Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Аудан әкімі бүгінгі таңдағы басымдық-тардың бірі ретінде тұрақтандыру қорын құру, бағаларды ырықтау, азық-түлік қауіпсіздігі бойынша жұмыстарды анықтап отыр. Аталмыш тапсырмалардың орындалу барысын бөлім басшыларымен әңгіме және сауда нүктелеріне жасаған рейд арқылы білуге тырыстық. Алайда, бұл оңайға соққан жоқ. Өйткені, біздің көзбен көргеніміз бірі болса, кәсіпкерлердің айтатыны басқа, ал жауапты адамдардың айтатыны мүлдем өзгеше. 

№ 1 қарама-қайшылық.

Жиырма алтыншы тамызда өткен жиында аудандағы әлеуетті нан өндіруші Е.Мәмбетов осы мәселелерді оңтайлы шешу үшін Самар ауылында жергілікті билік органдары мен ауылшарушылық құрылымдарының басшыларының қатысуымен  дөңгелек үстел өткізіп, тұрақтандыру қорын құру және оның жұмысын жүргізу мәселелерін ұсақ түйегіне дейін толық талдау жасуды ұсынған болатын. Аудан әкімі ауылшаруашылығы бөліміне бір аптаның ішінде осы мәселені шешуді тапсырған.

Біз ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы М.Теміржановпен хабарласып, аудан әкімінің тапсырмасы қалай орындалғанын сұрадық. Марат Қапарұлының айтуынша, аграршылар және жергілікті биліктің қатысуымен Самар ауылында бұдан бір ай бұрын жиын өткенін айтты. -Сондай ақ, біз дәнді дақылдар боынша тұрақтандыру қорын бұрыннан құрып қойғанбыз. Бүгінде қорда 4000 тонна астық бар, - дейді ол. Бұл жердегі қарама-қайшылық - тапсырманың 26 тамызда берілгені, ал дөңгелек үстелдің мөлшерлеп алғанда 25-26 шілдеде өткені. Турасын айтқанда алға қарай озып жұмыс істеуде. Бірақ, еш нәтиже көрінбейді.

Аудан орталығындағы сауда нүктелеріне жасалған рейдтен соң аспандап кеткен көкөніс бағасын сипаттап көрелік.

№2 қарама-қайшылық. «Мәмбет» ШҚ жеткізетін нан бағасы бірінші сұрып 50, екінші сұрып 45 теңгеден қалыпты деңгейде тұр. Ал, көкпектілік наубайшы Д.Мырзасовтың өнімі 65-70 теңге. Ауданнан 90 шақырым қашықтықтан жеткізілетін нан арзан да орталықта пісірілетін нан неге қымбат?

Ауданда өндірілетін ауылшаруашылығы өнімдерінің мөлшері нан, көкөніс және картоппен аудан тұрғындарын толықтай төмен бағамен қамтамасыз етуге жеткілікті екені айтылып жатқанымен сауда нүктелеріндегі, базардағы баға көңіл көншітпейді. Ең алдымен базарға ат басын тіреген біз ондағы бағаларды естіп, төбе шашымыз тік тұрды. Өйткені, мұнда тұрған үш көкөніс сатушының ауызша айтуы бойынша - картоп 80, орамжапырақ 70, сәбіз 120, қызылша 120, кәді (баклажан)150, қызанақ 120-150, пияз 110, сарымсақ 500, бұрыш 400, қарбыз (Күршімдікі) 50 теңге тұрады және барлығы Семейден әкелінген екен.

Бір айта кетерлігі, «Арзан» дүкені жанындағы көкөніс базарынан басқа ешбір жерде бағалар жазылмаған. Мұны қалай түсінуге болады? Көкөніс сатылатын дүкендерде ең арзан орамжапырақ 50 теңге «Жастар», «Арзан» дүкендерінде, сәбіз 70 теңге «Самұрық», пияз 90 теңге «Самұрық» және «Арзан» дүкендері, картоп 70 теңге «Арзан» дүкенінде, қызылша «Шынар» дүкенінде 100 теңге, сарымсақтың ең арзаны «Астана» дүкенінде 350 теңге болса, қызанақ, бұрыш, сарымсақ, баклажанның бағалары шарықтап тұр. 

Енді аудан дүкендеріндегі ең қымбат бағаларға талдау жасап көрейік. Мәселен, картоп бағасы «Әли-Нұр» 150, «Аружан» 140, «Три брата», «Аққу» дүкендерінде 120 теңгеден, орамжапырақ «Айдын» 90, сәбіз бен қызылша 120 теңгеден базарда К.Асқанбаева, пияз 130 теңге «Әли-Нұр», 120 теңге «Айдын», ал құны аспандаған қызанақты базарда 250 теңгеден С.Қожахметова сатып тұр.

Тағы бір қынжылтатыны бұл көкөністердің барлығы да жергілікті өндірушілердікі емес Семей, Өскемен қалаларынан жеткізілетіні. Арагідік ауыл тұрғындарынан да сатып алынады. Неге бұлай екенін дүкен иелері жергілікті көкөніс өсірумен шұғылданатын кәсіпкерлер өнімдерін қымбат бағамен ұсынады деп түсіндіреді. Бұл жерде еріксіз кімге сенеріңізді білмей дал боласыз!

Істің анық-қанығына жету үшін бізге кәсіпкерлік бөліміне жүгінуге тура келді. Кәсіпкерлік бөлімі басшысын жолықтырудың сәті түспегендіктен, қағаз жүзіндегі ақпараттарды қанағат тұттық. Кәсіпкерлік бөлімінің қағаз бетіндегі құрғақ ақпараттары бойынша аудандағы көкөніс өсіруші жеке кәсіпкерлер тұрғындарға орамжапырақты 40 теңге, қиярды 70, қызанақты 100, картопты 50 теңгеден сатуда. Сондай-ақ, аудан орталығында бағалардың жағдайын бақылап және үнемі сараптама жасап отыратын 2 жұмыс тобы бар, дәл осындай топтар 17 ауылдық округте құрылған екен. Сонымен қоса, аудан кәсіпкерлерімен негізгі азық-түліктерге 10% үстеме ақы қоспау туралы 196, Көкпекті аудандық әкімдік аппаратымен азықтық дәнді дақылдар және көкөністерден уақытша тұрақтандыру қорын құру туралы 15 меморандумдар жасалғаны жайындағы құрғақ сандық деректерден өзге тұщымды ештеңе таппадық. Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша аудан әкімі тапсырма берген бөлімдер әлі де істің байыбын жете түсінбестен, тек қағазбастылыққа бой ұрған сыңайлы.

Қазіргі таңда күнделікті тұтыныстағы азық-түлік бағалары күн санап өсіп бара жатқаны туралы ақпараттар мен наразылықтарды тұрғындар арасынан жиі естіп қалып жатырмыз. Әрине қымбатшылық, ең алдымен, тұрмысы төмен және көп балалы отбасылар мен жалғыз басты зейнеткерлердің шымбайына қатты бататыны рас.

Сондықтан халықты қажетті тауарлармен қамтамасыз етеміз деп сауда саласында жарғақ құлағы жастыққа тимей, жанталасып жүрген кәсіпкерлерге «артық қыламын деп, тыртық етіп алмайық, ағайын» деген ескертуді құлаққағыс еткіміз келеді.

Бақыт ҒАББАСҚЫЗЫ

 

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қыркүйек 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз