІІІ орын, 2-сынып Сезім Құрмашева, Қайрат Нұртас, Тоқтасынов Ясын ІІ орын,  1-сынып Азиза Әсетқызы ІІ орын,  Қажымұрат Іңкәр ІІІ орын, 5-сынып Дюйсенғазы Айым, Қабимұрат Феризат,  Хадырова Ақнұр ІІІ орын, 6-сынып Асенбаев Мұрат, Задабек Мағжан ІІІ орын, 7-сынып  Болатұлы Тәңірберген ІІ, Дюйсенғазы Арна, Қажымұратова Жаннұр ІІІ орын, 9-сынып Дюйсенғазы Ұлан, Жанабек Тамирис, Құрмашева Тоғжан ІІІ орын. Жетекшілері А.Қажымұратова, Г. Жумаканова, А.Аблгазинова.

Жалпы білім беретін мектептерге арналған «Ақбота» зияткерлік олимпиадасынан  3-сынып Алтынай Мырзабекқызы,   Мирас Мұратбекұлы,  Дулатұлы Олжас – ІІІ дәрежелі диплом. Жетекшісі  Гүлмира Жумаканова.

Республика көлемінде ұйымдастырылған «Қыстың ғажап бейнесі» атты байқауда Әкежан Мирас, Әкежан Аяла, Бекен Айша,Талғатқызы Тамерис - І дәрежелі дип-ломмен марапатталды. Жетекшісі Жазира Акежанова.  Бұл жетістіктер мен жеңістер бәрімізге ортақ - деді өз әңгімесінде Айсұлу Каусова.

2021 жылы мектеп ғимаратының жылу жүйесіне батареялар ауыстырылып, күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. 2021-2022 оқу жылы мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары (әктеу, сырлау) жасалуда. Барлық кабинеттер  жаңадан қажетті құрал-жабдықтармен (парта, орындық, шкаф, проектор, жалюзи) жабдықталды. 90 жылдық мерейтойына орай заманауи үлгіде жабдықталған кабинеттердің ашылу салтанаты болады. Сонымен қатар мектеп түлектерінің тартуы ретінде салынып жатқан шағын футбол алаңының құрылысы аяқталуға жақын.

Биғаш негізгі мектебі арқылы 33 адам жұмыспен қамтылып отыр. Оның ішінде 17 педагог, қалғаны басқа да қызметкерлер еңбек етеді. 198 балаға арналған білім мекемесінде бүгінгі күні 54 оқушы білім алады. Шағын орталықта 13 бала тәрбиеленіп, мектепке дейінгі даярлық сыныбында 4 оқушы білім алуда. Мектептің білім сапасы 65 % -ды құрайды. 2021-2022 оқу жылында бастауыш сынып, физика, химия пәнінің мұғалімі жұмысқа келді. Қазіргі таңда мектепте мұғалімдер жеткілікті, маман тапшылығы мәселесі жоқ, - деп әңгімесін аяқтады.

Қажырлы еңбек, үздіксіз ізденіс, қарымды қабілетті ұстанған  мектеп ұжымының  жетістіктері алдағы уақытта да еселене беретіні сөзсіз.

 

Бетті дайындаған

Шолпан АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Мамыр 2022 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз