Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

18 қараша күні аудандық әкімшілік ғимаратындағы «Ашық әкімдік» кеңсесінде ауылдық округ әкімдерінің кезекті баспасөз брифингі өтті. Бұл жолы Үлкенбөкен ауылдық округінің әкімі Нұрлан Үмітқазыұлы Назарханов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Ғаламторда «Tolagainews» ақпараттық порталында таратылған тікелей эфир барысында Үлкенбөкен ауылының әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы туралы баяндама жасалып, өзекті сұрақтарға жауаптар берілді.

 

Бірінші кезекте ауыл әкімі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Үлкенбөкен ауылдық округінің құрамына 3 елді мекен кіреді: Үлкенбөкен, Жансары, Ақтас. Осы елді мекендерде 437 үй бар, онда 1718 адам тұрады. Экономикалық белсенді халық – 928 адам.
Ауыл әкімінің негізгі міндеттерінің бірі - халықтың әл-ауқатын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу. Ауылымызға республикалық «Таза су» бағдарламасы арқылы таза ауыз су тартуға 884 млн теңге бөлінген, оның 206 млн 2019 жылы, 211 млн 2020 жылы игерілді. Жоспар бойынша 2021 жылы сумен жабдықтау жұмыстары аяқталып, іске қосылады. Жаңа жұмыс орындары ашылады, 3 оператор жұмысқа алынады. Осы жоба аясында 14 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды. Таза ауыз су тарту бойынша мердігер «СМУ Шығыс» компаниясының демеушілігімен қоқыс төгетін алаң тазаланды, мал қорымына шұңқыр қазылды, 4 көшеге қиыршық тас төгіліп, тегістелді.
«Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында Үлкенбөкен ауылының мәдениет үйі құны 30 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтуде. Үлкенбөкен ауылының 6 тұрғыны жұмыспен қамтылды. Мердігер Өскемен қаласынан ЖК «Евро». Жөндеу жұмыстарының 80 % аяқталды. 2021 жылы толық аяқталған соң, пайдалауға беріледі.
Жансары ауылын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 10 млн 500 мың теңгеге блоктік модуль станция орнатылды. Онда 1 оператор жұмыспен қамтылған. Ақтас ауылының тұрғындарын таза ауыз сумен қамту мақсатында құны 10 млн 500 мың теңгеге блоктік модуль станциясы орнатылды. 2021 жылы іске қосылады. Оған жұмысқа 1 адам алынады.
Үлкенбөкен ауылдық округінде шағын бизнес негізінен сауда, дәріхана сынды жеке кәсіптерден құралған. 2020 жылы белсенді жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлер - 28. Әлеуметтік маңызды тауарларға баға қоспау жөнінде жеке кәсіпкерлермен меморандумдар жа-салған. Ағымдағы жылы округтегі 369 жеке қосалқы шаруашылық иелері – 325 тонна картоп, 90 тонна көкөніс өндірді.
Округ бойынша 24 иесіз нысан болған. Бүгінгі күні жеке меншікке пайдалануға берілді. «Табиғат» шаруа қожалығы ескі диірмен ғимаратын 150 орындық кафе, ескі МТМ ғимараттарын жұмысшыларға асхана, ағаш өндеу цехын ашты. 1 ғимарат Үлкенбөкен ауылдық округінің әкімшілігіне берілді. Ауылдағы агроколледж ғимараттары округтің теңгеріміне беріледі. Ол нысандарды «Казводхоз» су шаруашылығына беру және сауда орындарын ашу жоспарлануда.
Округте екі білім беру ошағы «Үлкенбөкен орта мектебі» және «Ерекше режимдегі мектеп интернат» жұмыс істейді. Үлкенбөкен орта мектебінде 230 оқушы білім алады. 1-4-сыныптардағы 90 оқушы штаттық режимде білім алса, қалған оқушылар қашықтықтан оқытылуда.
Үлкенбөкен ауылдық округі бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алу үшін 14 отбасы өтініш білдірді. Комиссия мүшелері өтініш білдіруші отбасыларының материалдық жағдайларын зерттеп – қарау нәтижелерінің қорытындысы бойынша 10 отбасына көмек тағайындалды.
Ономастика саласы бойынша 2020 жылы 13 көшенің атауы өзгертілді.
Брифинг барысында қойылған сұрақтар да жауапсыз қалмады.

Аяжан Амантайқызы - модератор:
- Баяндамаңыздан белгілі болғандай, ауылдық округте 1718 адам тұрады екен. Ал жеке кәсіпкерлер саны 28 дейсіз. Бұл көрсеткіш аз емес пе?
Нұрлан Назарханов - Үлкенбөкен ауылдық округінің әкімі:
- 28 адам жеке кәсіпкерлер болып саналады. Мен бұл жерде шаруа қожалықтарын қоспай отырмын. Негізі шаруа қожалықтар саны - 54. Сонымен қатар 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. 28 кәсіпкер әрине аз. Бұл бағытта әлі де жұмыс жасаймыз.

Гүлім Ерланқызы - «Жұлдыз - Новая жизнь» газетінің тілшісі:
- Береговая көшесіне жарық шамдары орнатылған, бірақ әлі жарық қосылмаған екен. Себебі неде? Қашан жарық шамдары іске қосылады?
Нұрлан Назарханов - Үлкенбөкен ауылдық округінің әкімі:
- Береговая көшесіне 42 жарық шамдары қойылған. 1 апта бұрын қатты дауылдан Береговая көшесінде жарық шамдары істен шықты. Бүгінгі күні бұл көшеде 26 жарық шамы істеп тұр. Бұл мәселе менің бақылауымда.

Дархан Бердібек - аудандық «Жұлдыз-Новая жизнь» газетінің директор-редакторы:
- Тікелей эфир барысында тұрғындар сұрақ қоюда. Үлкенбөкен ауылына қашан арка орнатылады?
Нұрлан Назарханов - Үлкенбөкен ауылдық округінің әкімі:
- Арка қою бойынша жұмыс жасалуда. Келесі жылы міндетті түрде арка болады. Ерекше бір керемет арка орнатамыз.

Аяжан Амантайқызы - модератор:
- Кәсіпкерлікті дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысы қалай? Ауыл тұрғындары қандай мемлекеттік бағдарлама игілігін көруде?
Нұрлан Назарханов - Үлкенбөкен ауылдық округінің әкімі:
- Кәсіпкерлер «Атамекен» арқылы оқытылуда. Былтырғы жылы 6 адам сертификат алды. 500 мың теңге грант алған 6 адам бар. Жаңадан кәсібін бастаған Байжан Аққазин деген азамат инкубатор сатып алды. Қазіргі күні кәсібін дөңгелетіп отыр. Сондай-ақ, 1-2 бастан мал алған тұрғындар бар.
Инвестициялық жоба аясында «Таим» ЖК 100 бас ангус, 4 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. Қазіргі уақытта 150 миллион инвестиция құйып, бұзылып жатқан қырманды жөндеп, астық сақтайтын қойма салып жатыр. Бұл бағытта жұмыстар әлі жалғасады.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша жұмыс жасап жатқан шаруа қожалықтары бар. Олар «Бастау» және «Рустем» шаруа қожалықтары. Аслан Сүлейжанов деген азамат 52 басқа арналған мал бордақылау алаңын салды.
Аудан әкімінің бастамасымен жергілікті тұрғындарға бірінші кезекте жерді беру туралы жұмыстар басталды. Биылғы жылы 3 азаматқа 15-20 гектар шабындық жер берілді. Аталған азаматтар қазіргі күні мал басын өсіруде. Жерді жергілікті тұрғындарға берудің бірінші кезектегі мақсаты осы деп ойлаймын.

Аяжан Амантайқызы - модератор:
- Жер мәселесі жөнінде жергілікті халық көп шағым айтуда. Бұл мәселе бойынша не дейсіз?
Нұрлан Назарханов - Үлкенбөкен ауылдық округінің әкімі:
- Үлкенбөкен ауылында 72 мың гектар ауыл шаруашылық жері болса, соның 60 пайызы біздің округте тұрмайтын азаматтар еншісінде. Олар 90-шы жылдары жердің мемлекеттік паспортын жасатып алған. Соның салдарынан ауылдың азаматтары, жастар жер телімін алуға өтініш білдіргенмен жердің 40 пайызы ғана өзіміздің ауылдық округ тұрғындарына берілген. Бұл мәселені мен үнемі көтеріп келемін. Жер мәселесін нақтылау керек. Өйткені жер иелері қалада тұрады. Олар ауылдың экономикасын дамытуға ешқандай жұмыс жасап жатқан жоқ.

Аяжан Амантайқызы - модератор:
- Біз брифингке дайындық барысында әлеуметтік желі арқылы Үлкенбөкен ауылының тұрғындарынан ауылдық округ әкімінің жұмысы туралы пікір жинадық. «Біздің әкім таза шығармашылық адамы ғой. Ауылда жарытып жұмыс істемейді». «Дүкендерде баға қымбат, әкім оны қадағаламайды», «Ешқандай жұмыс жасап жатқан жоқ» деген сыни пікірлер келіп түсті. Бұған не дейсіз?
Нұрлан Назарханов - Үлкенбөкен ауылдық округінің әкімі:
- Шығармашылық адамы деген сөзді түсінбеймін. Әрбір әкім, біріншіден, сөз сөйлей алуы керек. Халықтың ортасында жүргеннен кейін, сөз байлығы да болуы керек. Екіншіден, мен Үлкенбөкен ауылына әкім болып келген уақытта 28 нысан қаңырап бос тұрған болатын. Халықтың қазір көздері көріп отыр. Бұрынғы құлағалы тұрған наубайхананы «Табиғат» шаруа қожалығы 150 орындық дәмхана етіп қайта салып жатыр. Тағы бір бос тұрған мекеменің иесін тауып бердік. Ол да жөндеу жұмыстарын жасап жатыр. Тозығы жеткен асхананы іске қостық. Ағаш өңдеу цехы да өз жұмысына кірісті. Тіпті, әкімшілік ғимараты болмаған. Қазір ол да жарқырап тұр. Негізі бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Округте өткен жылы 5 миллионнан артық салық жинағанбыз. Биылғы жылы табыс салығын жеке тұлғалардан алуға болмайтын мораторий жарияланды. Қазір біз 3 түрлі салықтан 2,5 миллион теңге жинадық. Бұл біздің қай жамауымызға жетеді?
Дархан Бердібек - аудандық «Жұлдыз-Новая жизнь» газетінің директор-редакторы:
- Елді мекен аумағында үй жануарларын ұстаудың арнайы бекітілген ережесі бар. Алайда Береговая көшесінде көп мөлшерде шошқа асырайтын Үлкенбөкен тұрғыны бұл ережені сақтамай отыр дейді ауылдастары. Жаздың күні жағымсыз иістен әбден мезі болған тұрғындар осы мәселемен ауылдық әкімшілік табалдырығын тоздырсақ та, әлі ешқандай шара қолданбай отыр дейді. Бұл мәселені сіз білесіз бе?
Нұрлан Назарханов - Үлкенбөкен ауылдық округінің әкімі:
- Бұл мәселені айтып келген адамды көргеніміз жоқ. Қазақстан Республикасының Заңы бойынша әр азамат үй жануарын ұстауға құқылы. Менің орынсыз келіп, ол азаматқа шошқа ұстамаңыз деп айтуға құқығым жоқ. Арыз түсетін болса, үй иесіне барып, сол кісімен жеке сөйлесіп, түсіндіруге болады. Бірақ бұл мәселемен ешкім маған келмеді. Шошқа асырауға ешқандай шектеу қоюға менің құқығым жоқ. Бүгін барған бетте бұл мәселе бойынша жұмыс жасаймын.

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қараша 2020 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 25 26 27 28 29
30            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз