Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев Көкпекті ауданына келген алғашқы жұмыс сапарында бірнеше әлеуметтік нысандарды аралады. Аудан орталығында орналасқан Оқушылар шығармашылық сарайы, Жақия Шайжүнісов атындағы және Көкпекті орта мектептері, Көкпекті аудандық орталық ауруханасы, балалар және жасөспірімдер спорт мектебін аралап, жаңадан салынып бастаған жүзу бассейні құрылысының барысымен танысты.
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың Көкпекті ауданымен таныстығы оқушылар шығармашылық сарайынан басталды. Бұл - бұрынғы Құмар Раев атындағы балалар үйінің ғимараты. Онда шығармашылық сарайының директоры Асқар Сүлейменов жаңа ғимаратпен таныстырып, оқушылар шығармашылық сарайының жұмысы туралы баяндады.
Құмар Раев атындағы бұрынғы балалар үйі тәрбиеленушілер санының күрт азаюына байланысты 2016 жылы жабылған болатын. Өткен жылы ғимарат ШҚО білім басқармасы теңгерімінен алынып, Көкпекті ауданының мәдениет және тілдері дамыту бөлімінің теңгеріміне қойылды. Күрделі жөндеуден өткен ғимарат ағымдағы жылдың мамыр айында қолданысқа берілген болатын.


Облыс әкімі Нұрлан Тельманұлы мен жаңадан тағайындалған Көкпекті ауданының әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы балалар үйірмелеріне арналған арнайы кабинеттерді аралап, жабдықталуымен танысып шықты. Мұнда акт залы, спорт залы, ағаш және металл өңдеу шеберханалары, кескіндеме, мүсіндеу, шахмат, домбыра, қобыз, фортепиано, баян, «Абай әлемі», хореография сыныптары, сондай-ақ спорттық үйірмелер жұмыс істейді.
Қара шаңырақ саналатын білім ордасының ерекше мақтанышы – Еңбек Ері Жақия Шайжүнісовке қатысты ақпараттар пен экспонаттар жинақталған мұражай. Жақия ата көп жылдар бойы балалар үйін басқарған «мың баланың әкесі». Көкпекті балалар үйінің дамуы-на үлкен үлес қосып, көптеген жетім балаларға үлкен өмірге жолдама алуға көмектескен қамқоршы.
Сондай-ақ, делегация осы ғимаратта орналасқан Көкпекті аудандық кітапханасында болды. Шамамен 300 шаршы метр аумақта оқу залы, «Coworking» орталығы, абонементтерге арналған бөлім және түрлі бағыттағы 40 мыңға жуық кітаптары бар кітап қорын сақтау бөлмелері орналасқан. Көрген көздің жауын алатын сан түрлі кітаптар, қаз-қатар тізілген сөрелер, үйлесімді орналастырылған көркем туындылар оқырмандар көңілін еріксіз өзіне аударары анық. Аймақ басшысы кітапхана жұмысына жоғары баға беріп, оқырмандар саны арта берсін деген жүрекжарды тілегін ақтарды.
Толық аралап, танысқан аймақ басшысы Нұрлан Тельманұлы Оқушылар шығармашылық сарайы ғимаратын жөндеуге жұмсалған қаражат мөлшері мен жұмыстың аяқталу мерзімі туралы қызығушылық танытты.
Аудандық мәслихат хатшысы Талғат Сарманов Көкпекті ауданы аумағында балаларға арналған жазғы демалыс лагерінің жоқтығы мәселесін көтерді. Талғат Манапұлы бұл мақсатта Қ.Раев атындағы балалар үйінің бұрынғы лагерін қайта жөндеп, қолданысқа беруге болатыны туралы ұсыныс жасады. Бұл мәселе бойынша Нұрлан Тельманұлы аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлына нақты ұсыныс енгізуді жүктеді.
Сондай-ақ облыс әкімі Социалистік Еңбек Ері, «Ленин» ордені мен «Құрмет» белгісінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Жақия Шайжүнісов атындағы орта мектебінде болды. Білім ордасының басшысы Бексаинова Меруерт Қыстаубайқызы мектептің жай-күйімен таныстырып, атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді.
Жақия Шайжүнісов атындағы орта мектебінің ғимараты 1989 жылы салынған. Мектеп 2 ауысымда жұмыс істейді. 1-ші ауысымда 221 бала, 2 ауысымда 139 бала, жалпы 360 бала білім алуда. Аймақ басшысы аудан әкіміне мектептің жаңа оқу жылына дайындығын бақылауда ұстап, жылыту қазандығымен арнайы келіп танысуды тапсырды.
Бұдан әрі аймақ басшысы Көкпекті аудандық ауруханасында болып, ғимараттың жай-күйін көзімен көрді. Аурухананың бас дәрігері Әсем Рахымбаева емдеу мекемесінің бүгінгі тіршілігінен хабар берді. Әсем Төлеуғазықызы облыс әкіміне жылдар бойы жинақталған және жақын арада шешілуі тиіс аурухананың өзекті мәселелерімен бөлісті.
Бас дәрігердің айтуы бойынша ауруханада түйіні шешілмеген көптеген проблемалық сұрақтар бар.
- Жылыту мәселесі өте өзекті. Бүгінде мұнда 2 қазандық жұмыс істейді, үшіншісі резервтік. Барлық құбырларды тот басқан. Қыста суық болды. Аурухананың сыртқы келбеті бойынша да мәселе бар. Қатты желдің салдарынан сыртқы қаптамалар құлап жатыр, - деді бас дәрігер Әсем Рахымбаева.
Облыс әкімі барлық проблемалық мәселелер жақын арада зерттеліп, бақылауға алынатынына сендірді.
Аурухана 2010 жылы пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда ауруханада науқастарға арналған 40 төсек-орын бар. Қазіргі уақытта мұнда 33 дәрігер және 106 орта медициналық персонал жұмыс істейді.
Көкпекті орта мектебіне ат басын бұрған құрметті қонақтарды мектеп директоры Нұргүл Сарманова қарсы алып, білім беру мекемесінің жағдайымен таныстырды.
Көкпекті орта мектебінің ғимараты 2008 жылы «100 мектеп 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған. Мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. Бірінші ауысымда 450 бала, екінші ауысымда 212 бала оқиды. Барлығы 662 бала қамтылған.
Айта кетейік, жақын арада мектепке Қабанбай батыр есімі берілмек. Тиісті құжаттар ономастикалық комиссияға жолданып, оңды шешімі шыққан.
Аудан орталығында құрылысы жүргізіліп жатқан бассейн аумағына барған облыс әкімін мердігер ұйым «СМУ Шығыс» өкілі қарсы алды. Құрылыс жоспары бейнеленген карта көмегімен Нұрлан Тельманұлы бассейн құрылысы барысымен танысты. Жобалық құны 386,247 миллион теңге тұратын бассейн құрылысы 2021 жылы басталған. Жоспар бойынша 2022 жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Тапсырыс беруші Көкпекті аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі.
Сонымен бірге облыс әкімі Көкпекті ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде болды. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған кешен 2021 жылы қолданысқа берілген. Көкпекті балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Аслан Таныспаев аймақ басшысына тәрбиеленушілердің жетістіктері мен бапкерлер жұмысы туралы баяндап берді.
- Бүгінгі таңда бұл ғимаратта білікті 19 жаттықтырушы 649 баланы спорттың әр түріне баулуда. Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде көп функционалды спорт залы, жекпе-жек бөлмесі, сыртқы аумақта үлкен футбол алаңы және заманауи үлгідегі жүгіру жолы бар, - деді Аслан Балабекұлы.
Аймақ басшысы Нұрлан Тельманұлы байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген жас спортшылардың қол жеткізген жетістіктерімен танысып, спорт кешенінің жағдайына жақсы бағасын берді. Сондай-ақ спорт кешені аудан жастарына қолжетімді болу керектігіне назар аудартты. Әсіресе жастар көп қызығушылық танытатын футбол ойынының аудан аумағында дамытуға көп көңіл бөлу керектігіне тоқталды.
Жаңадан құрылған Абай облысының бірінші әкімі Нұрлан Ұранхаевтың Көкпекті ауданына келген алғашқы қадамы алда атқарылар ауқымды жұмыстардың басы деп білейік.

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2022 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз