Найман ішінде Қараужасық ежелден іргелі ел. Олардың қазіргі мекені Қалба тауының шығысында Зайсан қазаншұңқырының батысын қамти Самар ауданының аймағын Баты елді мекеніне дейінгі жерді алып жатыр. Сатыпалдының ұрпақтары негізінен Амангелді ауылында болғанымен Самар ауданының барлық жерінен кездестіруге болады. Сатыпалдының ата-тегі шежіреші Сыдықов Мүсәйіп Қадырқанұлының «Қарау-жасық» шежіресінде былай таратылады:
Қарауыл Жасақ - Итемген, Итемгеннен - Есенгелді, Есенгелдіден - Байқошқар, Мәмбетқошқар, Байқошқардан - Дүйсен, Мұрат, Құдас, Мәмбетқошқардан - Қасаболат, Қасаболаттан - Сатыпалды батыр, Бекен, Жолан, Жайнақ батыр.

Бұл қазақ бабаларын пір тұтады,
Қумасаң баба жолын кір тұтады.
Әу бастан өсіп-өніп қанат жайған.
Найманның Қараужасық бір бұтағы.

Арайлы алаулаған қыр таңынан,
Төскейі кең даланың нұр жамылған.
Баласы Ақсопы мен Қызенейдің
Тараған Белгібайдың ұрпағынан.

Ежелден іргелі ел Қараужасық,
Достарын қарсы алған есік ашып.
Төрінен орын берген ағайынға,
Жауларын жолатпаған мысы басып.

Болыпты топты жарған шешендері,
Болыпты ел бастаған көсемдері.
Тәңірім алға бастап, қолдап жүрген,
Қашанда қанат жайып өсер елді.

 

Ел бар ма жүректісін ес көрмеген,
Әр істің ақ-қарасын тексермеген.
Білекті, сом денелі балуандары-
Белдессе диюға да дес бермеген.

Сыр түйіп дархан дала атырабы,
Әр таңын арман қуып атырады.
Қорғаған ата мекен елін, жерін,
Ер жүрек, апай төсті батырлары.

Әйгілі соның бірі Сатыпалды,
Ерлігі аңыз болып сатыланды.
Елім деп еңіреген қас батырдың,
Өшпестей кейінгіге аты қалды.

Бітімі таңғажайып кесек екен,
Батырдың әр қимылы есеп екен.
Алты кез алдаспанын бір сілтесе,
Дәудің де қазан басын кесед екен.

Меңгерген бес қаруын емін-еркін,
Пір тұтқан жердің көркін, елдің көркін.
Әстілі екі сөйлеп көрген емес,
Бұлжытпай орындаған берген сертін.

Соғыстың өнеріне жетік екен,
Сол тұста аты шыққан жекпе-жекпен.
Майданның алаңында қарсы келген,
Дұшпанын бет қаратпай жеңіп кеткен.

Аждаһа болса дағы тас жалмаған,
Қаһарлы қалың қолдан жасқанбаған.
Қоқандап келген жауы жер жастанып,
Көзінен қан аралас жас парлаған.

Жауына шапқан кезде Қаптағайлап,
Сілкінген тыныштықта жатқан аймақ.
Қан құмар дұшпандарын жер қаптырып,
Сұмдарын жазалаған атқа байлап.

Өткеннің сыр сандығын ашайық та,
Нәр алайық шашуын шашайық та.
Айтайық Сатыпалды жастық шағын
Бір азырақ шегініс жасайық та.

Қауіптен көш керуен қаша қонат,
Жер жайы осындайда таса болат.
Қараужасық батыры Сатыпалды,
Әкесі ер көңілді Қасаболат.

Әр жайды айту қиын күн ілгері,
Айтпағың бекер болса тіл күрмелді.
Бұл шындық Сатыпалды жалғыз емес,
Бекен мен Жолан, Жайнақ інілері.

Төртеуі Қасаболат балалары,
Қыл өтпес тату болған аралары.
Үлкені ізет тұтқан інілерін,
Кішісі құрмет тұтқан ағаларын.

Тиген жер ат тұяғы тақыр екен,
Соғыста хан тұрағы шатыр екен ,
Әу баста ағасының соңына ерген,
Жайнақ та ел таныған батыр екен.

Бекен мен Жолан мықты балуан болған,
Сүрінбей өткен дейді алуан жолдан.
Мейлі дыю болсын, пері болсын,
Бермеген тірісінде намыс қолдан.

Бұлар да ел қорғаған қару алып,
Тайсалмай келген жаудан қаруланып.
Дұшпанын ел шетінен түре қуған
Айбатты арыстандай атой салып.

Қазақтың сынға түскен даласының,
Алқалы сайы менен саласының,
Қастерлеп бір сүйемін жауға бермей,
Серік боп соңына ерген ағасының.

Жауға шапса қазанат мінісі бар,
Үш бірдей сайып қыран інісі бар.
Ағайын аталы сөз деген осы -
Деп кеткен іні бардың тынысы бар.

Қалбаның шығыс жағы жалпақ дала,
Май тамған түбін тартса сай мен сала.
Бұл өңір Қараужасық мекен екен,
Жайғасқан қазан шұңқыр шетін ала.

Қозғалыс қиындаған қар қалыңда,
Шанаға , салт аттыға, арбалыға.
Ұрпағы Қасаболат мекендеген,
Күзекте көшіп келіп Қарғалыға.

Тілегің сәтін салса орайласқан,
Кей-кейде кем-кетіктің орнын басқан.
Қарғалы өзенінің жағасына-
Ауылы Үлкен Екпін орналасқан.

Болмайды сүрінгенді табалауға,
Теріске оң ісінді бағалауға.
Қыстағы қоныстары бұл ауылдың,
Ертістің түстігінде, жағалауда.

Бұл өңі кіндік кесіп, кірін жуған,
Мекені болашаққа белін буған
Ержүрек батыр болған Сатыпалды,
Қарауыл бабасына тартып туған.

Қас дұшпан сонда ғана жасқанады,
Ниеті сонда ғана тас болады.
Ұзамай Сатыпалды сенім артып,
Тобына садақшылар бас болады.

Соғыста қимылдаса садақшылар,
Мұрша жоқ өлгендерді санап шығар.
Қатарын толықтырды атқыштардың,
Бірлесіп Сатыпалды-садақшылар.

Барлығы жеке-жеке сыннан өтті.
Бар екен іштерінде мыңнан епті.
Сен тұршы, мен атайын дегендердің,
Есебі бірте-бірте мыңға жетті.

Алды да нысанаға бір нүктені,
Ішінен бес жүз мерген іріктеді.
Расы бұған дейін атқыштардың
Бастары дәл осылай бірікпеді.

Тағы да бағдар етіп бір нүктені
Басталды жаңа талап тірліктері,
Шыңдалып шеберлігі біраз күнде,
Айрандай ұйып тұрды бірліктері.

Таңдалған тегі мықты, заты мықты,
Айдарлы атқыштардың аты шықты.
Жол ашып қалың қолға қан майданда,
Жаулардың алғы шебін атып жықты.

Жаулардың алғы шебін қырып салды,
Айласы одан арғы құрықталды.
Қазақтың шыдай алмай соққысына,
Быт-шыт боп қашатұғын құрып қалғыр.

Майданды айла-тәсіл сауықтырар,
Жеңіске көңіл шіркін ауып тұрар.
Межелеп бірте-бірте Сатыпалды,
Жебені көбейтеді сауыт бұзар.

Бұл өзі мақтан үшін айта салған,
Бос сөз деп ұқпаңыздар, емес жалған.
Сауытты батырлары қырғын тауып,
Екі-үш күн қалмақ жағы естен таңған.

Оқиға шапшаң тарап кеткен екен,
Орғытып Сібеге де жеткен екен.
Бұл хабар Көкжал Барақ кеудесіне,
Қуаныш нұр шуағын сепкен екен.

Аспанда ай толықсып толған екен,
Қоңыр күз қырдың гүлі солған екен.
Қалмақтармен қан құйлы бір соғыста
Бұл оқиға Қалбада болған екен.

**********
Бұл кезде көкжал барақ, танаш батыр,
Сібеден қалмақтарды қуып жатыр.
Терістаңбалы Жарлығап осы жерде,
Таятқан Жоңғарларға заманақыр.

Қашқан жау Қалбаға кеп бекінеді,
Әрине мұнысына өкінеді.
Қалбаның шығысында Қараужасық,
Жеріне шолу жасап кетіп еді.

Ойлары осы жерді иемденбек,
Кім білсін қалған шығар иен бе деп.
Немесе арам пиғыл әдетімен,
Зорлық қып, күш көрсетіп ием бе деп.

Батырға қанды майдан бір сын деген,
Жауына бет қаратпай жүрсін деген.
Барақтан хабар алды Сатыпалды-
Қол бастап жауға қарсы тұрсын деген.

Біреудің жауы онда, досы мұнда,
Біреулер ұқпай қалар осыны да.
Бұл кезде Сатыпалды жиырма бесте,
Қолбасшы Қараужасық қосынына.

Біреулер тәңіріне бағынады,
Біреулер бай-патшаға жалынады.
Көкжарлы Көкжал Барақ бас қолбасшы
Найманның қолы соған бағынады.

Біреудің жоғы онда, бары мұнда,
Оңай ма ие болу барлығына.
Найманның ой-қырдағы қосындары,
Барақтың бағынады жарлығына.

**************
Жоңғарлар Қалбадағы кеңесіпті,
Ал қане, сонда олар не десіпті.
Шіркіндер бір шешімге келе алмай,
Өзара жақ-жақ болып егесіпті.

Мен-менсіп ішіндегі тақ құмары.
Басқасын мұқатуға шақ тұрады.
Ақыры ақыл сұрап хонтайшыға
Қос атпен шабарманын шаптырады.
Жүр еді ашу қысып жарылғалы,
Біреуден қанды кеңес тарылмады.
Лезде мұндағылар хонтайшадан,
Соғыссын деген қатал жарлық алды.

Шетінен қазақтарды қырсын деді,
Қалтырап жоңғар келсе тұрсын деді.
Мал-мүлкін тартып алсын, аямасын,
Тірілері құлдықта жүрсін деді.

Дей алман қазақ жағы өте күшті,
Жеңіле бергендерің өкінішті.
Тезірек қазақтардан қайтарыңдар,
Сібеде бабам салған бекіністі.

Тезірек қазақтармен майдан құрсын,
Атойлап мекендерін ойран қылсын.
Деп хонтайша кіжінді жер тепкілеп,
Жарады,айтқандары ойда жүрсін.

Тағы да қанды шайқас болғалы тұр,
Қыршын жас өмірлері солғалы тұр.
Қатыгез, қара жүрек жоңғарларға,
Адамды аяушылық жол қалып тұр.

Жиналып басшылары жоспар құрды,
Па,шіркін! «Жеңіс туы қолда тұрды.
Олжаға белшесінен батып қалды,
Қазақтың қыз-келіні жолда тұрды».

Осылай алдын-ала шешіп қойды,
Әр кімнің үлестерін кесіп қойды.
Алдағы жеңіс үшін гуілдесіп-
Сіміріп тентек суын бөсіп қойды.

**************
Бас қосып қазақтар да ақылдасты,
Өзара пікірлері жақындасты.
Барлығын ақылға сап талқылады,
Туындап ортақ шешім мақұлдасты.


Әуелі садақшылар қимылдайды,
Сөз бар ма жоңғар жайы қиындайды.
Әп-сәтте ойрандалған қалмақтардың
Шашылған етек-жеңі жиылмайды.

Сол кезде Қаптағайлап қос бүйірден,
Аттылар шыға келмек найза үйірген.
Мықтылар ортадағы шабуылдап,
Қақ жарып қалмақтарды қойша иірген.
Айласын қазақ солай асырады,
Әзірше бұл тәсілін жасырады.
Жоңғарлар бұл шайқаста жеңіледі,
Алдында қазақтардың бас ұрады.

Дем берсе қазақтарды құдай қолдап,
Шайқастың нәтижесі солай болмақ.
Қайтадан қалба барып тығылады,
Майданда тірі қалған содыр қалмақ.

Қалмақтар қара құрым қаптап келет,
Қазақтың майлы жерін таптап келет.
Бес батыр топ алдында жекеленіп-
Жекпе-жек,жекпе-жек!- деп , тап-тап берет.

Бес қару бесеуінде жеке-жеке,
Ептепті мұны сұмдар тектен-текке.
Олардың жоспарлары солай екен
Шығады Сатыпалды жекпе-жекке.

Бесеуі кезектесіп айқаспақшы,
Бес түрлі қаруменен шайқаспақшы.
Қайтсе де бестің бірі жеңіп шығып,
Соғыссыз қазақтарды тайсатпақшы.

Амалдап өздерінше ептеп-септеп,
Шаршатып қас батырды жеңіп кетпек.
Ал егер Сатыпалды жеңе қалса,
Соғыссыз бұл арадан олар кетпек.

Бұл шартқа Сатыпалды көнген екен,
Күмәнсіз өзіне-өзі сенген екен.
Қалмақтың бір батыры жекпе-жекке,
Алты кез алдаспанмен келген екен.

Өзі де нар түйедей кесек екен,
Ашушаң мінезі де кесел екен.
Дүмбілез, шойын қара, ісіп-кепкен
Қателессең дес бермей кетет екен.

Біледі оғаш қимыл қате екенін.
Мен-менсу батырларға жат екенін
Сан мәрте Сатыпалды ойран салып,
Қалмақтар шатастырған ата тегін.

Көрген жоқ Сатыпалды асып-сасып,
Кететін сонысымен мысы басып.
Шойын қара сілтеді алдаспанын,
Ішіне қанын тартып, түсі қашып.

Лып етіп алмас қылыш қағып қалды,
Сол-ақ екен қалмақты қырсық шалды.
Қоя ма алмас қылыш ойып түспей,
Шыр етіп алдаспаны сынып қалды.

Қатайып Сатыпалды жігерленді,
Қалмақты қашпақ болған жібермеді.
Төртеудің енді қалған құты қашып,
Қуарып қуқыл тартты реңдері

*************
Найзамен шыға келді енді бірі,
Сияқты қимылы тез, еті тірі.
Екеуі екі жақтан қарсы шапты,
Қалмақтың сойқан екен мына түрі.

Түйретпей бір-біріне өте шықты,
Найзагер болса керек өте мықты.
Дегенмен қайта келіп түйіскенде,
Өңештен Сатыпалды төте тықты.

*****************
Қолында бүртігі бар шойын-шоқпар,
Жоқ онда қан ішуден басқа жоспар.
Гүжілдеп әлде кімді боқтап келет,
Япыр-ау бұл немесі неткен сотқар.

Басына қанды кепеш кигізгелі,
Алдына шыбындатып игізгелі.
Шоқпарын дәл төбеге сілтеп еді,
Қорғанды Сатыпалды тигізбеді.

Аңдысып бір-біріне беріспеді,
Маңдайдан сорғалады тер іштегі.
Қалмағың қарсыласын бағаламай,
Менікі жөн, сенікі теріс деді.

Айналып Сатыпалды қайта келді,
Үйір деп иманыңды айта келді.
Соққысын қас батырдың ауырсынып,
Сайыстан шойын қара тайқап еді.

Сорлыны Сатыпалды жұлып алды,
Көтеріп қара жерге сілке салды.
Өзінің салмағына жаншылды да,
Тіл тартпай сол арада өліп қалды.

*************
Садақпен сыналатын кезек келді,
Қалмаққа Сатыпалды кезек берді.
Лағып тартқан жебе бұрыс кетті,
Қалмағың құты қашып безектеді.

Жол беріп жебесіне Сатыпалды,
Олжасын ат үстінен атып алды.
Кеудесін сауыт бұзар тесіп өтті.
Пақырың қыбыр етпей қатып қалды.

Япыра-ау, мынасы кім құбыжық па?
Пенденің кейіпі осылай бұзылып па?
Қолында кездігі бар келе жатыр,
Мүйізі қарағайдай «қызыл бұқа».

Күн ыстық қызуына ми қайнаған,
Қалмақтың төбесіне ши байлаған
Шіркінді бұқа қылып киіндірген,
Бейнелеп өнебойын шимайлаған.

Өкіріп жер тепкілеп азан-қазан,
Дегендей бұлқынады менен жазаң.
Ішінен Сатыпалды тісін қайрап,
Деп тұрды бұл «бұқаның» көрін қазам.

Бір періп сұлатпақшы төбесінен,
Одан соң тұншықтырмас денесімен.
Ұмтылды «қызыл бұқа» маңғазданып,
Батырым бітесің деп сен осымен.

Қалмақтың осы болды көздегені,
Бұл ойын сатыпалды сезген еді.
Батырың қас қағымда ұшып түсті,
Өзіңе шоқпар болды өз дегені.

Ажалы мұның дағы таяп қалды,
Әйтеуір ортасынан саяқ қалды.
Жеңілді қалмақ жағы бұл сайыста,
Осымен жекпе-жек те аяқталды.

Болмаған мұндай сайыс бұрын-соңды,
Еместі қалмақ қойған талап оңды.
Қас батыр сатыпалды арқасында,
Қазақтың бәсекеде жолы болды.

Пара-пар жалған сөйлеу сырқат дертпен,
Жоңғарлар тайып кетті айтқан серттен.
Күн түсіп бастарына бейшаралық,
Сол сәтте мүсәпірлік күйін шерткен.

Шіркіндер шабуылға шықпақ болды,
Ақ туын Қараужасық жықпақ болды.
Бостырып бұл өңірдің тұрғындарын,
Зорлықпен сай-салаға тықпақ болды.

Бұл ойын жоңғарлардың білген еді,
Ақырын миығынан күлген еді.
Бұрынғы жоспарымен Сатыпалды,
Дұшпанды қармағына ілген еді.

Мергендер алғы шебін қырып салды,
Қалғаны басқа күшпен құрықталды.
Ақыры тым-тырақай қашты емес пе,
Недеген берекесіз құрыпқалғыр.

Шындыққа айналады ырым алды,
Баянсыз бай дастархан сырылады.
Күшейіп тақ таласы, бақ таласы,
Жоңғарлар іштерінен ыдырады.

Сарқылды қазынасы тақырланды,
Бай кедейге түйір нан татырмады.
Тонады әлсіздерін әлі жеткен,
Қанады қара борбай пақырларды.

Абылай артын күтіп төзіп еді,
Осылай болатынын сезіп еді.
Ал енді ұлан-байтақ қазақ жерін,
Жоңғардан тазартатын кезі келді.

Ақ туы Абылайдың желбіреді,
Үш жүздің қолы мұнда келіп еді.
Атойлап жоңғарларды қуып шықты,
Ерлігін ерлерінің ел біледі.

Болса да жау қаһарлы, қанша мықты,
Қазақтар апанына қуып тықты.
Қан құйлы бір ғасырлық бұл соғыста,
Қазақтар қалмақтарды жеңіп шықты.

Тойлады қазақ елі жеңіс тойын,
Шақырып алыс-жақын, қыр мен ойын.
Мерейі үстем болды қазақтардың,
Шаттығы қуаныштың кернеп бойын.

Бұл тойға найман қолы алда келді,
Бұл шындық демеңіздер жалған еді,
Қолынан үш би менен Абылайдың,
Батырлар сый-сияпат алған еді.

Солармен Сатыпалды бірге болды,
Солармен бірге жүрді, бірге қонды.
Үш би мен Абылайдан мадақ алды,
Арнайы адырналы садақ алды.

Аяман жақсылықты әлім келген,
Жақсылығың ұрпаққа тәлім деген.
Жинақтап деректерді дастан жаздым,
Сақталған ел аузында әңгімеден.

Дей алман өктем едім, өкім едім
Сабырмен талай сыннан өтіп едім.
Дастанның олай емес тұсы болса,
Бүгінгі Сатыпалды ұрпағынан
Алдын ала кешірім өтінемін.

Ежелден қазақ деген ел екенбіз,
Жөргекте туа біткен ер екенбіз.
Ағайын бар-жоғымыз түгенделер,
Тек қана берік болсын берекеміз.


С. Қалиғожин,
Күршім ауданы

Пікір:

Директор-редактордың блогы

Көкпекті аудандық

 «Жұлдыз - Новая жизнь» 

газетінің сайтына қош келдіңіздер!

Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр.

Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Ақпан 2020 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз