Қалба тауы мен Бейнетеңіздің арасын жайлаған бабаларымыз Жомарт батыр мен Кегенбай биді, Ақболат, Сатыбалды, Бөкен бахадүрлерді, Боқбасар мен Назар биді, аға сұлтан Қисық ханды, ел ағасы Байқадам биді, үш жүзге аты мағлұм Тана мырзаны Көкпекті өңірінде білмейтін жан жоқ. Бүгінде атасының ерлігімен, бабасының батырлығымен сусындаған ұрпақ аудан аумағында ел сүйсінер жасампаз істермен атын шығаруда. Олар спортта - жеңімпаз, білімде - алғыр, еңбекте озат, кәсіпкерлікте – іскер болып Көкпекті даңқын көпке жеткізіп жүр. Бүгінгі баян аудан тарихының тағы да бір көне бетін ашатын сөз.
Әлмисақтан осы күнге дейін ата-баба тарихын айтқанда, шежіресін шерткенде ақсақалдарымыз тек қана ауызша сақталған қазақ деректеріне сүйенетін. Бүгінгі күннің білгіштері әуелі орыс тарихына, түйсігі жетекендері қытай жылнамасына, ары барғандар грек-рим жазбаларына сілтеме жасап жатады. Ол да жөн болар. Біз ұлы Мұқтар Әуезов айтқандай «әңгімешіл жермен» сұхбаттасқанды бастадық. Жер атаулары, қалтарыс пен қылта, бұйрат пен қырқа не дейді? Қазақтың қайырлы мекені, берекелі панасы қарабұжыр Қалбатау қойынында атам қазақтың жеріне қойған талай танымды атаулары бар.


Соның бірі Байбура асуы туралы «Зайсаннан Өскеменге және Алматыға бару үшін Жалғызтөбе станциясына автобуспен қатынаймыз. Көкпектіден өте бергенде Байбура бекеті бар. Байбурада боран соққанда, кейде 2-3 күн қатар болады. Жердің бәрі алай-дүлей болып, алдыңда тұрған адамды көре алмайсың, екі жақтан да машиналар үйіліп қалады Боран толастамай жылжу жоқ. Сонда үлкендер айтушы еді: «Бұл жерде Қожаберген батырдың ұлы Байбураның моласы бар, жанынан жол түсті, соған назаланған Қожекеңнің ашуы». Байбураның тарихта болған адам және Қожаберген батырдың баласы екенін тарихшы Б.Еженханұлы дәлелдеді, – деп жазады тарихшы Ахмет Тоқтабай. Енді Байбура баба есімінде ел есіне алып, Мұратхан Кенжеқан деген ұрпағының арқасынада тек қана алынбас асу емес, қабырғалы би, ел ағасы ретінде санатқа қосылып жатыр. Мұратхан Кенжеқан ұлының «Дидар» газетінде шыққан «Көпшілікке беймәлім Байбура би кім болған» деген мақаласында: «Ал Байбура баба жайлы нақты деректер қытай жеріндегі бидің ұрпақтарында сақталған. Байбура он екі рулы Абақ керейдің ішіндегі шыбарайғыр еліне ұран болған Қожаберген батырдың ұлы. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханұлының «Қожаберген батыр» атты кітабында нақты айтылады. Яғни, кітаптың «Қожаберген батырдың тегі және өмір жасы хақында» деген бөлімінде Байбура Қожабергеннің екінші әйелінен туатыны, оның 1759 жылы 2 қыркүйек күні бір топ қазақ азаматтарымен бірге Үрімжіге жылқы айдап апарып, сауда жасағаны туралы деректер келтірген. Бұл ақпараттарды автор мәнжу-қытай мұрағаттары бойынша тауыпты. Бүгінде Байбураның Қытай, Моңғолия, Қазақстан жерінде 500-ден астам түтіні, яғни үш мыңнан астам ұрпағы бар. Олардың дені, Қытайдың Алтай аймағы, Қаба ауданына қоныстанған. Ұрпақтарының есебі бойынша Байбура 1720-1793 жылдары өмір сүрген. Байбураның кіндігінен тараған алты ұлдың бірі Кенен де Қалба таудың баурайында, Қызыл су мен Шар өзендерінің тұрақ тапқан», - деп айтылады.
Тағы бірі - Ертіс жағасында болған Қарақас атауы да қазағымның керей тайпасының он екі руының бірінінің атауы ретінде танылуда. Көкпекті ауылының қақ ортасына қойылған уақ Бармақ батыр атамыздың аты ғасырлар өтіп ұрпағымен қайта қауышқанына қалың елдің куә болғаны кеше ғана. Ауданымызда өткен осы қайырлы істің басында Дархан Бердібек, Бек Нұғыбаев, Ержан Мазыбаев, Дулат Оспановтай жастарымыздың болғаны, өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілтер саналы ұрпақ барлығына аға буын өкілдерін кәміл сендірді.
Керей елінің атақты батыры Ер Жәнібектің мәңгілік тұрағы да осы Қалбатауында. Абақ керей елі 1785 жылы Көкпектіде 12 жасар Көгедайды жұрты жиып төре етіп сайлап алғаныда тарихта бар оқиға екені әмбеге аян.
Көкпекті жерінде Ажы төренің де есімі қалып, бір ауылдың Ажа аталуы да жерлесіміз Қалихан Алтынбаевтан қалған сөз екені айғақты мұра.
Қазан айының 5 жұлдызында ұрпақтары Жүзағаш бойынан абақ керей елінің әйгілі батыры Қазбек Сәменбетұлының зиратын тауып басына белгі қойды. Бұл қаракетті қамсыздандырып, демеушілік еткен Әскербек Мұқатайұлы. Алаш баласының тарихының тұтас, қазақ елінің шежіресінің бір екендігі міне осындай жарқын істерден көрінді.
Қазыбек Сәменбетұлы 1705 жылы Қарағанды облысының Сарысу деген жерінде дүниеге келіп, 1785 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданында дүниеден өткен. Орта жүз Абақ Керей Жәнтекей руы Сүйінбай атасының Сәменбетұлынан тарайды.
Қазыбек Сәменбетұлы Жәнібек батырмен бірге жауға қарсы тұрған керей қолының алғашқы қолбасшыларының бірі, орта жүзден шыққан атақты зергер, он қолынан өнер тамған ұста, қарақылды хақ жарған ел ағаларының бірі болған. Қазыбектің атақты зергерлігі жөнінде деректе, Қазыбек 1771 жылы өз қолымен алтынмен аптап, күміспен қаптап Қазақтың ханы Абылайға мөр-жүзік соғып берген, сонымен қатар сол кездегі қару-жарақ, сауыт-сайман, әшекей бұйымдар, ер-тұрмандармен керей елін қамтамасыз еткен екен
Ел мен жерді «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» алып қалғанбыз деген жалпылама жақсы лебізден гөрі, қандай батыр қол бастап, қандай би сөз саптағанын анық дәйектермен толықтыра жазу бүгінгі сауатты, білімді ұрпақтың зерттеушілерінің салауатты ісі болмақ. Ендеше ерлігі ұрпақтан ұрпаққа жеткен Қазбек Сәменбетұлы туралы тарихи деректерді келесі күндердің еншісіне қалдырамыз.

Қайрат БЕСБАЙЫС  

Пікір:

Директор-редактордың блогы

Көкпекті аудандық

 «Жұлдыз - Новая жизнь» 

газетінің сайтына қош келдіңіздер!

Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр.

Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қазан 2019 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз