Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Барша адамзатты бейжай қалтырмайтын Білім күні, яғни алғашқы қоңырау мерекесі кең-байтақ  қазақ жерінің әр түкпірінде айрықша сән-салтанатымен өтті. Алтын ұя білім ордалары мектеп табалдырығын алғаш аттаған мыңдаған бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Аудан орталығындағы тұлғалы білім беру мекемесі, іргелі қарашаңырақ Көкпекті орта мектебінің ауласы алғашқы қоңырауға сай әдемі безендірілген. Өзіндік ерекшелігімен кім-кімнің болмасын мәңгі есінде сақталатын жайдары мерекеге тұлымдарына ақ бантиктерін байлаған түймедей ғана сүйкімді қыз балалар мен мойнына галстук тағып, нағыз ержігітше жасанған балғын ұлдар, оларды қызықтауға келген ата-аналар, сала ардагерлері мен ұстаздар қауымы, жалпы оқушыларға мектеп ауласы лық толы.

 

Салтанатты шара басталар алдында мектеп директоры А.Таныспаевпен тілдестік. – Биыл біз алғашқы қоңырауды жаңаша форматта, қысқа да нұсқа етіп өткізгелі отырмыз. Атап айтсам, аудандағы барлық мектептермен тығыз байланыста жұмыс істейтін, оқушыларымызға қосымша білім беріп, өнерге баулитын Балалар өнер мектебімен бірлестік. Сонымен бірге, Құрбан айт мейрамымен дөп келгендіктен және ардагерлерімізді құрметтеу мақ-сатында аулаға киіз үй тігіп, дас-тархан жайып, дәмге шақырдық. Өйткені, аға ұрпақ өкілдері мектебіміздің берік іргетасы, оларды ұмытпай, қадір тұту парызымыз, - дейді мектеп директоры. Ал, оқу ісінің меңгерушісі Н.Әубәкіровтың берген мәліметі бойынша, биыл мектептегі оқушылардың жалпы саны 506 бала, екі тілде білім береді. Ең жағымды жаңалық – білім ошағы 2 қазақ және 2 орыс сыныптарына 1 сыныпқа келген 60 бүлдіршінмен толығыпты. Мектеп бітіруші түлектер саны -19 болса, оның 4 «Алтын белгіге», 1 үздік аттестестатқа үміткер.
Мемлекеттік Ту аспандап, Әнұранның шарық-тауымен шымылдығы ашылған алғашқы қоңырау салтанатына құрмет-қошеметпен шақырылған бүгінгі күннің басты қаһармандары - 1 қазақ сынып бүлдіршіндерін жетектеп, ұлттық нақышта киінген Ата мен Әже шықса, орыс сыныптарын Крокодил Гена мен Чебурашка бастап жүрді. Әсем той көйлектерін киген періштелер мен ханзадалар өздерінің алғашқы вальстерін билеген сәтте шаттанбаған адам қалмады.
Ғажайып пен қызыққа толы мереке барысында өз кезегімен көпшілікке ізгі тілектерін мектеп директоры Аслан Балабекұлы, Балалар өнер мектебінің директоры Асқар Дүйсенбекұлы, ата-аналар атынан М.Бойкова арнаса, ардагер ақсақал А.Нұрғалиев ақ батасын берді. Биылғы мектептен түлеп ұшқан 16 түлектің 12-сі білім грантына ие болғанын және оған ұстаздар еңбегінің арқасында екенін атай келе, ұстаздарға алғыс білдірген мектеп директоры биология және география пәні мұғалімі З.Искакова мен бастауыш сынып мұғалімі Т.Жұмажановаға Құрмет грамотасын табыстады.
Жұртшылыққа алғашқы қоңырау үнін мектеп мақтаныштарына айналған мектеп түлектері жетелеген бірінші сыныптардың бүлдіршіндері сыйлады. Құшақтарды гүлге, жиналған көпшіліктің жүздерін нұрға бөлеген, сағыныш пен шаттыққа толы мерекенің соңы сыныптардағы «Мен – өз елімнің патриотымын» тақырыбындағы тәрбие сағаттарымен сабақтасып, мектеп ішін әдеттегідей тағы да оқушылардың у-шуы мен сыңғыр күлкісі кернеп, білім шаңырағы өзінің қалыпты жұмыс ырғағына көшті.
Сайраугүл, үй шаруасындағы ана, Көкпекті ауылы:
- Өзім 4 баланың анасымын. Көкпекті мек-тебінде екі балам оқитын. Бүгін 1 сыныпқа қызым Құрманайды әкеліп тұрмын. Үйімізге жақын болғандықтан бізге осында оқыған ыңғайлы. Мектепте балалардың білім алуы үшін бар жағдай жасалған. Осының бәрі еліміздегі тыныштық пен татулықтың арқасында деп ойлаймын. Барлық ұстаздар мен ата-аналарды, шәкірттерді Білім күнімен құттықтаймын! Бүгінгі күн барша сәттіліктердің бастамасы болсын!
Көкпекті ауылындағы Жақия Шайжүнісов атын-дағы орта мектеп білім күнін үлкен дайындықпен қарсы алды. Мерекенің алғы сөзінде мектеп директоры Қажет Жүнісбеков: - Биыл кіші орталықты қоспағанда 320 оқушы мектеп табалдырығын аттады. Оның ішінде 26 бүлдіршін 1 сыныпқа қабылданды. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша, 26 түлектің 10 өз білімдерінің арқасында жоғары оқу орнына тегін оқуға түсті. Мектебімізде сапалы білім мен саналы тәрбие беруге барлық жағдай жасалған. Жаңа оқу жылына білім ордасы сақадай сай, - дей келе, барша жиылған жұртшылықты қуанышқа толы мерекемен құттықтап, жаңа оқу жылына жаңа табыстар, биік белестер тіледі. Мерекелік шарада ардагер ұстаз Қайыпжан Аусарбаев оқушылар мен ұстаздар қауымын, ата-аналарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Мектеп атты кемеге кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүрген ойын балалары, қасиетті ұғым «оқушы» ретінде алғашқы ұстаздары Ақбота Ибраева және Бақытгүл Рахымбекованың жетекшілігімен шақырылды. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған кішкентай бүлдіршіндер ұстаз, алтын ұя мектеп туралы тақпақтарынан шашу шашты. Алғашқы қоңыраудың салтанатты жиыны аяқталысымен, 11 сынып түлегі 1 сынып оқушыларын білім ордасына бастап кірді. Салтанатты мереке білім күніне арналған «Мен - өз елімнің патриотымын» тақырыбындағы тәрбие сағаттарымен жалғасын тапты.
Айтжамал Қайырбекова, 1 сынып оқушысы Бексұлтанның әжесі:
- Немеремнің мектеп табалдырығын аттаған қуанышты күнімен құттықтаймын. Барлық ізгі армандары орындалсын, өмір жолы ашық, болашағы жарқын, егеменді еліміздің де білікті азаматы болып өсе берсін.


Бақыт МҮЛІКОВА
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қыркүйек 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз