Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

9 маусымда аудан әкімі Рамиль Сағандыков мектеп түлектері - «Алтын белгі» мен үздік аттестат иегерлері, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен жарыстардың жүлдегерлерімен кездесті. Кездесудің ашылу сәтінде аудан әкімі біздің өңірдің тек ауылшаруашылық қана емес, сонымен қатар еліміздің танымал тұлғалары шыққан таланттар мен дарындар отаны екендігін атап өтті.

- Сондықтан сіздерге, жастарға, біз үлкен үміт артамыз. Сіздер біздің еліміздің дамуына зор үлес қосқан белгілі жерлестеріміздің салған сара жолын жалғастыратын боласыздар. Еліміздің үміті - Сіздер! Саналы да сапалы, білімді де белсенді, Отанын сүйетін жастары бар елдің еңсесі әрқашан биік болады. Талбесіктен алған тәрбие мен терең білімнің арқасында тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктетіп, келешегін кемелдету жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін, - деді аудан басшысы. Ол сондай-ақ биылғы жылғы аудан түлектерінің халықаралық және республикалық олимпиадалар мен байқауларда биік көрсеткішке қол жеткізіп, жоғарғы орындар иеленгендігін тілге тиек етті.

Спорт түрлері бойын-ша жас жеңімпаздар қол жеткізген жетістіктер айтарлықтай. Жақында ғана аяқталған Бірыңғай ұлттық тестілеудің қорытындысы да түлектеріміздің жоғары білім деңгейін нақтылай түсті. Кездесуге қатысып отырған Жаңыл Иматулина, Мадина Мұратова және Балым Сейтхан «Алтын белгі» иегері атанса, Жансая Файзулдинова аудан түлектерінің арасында ең жоғарғы көрсеткіш 115 балл жинады.

- Сіздердің табыстарыңыз - ең алдымен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен біздің елімізде құрылған дарынды балаларды оқытудың бірегей жүйесінің арқасы. Жыл сайын мыңдаған ұл-қыздарымыз президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша жақын және алыс шетелдердің жоғары оқу орындарынан білім алуда. Шетелде білім алу үшін көптеген гранттар тағайындалған. Оқуда үздік, қоғамдық жұмыста белсенді жастар әлемнің үздік жоғарғы оқу орындарында білім алып жатыр. Алдағы уақытта олар туған еліне оралып, өңіріміздің ірі кәсіпорындарында еңбек ететін болады, - деді Рамиль Нығметжанұлы.

Екіжақты пікір алмасуда жастар өздерінің болашақ жоспарларымен бөлісіп, ал аудан басшысы өңірді дамытудың кейбір әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне тоқталып өтті. Көкпекті балалар үйінің тәрбиеленушісі Екатерина Даукшта мамандық таңдаудағы ерекшелігін әңгімеледі. Бүгінгі күні ауданға аса қажет ветеринар дәрігер мамандығына түспек Екатеринаның сұрағына аудан басшысы ыстық ықылас аударып, өз тарапынан жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.

Жас түлектердің қатарында студент атанып үлгергендері де бар. Үш бірдей түлек жоғарғы оқу орнына грант ұтып алған. Камила Жайлаубаева Түркістан қаласында өткен байқауда жүлдегер атанып,  «Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің» білім грантын иеленіп отыр. Бердіқожа Таурбеков, Ноян Нұрлыбеков және Әділхан Есімқанов сынды жас спортшылар болашағынан зор үміт күттіреді. Мектеп қабырғасынан аттанып бара жатқан балғын спортшылардың кеудесі жарқыраған медальға толы. – Көкшетау қаласындағы ТЖМ техникалық институтына түсуді жоспарлап отырмын. Бірақ, спорттан қол үзбеймін. Мектеп қабырғасында жүріп алған білімім мен жаттықтырушы үйреткен шеберлігім алдағы жарқын өмірдің берік іргетасын қалауға негіз боларына сенемін. Білім нәрімен сусындатқан, тәлімді тәрбие берген ұстаздарға, спорттық шеберлігімді шындаған жаттықтырушыларға алғысым шексіз, - дейді волейбол шебері Ноян Нұрлыбеков.

Кездесу соңында аудан әкімі Рамиль Сағандыков түлектерді мектепті үздік аяқтап, үлкен өмірге сенімді қадам басқандарымен құттықтап, оларға бағалы сыйлық тарту етті. Жүздерінен бір қуаныш, бір үміт байқалған асқақ арманды алтын түлектердің бақытты балалық шағы, мектеп қабырғасындағы қызықты сәттері, ұстаздарының ұлағатты сөздері жарқын болашаққа жол сілтер темірқазық боларына сенім мол!

 

Дархан БЕРДІБЕК

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Маусым 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз