«Ауданның тарихы - белгілі азаматымен тарих. Сондай айтулы адам Тана Мырза. Шығыс өңіріне отаршыл саясат жеткенде алғаш атқа қонған Тана Мырза еді. Біздің ол адам туралы жазуға тісіміз батпады. Сендер сол олқылықты толтырыңдар. Тым болмаса аруағына қиянат жасамайық....»

Қайым Мұхамедханов, абайтанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Біздің Көкпекті өңірі басынан талай-талай заманалар дауылын өткерген, жеті жұрт келіп, жеті жұрт кетіп жатса да ықылым кезеңдердегі жер бедерін, тұмса табиғатын сақтап қалған, бауырына жабысқан бекзат елінің атажұрты болып ғасырлар толқынында сан ұрпақты әлдилеп келе жатқан киелі өлке. Абыз кеудесі аңызға толы. Мәңгіліктен сыр шертетін көне қорғандар сайын дала, жоталы үстірттің мызғымас қарауылы тәрізді. Толағай тұрпатты ерлік шежіресі қаншама? Аудан ғана емес, бүкіл қазақ елі құлағын түріп, естен енші тартып отырған кезде атқарылар іс, ашылар жаңалық, жаңғырар салт-санамыз қыруар шараларға мұрындық болуы өте-мөте құптарлық жайт. Оған рухани жаңғыру аясында мемлекет тарапынан қолдау көріп, аудандағы ел басқарып отырған азаматтардың игілікті шаралары қосылса, тұтас бір өңірдің ақтаңдақ тарихы тарлауынан көтеріліп, оянған ой әлеміне ата-бабалар аңсаған арман өрнегін салар да еді.

 

Сондай игі істердің бірі - ауданымыздағы тарихи тұлғаларды кең көлемде таныстыра насихаттап, өнеге, өсиеттерін ел үшін атқарған жанқияр еңбектерін, тағылым-тәрбиелерін жас ұрпаққа табыстап, олардың бойына ерлік пен отаншылдық, адамгершілік пен парасат ұрығын егу болмақ. Ел егемен болғаннан кейін барып саналы өмір жолы мен күрескер тұлғасы айқындала бастаған адамның бірі – Тана Мырза Тілемісұлы.

Тана Мырза 1803 жылы туып, 1868 жылы «Жаңа Мизам» заңы шыққан уақытта дүние салған. Иісі қазаққа, іргелес мемлекеттерге де танылған мырза ғұмырының басым бөлігі біздің аудан орналасқан жерде өтеді. Қазір ғой екінің бірі өзін мырза атап, әспенсіп жүргені, әйтпегенде Тана заманында мырза атану - ел ағасы, аймақ билеушісі халық қамқоры болған ілуде бір адамға бұйырған. Тана мырза туралы тарихи деректер баршылық. Ел аузындағы аңыз-әңгімелер де халықтың мырзаға деген зор құрметін таныта түседі. Адольф Янукеевич болса, кейінірек поляк бунтарының (бүлікшіл) пікірін Влангали мен Григорий Потанин, сондай-ақ Любимов пен Папов та растайды. Янукеевич патша әскерінің қызметшісі ретінде дала бекзатына бір жақты баға берсе, А.Влангали мен әйгілі Шоқан Уәлихановтың досы, көрнекті этнограф, зерттеуші Потанин Тана Мырзаның мінез-құлқын, бет-бейнесін, алғырлығы мен алымдылығын, сән-салтанаты арқылы бекзаттылығы мен білімін, сөз саптасынан мысалдар келтіре отырып қара қылды қақ жаратын әділдігі мен шешендігін, алдын болжайтын көрегендігін   баяндайды.

Влангали: Тана бойшаң келген қараторы қаба сақалды сұлу адам, - дейді де, ой соңында түрі қазақтан бөлек араб семиттерге ұқсайды. Әйелі де ұқыпты киінетін, ақкөңіл жайдары адам, - деп баяндап өтеді.

Ал, Г.Потанин болса Тана мырзаны бүкіл Шығыс өңірі қалай құрметтейтінін би ретінде айтқан уәжіне тоқтап, дала бекзаты санайтындықтарын ашып жазады. Сондай-ақ, Потанин Тананың қонағуар сый-құрметін, экспедицияны бастап жүрген еңбегін бағалай келе, өздеріне ішін бермейтіндігін, әлдебір күмәнмен қарайтынын, жақын араласпай әңгіме ауанына салғырттау араласатынын да айта кетеді. Тананың ол мінезі өз атасы Базардың (бейіті ескі Шегелек шабындығында) орыс офицерінің қолынан жазықсыз құрбан болуы, дін таратушы екіжүзді миссионерлерге көзқарасы, бұратана елге арналған заңдар мен шектеулердің әділетсіздігін айтып сан мәрте ұлықтармен шарпысуынан қалыптасса керек.

Мәселен, Сабанқұл төре бастаған көтерілістің талап-тілегі туралы сөйлеген Тана мырзаның сөзі тайсалмас табандылығын, батылдығын, шешендігін айқын танытады. Тана Мырзаның тағы бір ерекшелігі ол орыс отаршыларынан қорлық көріп босып кеткен башқұрт, татар, ноғай, қарашай, тағы басқа ағайын, түбі бір туыс елді барынша қамқорлығына алуы. Олардың діни сауаттылығын, мәдени салттарын қазақ арасына таратуы да жаңашылдықтың жаңа үлгісі болатын.

Тана мырза өзі бас болып соңынан ерген елді ұйымдастыра жүріп сол замандарда меңіреу күй кешкен өлкеде жеті мешіт, 16 медрессе (мектеп) салғызған адам. Қараөткел (Кеңтүбек) мешітінде Сарыарқада алғаш рет тарауқ оқыған имам Ғұбайдолла Сүлейменұлы. Ол адам жөнінде әйгілі Орынбай мен Жанақ ақындар айтысында айтылады:

Тана Мырза Кеңтүбек мешіт салып,

Шығысқа Ислам діні таралыпты.

Өзі бек Ғұбайдолла имам болып,

Оқыған алғаш рет тарауықты.

Сол Ғұбайдолла баба 400-ден аса үйі болған, кейіннен Тана мешіт (қаласы) атанған елді мекеннің билеушісі әрі діни ұстазы болған екен. Кейіннен барып Көкпекті, Черноярка, Ақмектеп, Нарын мешіттері бой көтереді. Тана мекеп-медресселерінде оқыған адамдар озық ойлы, елге білім нұрын шашқан адамдар болып тарихта қалды. Салыстыра сөйлеу әдетімізше баяндасақ, Тана Мырза қазаққа мәлім тұлғалар аға сұлтан сайлауында Шоқанды жеңетін Ерденмен, Құспек, Алшынбай, Құнанбай, Солтабайдың барағы, әйгілі күйші Тәтімбетпен иық тіресе отыратын қайраткерлер. Біржан-Сара айтысындағы:

Найманда Қаракерей, Сыбан, Мұрын,

Жеті ата Жолымбетке Құйған нұрын.

Шерубай, Тана мырза ер Тәукебай,

Қай қазақ сөз бастаған одан бұрын.....

Аттары аталған үшеуіне Кегенбай би бата берген. Тана мырза ғибратты  ғұмыр кешіп ел бостандығы жолында өткен ірі тарихи тұлға. Ол адамның бұдан екі жүз жылдар бұрын шамасында атқарған ісі, игіліктердің бастамшысы болып отырған аудан басшыларының арқасында өз өрісін қайта тауып, ұрпаққа жалғасып жатыр. Мұндай сауапты істер егемен елді сөз жоқ ұшпаққа алып шығарына сенім кәміл.

 

Айбек Сапышев,

ақын, жазушы 

Пікір:

Директор-редактордың блогы

Көкпекті аудандық

 «Жұлдыз - Новая жизнь» 

газетінің сайтына қош келдіңіздер!

Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр.

Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қаңтар 2020 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз