Алланың елшісі, соңғы пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге келген айы – Мәуліт мерекесі қазақ қоғамы үшін айшықты оқиғалардың біріне айналды. Тәуелсіздік алғалы бұл мереке аса ыждаһатты жағдайда тойланып келеді. Жылдағы дәстүрмен Үлгілімалшы ауылына келген қонақтар  өз пайғамбарына салауат айтып, ізгі тілек тіленген рухани кештің куәсі болды.

Қазақи қаймағы бұзылмаған ауылда ауыл имамы Әлімбек Батайдың ұйымдастыруымен ауыл әкімі Мерей Смағұлов және мектеп директоры Нұрлан Ермектің қолдауымен Мәуліт мерекесі 2 қараша күні аудандық көлемде арнайы аталып өтті. Аудан көлемінде өткен шараның жоғары деңгейде өтуіне ауыл тұрғындары, шаруа қожалық басшыларының еңбектері өте зор. Мерекені көруге, рухани азық алуға келген мұсылман қауымы мектептің акт залында көп жиналды. Игілігі мол бұл шара орталық мешіттің имамдары Кенжебек Ахметқалиев, Ерзат қажы Қилыбаев, ауылдық округ әкімдері, ауыл молдаларының арнайы қатысуымен өтті.
Мәуліт мерекесі ең алдымен Абай мектебінің спорт залында 10 түрлі салмақ дәрежесінен өткен аудандық еркін күреспен басталды. Күреске Көкпекті, Көкжайық, Көкжота, Самар, Бастаушы, Үлгілімалшы, Мамай ауылдарының жасөспірімдері қатысты. Еркін күреске барлығы 70 бала келді. Солардың ішінде Үлгілімалшы ауылымыздың намысын қорғап жүлделі орын алған жерлестеріміз де болды. Олар 42 салмақ бойынша: І орын Қуаныш Слямбеков, 38 салмақта ІІІ орын алған Кенже Тоқтарғазин, 29 салмақта ІІІ орын алған Мирас Бекмұхамбетов және Дастан Айтанов, 48 салмақта ІІІ орын алған Нұртасқын Сембаев болды. Жалпы күреске Көкпектіден 30 бала, Көкжайықтан 10 бала, Мамай 3 бала, Бастаушы, Көкжота, Самар ауылдарынан барлығы 20 бала қатысып, бақтарын сынады. Жарыс болғаннан кейін әрине жеңімпаздар анықталып үздіктер марапатталып мадақтама грамоталармен ақшалай сыйлықтар беріліп, арнайы тпасырыспен Мәуліт мерекесіне мешіттің таңбасы салынған медальдар берілді. Күрес жеңімпаздарын Көкпекті аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы Сабит Құрмашұлы марапаттады.
Жарыс соңында балуандар мен бапкерлері үшін мерекелік ас мәзірі ұсынылды.
Қазақтың айтыс өнерін көруге келген көрерменде шек жоқ. От ауызды, орақ тілді ақындар сынға түскен аламан айтысқа Көкпекті ауылының белді ақындары Фархат Тоенкенов және Манарбек Бекішов болды. Олармен айтысып, айтыстың көркін қыздырған мерекенің құрметті қонақтары Аягөздік Айшолпан Тілеутай және Өскемендік Жұлдызай Маратбекқызы болды. Айтыс өнері заман ағымына ілесіп, қазақпен бірге жасап келе жатқан асыл мұрасы екені анық. Мұны мәуліт тойында ақындар айрықша атап өтті. Жыр жалауын желбіреткен додада көпшілік қауым айрықша әсер алып, ризашылықтарын қол соғып қолпаштаумен білдірді.
Айтыс соңында ақындарымызға ауыл әкімі Мерей Смағұловтың атынан арнайы алғыс хат және мешіт жамағатының атынан қаржылай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, бұл күні ауыл тұрғындары ауданымызда өткен «Толағай сұлтаны - 2019» халықаралық сайыста ауданның, ауылдың намысын қорғаған Нұрболаттың да өнерін тамашалады.
Сонымен бірге, марапатқа ауыл әкімі Батай Әлімбек те ие болды. Оған ауылдық округ әкімінің және Көкпекті аудандық орталық мешіттің алғыс хаты табыс етілді. Батай Әлімбек ауылымыздағы мешіт үйінің жаңарып, жандануына көмек берген ауылдастарына ризашылығын білдірді. Ауылдың береке-бірлігі арқасында осындай ауыл мешіті жаңарған.
Айтыс өнерін тамашалағаннан кейін барша тұрғындар жан-жақтан келген қонақтар, ауданнан келген имамдар барлығы бір кісідей ауыл мешітіне ақ дастарханға жиналды. Мұнда олар Мәулітке қатысты уағыздарға, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) айтылған салауаттармен сусындады. Алдымен Мәуліт мерекесіне жиналған жамағатты құттықтап, Пайғамбарлардың сұлтаны Мұхаммедтің (с.ғ.с) ғибратты ғұмырын қамтыған ауқымды да, терең мағыналы деректер айтылып, адамзатты имандылық жолына бастайтын Ислам дінінің құндылықтарына тоқталып, Пайғамбарымызға барша жиналған қауым қол жайып құран бағыштады. Ауыл мешітінің іші лық толған жамағаттан ине шаншар жер жоқ. Осылайша келешек ұрпаққа имандылықты дәріптеп рухани азық алуға бағытталған мерекелік іс-шарамыздың бұл бөлімі де жақсылықпен аяқталып, артынша ұлттық дәстүрді дәріптеу мақсатында қазақтың ат спорты көкпар жарысы ұйымдастырылды. Көкпар қазақтың қанына сіңген өнер. Қалың нөпірді қақ жарып барып, дода ортасынан серкені суырып шыққан көкпаршысын көргенде жүрегі жарылмайтын қазақ бар ма?! Көкпарды жігіттің жігіті таратады. Ұландарын қаршадайынан төзімділікке, ептілікке, батылдыққа, батырлыққа баулитын өнер түрі тек қазақта ғана бар. Ол - көкпар.
Бұл жарыста салт аттыларға оңай тимейді. Өйткені салмағы 30–40 кг немесе 50–60 кг болатын бассыз серкені спортшылар жерден көтерулері немесе қарсылас команда ойыншысынан тартып алып «мәресалым» салу керек. Мешіттің маңында да 40 кг серкені тартысқа салып Көкпаршылар ойынды бастап кетті. Көкпарға келген Көкжайық Мамай Үлгілімалшы, Сүлеймен, Нұрадан келген көкпаршыларымыз жақсы ойын көрсетті. Ең алғашқы салымды ауылымыздың жастарының бірі Тлеубек атты азамат салып ойынды бастап берді. Бұл тартысты додоға ауыл азаматтарымен бірге ауданнан келген имамдар да білек сыбана кірісіп додаға түсті. Көкпар ойыны қас қарайғанша созылып тартысты көрініс болды. Әрине, үздіктер өзара қаржылай сыйлықтарын бөлісіп, жеңімпаздар анықталды.
Сонымен қатар ауыл әкімі, мектеп директоры, ауыл молдасы ауылымыздағы жағдайы төмен отбасыларды да назардан тыс қалтырмауды жөн көріп бірнеше жанұяға азық-түлік таратты.
Сонымен екі күн тойланған Мәуліт меркесіне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға қолдау көрсеткен барша жандарға алғыс білдіре отырып, жақсылықтарыңыз бір Алладан қайтсын деп тілейік. Үлгілімалшы ауылында осындай тәрбиелік, ұлттық рухани мағынасы бар іс-шаралар жиі –жиі болып тұрса келешек ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесімізмол боларына есеніміміз кәміл.
Мәуліт мерекесінде Қасиетті Құран оқылып, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайлы мадақ өлеңдер мен жырлар, салауаттар айтылады. Қасиетті мәуліт күнінде жұртқа сусын, тамақ таратып, сыйлықтар беріп, басқа да игі шаралар жасауға болады. Бұл мереке кезінде шариғатқа қайшы іс-әрекеттердің орын алмауы шарт. Шариғатқа қайшы емес әрі мұсылмандарға пайдасы бар барлық іс жақсы ғибадатқа жатады. Құранда: «Біз сені күллі ғалам үшін рақым етіп қана жібердік» деп осы ақиқатты меңзеген. Сондықтан пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүниеге аяқ басып, ғаламды нұрға бөлеуі – артынан ерген үмбеті үшін үлкен қуаныш.
Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың ғибратты ғұмырын насихаттау, жас-тарға имандылыққа тәрбиелеу, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру. Қортындылай келе келешек ұрпаққа сана беріп, еліміз тыныш, жұртымыз аман, ауылымызда береке-бірлігіміз жарасып алға қойған мақсаттарға жетіп ауызбіршілігіміз ажырамасын деген тілегіміз бар.
М.Мырзабекова, Үлгілімалшы ауылдық клуб меңгерушісі

Пікір:

Директор-редактордың блогы

Көкпекті аудандық

 «Жұлдыз - Новая жизнь» 

газетінің сайтына қош келдіңіздер!

Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр.

Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қараша 2019 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз