Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

«...Аттандық сапарға, көңілде мол арман,

Аттандық сапарға, тосады жол алдан...»

Иә, бүгін мектебі үміт артып шығарып салып жатқан түлектерді ертеңгі күн сеніммен күтеді. Уақыт ағысы кешегі тұлымы желбіреген ұлды жігіт етсе, бантикті қыздың бой жеткені байқалады. Ұстаздардың да, шәкірттерінің де жанарларында сан түрлі сезімнің табы байқалып тұр.

 

Биыл Қ.Аухадиев атындағы орта мектептен 13 оқушы түлеп ұшса, оның бесеуі ҰБТ-ға қатысты. Мектеп, сынақ қорытындысына орай, жалпы ортақ көрсеткіш бойынша аудан мектептерінің арасында бесінші орынға шықты. Сынға түсушілердің оңды нәтиже көрсетуіне шәкірттері үшін аянбай еңбек еткен ұстаздар қауымының еңбегі аз емес.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мұстафинова мектеп бітіру кешінің жоғары деңгейде өткенін айта отырып, батыр ата атындағы мектеп түлектері әр қадамын батыл басуы керектігін ескертті.

КӨКЖАЙЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ

Көкжайық орта мектебінің табалдырығынан көңілдерінде мұң мен арман қатар жарысып, үлкен өмір сапарына тағы да бір көгершіндер легі аттануда. Қолдарына болашаққа жетелейтін жолдама алатын күн келіп жетті. Бес бала қиялдың қанатын қияға сермеп, алтын ұяларынан алыстап барады. Соған орай, мектебіміз түлектермен қоштасу кешін өткізді. Аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Р.Жұмаханова қолдарына аттестат алып, жаңа баспалдаққа аяқ басқалы отырған түлектерге ақ тілегін айтып, ұстаздарға барынша демеу болған түлектердің ата-аналарына айрықша алғысын білдірді. Бүгінгі «жолаушылардың» ізін жалғап, соңынан ілесе жеткен мектеп оқушылары тамаша кешке өз тартуларын жасап, өнерлерімен шашу шашты. Тлейхан Айжұлдыз орындаған «Ұстазым» әні барша мектеп бітірушілердің жанарларында тұрған сезімдері мен саналарына білім дәнін еккен аяулы ұстаздарына деген алғысын жеткізіп тұрғандай болды.

Қ.АУХАДИЕВ АТЫНДАҒЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГ

Бұл күні мектеп ауласы ерекше әсем безендірілді. Қанаты қатайған түлектер легі қыран болып қалықтауға қомдануда. Олар талай қызықты сәттерді бастарынан кешіріп, қиын шақта демеу тапқан ыстық құшақпен қоштаспақ. Білім ордасы үшін де шәкірттерінің орны бөлек. 11 жыл бойы мектептің абыройын көтеруге атсалысқан білімгерлердің жолына бүгін қызыл кілем төселді. Түлектер кеші «Үміт кемесіндегі сапар» атты бағдарламамен өткізілді. Мерекелік кеш түлектер полонезінен басталып, теңіз үстіндегі саяхатпен жалғасты. «Үміт» кемесіне отырған білімгерлер «Балалық шақтың» аралынан «Қоштасу» аралына дейін жүзіп өтті. Су құдайы Посейдон оларға лайықты марапаттауларын тапсырды. ҰБТ қорытындысы бойынша 100 балл жинаған Фируза Закирова аудан әкімінің сыйлығына ие болды.

Болашаққа сапар шегіп бара жатқан түлектерге игі ниеттер мен ақ тілектер айтылды. Біз де оларға тек сәттілік тілейміз. Келешектің көшін тек алға бастаңдар, жас түлектер!

САРЫБЕЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ

20 маусым барша мектеп бітірушілер үшін аса маңызды күн болды. Бұл күні түлектер өмірлеріндегі басты құжаттардың біріне ие болады. Еліміздің ертеңінің елшілері бүгінгі күннен қанат қағып барады. Алдарында сан тарау жол, асқақ арман мен салмақты таңдаулар тұр.

Ново-Тимофеевка орта мектебін биыл тоғыз шәкірт аяқтады. Ұстаздары қимастықпен оларды өмір сапарына шығарып салуда. Мектеп директоры Г.Бектасынова ақ қанат арманды шәкірттеріне: «Алдағы жолдарыңда көптің тілегі армандарының орындалуына септігін тигізсін. Өмір теңізінде желкендерің түспей, туларың жығылмасын. Алдағы асуларды қиындықсыз асып, тәуелсіз мемлекетіміздің іргесінің берік кірпіші болып қаланыңдар», - деп тілегін білдірді. Ал жас түлек Александр Кузьмин болса аяулы мектебі мен ұлағатты ұстаздарына арнап «Түлектер тілегі» атты рэп стиліндегі авторлық әнін тарту етті.

ҮЛГІЛІМАЛШЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ

20 маусым күні Абай атындағы орта мектепте «Сәт сапар, жас түлек-2015» атты түлектердің аттестат алу кеші өтті. Бітіруші түлектердің мектептегі қабырғасындағы өмірлерінен естелік ретінде слайд дайындалып, мектеп ауласы көркем безендірілді. Мерекеге аудан әкімінің өкілі Г.Күркебаева, ардагер ұстаз М.Шарифуллина және ұстаздар мен ата-аналар қатысты. Мерекелік шараны мектеп тәлімгері Ж.Байтунова жүргізді. Мектеп түлектеріне салтанатты түрде аттестат тапсыру рәсіміне мектеп директоры Е.Құсайынов пен оқу ісінің меңгерушісі С.Балтабаева ие болды.

Кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Акбұзауов, ата аналар мен ұстаздар қауымы тілектерін арнады. Мектеп түлектері өздерінің ұстаздарына алғыстарын айтып, ән-шашуларын арнап, әуеге шарларын ұшырды.

Дайындаған: Жансая СМАҒҰЛОВА

 

ШҰҒЫЛБАЙЛЫҚТАР САУАБЫ МОЛ

ІС АТҚАРДЫ

Қасиетті Рамазан айында Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты бағдарламасының аясында, шұғылбайлықтар сауабы мол іс атқарды. Ауыл әкімі Е.Қалдыбаев көктемгі дала жұмыстары аяқталған соң, жерлес азаматтарға ауылдың ішкі-сыртқы жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге үндеу тастаған болатын. Бірнеше жылдан бері бұл істі дәстүрге айналдырған шұғылбайлықтар үндеуге бірден қолдау көрсетті. Оның үстіне, қасиетті Рамазан айында халық игілігі үшін атқарылатын мұндай ауқымды шараға қатыспау жігіттердің азаматтық намысына сын екенін әркім түсінген болар. Алдын-ала жоспарланған бұл шараға аудан әкімі Рамиль Нығметжанұлы да қолдау білдіріп, жанармаймен көмек көрсетті.

19 маусым күні әкімшілік ғимаратының алдына жиналған тракторлардың гүрілі ауылда бір науқанның болатындығын хабарлағандай болды. Жиналған жігіттердің көңіл-күйлері көтеріңкі, жұмысты бастауға құлшынып тұрды. Сенбілік бас-талар алдында ауыл имамы Өмір ақсақал да келіп жігіттерге «Істерің оңға бассын! Алланың нұры жаусын!» - деп ақ батасын берді.

Сенбілікке, округтегі «Салтанат», «Қажы-мұқан», «Ержан», «Самур», «Тұлпар», «Нұр», «Мейірбек», «Қуаныш», «Назым», «Қалима», «Қуат», «Марал» шаруа қожалықтарының өкілдері: Т.Ахмадиев, Ж.Байназаров, Қ.Айдарханов,  З.Оспанов, М.Шакерханов, Н.Құсманов, Қ.Тоқтаров, М.Разаев, А.Сапаров, Н.Зарипов, Қ.Амиров, А.Мукатаевтар қатысты. Сонымен қатар, ауыл азаматтары М.Елеусізов, Т.Рахымбеков, С.Құрмекешов, М.Шарипбеков, Ж.Сүлейменов, Н.Райнбеков, Ж.Ботабаев, А.Құнанбаев, М.Орсаев өз техникаларымен атсалысты.

Ауыл әкімінің демеушілігімен жұмысшыларға түскі ас ұйымдастырылды. Міне, көпке үлгі боларлық осындай игі істер ауылымызда бола берсін. Себебі, терең түсінген адамға бұл жай ғана біркүндік сенбілік емес. Оның негізі ауылдағы береке-бірлікті, бір сөзге тоқтасуды, өз еліңді, жеріңді құрметтеуді өзгелерге көрсету, кейінгі ұрпаққа сөзбен емес ісіңмен үлгі беру сияқты тәрбиелік мәні бар шара. Өкінішке орай, жайшылықта аттан салып жүретін кейбір «патриот» жігіттер сенбілікке әдейілеп шақырылса да көптің ортасынан табылмады. Осы жерде, Абайдың «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде» - деген өлең жолдары еріксіз еске түседі. Сондықтан тұрғындарға айтарым, округте атқарылатын қандай да бір іс-шаралардың барлығы сіздердің игіліктеріңіз, сіздердің мүдделеріңіз үшін екендігін ұмытпағайсыздар.

Құрметті жерлестер, Қасиетті Рамазан айы мүбарак болсын! Ел іргесі тыныштықта, береке-бірлікте болып, тілеген ізгі ниеттеріңіз қабыл болсын!

А.Назарханова, Бас маман-хатшы

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Маусым 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз