Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Аудан әкімі Рамиль Сағандықовтың халық алдында есеп беру кездесулерінің ақырғы күні, кестеге сәйкес, 30 қаңтарда аудан орталығы Көкпекті ауылында өтті. Әдеттегідей, әр жылдың алғашқы айында өткен жылдың қорытындысын шығарып, жаңа жылға тың серпін беретін міндеттер талқыға салынатын әкімдердің есеп беру кездесулері билік пен тұрғындар арасын жақындатып қана қоймай, көкейде жүрген бірқатар түйткілді сұрақтардың оң шешімдерін табуға да жол ашатыны рас.


Бұл күні Қ.Алтынбаев атындағы орталық мәдениет үйіне жиналған халықтың нөпірі көп болды. Есептік жиынға арнайы ат басын тіреген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Д.М.Мусин, ардагер ақсақалдар, ауылдық округ әкімдері, шаруашылық басшылары, дербес бөлім басшылары, заң органдарының қызметкерлері, дәрігерлер мен ұстаздар, қарапайым ауыл тұрғындары қатысты. Маңызды басқосуда ең бірінші Көкпекті округі әкімінің міндетін атқарушы Нина Укешова есептік баяндама жасап, ауылдың құрамына енетін 5 елді мекенде іс жүзіне асқан жұмыстарға тоқтала келе, алда атқарылар шараларды да мәлімдеді. Мәселен, ауылды көркейту, орталықтағы автобекеттің алдын абаттандыру ісін жалғастыру, қатты қалдықтар полигонын қоршау және автотұрақ салу.
Нина Нұрмұханбетқызының есебінде атал-ған Көкпекті округіне қарасты Ажа, Толағай, Шә-ріптоғай ауылдарындағы білім ордаларының, Көкпекті орта мектебінің спорт залының жөндеуден өткізілуі мемлекет тарапынан білім беру саласына жасалған қамқорлық деуге негіз бар. Сондай-ақ, бүкіл аумақтың айнасы болып саналатын аудан орталығындағы бірнеше көшелердің қалыпқа келтірілуі де ауыл ажарын аша түсті. Алайда, тұрғындардың пікірінше, аудан орталығының келбетін әлі де көріктендіре түсу үшін көп істер тындырылуы қажет.
Күн тәртібіне сай, учаскелік полиция қызметкері Ж.Разаевтың ауылдық округтегі құқықбұзушылық жағдайдың алдыңғы жылмен салыстыра берген есебінен байқағанымыз, 2016 жылы қылмыс жасаудың жоғарылауы. Бұл жерде бір ескере кететін жайт, жаз мерзімінде қожайындары жеке малдарын бей-берекет жібермей ие болса, қылмыс та азаяр еді.
Күн тәртібінің ретімен аудан басшысы Рамиль Нығметжанұлы ауданда мақсатты бағытталған берекелі істің нәтижесінде атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндап, есептік кезеңдегі ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму динамикасындағы оң өзгерістерді тізбелеп берді. Газетіміздің алдыңғы сандарында аудан көр-сеткіштері жарияланғандықтан біз оларды қай-таламауды жөн көрдік. Жиын барысында аудан жұртшылығының алдында әкімнің беделі жоғары екені, оның есебіне көңілі толғаны, халықтың берген бағасы жағымды екені байқалды.
Елімізде жүргізіліп жатқан саясаттың, Елбасы Н.Назарбаевтың қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Жолдауларынан туындаған мақсаттар мен міндеттерді, «5 институционалдық реформалар – 100 нақты қадам Ұлт жоспарын» жүзеге асыру арқылы, экономикалық өсім мен әлеуметтік кепілдемелерді қамтамасыз ету жолында аудандағы атқарушы биліктің қол жеткізген табыстары ауыз толтыра айтарлық екені де көрер көзге аян. Аудан дамуының барлық салалары бойынша 2016 жылы алдыңғы жылмен салыстырғандағы ілгерілеулер мен жетістіктерді, даму көрсет-кіштерін алақандағыдай етіп эк-раннан тамашалап отырған көзі қарақты жұртшылықтың, тіпті аудан басшысына қояр сауалдары да аздығымен ерекшеленді бұл басқосу.
– Әрине, бізде әлі де жолдарды жөндеу, ғаламтор байланысы, баспанамен қамтамасыз ету, шағын кәсіпкерлікке байланысты азаматтарды толғандырар мәселелер жетерлік. Жергілікті атқарушы органдардың жұмыстарын бағыттау арқылы оның барлығы күнделікті жұмыс тәртібінде, біртіндеп шешімін табатыны анық. Ағымдағы жылы жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жұмыссыздықты азайту, алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру жағына басымдық берілетін болады, - деп қадап айтты Рамиль Нығметжанұлы: - Өткен жыл ел есінде Азаттығымыздың ширекғасырлық мерейтойын атап өтуімізбен сақталса, биылғы 2017 жыл Қазақстандай Ұлы Дала елінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбында өтетін ЭКСПО көрмесі арқылы халықаралық игі шаралардың қайнаған ортасында болатынымен ерекшеленеді. Әлемнің әр түкпірінен келген үздік спортшылар бәсекеге түсіп, Алматыда өтіп жатқан 28 Бүкіләлемдік Қысқы универсиаданың да еліміздің мәртебесін арттыратыны анық. Сол үшін де үстіміздегі жыл әр қазақстандық үшін ерекше болмақ, - деген сөздермен ойын түйіндеп, аудан тұрғындарына ізгі тілектерін арнады.
Жарыссөзге бірінші болып шыққан аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Насырбайұлы Мұқашев қазіргі таңдағы әлемдік қаржылық дағдарыстың салқыны біздің елімізге де айналып өтпегенін тілге тиек етті. Аудандық қоғамдың кеңес төрағасы: «Бірлік – береке бастауы» демекші көпұлтты ауданымыздың халқы береке-бірліктің арқасында өңірді өрге сүйреген біршама жұмыстарды кезең-кезеңімен шешуде, алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Елбасы ұсынған 5 институционалдық реформаларын бағытқа алу арқылы, аймақ басшысының қолдауы нәтижесінде халықтың әлеуметтік тұрмыс-жағдайы оңалып келеді. Осының барлығы түрлі салалардағы қарапайым еңбек адамдарының жұмыла атсалысқан өлшеусіз еңбегінің арқасы. Көкпекті ауданының бүгіні де, болашағы да өз қолымызда. Олай болса, міндет те, мүдде де баршамызға ортақ. Тек еңбегіміз екпінді, істеріміз ілкімді, тірлігіміз тиянақты болсын», деп жерлестеріне жүйелі ой тастап, ақсақалдық ақ тілегін жеткізді.
«Теректі» ШҚ басшысы, аудандық мәслихат депутаты Қанат Бидахметұлы Садықов өз сөзінде ауыл шаруашылығы экономикалық дамудағы басты бағыт болып табылатын ауданымыздың шаруаларына мемлекет үлкен көмек беріп отырғаны туралы, сондай-ақ, шаруашылық басшыларының іскер ұйымдастырушылығымен қол жеткен табыстарға тоқталып, жиналған қауымға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, сөз кезегін алған аудандық мәслихат депутаты, «Дәншік» балабақшысының меңгерушісі Г.Шаймарданова, аудан көлеміндегі «Балапан» бағдарламасы аясында іске қосылған балабақшалар жайында мәлімет берді. Ал, жарыссөзге шыққан Ж.Шайжүнісов атындағы мектептің жас ұстазы, физика пән мұғалімі Д.Мергенчинов ана тілінде көркем де таза сөйлеп, көпшілікті тұла бойынан ұшқындап тұрған жастық жалынымен баурап алды. Осындай жастарымыз көп болғай!
Есептік кездесуде Р.Арынов, М.Искаков, Р.Галиев, Қ.Түсіпбеков сынды ауыл ақсақалдары, С.Кошелева өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ұсынып, аудан басшысының жұмысына оң бағаларын берді. Облыс, аудан басшыларына алғыстарын арнап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Салтанатты шараның құрметті қонағы, Көкпектінің ыстығы мен суығына бейжай қарай алмайтын облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мағауяұлы қорытынды сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы саласында республикада жасалып жатқан 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарлама жайына тоқталды. Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің сұранысқа ие өнім өндіріуі және оның экспортқа бағытталуы, кооперативтер құруды түсіндіру жұмыстарына басымдық берілуі жөніндегі пікірін ортаға салды. Шаруашылық басшыларына өнімдерін нарыққа ұсынған кезде бағаны шарықтатпай, жердің мемлекеттікі екенін ұмытпауларын ескертті. - Жалпы аудан әкімінің көрсеткіштері жаман емес, тек бірігіп жұмыс істеу керек. Келген жыл берекелі болсын! – деді Д.Мусин. Облыс әкімінің орынбасары өз салаларында ауданның табысты дамуына салмақты үлес қосып, белсенділік көрсеткен азаматтар А.Оспанов, В.Виничук, А.Қажығалиевке Алғыс хаттар табыстады.
Кездесу соңы жылы да жақсы көңілмен бітіп жатты. Өйткені, кездесуге келген әрбір жан өз сауалына ашық әрі нақты жауап алды. Ал, ең бастысы, әкімдік басшылығының жоспары адамдар мүддесімен үндесіп жатты. Бір сөзбен айтқанда, аудандық билік пен тұрғындар бір толқынмен алға қарай басуда.
Самарқан Қалисатарұлы Жотабаев, «Қалисатарұлы» ШҚ басшысы, Самар ауылы:
- Аудан әкімінің есебін мұқият тыңдадым. Қанағаттанарлық деп баға беремін. Ең бастысы, еліміздегі тыныштық пен татулықтың қаймағы бұзылмасын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді ғой. Басқа шаруаларды ауданымыздың еңбексүйгіш халқымен біртіндеп, күнделікті ағыммен тындыратынымыз анық. Иә, кооперативке бірігу керектігін қолдаймын. Оған көп дайындық, түсіндіру, ұйымдастыру жұмыстары жүйелі жүргізілу қажет деп ойлаймын.

Бақыт МҮЛІКОВА

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Ақпан 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз